Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
Бәрекелді! 4751 0 пікір 30 Қыркүйек, 2019 сағат 11:55

Егеухан апа: Республика сарайына 30 жылдан соң қайта шықпақпын

Бүгін Алматыдағы Республика сарайында "Отан отбасынан басталады" атты республикалық ақындар айтысы өтеді. Оған "Нұр Отан" партиясы демеушілік жасапты. 

Бұл айтыстың басқа айтыстардан өзгешелігі - бұл отбасылық айтыс. Бүгін Егеухан Мұқамәдиқызы немересі Ардакереймен, Рүстем Қайыртайұлы әкесі Қайыртаймен, Бекарыс Шойбеков інісі Дәуренмен, Дидар Қамиев інісі Ұланғасырмен, Иранғайып Күзембаев ағасы Талғатпен, Ержан Әміров інісі Бекзатпен, Амангелді Панабердиев інісі Серікболмен айтасыды.

Әлбетте, айтыстың алдында ақындарда толқу, ой қорыту, қобалжу болатыны сөзсіз. Дегенмен, барлық көрермен, жанкүйерлер ғана емес, айтыскерлер де асыға күтіп отырған сөз сайысының алдында "aitysker.org" сайты ардагер ақын, "Батыр ана" Егеухан Мұқамәдиқызынан екі ауыз пікір алыпты.

Егеухан Мұқамәдиқызы:

- Айтысқа алғаш 16 жасымда келген болатынмын. Бұған бірден-бір себепші болған өзімнің анам еді. Айтыскер ақын ғана емес, бірнеше жырларды жатқа айтатын талапкер адам болатын. Жалпы, өнерге деген талпынысымыз отбасымыздың əрбір мүшесінде бар болатын. Ағам Моңғолия қазақтарының алғашқы романын жазған, жалпы онға жуық романдар жазған жазушы, аудармашы, Қазақстан жазушылар одағының, Моңғолия Жазушылар одағының мүшесі болған. Мен өзім де Моңғолия жазушылар одағының мүшесі, журналистер одағының мүшесі, Еңбек Ардагері атанғанмын.  Біздің отбасының әрбір мүшесінде ақындық бар. Тамара деген ең үлкен қызым жазба ақын. Беделхан деген балам да айтысқан. Есенгүл деген журналист қызым өнер жолын осы айтыстан бастаған.  Ең негізгісі,  осы айтысты ту етіп, жазба өлеңмен қатар алып келе жатқан Дəулеткерей деген кіші баламыз. Оған немереміз Ардакерей де ілесіп жүрген жайы бар. Айтысқа осы немерем Ардакереймен шыққалы тұрғаныма Аллаға мың да бір шүкір! Бұрын-соңды болмаған дүние ғой жалпы…

Атамекен төрінде алғаш Алматыдағы «Республика сарайында» 1989 жылы халықаралық айтысқа  шыққан болатынмын. Содан бері тура 30 жылдан соң,  дəл осы «Республика сарайында» шыққалы отырмын. Сол кездегі бізді қабылдап, айтысқа шығарған Жүрсін бауырымыз еді. Əлі күнге дейін айтысты қажымай, талмай жүргізіп келе жатқанына өте ризамын. Айтысты жанымен, жүрегімен сүйетін адам деп танимын. Қазақтың үлкен төл өнерін дəріптеп, одан əрі дамытып, 30 жылдан бөлек, бұрыннан бастап қолға алып, сахнадан түсірмей келе жатқаны үшін оған мың да бір рақметімді айтамын. Айтыс əр қырынан, əр түрінен танылып жатыр. Мұның бəрі халықтың қызуғышылығын арттыру үшін жасалып жатқан жұмыстар деп білеміз. Қолдап жатқан «NurOtan» партиясындағы азаматтарға да рахмет! Тəрбие отбасынан басталады, құс ұяда нені көрсе, ұшқанда соны іледі. Қаншама отбасынан осындай ақындар шығып жатқаны баршамызды қуантады.

Қажымай, талмай айтысып жүре бергім келеді. Осы айтысқа қалдырмай, құрметтеп шақырып отырған азаматтарға, халқыма алғысым шексіз!

Хош, Егеухан апамыз алғаш рет Республика сарайына шыққанда немересі Ардакерей әлі өмірге келмеген де екен.

Ардакерей Кәп:

- Айтыс қазақтың ең үлкен төл өнері. Əр қазақтың қанына сіңген қасиетті қара өлең біздің отбасымызға да дарыған. Атамыз бен анамыз (əжеміз) үлкен айтыскер ақын болған, алдымда Дәулеткерейдей ағам бар, осы кісілерге қарап бой түзеп, ізінен еріп келе жатқан жас ақын ретінде, қара шаңырағымызда қалыптасқан дəстүрді өлтірмей, жандандыру мақсатында мен де өнерімді халыққа паш еткім келеді! Тарихта əже мен немеренің айтысы бұрын-соңды болмаған шығар, болса да бүгінгі күнге жетпеген деуге  болады. Əже мен немеренің арасындағы сыйластыққа, ізгі-өнегеге толы айтыс жасауға тырысамын!

Естеріңізге сала кетейік, қыркүйек айының 30 жұлдызында "NurOtan" партиясының қолдауымен, Алматы қаласы әкімдігі және "Айтыс ақындары мен жыршы, термешілердің халықаралық Одағы" РҚБ  ұйымдастыруымен "Отан отбасынан басталады" атты  ақындар айтысы өтеді.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2037