Сәрсенбі, 25 Желтоқсан 2024
5441 1 пікір 3 Қазан, 2019 сағат 17:28

Әкімнің кейбір сәттері...

«Егемен Қазақстан» газетінің биылғы 4-наурыздағы санында Елбасы кітапханасының директоры Әмірхан Рахымжанов өзінің «Толған ел тарихын таспен жазады» атты мақаласында «Қобыланды батыр кесенесін тұрғызуда Жиренқопада Ақтөбе облысының әкімі Елеусін Сағындықовтың бастауымен жұмыс атқарған оның орынбасары Оңдасын Сейілұлы Оразалиннің де еңбегінің ерен екенін атағым келеді» деп жазған. 

Оңдасын Сейілұлы әкім болып келген кезде өзі еңбек еткен РИКА ТА телеарнасында болып, қызметтес болған осы арна дикторы Гүлбаршын Аққатовамен жылыұшырай жүздесіп, өзінің қалыптасуына сол кезеңдердегі еңбегі де әсер еткені туралы оның сөздері «Эврика» газетінде басылды.

Өзімнің «Ұлылықпен жүздесу» кітабымда (Ақтөбе, 2013 ж.) мен оның 1992 жылы Дүние жүзі қазақтарының І-құрылтайына қатысқан ақтөбелік делегаттар арасындағы суретін жариялаппын. Осының бәрі Оңдасын Сейілұлының өмірдегі кейбір сәттерін баяндауға себеп және арқау болды...

Жақында Премьер-министр Дүниежүзілік банк еліміздің қалалары мен өңірлерінде бизнес жүргізу жеңілдігі рейтингілерінің қорытындысы бойынша Алматы қаласы мен Маңғыстау және Ақтөбе облыстарындағы жетістіктерін ерекше атап өткен болатын. Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалиннің өзінің бизнестегі алғашқы қадамдарын РИКА ТВ компаниясында бастағанын біреу білсе, біреу біле бермейді.

Айта кеткен жөн, «РИКА-ТВ» телекомпаниясы (орысша Рекламно-информационное коммерческое агентство) республикада тұңғыш 1990 жылы ұйымдастырылып, 1992 жылы хабарларын тарата бастаған тәуелсіз елдің БАҚ арасындағы тұңғыш қарылғашы болатын.  

Жалпы "Эврика" ның бас редакторы Виктор Гербердің айтуы бойынша тоқсаныншы жолдардың басында тұңғыш тәуелсіз телеарнаны ашу жобасына демеушілік жасап алғашқы қаржыны ферросплав заводының директоры,бұл күндері Украинада тұратын Никита Варфоломеевич Новиков бөлген болатын.Онын жұбайы Любовь Николаевна бұрынғы комсомол жетекшілері Мерболат Күнбаев пен Оңдасын Оразалин алғашқы кездесуде білікті және ақылды адамдар ретінде әсер қалдырғанын.іле шала олармен бірге Жапонияға барып керекті жабдықтарды алып келгендерін есіне алады екен, сол жылдары ол заводта сыртқыэкономикалық байланыс саласын басқарған. Ағылшын тіліне жетік Ондасын Оразалиннің бұл шетелге тұңғыш іссапары болатын. Ал 1991-жылдын 31 желтоқсанында Мерболат Күнбаев, Оңдасын Оразалин жане Мұрат Байділлаевтар осы телеарнаның тұсауын кескен болатын.  

Болашақ облыс әкімінің он жылға жуық еңбек жолы осында өтіп еді. 

«Біз осы телекомпанияның өмірге келіп, аяғынан тұру сәттеріне қатыстық, - деді Оңдасын Сейілұлы осы кездесуде. - Егер ол отыз жылға жуық халыққа ойдағыдай қызмет етіп келе жатса, сол сол кездегі энтузиазм мен жаппай құлшыныстың жемістері. Біз шындығында күні-түні телекомпанияда болған едік. Мен осында бизнестің әліппесімен таныстым. Өз салама сай мен көбінесе бизнес жобаларын жүзеге асырумен айналыстым. Дегенмен де бұл шығармашылық пен бизнестің ұштасқан уақыты болатын.   

О.Оразалин «Рика» ТВ телекомпаниясында. Сол жақта Г. Аққатова

Осы телеарнада болашақ облыс әкімімен қызметтес болған қазіргі таңдағы бірден бір диктор Гүлбаршын Аққатова шын мәнінде осы ұжымның шежірешісі екен. Қызықтырған сауалдарымызға толық та тұжырымды жауаптар тауып отырды. «Осы телеарна құрылғаннан бері жаңалықтар дикторы болып келемін,- дейді ол. – Оңдасындардың шақыртуымен облыстық телеарнадан ауысып, 1992 жылы 16 маусымда жаңалықтар жүргізіп едім, әлі сол қызметтемін. Кездесуге келген облыс әкімі Оңдасын Сейілұлымен қол беріп амандасып, жүздескенде терең толқыныс үстінде болып, бір сәт қызметтес болған уақыт көз алдымнан кинолентадай сырғып өткені рас. Оңдасын өзі айтқандай, бизнес саласымен толығырақ айналысса да, оның шығармашылыққа жетік талғампаз адам екенін көрдік. 

