Жексенбі, 24 Қараша 2024
Әңгіме 4634 0 пікір 4 Қазан, 2019 сағат 13:09

Елеусіз Мұрат. Өткінші өмір

(Әңгіме)

Күн екіндіге қарай құлай бере жолға шыққан тесік өкпе автобус ми қайнатар шілденің аптабының өзінде алабөтен мінез танытып, «көңіл-күйі» мың құбылып тұратын Тесіктас асуының ұшар басына демі бітіп барып, зорға шыққанда шал-шауқаны мен кемпір-сампыры бар он бес шақты адам «уһ» деп демдерін алып, көңілдерін жайландырған.

– Қараң қалғыр осы ауданға жібі түзу автобус та бұйырмай қойды ғой,-деді құлағындағы сырғасы әйнектен жартылай түскен күн сәулесіне шағылысып, жалт-жұлт еткен жуан бөкселі келіншек. Тоқ балтыры киім-кешек пен затқа сықай толтырылып, екі бүйірі бұлтиған ала сөмкенің үстінде айқасып жатыр. «Кезінде сен де талайлардың көзінің жауын алған су жаңа көлік болдың-ау» деп ойлады көңілі әлем-жәлем болып, ел көшіп кеткендей құлазып келе жатқан Қыдырбай жанар майдың иісі мен қара жолдың қою шаңы қолқаны қапқан автобустың жүдеу кейпіне аянышпен көз тастап. Ақтық демі біткенше қу жаны үшін арпалысып өтетін адам да солай. Бүгін барсың, ертең топырақсын. Осы кезге дейін талайлардың жаназасына барып, ботадай боздағандардың сай-сүйекті сырқырататын зарлы жоқтауын естігенде мынау тұтамға толмайтын бес күндік жалғанның талқаны таусылған күні бұдан да жалт етіп өте шығатынын, мұның қара шаңырағының алдында да қазан-ошақ көтеріліп, ет жақындарының ақтық сапарға жылап-сықтап шығарып салатынын ойлағанда тұла бойын қалтыратып жіберетін сәттік үрей-қорқынышты «құдай сақтасын» деген жалғыз ауыз сөзбен жұбатып жүре беретін Қыдырбай өлім деген антұрғанның кезек күтпей, бас салатынын қосағы Айбарша төсекке таңылғалы бері мойындады. Басында «жүрегім ауырым жүр» дейтін әйелі дәрігерге көрініп еді, бейбақты тірілердің үмітін үзетін «өкпенің обыры» деген қатал үкім күтіп тұр екен. Қыдырбай мына хабарды естігенде теңселіп кетті. Өзінен жәрдем күтіп, жаутаңдай қараған әйелінің көңілін аулап «жай ғана өкпеңе суық тиіпті» деп алдарқатқанымен жүрегі қан жылап тұр еді. Әйелімен сөйлесіп отырғанда Қыдырбайды құптап қайта-қайта бас шұлғып отырған ақ бас дәрігердің өңі де былай шыға бере өзгерген.

– Әйеліңіздің науқасы тым ауыр, тезірек емдетпесеңіздер аурудың тамыр жайып кетуі мүмкін. Әй, бірақ сол емді көтере алар ма екен,- деп дәмелендіріп қойған үмітін өзі үзіп жіберді. Бағаналы бері іштей тынып, шаққа тұрған Қыдырбай еңкілдеп жылап жіберді.

– Құдай үшін көмектесе көріңізші, шиеттей бес баланы қайтемін,-деді. Дәрігердің жүрегін Қыдырбайдың бетінен бес тарам болып аққан көз жасы да жібіте алмады. Шарасыз кейіп танытып, алақанын жайды.

– Қалтаңыз көтерсе, Германияға, Израйльге апарып емдетсеңіз болады, тек оған қомақты қаражат керек,-деді.

– Сонда қанша болады, қанша,-деп екпіндеді Қыдырбай дәл қазір сұраған ақшасын қалтасынан суырып бере салатын адамдай.

– Шамамен жиырма, мүмкін отыз мың доллардан кем болмайтын шығар,-деді ол да емнің нақты бағасын айта алмай күмілжіп. Қыдырбай күрсінген. Құдайым-ау, ондай ақшаны өңі түгілі түсінде көрді дейсің бе? Отыз жыл трактор айдап, үй бетін көрмей жүргендегі табатыны алпыс мың теңге. Ол да шаруа қожалығының басшысы Байғабылдың көңіл күйіне байланысты. Қаласа береді, қаламаса, шотында ақшаның жоқ екендігін айтып, келесі айға сырғытады. Мыңғырған мал мен боздаған түйе, кісінеген жылқының соңында шұбырған он шақты адамның күні қарағаны осы айлық. Байғабылдың заң-зәкүн соғатындарға айтатын жауабы да қысқа. «Ұнамаса, жұмыстан шығып жүре беріңдер, кезекте жүз адам тұр» деп астамсып, көк қақпаны көрсетеді.

