Семей облысын қайта ашса нұр үстіне нұр болар еді
(Хат жаздым қалам алып... Немесе Абаймен сырласу...)
О,құдіретті Абай!
О,қасиетті Абай!!! Хәкім Абай...
Қатты қиналғанда, шаршағанда, болмаса оңашада жалғыз қалғанда өзіңмен іштей сөйлесем...Ақылынан айрылған адамдай кейде күбірлеп жүрем. Неге екенін өзімде білмеймін... Өзіңмен сырласуды алғаш рет менің «Судағы із» телефильміндегі басты кейіпкерім Мұхан бастаған. Оны мүмкін біреу көрген, біреу көрмеген шығар.. Дей тұрғанмен осы өзіңмен сырласуды енді хатқа түсіруді жөн көрдім.
О, Абай!
Мен кейде сенің жалпы осыдан 175 жыл ерте туғаныңа қуанам... кейде өкінем.. Сен неге қазір тумадың деймін... Деймін де өз ойымнан өзім қорқып кетем... Шын мәнінде сен қазір біздің замандасымыз болғанда қалай болар еді деп түрлі ойға батамын...
О, қасиетті Абай! Құдіретті Абай!
Өзің жазған 45 қара сөздей мен де өзіңе хат жазғым келеді. Сен сияқты әрбір қара сөзіңде қадау-қадау ой айтып әр қазаққа Темірқазықты көрсеткендей кесек-кесек фәлсафа айта алмасым хақ.. Бірақ пенде ретінде, адам ретінде өзіңнің әр өлеңіңнен, әр шумағыңнан нәр алып сусындағанда көңілім көтеріліп хат жазғым келетіні рас.. Менің хатымды көп адам оқымауы да мүмкін... Оған өкінбеймін де. Түптеп келгенде біреуге жазған хатыңды басқаның оқуы ыңғайсыз да шығар... Алайда осыдан 25-30 жыл бұрын қазақтың екі тұлғасы Шерағаң мен Кама аға шындықты шыңғыра айтқан. Мінезді ағамыз Шерхан Мұртаза мен қазақ киносы мен теледидарына аянбай тер төккен қоғам қайраткері Камал Смаилов екеуінің бір-біріне жазған хаттары! Қоғамның ішкі-сыртқы ахуалын, адамдық, адалдық, рухани байлық, әдебиет, мәдениет, экономика жайлы қалай тебіренгендері әлі есімізде.
О, Абай... Қасиетті Абай!
Айтпақшы біздер осы күзде үлкен бір қуанышқа кенелдік. Ол Челлендж... Яғни өзіңнің өлеңдеріңді оқу болды... Ақынымыз да, әкіміміз де, шалымыз да, кәріміз де, қызымыз да, ұлымыз да, тіпті емшіміз де, Елшіміз де шет елдің азуын айға балаған жұлдыздары да өлең оқып қара сөзіңді халыққа қайта жолдады. Оған әрине қуандық. Қуанбағанда ше? Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы өзі бастап берсе... Неге оқымасқа? Қысқасы челлендждің шекесін қыздырдық... Алайда менің көкейімде бір сұрақ қалып қалды. Ол сұраққа кімнің жауап бере алатынын білмеймін... Бірақ санама сыналап кірген ойымды ешкімге айта алмай өзіңмен оңаша бөліскен жайым бар.
О, Құдіретті Абай! Қасиетті Абай!
Әзірге қазақ халқында Сенен артық ешкім жоқ. Дұрысы саған лайық адам таппай, ақын таппай , хәкім таппай басымды тасқа ұрсам да, сенен артық Планета - Ғарыш жоқ екен. Алайда, неге біз сенің облысыңды - Семей облысын жауып тастадық? Неге?
Бұл Л.Толстойдың «Ясная полянасы», А.Пушкиннің «Царское селосы» емес пе еді?
О, Абай!
Біз өзің туған, өзің өскен, өзің ер жетіп есейген, бізге мәңгілік мұра қалдырған Семей жерін қалайша қиып Шығыс Қазақстанға қоса салдық..? Семейді жапқанда не ұттық? Сонда қаншама миллион үнемдедік? Қазақтың қай жері де қасиетті, оған дау жоқ. Алайда Шыңғыс өлкесі біздің рухани Меккеміз емес пе еді?! Меккемізді жапқаннан жетіскеніміз қайда? Осыған менің ақылым жетер емес...
Кеңес кезінде Семейдей қорлық көрген бірде-бір жер жоқ шығар. Адам баласын қырып-жоюға арналған атом бомбасымен сол өңірдің астын да, үстін де тас-талқан етті. Абайдың ұрпағын бейбіт кезде өлтіруге шақ қалдық... Ұлы мүгедек, қызы ауру ұрпақ келді дүниеге. Міне сол аздай осы Семейді жаптық...
Қайран Семей! Шәкәрім мен Мұхтардың да кіндік қаны тамған, туған топырағы сол жер емес пе еді?! Бұл Ақтамберді жырау мен Дулат Бабатайұлының балалығы өткен Отаны емес пе еді? Амал не? Бармағымды шайнап-шайнап тастасам да қайтып келер ме Семейім?!
О, Абай!
Меніңше дәл қазір өзіңнің 175 жылдық тойыңның алдында біздің қазіргі Тәуелсіз Қазақстанның, Тәуелсіз ұрпағы осы қатені жөндеуі керек сияқты. Тойдың шашуы ретінде Семей облысын ашса Нұр үстіне Нұр болары белгілі. Абай Хәкім, әрине сенің атыңда көшелер бар. Қазақстанның әр қаласында бір-бір көше бары рас. Алайда осы жеткілікті ме? Неге біз сенің атыңа бір аэропортты, болмаса бір облысты қимай отырмыз? Жарайды делік. Бізде Жәкем – Жамбылдың атында облыс бар.. Қаныштың атында Сатпаев қаласы бар... Ал, сен оларға Темірқазық едің ғой.. Неге біз сені ұмыттық, Абай? Егер осы Семей қайта ашылса ел-жұрт қандай қуанар еді.. бөркімізді аспанға лақтырып бір-бірімізден сүйінші сұрамас па едік..? Иә, менің ақылым әзірге осыған жетпей тұр...
О, Абай! Қасиетті Абай! Қадірлі Абай... Осымен мен хош дейін... Тағы да жазармын. Артық айтты деп сөге көрме...
Сенен артық сырымды кімге ақтарам...?
Талғат Теменов
Abai.kz