Оның басшылығымен және тікелей араласуымен біздің арнада Бақыт Ешбаева «Атамұра» бағдарламасын түсіруді бастағаны есімізде. Оңдасын сол тұста қайта жаңарып, кең өріс ала бастаған ақындар айтысын толық түсіріп, телеарнамызда көрсетуге де мұрындық болды. Сол кезде дені мол орыстар «қызықтыру тудырған бұл не айтыс деген?» деп сұрайтын. Оған жауап ретінде Оңдасын Сейілұлы орыс тіліндегі «Патефон» бағдарламасына айтысты енгізіп, субтитрлі аудармасын кадрде жазғызып, өзге тілді көрермендерге жеткізгені де ұмытылмас шақ.

Оның басшылығымен операторымыз Радик Мақсұмовтың облыстың киелі және қасиетті жерлерін Дүниежүзі қазақтарының І-құрылтайына апарып таныстырғаны нағыз ұлтжандылық емес пе?!   

«Осы Оңдасын Оразалин мен Радик Мақсұмовтың түсіріп әкелген қазақтардың Дүниежүзілік І-құрылтайының бастан-аяқ қызықты және тарихи оқиғаларының толық нұсқасын біз РИКА-да көрсеттік. Оларды өзім дайындап, Оңдасынға бергенмін, мүмкін онда сақталған да шығар, бұл жөнінде ол өте мұқият болатын»,- деп есіне алады Гүлбаршын Құрмантайқызы. 

Болашақ өңір басшысы ірге тасын қаласқан РИКА телеарнасы осы күндері Тахауи Ахтанов көшесіндегі облыстық телеарна орналасқан ғимараттан басталады. Оның «Аян» ақпараттық бағдарламасының редакторы Серік Ерғали болатын. Тілшілері — Базархан Аймағамбетов, Серіктің өзі және Гүлнар Қарашаева. Жүргізуші диктор Гүлбаршын Аққатова болып 1992 жылы маусымнан хабарларын бастаған екен. Бағдарлама «Тәулік» болып өзгеріп, оны үздіксіз 27 жыл бойы Шымкент мәдениет институтының түлегі, өзі де өнерпаз жан Гүлбаршын Құрмантайқызы жүргізіп келеді.

Гүлбаршын сол бір қиындығы мен қызығы мол жылдары осы телеарнада Димаштың әкесі, өрімдей жас студент Қанат Айтбаевтың да Оңдасынның қол астында қызмет еткенін, өзінің алғашқы клипі жергілікті композитор Қайырғали Қожанбаевтың әніне жазылған «Арман жастықты» қазіргі Абай, ол кездегі Октябрь бульварында түсіргенін тілге тиек етті. 

- Ия, сондай бір қызық кезең болған. Әуелі Оңдасын Сейілұлынан институтта тағылым алдық. Аз уақыт РИКА-да қарамағында қызметтес болдым. Сол кезде телеоператор Радик Мақсұмов менің «Арман жастық» тұңғыш клипімді түсіріп, осы саладағы тұсауымды кескен. Сол жылдары облыс өнерпаздары қатарында Оңдасын Сейілұлымен бірге Дүниежүзі қазақтарының І-құрылтайына қатысу бақытына ие болыппыз,- деп қысқаша есіне түсірді бүгінде есімі төрткүл дүниеге танымал әнші-продюсер Қанат Айтбаев — Димаштың әкесі.

Қанат Айтбаев туралы осы жолдарды жазып отырғанда белгілі қоғам қайраткері, халық әртісі Мұрат Ахмадиевтің «бұрында әне, Мұрат Ахмадиев келе жатыр дейтін, қазір әне, Ділнәз Ахмадиеваның әкесі келе жатыр дейтін болды, қызымның атышулылығын ескеріп...» деген сөздері еріксіз есіме түсті. Біз де қазақтың әнін әлемге танытқан Димашты әкесімен қатар атамай өте алмадық.

- Еліміздегі тұңғыш тәуелсіз телекомпания ақтөбелік РИКА құрылғанда оның материалдық-техникалық базасына қызықпаған журналист кем де кем шығар. Мұнда біздің облыстық АТВ телеарнасындағы К-700 сынды алып аппаратуралардан ерекше ықшам да сапалы түсіретін жапондық аппаратуралар болатын. Соларға іштей қызығып жүрген мені Оңдасын Оразалин жұмысқа шақырғанда бірден келістім,- деп еске алды белгілі мәдениет қайраткері, сол кездегі телережиссер Бақыт Ешпаева.- Мен туралы белгілі диктор Иван Ушановтың баласы, сонда қызмет істейтін Игорь Ушанов жылы лебіз айтқан болар деп ойлаймын қазір. Мен Оңдасын Сейілұлы РИКА-да аз уақыт жұмыс жасап, көп іс тындырды деп ойлаймын. 

Бірде Оңдасынға жолығып, «ел, жер тарихы туралы «Атамұра» бағдарламасын бастайық» деп едім, ол қуана келісе кетті. Қасыма талантты телеоператор Радик Мақсұмовты қосты. 

Міне, арада көп жылдар өтті. Бірақ, мен режиссердің ойын айтпай танитын және дәл табатын Радиктей оператор кездестірмедім. Осылайша «Атамұраның» басталуына Оңдасын Сейілұлы қамқоршы болды. 

Сол уақытта телеарнамыз көлікке тапшы. Тарихты терең білетін маман тағы қажет. Ал, музейде көлік болатын. Мен Ырысжан апамыз Ілиясоваға бардым. Сөйтіп, көлік те, білгір кеңесші де табыла кетті. «Болар істің басына, жақсы келер қасына» деген осы шығар.