Бұрындары осы Байғабыл кеңшардың қойын қолдан ұрықтандырып, дәрілейтін жай ғана мал дәрігері еді, нарық заманының тұсынде наны көтеріліп, бағы шапты ма аудандағы жұртты аузына қаратқан байлардың қатарына қосылып, атағы алысқа кетті. Аумағы ат шаптырым келетін қожалықтың ауласынан шетелдік көліктер үзілмейді. Ауданның әкімі, полицияның бастығы, прокурор тағы да басқа атқа мінген ығай мен сығайлардың бас қосатын жері осы. Желінің басынан саумал ішіп, жас тоқтының қуырдағын жеп қайтады. Ондай кезде Байғабыл қарамағында жұмыс істейтіндерді бір арпаның қауызына сыйдырып, қуырып жібереді. «Мына үстіңдегі өрім-өрім киімің не, қатының соны жамап, үтіктемегенде не бітіреді?  Әй, өткен жолы ғана айлық алған жоқсың ба, бір киім алуға шамаң жетпей жүр ме» деп жұрттың көзінше тұқыртып, жер ететінін қайтарсің. Ауылдағы көрікті келіншектің бірі Айнагүлді мынау күйеуі бар-ау деп қымсынбастан қашан көрсең де төбедей көлігінің алдына отырғызып, ауданға кетіп бара жатқаны. Онысын «Айнагүл айлық есеп тапсыруға кетіп бара жатыр» деп сылап-сипайды. Күйеуі Есен де әйелінің Байғабылмен көңіл жарастырып жүретінін біледі, тек айта алмай, амалы құриды. Өзі отбасына әкелетін көк тиын кірісі жоқ жұмыссыз болғандықтан ба бала-шағасын асырап отырған әйелінің бұл тірлігін қайта құптайтын тәрізді. Бірде осы Қыдырбайдың жайлаудан шөп әкеле жатып, көк шалғында аймаласып жатқан Айнагүл мен Байғабылдың үстінен кездейсоқ түсіп қалғаны бар. Шалбарының ауын түймелеп үлгере алмаған Байғабылдың:

– Әй, иттің баласы сенде мәдениет деген бар ма, тым құрыса жөткірінсең қайтеді- деп жекігені бар. Ал, Айнагүл жарқыраған тәнін ақ жаймамен қымтап, теректің тасасын айналып кеткен. Бір түйе тауықтың сирағы сынса, ақыр заман орнатып жіберетін Байғабылдан қарызға ақша сұрағаны қаншалықты дұрыс? Бермейді -ау, бермейді ғой. Үйін сатса ше? Бес баланы шұбыртып, қай үйдің босағасын жағалайды? Жанын жеген сауал көп еді. Ертесіне  аудан орталығына барып, банкке бас сұққан. Талдырмаш қыз:

– Аға бұйымтайыңызды айтыңыз,-деді.

– Несие алайын деп едім деді сипақтап.

– Қанша?

– Мүмкіндік болса бес миллион теңге.

– Жарайды, аға - деп сыпайы үн қатқан қыз компьютерді шұқылап, әлден соң Қыдырбайдың жүзіне қарады.

– Аға, айып етпеңіз, сіздің өтінішіңізді қанағаттандыра алмайды екенбіз,-деді.

– Е, неге,- деді Қыдырбай жұлып алғандай.

– Зейнетақы қорыңызда көк тиын да қаржыңыз жоқ, үйіңіз жетпісінші жылдары қам кесектен салынған ескі екен, бере алмаймыз, аға.

Қыдырбайдың дәмеленіп келген банктен салы суға кетіп шықты. Енді кімнен қарызға ақша сұрайды, туған ағасы Қабылбайдың жайы белгілі, шиқылдап күн көріп отырған адамның бірі. Ақыры ойланып келіп, неде болса, Байғабылдың алдынан өтіп, бес миллион теңге сұрауға тоқтады. «Мұсылман ғой, не көрініпті жәрдем берер» деп үміттенді.

Байғабыл түскі астың үстінде отыр екен. Мүжіп жатқан тоқпан жілікті былай қоя салып, майы жылтыраған аузын көлдей орамалмен әрі-бері сүрткілеп, сорпа құйып отырған әйелі Шолпанның алдына лақтыра салып, «иә, қандай шаруа» дегендей Қыдырбайға қарады. Дәм тат деп дастархан басына да шақырмады. Тісін шұқып, шалқайыңқырап отырды.

– Байеке,-деді Қыдырбай Байғабылды көтермелей сөйлеп.– Әйелім ауырып жатыр еді, соған қаржылай көмегіңіз керек болып, амалдың жоғынан өзіңізге келіп тұрмын... Қыдырбай жасып төмен қарады. Байғабыл тіс шұқығышпен ет тұрып қалған күрек түсінің арасын қопарып, біраз отырды. Содан соң:

– Не кесел екен?-деді.

– Аты жаман ауру....Емдетпесе болмайын деп тұр, Айбаршасыз күніміз не болады,-деді көңілі босаңқыраған Қыдырбай.

