Сенбі, 23 Қараша 2024
Ақмылтық 5900 8 пікір 2 Қазан, 2019 сағат 11:07

Мемлекеттiк тiлдi меңгеру – Қазақстанның әрбiр азаматының міндеті!

Әр мемлекет тіл саясатында:

- ұлттық мүддесіне үйлесімді,
- ішкі жағдайына оңтайлы,
- халқының (бүгінгі және болашақтағы сұранысына) жауап беретін бағыттарды, амал-тәсілдерді таңдайды. Осы таңдалған бағыт пен амал-тәсілдер тіл туралы заңнамада толық регламенттелуі керек.

Қазақстандағы қазіргі тілдік жағдаятты және болашақтағы қоғам сұраныстары, сол сияқты осыларға үйлесетін халықаралық тәжірибелер саралана келе, Мемлекеттік тіл туралы заңда мыналар ескерілуі керек деп санаймыз.

Біріншіден, көп елде тілдік ахуал өзгерген уақытта оның заңнамалық базасы да өзгеріп отырады, сөйтіп тіл саясатында қоғам мен заманның талаптарына жауап беретін тетіктер жаңарады. Посткеңестік кеңістіктегі елдерде тіл саясатының заңнамалық базасының өзгеруі қарқынды түрде жүзеге асырылды. Мәселен, Грузия, Армения, Әзербайжан, Өзбекстан, Тәжікстан, тіпті Ресей Федерациясы да Кеңес өкіметі кезінде қабылданған заңдарын өзгертті, Балтық жағалауы елдері тәуелсіздік алғалы Мемлекеттік тіл туралы заңдарына үш рет өзгеріс енгізді. Ал сарапшылардың пікірінше, 1997 жылы өзгертулер мен толықтырулар жасалған Қазақстан Республикасының «Тіл туралы» заңы 1989 жылғы Кеңес өкіметі кезінде қабылдаған орыс-қазақ қостілділігінің қолданысын толық сақтауға қызмет етіп келеді, елдегі әлдеқашан өзгерген тілдік жағдаятқа толық жауап бермейді. Демократиялық елдерде мемлекеттік тілді білу – азаматтары үшін «міндет» болып табылады:

- «Әзербайжан Республикасының әрбір азаматы әзербайжан тілін білуге міндетті» (Азербайжан Республикасының мемлекеттік тіл туралы заңы. 1-бап, 1.1 тармақ),

- «Француз тілін қолдану мыналар үшін міндетті болып табылады:...» («Использование французского языка является обязательным») деп әр саладағы қолданыс алаңдар мен жағдаяттар егжей-тегжейлі санамалап баптар бойынша көрсетіледі (Француз тілінің қолданысы туралы № 94-665 Франция заңы («Тубон заңы»). 2-бап).

- орыс тілінің Ресей Федерациясының мемлекеттік тілі туралы мәртебесі осы және басқа да Федералды заңдарда анықталған салаларда оның қолданысының міндеттілігін білдіреді..., («статус русского языка как государственного языка Российской Федерации предусматривает обязательность использования русского языка в сферах, определенных настоящим Федеральным законом, другими федеральными законами….»).

Мысалдар тізімін жалғастыра беруге болады. Қазақстанның тіл туралы заңында мемлекеттік тілді «білу», «қолдану»  емес, «меңгерудің» өзі тек «парыз» деп қана көрсетілген: «Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторы болып табылатын мемлекеттiк тiлдi меңгеру Қазақстан Республикасының әрбiр азаматының парызы» (Қазақстан Республикасындағы Тіл туралы заң. 4-бап). Мемлекеттік тілді «білу», «қолдану»  оның азаматтары үшін міндет болған жағдайда ғана тіл саясатындағы (өз кезінде жемісін берген) либералды (әсірекеңшіл) қағидаттың орнын инструменталды (нақты шаралары көрсетілген) қағидат басады, яғни мемлекеттік тілге деген қажеттіліктің заңнамалық негізі қаланады.

«Мемлекеттік тіл туралы» заңдарда Қазақстанның тәжірибеге енгізуі үшін үлгі аларлық екі түрлі мәселе бар екені анық: бірі – талап пен міндеттеу болса, екіншісі – тілге қатысты жауапкершіліктің белгіленуі.