Біз өз кезегімізде Радик Мақсұмовтың қатысуымен түсірілген авторлық топтың «Батырдың соңы — Есет», «Алмат тамы», «Мәні әулие», «Жаманшың құпиясы», «Бөкенбай шоқысы», «Жаныс би, Байғабыл, Тоқсанбай тамдары» және басқа құнды дүниелерді музей қорынан тауып, бір жасап қалдық.

Олардың атын атап, түсін түстеу үшін бөлек бір сөз арнайық.

Қазіргі таңда Гүлбаршын және Радик Мақсұмовтар Орал қаласында тұрады. Сол тоқсаныншы жылдардың басында Гүлбаршын да Ақтөбе телеарнасында қызмет атқарған. Оны — бірінші, ал Аққатованы — екінші Гүлбаршын деп атайды екен құрбылары шатастырмас үшін. 

Мақсат-мұраттары бір адамдар осы өнер ордасында бірін-бірі ұнатып, отбасын құрады, қазір қыздары бой жетіп қалды. 

Баспасөздері ресми мәлімет бойынша, Дүниежүзі қазақтарының І-құрылтайына 200-ден аса журналистер, 50 телекомпания қатысты деп саналады. Ал, Ақтөбе облысынан болашақ облыс әкімі Оңдасын Сейілұлы Оразалин бастаған РИКА-ТВ телекомпаниясы биресми болса да, осы өңірдің туын көтерген екен. 

Жоспар бойынша құрылтайға Оңдасын, мен және Серік Ерғали баруымыз керек болатын. Бұл технигіміз Александр Абрамовты санамағанда. Ақтөбе әуежайында, дәл самолетке отырар алдында Серіктен «отбасы жағдайында күтпеген оқиға болып қалды, Алматыға ұша алмаймын» деген хабар жетіп, тас төбеден ұрғандай болды. Осы мезетте Оңдасын: «Оны мен өзім алмастырамын, аппаратураны самолетке тиейік» деген ұсыныс айтты. Қанша жапондық өнім болса да, ішінде үлкен монитор бар, аппаратура, құрал-саймандарымыз жеңіл емес-ті. Оңдасын, мен және Саша Абрамов бірлесіп заттарды траппен салонға тиедік. Сондай кез болды: біз бәріміз бесаспап едік. Мен тек қана оператор емес, мониторды да қарап, керек болғанда көлігіміздің де жүргізушісі болып кететінмін. 

Оңдасын да солай, бизнесімен қоса шығармашылық та оған жат емес еді. Сол кездегі өзім түсірген қай тақырып болмасын, Оңдасынның идеялары еді. Біз өзімізбен бірге жоғарыдағы Бақыт Ешбаева, Рысжан Ілиясовалармен дайындаған хабарларды, олардың бірнеше кішігірім шағын көшірмелерін алып кеттік. Сол Атакентте Александр аумақты монитор орнатты. Жаңылыспасам, мұндай қондырғы өзгелерде болған жоқ, көпшілігі бізге келіп қарайды. 

Көп қызығушылық тудырған дүниелердің ішінде біздің Ырғызда түсірген «Алмат тамы», «Жаманшың құпиясы» және Есет батыр тойы туралы түсірілімдер болғаны есімізде. Көптеген шетелдік қандас ағайындар көздеріне жас алып, тізелерін бүккен еді сол кезде. Ал, Оңдасын оларға ағылшын тілінде, ол осы тілді жетік меңгерген болатын, түсініктеме беріп жатты. 

Бұл түсірілімдер көрермендерге ұнағаны соншалық, олар бізді қонақүйдегі бөлмелерімізден де тауып алып, сол біз апарған шағын дискілерді болмашы бағамен сатып алып та кеткен-ді. Артынан хабардар болғаным, құрылтайға сол Алмат тамында жерленген даңқты адамдардың ұрпақтары арада алпыс салып, Қазақстанға тұңғыш оралған екен ғой. 

Біз құрылтайда бүкіл іс-шараға қатысып, түсірілімдер жасап, Ақтөбе халқына көрсеттік. Сол алғашқы құрылтайда делегаттар еліміздің киелі жерлеріне бас игендері талай жазылып келеді. 

Біз Оңдасын екеуміз Түркістанға барғанымыз есімде. Пойызда бізге түркиялық азаматшалар жолдас болды. Олармен де Оңдасын ағылшынша тез тіл табысып кеткен болатын.   

Бір қызығы, бізде аккредитация деген болған жоқ. Дегенмен де, тиісті органдар қызметкерлері кейде тексеріп қалып, дегенмен аппаратураларымызды көріп, кешіріміділікпен қарайтын. 

Бірде Республика сарайында мен тіпті шақырылған Финляндия президентінің орнына отырғаным бар. Әрине, орынды босатуға тура келді. Жалпы, тәуелсіздік таңы атқан сол бір кез, болашақ облыс әкімі Оңдасын Оразалинмен өткізген тарихи шығармашылық іссапар мәңгі ұмытылмақ емес, деп қорытындылады сөзін Радик Мақсұмов. 

- Радик, сіз енді Оңдасын Сейілұлын облыс әкімі болып тағайындалуымен құттықтаған боларсыз!- деп сұрадық біз.

- Жоқ, оның реті келмеді. Оның үстіне мен өзге облыста тұрамын ғой,- деп жауап берді ол.

