Мемлекет басшысы мен БАҚ өкілдерінің кездесуі Киевтегі фуд маркет залында өтті. Журналистердің денінің сұрағы АҚШ президентімен телефон арқылы сөйлесуі мен Донбасстағы жағдайға қатысты болды.
АҚШ-та жанжал болып жатқан Дональд Трамппен телефон арқылы сөйлесуіне қатысты, Зеленский Украинаның Құрама Штаттардың ішкі саясатына араласуын қаламаймын деді. Ол Трамптың өзіне қысым жасамағанын тағы қайталады. Ал АҚШ вице-президенті болған Джо Байденнің ұлына қатысты тергеу жұмыстары тек америкалық прокуратура сұраса ғана, заң аясында жүреді деді.
Зеленскийге көп қойылған сұрақтардың бірі Минскіде қол қойылған "Штайнмайер формуласына" қатысты болды. Өздерін өздері жариялаған ДХР мен ЛХР-ға ерекше мәртебе беретін құжат Украина халқының наразылығын туғызған. Зеленский бұл мәселеге қатысты "жаңа Майданнан" қорықпайтынын әрі тиісті заң қабылданбайынша аталған аймақтарға ерекше мәртебе берілмейтінін атап өтті.
Ол "Норманд төрттігі" форумында Қырым мәселесін көтеретінін жеткізді. Украина лидері барлығы 2014 жылы осы түбекті басып алудан басталды деді.
Бүгін Ресей президентінің көмекшісі Юрий Ушаков Киевті "Штайнмайер формуласын" орындаудан бас тартып жатыр деп айыптап, Минск келісімін жүзеге асырмай жатып, "Норманд төрттігі" саммитін өткізу керек емес деп мәлімдеді.
Abai.kz