– Е, оған ем жоқ ғой,-деді Байғабыл Қыдырбайдың көңіліне қарамастан ойын шорт айтып. – Сонда қанша ақша керек екен -,деді. Қыдырбай сұрай келген ақшасын айтып еді, Байғабыл шоршып түсті:

– Өзіңінің есің дұрыс па, айналайын-ау, ондай бес миллион менде қайдан болсын, жә, тіпті сондай ақша менде бар болсын-ақ дейін, алпыс мың теңге айлығыңмен қарызыңнан қалай құтыласын? Ана мыжырайған жаман тамың ба, оны жұрт мал қораға да алмайды.

– Енді Байеке, азар болса, қарыздан құтылғанша тегін жұмыс істермін дей беріп еді, Байғабыл қолын сілтеді.

– Енді, пенді деген сөзіңді естігім келмейді, қазаққа қарыз берсең, өмір жасың өксіп өтеді, қысқасы саған беретін көк тиыным да жоқ. Қайта менің ақылымды тыңдасаң, қамыңды жасап, жиын-терініңді жасай бер, осы жасыма дейін обырдан жазылды деген адамды естісем құлағым тас керең болсын,-деді.

– Байеке, әкемнің көзін көріп едіңіз ғой,-деді Қыдырбай жыларман болып. 

– Е, әлгі көк есегін митыңдатып, өмір бойына мал соңында салпақтап, ішіп тамаққа, киіп киімге жарымаған әкеңді айтып отырсың ба? Қыдырбайдың қаны басына теуіп шарт кетті.

– Әй, Байғабыл ақшаңды бермесең берме, бірақ, аузыңа келгенді көкіп, әкеме тіл тигізбе,-деді. –Бай бір жұттық деген сенің де ақырыңды көріп алармын. Ашу қысқан Байғабыл орнынан атып тұрғанымен Қыдырбайдың күреңітіп кеткен жүзінен сескенді ме екен:

– Дулатбек қайдасың,-деп айқай салды. – Мына жақсылықты түсінбейтін хайуанды қақпадан желкелеп шығарып жіберіңдер. Еңгезердей жігіт жүз таныс Қыдырбайды жұлқылағаннан ұялса керек, жеңінен тартты. Қыдырбай есікке беттеп бара жатып:

– Байғабыл ақырыңды күттім, саған да мына араны тоймайтын  қара жерден екі метр жер бұйырар, сол кезде бар байлығыңды арқалап әкеткеніңді көрермін,-деп айқайлады. Соңынан ашуға булыққан Байғабылдың:

– Шошқа бүгіннен бастап жұмыстан боссың,-деген булыққан үні естіліп қалды. Дулатбек Қыдырбайды қақпадан шығарып жіберді. Оның қолында тұрған не бар?

Қанына қарайып алған Қыдырбай үйіне қалай жылдам жеткенін өзі де аңғармады. Алашаның артынан ілулі тұрған  қос ауыздың ұңғысына патрондарды қуа берген кезде кішкентай қызы шалғайына жармасып:

– Әке қайда барасыз?-деп шырылдады.

– Қазір қызым, қазір келемін,-деп шығып жүре берді. 

Таныс қақпаны дүрсілдетіп ұрып еді, ар жақтан Дулатбек шыға келді. Ол:

– Қадеке дей беріп, өзіне үңірейіп кезелген мылтықты көріп кейін шегінді.

– Байғабыл қайдасың,-деді Қыдырбай айқайлап. Даусы тарғылданып шықты.

– Мына хайуанды қайта кіргізбеңдер дегенім қайда,-деп қаннен қаперсіз баспалдақтан түсе берген Байғабыл Қыдырбайдың қолындағы мылтықты көріп тосылып қалды.

– Әй, әй ақымақ болма, сотталып кетесің -деді көзі алайып. 

Қыдырбай ойланып көп тұрған жоқ, қос ауыздың шүріппесін қатар басты. Ұңғыдан шыққан көк түтін сейіле берген кезде төбедей Байғабылдың шөкелеп құлап бара жатқанын ғана көрді. Бейне бір қалың тұманның арасында адасып жүргендей не істеп, не қойғанына есеп бермеген Қыдырбай үйіне келген кезде ғана есін жинады. Сабақтан келген үлкен ұлын маңдайынан иіскеді.

– Балам, үйдің ендігі иесі өзіңсің. Мен келгенше іні-қарындастарыңа бас-көз бол. Құдай қаласа, шешелерің де сауығып шығады. Қыдырбайдың  жанарына лықсып жас келген. Баласының шашынан тағы да иіскеді. Кішкентай қыздарын бауырына басты. Алда ұзақ жол, қатал тағдырдың қақпайлап, қайда апаратыны бір жаратқанға ғана аян. Мылтығын иығына асқан Қыдырбай аудан орталығына апаратын күре жолға түсті....

 Бір айдан кейін түрмедегі Қыдырбайға Айбаршаның дүниеден озғаны туралы қаралы хабар келіп жеткен... Өзгермеген, сол баяғы қалпынша сырғып ағып жатқан уақыт ғана...

Елеусіз Мұрат

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1491
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3259
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5570