Радик туралы әңгімемізді оның Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Ақтөбе облысына жасаған тұңғыш іссапарларын түсірген автор екендігін айтумен аяқтаған жөн болар. Елбасымыздың 1993 жылы Ақтөбе облысына келгені туралы видеосюжетті мен «Экспресс-К» сайтында жарияласам, елордалық әріптестерім оны Нұрсұлтан Әбішұлының облыс өңіріне келген соңғы бір іссапары кезінде жария етті. Сол іссапар туралы түсірілімнің авторларының бірі Радик Мақсұмовты тауып алып, мәз болдым.

 

Біздің уақытта Нұрсұлтан Назарбаевты түсіру онша қиындыққа соқпайтын, жақын келуге де болатын, себебі тек үш канал АТВ, РИКА жане президенттің жеке операторы түсіретінбіз. Соңынан операторлар саны жиырмадан артқанда, бұл енді соңғы кездер болатын, бұл жұмыс қиындай түсті.                                                                                                                           

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары президенттік кортежге ілесіп жүрдік те, кейіннен екі ақ "Запорожецпен" оларды күтіп алуға көштік, деп есіне алады Радик. Шалбай Құлмаханұлымен Алматыға тәуелсіздіктің бір жылдығын тойлауын түсіруге бардық. Бізді мейрамханаға шақырған болатын. Маған берілген нұсқау тек Құлмахановтың жане Заманбек Нұрөаділовтың тосттарын тусіру сосын тоқтату болатын. Мен солай стедім де. Көңілі көтеріңкі Шалбай Құлмаханұлы, кез келген қазақтай,ән салудан да кенже емес екенін көрсетіп шырқай жөнелді. Оның дастархан басындағы әнін де мен түсіріп алғам. Осы кассетаға қайтарда вагонда ауданнан келген болгар ансамлінің концертін жазып алғанмын. Редакцияға оралғасын "Патефондағы" әріптестеріме менде жақсы номер бар деп едім, олар осы болгарлардың әншілерімен бірге Шалбай Құлмаханұлының да әнін қосып жібергені. Ертеңіне ол Мерболат Күнбаевті жане барлық "патефоншыларды" өзне қабылдауға шақырды.Өзімізбен бірге видеоаппаратурамызды да алғанбыз.

Қане көрсетіңіз, деді өңір басшысы. Көрілімнен соң ол маған, бұныңыз не Радик,мен сізге сеніп едім ғой дегенде өзімді сондай ыңғайсыз сезінгенім әлі күнге есімде

Аталған құрылтайға қатысып, болашақ облыс әкімімен қоян-қолтық жүріп, оныуң қасында суретке түскен ырғыздық азамат, белгілі мәдениет қызметкері, өлкетанушы, асылдың тұяғы Шамил Маханов отыз күн ойланып, қырық күн толғанды. «Сұхбат беруге шорқақ едім, күнбе-күн дүрбелең ғой, бірақ ағалығыңызды сыйлап келіп отырмын» деп ағынан жарылды ол. Шамил де, оның ағасы — Ақтөбе өңіріне кеңінен танымал дәрігер, қоғам қызметшісі Роман Рахиев те — Радиктер құрылтайға бабалардың мәңгілік мекені — тамын түсіріп апарып көрсеткен Алматтың тікелей ұрпақтары.

...Ресми деректерге қарағанда, алғашқы құрылтайға алыс және жақын шет мемлекеттерден, соның ішінде Түркия, Алмания, Франция, Норвегия, Монғолия, Қытай және басқа елдерден 800-ден астам өкіл қатысқан. Бұл жиында алты әлемдегі ағайынның ат басын ата жұртқа бұруы, аласапыран уақыттарда адасып қалған бауырларымен қауышуы, көптеген қандастарымыздың тарихи отандарына оралуы қарастырылған болатын.

Бірінші сурет. Тұңғыш құрылтайдың ақтөбелік делегаттарының бір тобы. Оң жақтан «РИКА-Банк»-тің директоры О.С.Оразалин, ырғыздық мәдениет қызметкері Ш.Маханов, ... Е.Ы.Әжібаев және басқалары

Екінші сурет. Ақтөбелік делегаттар, ортада облыс әкімшілігі басшысының орынбасары И.Н.Аймағамбетов, оң жақтан бірінші Мұқтар Арын.

Бірінші сурет. Күйші Ж.Асылханов және әнші Қ.Айтбаев ақтөбеліктердің киіз үйінде

Қадірлі қонақтардың арасында сол РИКА-лықтар түсіріп, қонақтарға көрсеткен «Алматы тамы» киножурналының кейіпкері, кезінде жергілікті басқару ісіне араласқан беделді адам, ел ішінде сардар атанған, бір болысты басқарған, көзі тірісінде осы мавзолей-тамды ен далада тұрғызған Алмат Тобабергеновтің (1804-1892) ұрпағы, қазақтың тұңғыш скрипкашысы, Мұстафа Шоқайдың жанашыры Әлім Алмат зайыбы Еділ және ұлы Төремен бірге келеді деп күтілген болатын. Айта кету керек, Әлім Алмат 1941 жылдың 30 маусымында Польшамен шекаралас соғыстың алғашқы соққысын қабылдаған Брест-Литовскиде тұтқынға түскен болатын. Енді міне, араға жарты ғасырдан астам мерзім өте туған жер топырағын қайта басқалы тұрған. Бір жағынан аталас тумаларын қарсы алуға, екіншіден, көппен көрген ұлы тойға ырғыздық кәсіпкер және мәдениет саласының жанашыры Шамил Маханов та Алматыға барған еді.