Екіншіден, мемлекеттік тілді білу деңгейін бағалаудың «ҚАЗТЕСТ» жүйесіне ағылшын тілін меңгеру деңгейін бағалау құралы – Ұлыбританиядағы IELTS, ал АҚШ-тағы TOEFL жүйелерінің тәжірибесіне сүйеніп, мұны нормативтендіру керек. Бұл нормативтер Мемлекеттік тіл туралы заңда көрініс табуы керек.

Мәселен, Ұлыбританияда белгілі бір лауазымда жұмыс істеуі немесе оқу орнында білім алуы үшін кез келген тұлға ағылшын тілін талап етілген деңгейде білетінін аталған тест бағдарламалары арқылы растауы қажет. Осы арқылы қоғамдық ортада тілді пайдалану сұранысы жасалып отыр. Мұндай тәжірибе Қазақстан үшін де тиімді, әрі сырттан келген мигранттардың тілдік және мәдени бейімделуіне де қолайлы жағдай жасалар еді.

Үшіншіден, мигранттардың тілдік бейімделуіне қатысты Ресей Федерациясының тәжірибесі ерекше. Мұнда 2015 жылдан бастап заңнамада белгіленген нормативтер бойынша елде тұруға рұқсат алу үшін орыс тілі мен мәдениетінен (850 сөзден тұратын лексикалық минимум, Ресей Федерациясының тарихы, заңнамасы мен әкімшілік құрылысы, т.б.)  білімі жөніндегі сертификат талап етіледі. Сертификат алу үшін еңбек мигранттарын оқыту орталықтары құрылды. Орыс тілін білетін мамандарға азаматтық алу жолдары жеңілдетілді, керісінше, орыс тілін білмегендерге елде еңбек ету талаптары қиындатылды.

Төртіншіден, Мемлекеттік тіл туралы заңда қазақ тілінің мемлекеттік тіл және ұлттық, халықаралық және этносаралық мәртебелерін ныңайтуға, жетілдіруге, сонымен бірге қазақ ирреденталары отырған аумақтағы  автохтонды тіл ретіндегі қолданысын сақтауға арналған нормативтік база да жасалуы керек. болу керек. Бұл ретте Германияның тәжірибесі де ұтымды. Германияда Гете орталығы әлемнің 80-ге жуық елдерінде орналасқан.  Гете орталығының  қызметі көп. Соның бірі еліне келіп, бірлескен кәсіпорын, фирма ашамын деушілерге неміс тілін орта деңгейде меңгеруін талап етеді, ал меңгермесе, Гете орталығының сертификатынсыз қанша пайдасы болса да, бірде-бір бірлескен кәсіпорын,  фирма ашылмайды. Шетелдерде қазақ мәдениеті мен тілін дәріптейтін орталықтар санын көбейтіп, кейін олардың басын қосып, осы Гете орталығы тәжірибесіндегі мықты желі жасауға болады. Ал осы шаралардың заңдык негіздері Мемлекеттік тіл туралы заңда көрсетілуі керек.

Бесіншіден, мемлекеттік тілді білетіндерге заңнамада белгіленген артықшылықтар беру арқылы тіл үйренушілердің санын да, сапасын да арттыруға септігін тигізуге болады. Мәселен, Эстонияда еңбек нарығында эстон тілін білуі жұмыс орнын табу, өз ісін кеңейту үшін басты себеп, эстон тілін білген тұлғаға лауазымын  жақсартуға, жоғары жалақы алуға көп мүмкіндік беріледі.

Қазақ тілі – этносаралық қатынас тілі

Лингвистикада «этносаралық қатынас тілі» деген термин бірнеше мағынаны білдіреді.

- Бір мемлекеттің территориясында өмір сүріп жатқан ұлттардың арасындағы қарым-қатынас тілі. Мұнда осы тілдің мемлекеттік немесе ресми тіл болуы шарт емес. Бір қызығы, бір елдің территориясында бірнеше ұлттың қарым-қатынасына қызмет ететін ортақ тіл көбінесе ғылымда, әкімшілік жүйеде қолданылмайтын тіл болатын жағдаяттар жиі кездеседі екен. Мысалы, Дағыстандағы авар тілі.

- lingua franca, пиджин немесе креол тілдер өзара туыс емес екі тілдің өкілдері арасында тіл табысу үшін қалыптасқан тіл. Әдетте бұлар қарым-қатынасқа қатысушы жақтың ешбірінің де ана тілі болып табылмайды, көбінесе байырғы тілдің фонетикасы, грамматикасы және «жаулап алушы» немесе үстем тілдің лексикасы негізінде жасалып, бірнеше ұрпақ қолданғаннан кейін жаңа ұрпақтың «ана тілі» категориясына өтеді. Мысалы, Ямайка аралы тұрғындарының тілі.

