Жексенбі, 24 Қараша 2024
46 - сөз 3336 0 пікір 10 Қазан, 2019 сағат 12:52

Бұрынғының бәрінде ғибырат бар

Жүзінен парасат пен тереңдік көрініп тұратын қараторы маңғаз кісіні алғаш көрген адам «сұсты, қатал біреу екен» деп ойлауы мүмкін еді. Тақиясын бір шекесіне жылжытып, басын әнтек қисайта ұстап, алдында отырған адамның бетіне байыппен, сынай қарап отырушы еді. Әңгіменің әужайын әбден зерттеп, сөз ұстаған шешендерді мұқият тыңдап алған соң бір жөткірініп алады да, қоңырқай қою даусымен кесек сөздерді түйдектете төгіп жібереді. Даурығып отырған жұрт бірте-бірте сілтідей тынып, құлаққа ұрған танадай жуасып қалатын. Көз алдыңа шәкірттерін біраз еркіне жіберіп алып, аталы сөзбен шегелеп, қорытындысын қойып тастайтын тәжірибелі ұстаз елестейді. Үмбетырза ағаның дәл осындай шеберлігіне жиын-тойларда, қонақтықтарда бірнеше рет куә болдым.

Бір күні ғаламтор парақтап отырып атақты жырау Алмас Алматовтың мақаласын кезіктірдім. Ол кісі бұрынғы ақсақалдар, ел ішіндегі атақты ишан-молдалар, олардың үлгі-өнегесі туралы тебірене отырып толғаған екен. Сол ақсақалдардың бірі Алмасқа «Шырағым, арнайы қонақтың үш түрі болады. Той қонағы. Қой қонағы. Ой қонағы. Бұлардан бөлек «құдайы қонақ» - қайыр-сахауатыңның мейманы. Той қонағы - шақырушы жібересің, болмаса біреуден-біреу естіп келе береді. Жарты бауырсақтан ауыз тисе де риза. «Тойдан ауыз тидік»- деп, батасын беріп тарап жатады. Қой қонағы – «Қожекеңе сәлем берейік»,- деп арнайы келеді. Бір малыңды сойып, қонақасын беріп, батасын алып аттандырасың. Ой қонағы - шырағым, ел ішінде ғұлама ишан, молла, шежіреші қария, ақын-жыраулар бар. Отыңның басына олар келсе, босағаңнан ырыс-несібе бірге кіреді. Олардың айтқан сөздерінде бүтін мұсылман баласының еншісі бар. Соның ішінде өзіңнің де сыбағаң бар балам!» дейді. Қандай керемет сөздер! Қазақ халқының ғасырлар бойы ұстанып келе жатырған алтын ережесі.

Қонақжайлық пен берекелі дастарқан Үмбетырза әулетінде баяғыдан бар дәстүр. Баласы Өтегенді 1993 жылдан бері танимын. Көрген жерде әртүрлі сылтау айтып үйіне қарай ерте жөнелетін. Сол уақыттан бері тек өздері отырып ас ішкенін көрген жоқпыз. Ағайын-туыс, нағашы-жиен, құда-жекжат, ауылдас пен кластас, достың таныстары, әйтеуір мәре-сәре болып толып отыратын қонақтар. «Қонақ сегіз несібе әкеледі. Бір-екеуін өзі ішіп-жеп кетсе де, қалғанын шаңырақта қалдырып кетеді» деген сөзді атам жиі айтатын. Зоя шешеміздің дастарханды толтырып тастайтын қоры да үзілмейді. Осы шаңырақта жатып оқыған студенттер мен нағашы-жиендердің өзі бір тайпа ел бар ау шамасы. Бір қызығы, ешкім оқтау жұтқандай болып отырмайды. Алғашқы бір-екі күнде торға түскен қояндай көзі бақырайып отырған ұл-қыздар, келесі көргеніңде тонның ішкі бауындай араласып, жайраңдап шаруаға араласып жүреді. Ретімен қуанышты тойлау, бас амандығына мал шалып садақа тарату, үйленген жастарға босаға көрсету, көңілі жабыңқы жандарға көңіл шәй беру – қазақы дархандықпен жасалып жататын қалыпты жағдай.

Үмбетырза ағамыз ол кезде ауылда тұрды. Қажетіне қарай қалаға жиі келіп тұратын. Дастархан басындағы салмақты әңгіме, салиқалы сұхбатты қатты ұнататын. Орынды уәж бен уытты қалжыңға рахаттанып, кеңкілдеп күлетін. Жантайып жатқан атасының үстіне немере-жиендері мініп-түсіп, олар өздерінше мәз. Өтеген мен Сәбиттің достары шетінен ақын, әдебиетші, әнші, термеші жігіттер. Мәжіліс қызған сайын өнерлі жандар бабына келіп, желпіне түседі. Үлкендердің қонақжай көңілі мен ашық қабағының белгісі ме, ешқандай қысылу деген болмайтын. Кімнің айтқаны есімде жоқ, жігіттердің бірі «Осы үйге келсем қазақ екенімді сезініп, қатты марқайып қаламын» деп жұрттың бәрін ду күлдірген. Зоя апа «Әй, жүрсейші, жастар өздері еркін отырсын» дейді. Бәрі шулап қоя береді, «Жо-жоқ, кетпеңіздер, бізді кім тыңдайды сонда!». Үмбетырза аға мәз болады. Жігіттердің жүзінен жастық шағын іздейтіндей, риза пейілмен қарап отырады.