- Әлім атамыз бен Еділ жеңгеміз сағыныштарына бағынып, жедел Ырғызға аттанды да, ағамыз Төре жиынға бастан-аяқ қатысты,- деп еске алады сол күндерді Шамил Маханов. – Бір байқағаным, ағамыз Төре болсын, Түркиядан келген өзге қонақтар болсын, қазақша біле тұра, әңгіме сарынын ағылшынша айтқанда ғана терең түсінеді екен. Дүние тілдерінің бастысы — ағылшын тілін жаңа игеріп жатырмыз. Төре ағамыз өзінің бизнес саласындағы жұмыстарын облыс басшысы Шалбай Құлмахановқа баяндағанда және басқа пікір алмасулар болғанда көмекке келген Оңдасын Сейілұлының ағылшынша біліміне тәнті болмаған жан жоқ жоқ-ты деп есіне алады Шамил отыз жылдай бұрын болған оқиғаны. 

«Біздің Ырғыз ауданын бірінші әкіміміз Лайық Шоқпаров бастап барған еді. Біздің киіз үйімізге көптеген қонақтар бас сұқты. Сол кезде өзіміз дастарқандас болған ағаларымыз — облыс әкімшілігі басшысының орынбасары Ізбасқан Аймағамбетов, болашақ екі шақырылымда Сенатор болған Боранбай Құсайынов, Қобда ауданының әкімі Ерсайын Ысқақовтар елге сыйлы атпал азаматтар еді ғой»,- деп бір толқыды Шамил ініміз.

Шамил бауырымыздың сөздеріне орай осы іс-шараға делегацияны бастап барушылардың бірі облыс әкімшілігі басшысының орынбасары Ізбасқан Аймағамбетов айтып берген бір жәйт есімізге түсті. 

«Бір мезгілде Алматының ақ жаңбыры құйып жібергені,- деген-ді ол- сыртқа шықсақ, өзіміздікі бар, қонақтардікі бар, бүкіл аяқ киімімізді судай сипап кеткен, біреуі де жоқ. Енді не істейміз деп санымызды соқтық.

Сол кезде «Шалбай Құлмаханұлы, маған «Волгаңызды» беріңіз, барып аяқ киімдер сатып әкелейін» деді Боранбай Бақытжанұлы Құсайынов. 

«Волгамен» кеткен Боранбай көп ұзамай бәрімізге жаңа аяқ киім әкеліп, алғыстың астында қалғаны бар деп еді Ізбасқан Нұретдинұлы осы құрылтайды есіне алып.

Осы күндері құрылғанына 90-жылдығын тойлап жатқан батырлар мекені Қобда ауданы Ақсай ауылының түлегі, жерлес-ауылдасымыз Боранбай Бақытжанұлы Құсайынов Ізбасқан Аймағамбетов ағамыз айтса айтқандай, үлкен жүректі, өмірде адал, қызметіне берік, досжанды ел азаматы болды. Осы құрылтайға ол облыс тұтынушылар кооперациясы атынан барған болатын. Кезінде ол тарихта жергілікті ұлт өкілі басқармаған Ақтөбе жүн өңдеу фабрикасының директоры болып жемісті еңбек етті. Боранбайдың есімі ел тарихында еліміздің 1995 жылы тұңғыш сайланған бірінші парламент сенатының және 1999 жылы сайланған оның екінші шақырылым депутаты лауазымы ретінде сақталары сөзсіз. Әсіресе заң шығарушы органның салық жөніндегі заңдарында оның дәлелді жаңаша қолтаңбалары қалғанын әріптестері талай атап өткен. Оның қарапайымдылығын, балалық шақ достарына деген адалдығын айтып кеткен жөн болар еді.

1999 жылы немереміз Рахатты қырқынан шығаруға Астанаға бардық. Құдамыз Сарайшық көшесінде тұрады екен, мен ауылдан сәлем жеткізейін деп Боранбайға қоңырау шалсам, ол да осы маңда, сол көшінің жұп сан жағында екі үйден кейін тұрады екен, ойланбастан соғып, дәм татып кет деді. Астанада бірінші рет болуым, ұялы телефоннан сұрасып сен таба алмассың, мен балконға шығып, көрпені ұстап тұрайын деді. Бір мезет қарасам Борекем Сарайшық көшесінің 36 үйінің төртінші қабатының 53 пәтерінің балконынан қолына ауылдың құрақ көрпесін ұстап маған белгі беріп тұр! Бұдан асқан қарапайымдылық, кішіпейілділік болар ма?! Ол сол жолы ауылдас досымыз Жақсылық Аяпов екеуімізді Астанамен таныстырып, өзі қызметте болған Парламенттің бұрынғы мекенжайымен,тіптен Ақордамен, Президент сарайымен де таныстырып еді. Ақтық демі қалғанша ел тәуелсіздігіне өмірін арнаған ел азаматы, артынан байқасақ, сол кезде ауыр науқастан емделіп жүр екен...

Боранбайдың үйіндегі келініміз Бақыттың жерлесі, осы отбасымен көп жыл сыйлас болған, сол кездегі Қобда ауданының әкімі, Ақтөбе облысына еңбегі сіңген қайраткер Ерсайын Ысқақұлы Әжібаев та тұңғыш құрылтайдан алған әсерлерін есінен шығармайтын еді. 