- Мемлекеттік тіл мәртебесінің, оның үстемдігінің арқасында мемлекет территориясында тұрып жатқан этностардың регламенттелген белгілі бір коммуникация түрлері мен алаңдарында қолданылатын қарым-қатынас тілі, мысалы, Ресей Федерациясы құрамындағы ұлттар арасындағы қарым-қатынас тілі ретіндегі орыс тілі;

- Бір мемлекет территориясына тарихи себептермен көшірілген басқа ұлттардың мемлекетқұрушы ұлттың толеранттылығына жауап ретінде қалыптасқан ұлтаралық қарым-қатынас тілі. Мұнда ұлтаралық қарым-қатынас тілі рөлін мемлекетқұрушы ұлт тілі атқарады, бірақ оның мұндай қызметі әкімшілдік-әміршілдік жолмен, саяси күштеумен, үстемдік құру шараларымен емес, табиғи, мәдени жолмен жүзеге асады.

Осылардың ішіндегі 4-анықтама қазақ тілінің ұлтаралық қатынас тілі ретіндегі сипатын көрсетеді. Әзірге әлемдік тарихта мұндай рөлге тек қазақ тілі ие болып отыр, мұндай преценттің алды болып отыр. Себебі қазақ тілі Қазақстан территориясына осыдан екі жүз жылдан астам уақыт бұрын келген орыс «переселендерімен», сталиндік зобалаңда депортацияланған қарашай-балқар, шешен, ингуш, неміс, кәріс, т.б. ұлттардың, сол сияқты тың игеруге келген өзге этностардың өз ішінде, яғни бір-бірімен және олардың жергілікті халық – қазақпен де қарым-қатынасының қызметіне жұмсалды. Бұл үрдіс мықты болды, тек ХХ ғасырдың 70-80-жылдары Кеңестік саясат салдарынан әлсірей бастады. Алайда Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін қазақ тілінің мемлекеттік мәртебе алуымен осы үрдісті күшейтуге барлық мүмкіндік болды. Әсіресе Қазақстан халқы ассамблеясының мұндағы рөлі ерекше болғанын айта кету керек. Дегенмен мүмкіндіктерді толық әрі тиімді пайдалануға саяси, бизнес және кейбір зияткерлік элита өкілдерінің құлықсыздығы кедергі келтіріп келеді. Сондықтан қазақ тілінің Қазақстан территориясындағы ұлтаралық қатынас тілі ретіндегі қызметі стихиялы түрде әрі тек мемлекеттік тіл мәртебесінің арқасында алған әкімшілік ресурсының көмегімен ғана жүзеге асып отыр. Ал қазақ тілінің табиғи түрде этносаралық қатынас тілі болуға жетіп-артылатын әлеуеті, тарихи-мәдени, психологиялық базасы толық пайдаланылмай жатыр. Бұл үшін:

- Қазақстан территориясындағы барлық ұлттарға қазақ тілінде сөйлеу «мода», «бедел» болатын шараларды жоспарлап іске асыру керек. Мұның тиімді жолдарының бірі – саяси элитаның толықтай қазақ тілінде сөйлеуі, халықаралық ареналарда қазақстандық саясаткерлердің әрдайым тек қазақ тілінде сөйлеуі керек.

- Қазіргі саясатта «жұмсақ күш» (мягкая сила) принципі өзінің артықшылығын дәлелдеді. Халықаралық алаңдарда өз мәдениеті, өнері, құндылығын дәріптеу арқылы экономикасына инвестиция тарту саясаты күшті. Мұны тіл саясатына да қолдану керек. Мәселен, Димаш Құдайбергенұлы Қазақстанның ғана емес, қазақ тілінің де бренді. Қазақ тілінде әлемдік брендтер жасауға аянбау керек.

