Жексенбі, 24 Қараша 2024
2799 0 пікір 14 Қазан, 2019 сағат 10:45

Қызылордалықтар қала күнін атап өтті

 Сыр жұртшылығы Қызылорда қаласының 201 жылдығын атап өтті.  Бір айға созылған мәдени-көпшілік шара 12 қазанда Ғ. Мұратбаев атындағы орталық стадионда гала-концертпен қорытындыланды.

Мерекелік шарада  елге еңбегі сіңген бірқатар азаматтар «Қызылорда қаласының құрметті азаматы» атағын алып, Алғыс хаттармен марапатталды.

Қала күніне арналған мерекелік шарада облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов Ресейдің Екатеринбург қаласында өткен Әлем чемпионатында ел мерейін үстем еткен боксшылар Қамшыбек Қоңқабаевқа 2 млн теңге, Тұрсынбай Құлахметке 1 млн теңге, сондай ақ еркін күрестен Әлем чемпионатының күміс жүлдегері Дәулет Ниязбековке 2 млн теңгенің және спортшылардың бапкерлеріне 500 мың теңгенің сертификаттарын табыстады.

«Екі ғасырлық тарихы бар Қызылорда бүгінгі күні қала халқының айнымас бірлігінің, тынымды тірлігінің арқасында экономикасы қарыштап дамыған, әлеуметтік әлеуеті артқан қала ретінде заманға сай келбетке ие болып келеді. Қарқынды құрылыс алаңына айналып, қала аумағын Сырдарияның сол жағалауына қарай дамытып, аумағы кеңейе бастады. Қала орталығында ғана емес, сол жағалаудағы жаңа қалада тұрғындардың сапалы да жайлы тұрмыс кешуі үшін барлық жағдай жасалып, түрлі әлеуметтік нысандармен бірге тұрғын үйлер көптеп салынуда. Шындығында, тұрғын үйлер, түрлі нысандар санының артуы, құрылыстың кеңінен жүруі қаламыздың әлеуметтік-экономикалық жағдайының алға қарай ілгерілей түскенін аңғартады. Сүйікті қаламыз Қызылорданың бүгінгідей құлпырып, жасарып, жайнай түсуінде Сіздердің әрбіріңіздің қосқан үлестеріңіз зор деп білемін. Осындай мерейлі мерекеде әр отбасына құт-береке, мерекелік жақсы көңіл-күй, мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр, шаңырақтарыңызға шаттық тілеймін»,- деді облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов.

Соңғы жылдары қалада жаңа шағын аудандар бой көтеріп, 7 мыңнан астам қызылордалық баспаналы болды. Биыл да бұл шаралар қарқынды жүргізіліп, құрылыс көлемі өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 2,3 есеге артқан. Аймақтағы құрылыс жұмыстарының 40 пайызы облыс орталығының үлесінде.

Аймақ басшысы Қуанышбек Ысқақов құрылыс саласындағы жұмыстардың ең ауқымдысы, Сырдария өзенінің сол жағалауындағы жаңа қалада жүргізіліп жатқандығын жеткізді. Республикалық, облыстық бюджеттерден 820 пәтерлік 16 көпқабатты арендалық тұрғын үй мен 830 пәтерлік 17 көпқабатты кредиттік тұрғын үйдің құрылыстары басталып, жыл соңына дейін пайдалануға берілетіндігін айтты.

«Қала күнін» атап өту шаралары ашық аспан астындағы КТА фестивалінен бастау алды. Одан кейін «Қызылорда менің көзіммен» атты фотосуреттер көрмесі  мен «Көңілді сенбілік» акциясы әр сенбі сайын жүргізілді. Ал, 18-19 қыркүйекте Қажымұқан Мұңайтпасұлы атындағы спорт клубында Жасөспірімдер арасында каратэ-додан қалалық ашық біріншілік өткізілді. "Мәдениет мәйегі - қызылорда" деп айдар таққан мәдениет және руханият апталығында жас отбасылар арасында «Толағай» спорттық сайыс, «Бауырсақ Party» мен жастар карнавалы да ұйымдастырылды. Сонымен қатар, «Көңілді автобус»  шарасы аясында қоғамдық көліктерде қала тұрғындарына мерекелік көңіл-күй сыйлау мақсатында аймақ өнерпаздары шағын концерттік бағдарламаларын ұсынды. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрменкесі, республикалық «Ағаш отырғызу» акциясы, «Бәйге» ат жарыстары, Сыр диқандарының «Алтын дән» мерекесі де осы Қала күнімен қатар ұйымдастырылды.

Аталған шаралар Қазақстан эстрада жұлдыздарының қатысуымен өткен гала-концертпен қорытындыланды.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1499
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3270
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5656