Біз сол жылы Исатай Таймановтың туғанына 200 жылдығын тойлап өткенбіз, дейтін ол. Бұл шара Ұзақбай Құлымбетовтың құрметіне арналған мерекеге сай келді де, бірінші облыс басшылары Қобдаға келе алмады. Исатайдың тойына жерлестері оның туған жерінен топырағы салынған шағын әйнек ыдыстар әкелген болатын. Шалбай Құлмаханұлы маған ертерек барып киіз үйлерді орналастыруды жүктеді, киіз үйлер біздің Қобда және Ырғыз аудандарынан болатын. Атыраудан келген Исатайдың туған топырағынан хабардар ол Есет батырдың кесенесінен алынған топырақ салынған 50 жебе дайындатқызды, біз оларды қонақтарға сыйлағанбыз.  Айтқандай мен астанамызға ертерек барып, Шәкеңнің таныстары көп, облыс әкімдігіне жолықтым. Нәтижесінде біздің киіз үйлер Алматы облысымен көршілес көрнекті жерге орналасты, дейтін ол.

Бірінші құрылтайға ақтөбеліктерді өңірдің тәуелсіздік алғалы бірінші әкімі Шалбай Құлмаханұлы Құлмаханов бастап барған еді. 

Көп жыл өте 2012 жылы 3 шілдеде көрнекті мемлекет қайраткерімен кездесуім ұмытылмастай есімде қалғаны сөзсіз. Төле би көшесі, 155 «А» үй, 701 бөлмеде орналасқан оның «Азия Гранд» компаниясының үлкен бір залы тұңғыш Елбасымен отбасымен түскен суреттерге толы, тәуелсіздік туралы фотошежіре деуге болады. «Тарихтың өтпелі  тар кезеңі Тәуелсіздікке қол жеткізген жылдары Ақтөбе өңірін басқарғанымды мақтаныш тұтамын», дейді ол. «Сол тар кезеңде елдің еңсесін көтеру үшін баба әруақтарын еске алып, олардың есімдерін қайта жаңғырту сұрақтары тұрды. Біз оларды ойдағыдай орындадық та. Ақтөбеде Есет Көкіұлы 325 жылдық тойы гүрілдеп өтті. Оған шетелдерден, көрші облыстардан көптеген қонақтар келді. Облыс күшімен Есет Көкіұлы батырға кесене көтеріп, ескерткішін аштық. Маған Елбасымен 16 шет мемлекеттерде болып, олардың өмірімен, басшыларымен кездесу бақыты туды. Олардың бәрі жер шарында тұңғыш тәуелсіз Қазақстанның ірге тасын қалған Н.Ә.Назарбаевтың тарихи еңбегін мойындап тұратын».

Әрдайым Ақтөбе десе бүйрегі бұрылып тұратын Шалбай Құлмаханұлына осы материалды дайындау барысында қоңырау шалдық. 

«Дүние жүзі қазақтарының тарихи тұңғыш құрылтайы ақтөбеліктер үлкен ұйымшылдықпен өткізіп, Боранбай Құсайыновтың, Ерсайын Әжібаевтың, Лайық Шоқпаровтың қосқан үлестері мол. Құрылтайға мындаған адам қатысты, атқарған қонақтарымызда сан жоқ. Бәрін есте сақтау мүмкін де емес. Дегенменде қазақтардың тұңғыш құрылтайына Ақтөбе облысынан бірінші әкімі өзім және болашақ әкімі Оңдасын Сейілұлы Оразалиннің бірге қатысуы тектен тек емес, жақсы ырым деп жоримын. Ақтөбеліктерге мен әрқашан мол табыс пен бақыттылық тілеймін» дейді ағамыз. 

«Болмасаң да ұқсап бақ, бір жақсыны көрсеңіз» деп дана Абай айтқандай, сол Алматыдағы кездесуде Сара Алпысқызы жеңгемізден үйрендік деп таңертең түгелдей салқын суға шомылатынын айтқан еді, міне оншақты жыл ағамызға еліктеп келеміз. Сонан әрдайым есімізге түсетіні тағы бар.

Жоғарыда әңгіме болған оператор Радик Мақсұмов түсіруге қатысқан, өзім 2017 жылдың 30 қазанында толық нұсқасын «ЭК» сайтында жариялаған, ал қысқа нұсқасын Ақорда желіге 2018 жылдың 15 қазанында жариялаған Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың 1996 жылғы Ақтөбе облысына іссапарының түсірілімінен бір данасын Шалбай Құлмұханұлы сол  Алматыдағы кездесуде сыйға тартқан болатын.

Облыс әкімі Е.Сағындықов, оның орынбасары О.Оразалин және К.Еспағамбетов Елбасымен Ақтөбеде «Отан» партиясы ғимаратында

Басқа да көптеген құрылтай делегаттары сияқты Оңдасын Сейілұлы сол 1992 жылдың қыркүйегінде Нұрсұлтан Әбішұлын алғаш рет жақыннан көріп, оның мазмұнды баяндамасын тыңдаған болатын. Келешекте болашақ Ақтөбе облысының әкімі Елбасымен қоян-қолтық Президент әкімшілігінде аттай он үш жыл мінсіз қызмет етіп, саяси мол тәжірибе жинады, ел басқаруда көп нәрсе үйреніп, бағасы жоқ сабақтар алды. Ал, сонау 2006 жылы 9 қыркүйекте Ақтөбеде болған Оңдасын Сейілұлының Елбасымен алғашқы кездесулерінің бірі туралы тұңғыш Президентімізбен 28 рет кездескен, ақтөбелік қоғам қайраткері, облыстық халықаралық бейбітшілік ұйымының төрағасы Келдібай Еспағамбетов тебірене әңгімелеп берді. Біздің облыс сол жолы республикада алғаш рет Президентімізге «Отан» партиясының судай жаңа ғимаратын таныстырған едік. Дән риза болған Н.Ә.Назарбаев қол жеткен табыстарға масаттанбай, алдағы жаңа асуларды игеруге шақырған. Сол міндеттерді орындауға енді міне, жаңа өңір басшысы Оңдасын Сейілұлының бастауымен әлі атсалысып келеміз, дейді «Ақтөбе облысының құрметті азаматы», «Құрмет» орденінің иегері, облыс әкімінің қоғамдық кеңесшісі Келдібай Еспағамбетов.