- Қазақ тілінің интернет кеңістігінде сапалы да тартымды контентін қалыптастыратын шараларды арттыру керек;

- Қазақстандағы өзге ұлттарға қазақ тілінде бизнес ашқаны, қазақша қызмет көрсеткені үшін марапттау шараларының жүйесін жасау керек;

- Тек қазақ тілінде бар, басқа тілде жоқ, бірақ әлем жұртына тартымды, пайдалы рухани және материалдық дүниеліктер тудыруға жағдай жасау керек;

- Қазақ мәдениеті, ғылымы, өнері мен әдебиеті туындыларын халықаралық тілдерге аудару, насихаттау, паш ету керек. Осы бағытта атқарып жатқан жұмыстар бар, олардың санын арттырып, сапасын жақсарту маңызды.

- Өзге тілді мектептердегі «Қазақ тілі» мен «Қазақ әдебиеті» пәнін қосып жіберген. Қазақстанда «Қазақ әдебиеті» дербес пән ретінде оқытылуы керек, оның мазмұнын кративтендіру керек, яғни классиктермен бірге замандас қаламгерлердің де, жеке тұлғаны дамытатын көркем емес әдебиеттердің де контентін оқытуды қосу керек;

- «Қазақ тілінің қоғамдық беделі (имиджі)» атты жобаны іске қосу керек, оған әсіресе мектеп басшылықтары мен ата-аналардың тандемінен құралған қоғамдық белсенділерді араластыру керек. Қаладағы қазақ мектебінің сабақтан басқа уақытта оқушылары (мұғалімімен қосып) орысша сөйлейтін үрдісті тоқтату керек.

- Ғылым, технология, бизнес, басқару, дипломатия мен ақпарат қазақша болмай іс оңбайды. Нақты шаралар жоспары керек. Тілдерді дамытудың мемлекеттік бағдарламасына осы салалардағы қазақ тілін дамытуға қатысты шаралар қосылады, бірақ бағдарламаны Мәдениет және спорт министрлігі басқа мминистрліктермен, әсіресе қаржы, экономика министрліктерімен үйлестіру кезінде олардың барлығы түгелдей алынып тасталады, сөйтіп мемлекеттік тіл мәртебесін көтеруге арналған шаралар негізінен тек мәдениет саласының мекемелерінде жүзеге асады.

- Қазақ тілі интернет кеңістігінде жайламай, ондағы оның сапасы артпай жастарды тілге баулу қиын. Сондықтан барлық қазақ мәтіндерінің «ақылды виртуалды базасы» болып табылатын «Қазақ тілінің ұлттық корпусы» атты мегажобаны Ұлттық жоба ретінде бірнеше мекеме, мемлекеттік және жекеменшік ұйымдар бірлесіп жүзеге асыру керек;

- Жаңа мамандықтар тізбесі әзірленіп жатыр. Осы мамандықтарға оқытатын құралдар қазақ тілінде әзірлену керек: Ұлттық аударма бюросы оқулықтарын аударса, отандық мамандар ұлттық контентпен оқулықты толықтыру керек, себебі аударма-оқулық жас ұрпақ санасын ұлттық сипатта дамыта алмайды;

- Қазақстан мектептерінде шет тілін оқыту курсының мазмұны толық Отандық контентте өрбуі керек. Қазақстандағы ағылшын, орыс тілі пән мұғалімдері ЖОО-да міндетті түрде қазақ-ағылшын, қазақ-орыс тілдерінің салғастырмалы грамматикасы, салғастырмалы лексикасы, салғастырмалы фонетикасы курстарынан өтуі керек. Осы пәндерді енгізу керек.

- ЖОО-да филологиялық білім беруге реформа керек: лингвист-логопед (қазақша тіл сындыратын), лингвист-спичрайтер, лингвист-копирайтер, лингвист-психолог, лингвист-юрист, лингвист-экономист т.б. осы сияқты тарбейінді тілтанушыларды базалық филология дайындап шығу керек, қоғамда қазақ тіліне сұраныс көп, маман жоқ, сондықтан қазақшаның бәрі тартымсыз аудармаға айналып отыр.

- Балаларға арналған сапалы зияткерлік мәтіндер жоқ. Ол үшін авторлар пулын жасақтап, балаларға арналған ғылыми, ғылыми-көпшілік, көркем, публицистикалық, т.б. мәтіндер корпусын жасау керек. Ересектерге арналған мәтіндерді балаларға адаптациялау ісін Білім және ғылым министрлігі арнайы бағдарлама арқылы жүзеге асыру керек. Сонда оқулық авторлары мәтінді ойдан құрамайды. Оқулық сапасы да артады.

Анар Фазылжан,

филология ғылымдарының кандидаты.

Abai.kz

8 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5377