Жексенбі, 24 Қараша 2024
46 - сөз 3734 13 пікір 7 Қазан, 2019 сағат 13:19

"Дүние жаңарып жатқанда дінге де бір сілкініс, серпіліс керек"

Папа Франциск: "Мен де, менің сөзім де догма емес..."

"Дүние жаңарып жатқанда дінге де бір сілкініс, серпіліс керек. Мен де, менің сөзім де догма емес бұдан былай..." дейді папа Франциск.

Рим понтифигі боп сайлана сала Папа Франциск өзінен бұрынғылар бұлжытпай орындаған бірнеше протоколды бұзады.

Әдетте жаңадан сайланған папалар сән салтанаты келіскен, жағасы сусардың терісінен тігілген, алқызыл мантия киіп шығады екен елдің алдына.

Сол мантиядан бас тартады папа Франциск.

"Үлде мен бүлдеге оранғаннан опа табам ба осы? Өйткеннен елдің алдында сүйкімім арта қоймас. Карнавалға баратындай киінгенім ұят. Мұндайдың заманы әлдеқашан өткен..." дейді ол.

Дейді де ақ матадан тігілген әдепкі киіммен шығады ел алдына.

Кардиналдарына (өзінен кейінгілерге) үндеу жасау үшін әлгілердің төбесінен төніп тұратын таққа да отырмайды.

"Төменде тұрып сөйлесем өтім жарылып кетпес..." дейді папа Франциск.

Сөйтіп тағы бір таптаурын түсінікті бұзады.

Кейін әулие Петр соборының алдында папаның түр-тұлғасын көруге жиналған топты таң-тамаша қылады.

"Халқым, сендерге бата бермеймін бұл жолы. Өздерің дұға жасаңдар. Тілеген тілектерің болса Жаратқан ием алдарыңда тұрған мен арқылы қабыл қылсын..." дейді ол.

Ел арасында "папаның көлігі" атанып кеткен ұзындығы есік пен төрдей лимузинді де (Merсedes Benz) керек етпейді. Римнің ішінде ескі Форд фокуспен жүреді ол.

Папаларға арналған зәулім пентхаусқа қоныстанудан бас тартып, Ватикан сарайының түбіндегі қонақ күтетін үйге орналасады. Папа Франциск әліге дейін сонда тұрады.

Борсып, іштен шіріп, күнәға белшеден батқан шіркеуді дәл осы Франциск құтқарып қалады.

Ватикан банкіндегі коррупциямен күреседі алдымен. Банктің басындағы жылдар бойы тапжылмай отырған жемқорларды тағынан тайдырып, орнына реформаторларды қояды.

Діни доктриналар мен догмаларды өзгертуге қатысты жабық есік жағдайында өтетін жыл сайынғы Синодтың тәртібін бұзады папа Франциск.

"Нені өзгертіп, нені өзгертпеу керектігін неге біз шешуіміз керек? Елдің пікірін де ескерейік. Елдің де алып-қосары бар шығар бұған..." дейді папа.

Бір жолы Бразилиядан Римге қайтып келе жатқан Франциске журналистер сауал қояды: "Көгілдірлерге көзқарасыңыз қалай?" деп...

"Оларды айыптайтындай мен соншама кіммін?.." дейді ол.

Дейді де осы күнге дейін көгілдірлерге күн көрсетпей келген шіркеудің канондарын күйретіп тынады.

Кейін бұл сөзін былай деп түсіндіреді ол:

"Дүние жаңарып жатқанда дінге де бір сілкініс, серпіліс керек. Адамды әулиелер мен күнәһарларға бөлетін діннің дәуірі өтті. Кімнің жұмаққа, кімнің тозаққа аттанарын шіркеу шешпейді.
Құдайсыздарды қарғап-сілеуге де қақымыз жоқ. Мен де, менің сөзім де догма емес бұдан былай...
Шіркеу ендігі жерде мұндай даудан аулақ жүруі керек. Діннің мақсаты жақсылық жасау, жарлы-жақыбайға көмектесу. Діннің доктринасы - мейірім..." дейді папа Франциск.

Демократиялы Батыста мінсіз адам жоқ.
Папаның бойында да мін көп. Жер-жердегі католиктердің бала зорлағаны жария болғалы Францисктің тірнектеп жинаған абыройы, шелектеп төгілуде..

Думан Бықайдың facebook парақшасынан

Abai.kz

13 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1491
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3260
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5583