Бүгінгі таңда Қазақстанның жалпыұлттық киелі нысандар қатарына облыстан он ескерткіштер енсе, оның үшеуі – Абат Байтақ, Қобыланды батыр, Исатай Тайманов Қобда жерінде орналасқан. Олардың алғашқы екеуінде: Абат Байтақ пен Қобыланды батыр мемориалдық кешендерінде Оңдасын Сейілұлын қолтаңбалары бар дейді осы ауданның бұрынғы әкімі, бүгінгі таңда облыстық әкімшіліктегі ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Ботағарин.  Оның атсалуымен Қобдада өзіміз тұрғызған Абат-Байтақ кесенесіне кірпіштер дайындаған шағын кірпіш заводы әлі тұр.

Оңдасын Сейілұлының бастауымен Абат-Байтақ, Қобыланды батыр мемориалдарына халқымыздың Әбіш Кекілбаев, Олжас Сүлейменов, Иманғали Тасмағамбетов, Мұрат Әуезов, Айсұлу Жағанова, Фариза Оңғарсынова және басқа аяулы ұл-қыздары ат басын тіреді, қолдан келген көмектерін көрсетіп, ақыл-кеңестерін берді, дейді Серік Көшерұлы. 

Абат-Байтақ кесенесі, 2006 жыл, қазанның 4-і.

Әрине, Абат Байтақ және Қобыланды батыр кесенелері туралы томдаған туындылар жазуға болар еді және олар жазылады да. Мүмкіндігімізге сай біз қысқа қайырдық. Байтақ ескерткішін (ілгеріде Абат есімі жоқ) 1850 жылы орыс инженер-подпоручигі Ригельман А.И., 1762 жылы капитан Рычков П.И. орыстың атақты француз ғалымы Жозеф-Антуан Кастанье сияқты ғалымдары 1905 жылы әдейі іздеп келіп, зерттеп суретін салған. Революциядан қуғын көрген Кастанье өз еліне қашқан Жозеф-Антуан ішінде осы ескерткіш туралы деректер бар еңбегін французша бастырған. Осылайша Абат Байтақ шетелде де аян деуге негіз бәрі сөзсіз. Кеңес дәуірінде «халық академегі» деген ұғым болған, бұлар толық ғылыми биліктері болмаса да өндірісте жоғары нәтижеге жеткен адамдар. Республикаға аты мәлім ақтөбелік өлкетанушы, тарихи-мәдени құндылықтарды зерттеу, оларды қорғауға өмірін арнаған өлкетанушы Бекарыстан Мырзабай, біздіңше, осы атаққа лайық.

1992 жылы мәдени мұраларды қорғау оларды түбегейлі зерттеу туралы заң шығып, соның аясында Әбіш Кекілбаевтың кеңес-нұсқауымен Абат Байтақты зерттеуді Серік Әжіғали ынтамен қолға алған-ды, — дейді ол. 1995 жылы Әлияның тойына Әбіш Кекілбаев ағамыз келіп, Жиренқопаға Қобыланды батыр зиратының басына, Тұрсынғали Нәкешовтің отбасындағы Бекет атаның шәкірті Шектібай атамызда сақталған Бекет әулиенің көк асасына дұға қылып, қайтарда Абат-Байтаққа соқты. Осының өзі мәселені оң шешуге зор себеп болды. Келесі жылы Иманғали Тасмағамбетов те келіп, Қобыланды батыр және Исатай Таймановтардың басында болғаннан кейін Абат-Байтаққа ат басын тіреді.   

Бекарыстанның айтуынша, Абат-Байтақ туралы тарихи айналымға енбеген деректер де бар сияқты. Мысалы, белгілі ғалым, Темірдің Қаракесек руы тумасы, тарих ғылымының докторы Әбу Такенов ескерткішті фотоға түсіріп, Әлкей Марғұланға салып жібереді. Ғұлама бұл дерекее қызығушылық танытады. Сөйтіп, Әлкей Марғұланның және өзге танымал тарихшы-ұстазы Төлеу Бәсеновтің тапсырмаларымен Серік Әжіғали іссапармен 1979 жылы Ақтөбеге келеді. Өзге де зерттеулер аяқталып, қызметтестері Алматыға кетіп қалса да, Серік табандығын танытып, аз ғана жолдастарымен Абат-Байтаққа жетеді. Ол кезде «ескерткіш түгел құлап қалды» деген пікір басым болған, ал оның үштен бір қалдығын көрген ғалымның қуанышында шек болмаған. 

Сөйтіп, Серік мұнда екі-үш күн болып, алғашқы зерттеулерін жүргізді, бұл сол кездегі тарихи қоғамда айтулы оқиға болып қалды. 