Үмекең реті келген жерде жақсылап қалжыңдай да білген. Ауыл қазағы тауықтан бұрын ерте оянып алады. Бір шаруасымен қалаға қарай шығады. Астында жұрт «пирожковоз» атап кеткен «Москвич» көлігі. Қала сыртында ГАИ тоқтатады. Құжаттары дұрыс. «Аға, будканы ашыңыз» дейді жас жігіт. Осы кезде Үмекеңнің қырсықтығы ұстайды. Кілтті алып көліктен түседі де «Мә, інім, өзің аша ғой» деп, кілтін ұстата сала, өзі бірнеше метр әрірек барып тұрған ғой. «Неге?» депті жас лейтенант. «Ауылдан шыға бере түсі суық бейтаныс екі адам тоқтатты. Екеуінде де мылтық бар. Қорқып мінгізіп алдым, будкада отыр». Біраз ойланған қызметкер «Аға, жүре беріңіз» депті.
Тоқсаныншы жылдардың аяғында жазға салым Ақтөбеге академик Рахманқұл Бердібай бастаған бір топ ғалымдар келді. Негізгі шаруалары университет бітіретін түлектерден емтихан қабылдау. Көкірегі қазынаға толы ғұламалар елге келіп жатқанда Өтеген неге үнсіз қалсын, бірден үйіне шақырды. Білімді адамдар кішіпейіл болады ғой, ылғи марғасқа төрт профессор жатсынған жоқ, жастыққа жантайып жатып мәнді әңгіменің көрігін қыздырды. Ауылдан кешігіңкіреп келген Үмбетырза аға жағалай амандасып шығып, төменірек жаққа келіп отырды. Ғалымдардың сұхбаты таза әдеби бағытта: әдебиеттану, фольклор, Абай мен Әуезов мұралары... түйдек-түйдек кетіп жатыр. Жұмыс бабымен екі сағаттан соң қайтып келсем – жантайып жатқан қонақтар тұрып кеткен, Үмбетырза ағаны ұйып тыңдап отыр. Рахманқұл аға мықты ғалым, терең кісі ғой, дастарханның соңына қарай «Әй, Үмбетырза інім, филолог дипломың болмаса да сен нағыз даланың профессоры екенсің. Бәрімізді аузыңа қараттың. Аман бол. Халық даналығы ешқандай өлшемге, қалыпқа сыймайтын үлкен қазына ғой. Көненің әңгімелерін көкірегіңе құйған екенсің. Бала күнімде естіген сөздерімді тірілттің ау» деп қатты риза болды.

Соңғы бір көргенімде мұқият аман-саулық сұрастырды. Әке-шешемді, достарымды түгел сұрап түгендеп шықты. Үлкен-кішінің бәріне өзімсініп «бала» деп сөйлейтін. Сол дағдысына салып:

- Бала, «түйе қартайса ботасына ереді» деген, осында көшіп келгелі жатырмын,- деді.

-Е, дұрыс болған екен. Бала-шағаның қасында, бірге болған дұрыс қой.

-Әй, қайдам. Жер үй болса да қаланың ауасы тар. Ауылдағыдай кеңшілік қайдан болсын,- деп қысқа қайырды. Кең дүние мен ірілікке адалдығын сақтаған ғазиз жүрек қалаға көнбейтінін сезген екен. Бір аптадан соң Өтеген телефон шалды, «Айшуақ, бүгін менің асқар тауым құлады. Әкемнен айырылып қалдық, жігіттерге айт» деді қарлығыңқы дауыс. Жаназаға кісі өте көп жиналды. Қаралы жиында арнайы сөз берген. Көмейіме өксік тығылып, ештеңе айта алмадым.

Үмбетырза ағаның бақилық ғұмыры басталды. Артында қалың ормандай ел-жұрты, туыс-бауырлары, дос-жолдастары, жайқалған ағаштай ұрпақтары, дидарын көрген мыңдаған жерлестері қалды. Атасы кеткен соң туған немеренің аты Ырзабек болды. Тұсауын кесіп, тай жетектедік. «Әкең болғанда құлынды бие беретін еді» деп бір желпіндік. Айта кететін бір жәйт, Үмбетырза аға келіндерін өте жақсы көретін. «Өз балам өз үйінде жүр. Келіндердің қабағын кірлетпеу керек. Көңіл-күйі жақсы, мейірімге бөленген келіннен туған ұрпақ мықты болады» деп отыратын. Қанекей, барлық ата-енелер осылай пайымдаса. Зоя әжесінің қойнына жатуға таласқан немерелер, еншісі бөлінбеген Өтеген мен Сәбиттің, апа-сіңлідей жайраңдап жүретін Алма мен Динараның тату-тәтті тіршілігі, бәрі де Үмекең салып кеткен сара жол. «Жақсы әкенің аты ұрпағына қырық жыл азық» дейді. Кісі өлгенде өлмейді, ұмытылғанда шын өледі ғой. Жақсы адамның аты ұрпаққа үлгі, жұртқа өнеге болып мың жасасын.

Айшуақ Дәрменұлының жазбасы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1496
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3266
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5614