Алдағы 1982 жылдары ол республикалық маңызы бар ескерткіштер сапына қосылып, оны жөндеу жұмыстары да көзделген. Бірақ, қайта құру дәуірі, тоқырау заманы басталып, мәселе тоқталып қалды. Ескерткішті қалпына келтіру тек тәуелсіздік таңы атқанда ғана мүмкін болды, - дейді Бекарыстан Мырзабай. 

Әуел баста ескерткіш байтақ ел болып салынса, біздің дәуірімізде де бұл маңызды шараға қазақтың ұлтжанды азаматтары атсалысқан. 

2001 жылы Аманкелді Айталы ағамыз маған «Астанаға кел, Машкевич сияқты алпауыттардан көмек сұрайық» дегесін, демалыс алып, қаңтардың төрт-бестерінде Астанаға келдім. Ағамызға бара жатсам, дәл алдымнан Иманғали Тасмағамбетовтің кездесе кетуі. Үкімет басшысының орынбасары болып тағайындалғанын білетінмін, амандасып едім, танымай қалды. Осыдан сегіз жыл бұрын Абат-Байтаққа келгенін есіне салып едім, «не шаруамен жүрсің?» деп сұрады. Аманкелді ағамыз туралы айтып едім, «жоқ, бұл жарамайды, бұл — мемлекеттік дәрежедегі мәселе, Үкімет атына хат жаз, ағаң да қол қойсын»,- деді және облыс әкімі Аслан Мусинге телефон шалып, оның да қатысуын жүктеді. 

Сөйтіп, мавзолейге «Мәдени мұра» аясында 29 миллион теңге қаржы бөлінді. Кесенеге кірпіш сол жердің топырағынан арнаулы пеште 1000 градустық температурада дайындалды. Негізінен түркістандық Хасан деген шебер көп еңбек сіңірді. Сол 2005 жылы бізге Ақтөбе педагогика институтының қырық-елу студенті көмектесті. Олардың ортасында өзіммен Мурманскіде әскери қызметте бірге болған Теміржан Бейбітовтің баласы Айбекті «папам айтып еді» дегесін, жұмысқа өзім алдырып, үйренсін деп хас шебер Махмудтың қасына қойғанмын, деді Бекарыстан.

Айбек Бейбітов бұл күндері Бестау ауылының әкімі. Асығыстау бөлінген 29 миллион теңге жетпей қалды. Облыс басшылары Е. Сағындықов, О. Оразалин пеш салуға бюджеттен тағы 3 миллион теңге бөлідрген, сөйтіп өз үлестерін қосқан еді, деп аяқтады әңгімесін «халық академигі».

Әр нәрсенің аяғы келесі бір заттың басталуы ғой деп есіне алады, осы Жиренқопада 1994 жылдан 2014 жылға дейін үзбестен жиырма жыл ауыл әкімі болған «Құрмет» орденінің иегері Бақтыбай Әліпов. Токсаныншы жылдардың басында ақтөбеліктердің Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты Ізімғали Көбенов әріптесі Алтыншаш Жағановаға Жиренқопада Қобыланды батыр кесенесінің орыны және Бекет атаның көк  асасының бар екенін жеткізеді. Ізінше Жиренқопаға келген «Қазақстан әйелдері» журналының редакторы, депутат Алтыншаш бұл хабарды жазушы, Мемлекеттік хатшы, биыл 80 жасқа толғалы отырған аяулы ағамыз Әбіш Кекілбаевқа айтады.

1995 жылы 15 маусымда сол кездегі облыс әкімінің бірінші орынбасары Есімхан Есенбаев жолсерік болып, Әбіш Кекілбаев Жиренқопаға ат басын тіреді. Ол қасиетті заттармен терең танысып, осы мәселелердің оң шешілуіне себепкер болды.

Ал, 2006 жылдың мамырының басында маған аудан әкімі, қазіргі Парламент Сенатынын депутаты Мұхтар Сабырұлы Жұмағазиев қоңырау шалып, облыс әкімінің орынбасары Оңдасын Оразалин бастаған қонақтардың үлкен тобы Қобыланды кесенесі мәселесіне қатысты келе жатқанын, ойдағыдай қарсы алу керектігін ескертті. Ортасында Қобыланды батырды көп зерттеген академик Оразақ Смағұлов қызымен, тағы басқа құрметті қонақтар біздің үйге түсті. Сөйтіп Оңдасын Сейілұлы Жиренқопаға жиі келіп тұрды, ал аудан әкімінің екі орынбасары — Жанболат Ерғалиев пен Еркін Жиеналин тіптен менің қасымда қалды.

Сол жылдың көктемінде Қобда тасып, су жайылып, Жиренқопа құдды бір теңіз ортасында қалған аралдай көрінгенін қонақтар таңдана айтысып отырған. Көп жұмыс атқарылды. Ауыл танымастай өзгерді. Тап сол кесене түбінде су айдайтын мұнара және ертеде салынған 3 мал қорасы болатын. Енді мәселе соларға тірелді. Ауылымызға ветеринарлық-санитарлық тазартуға қаражат бөлінбеген екен, Оңдасын Сейілұлы осы мәселені аудан әкімі алдына қойып, аталған жұмыстар той басталар алдында аяқталып, бір абыройлы болғаным өшпестей есімде қалды, дейді бұрынғы Жиренқопаның әкімі Бақтыбай Әліпов.

Балнияз Ажниязов, 

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2022