ТАЛДЫҚОРҒАНҒА КІРЕБЕРІС ДАҢҒЫЛҒА КЕРЕЙ МЕН ЖӘНІБЕКТІҢ АТЫ БЕРІЛСЕ...
Жуырда Жетісудың әсем де көрікті кенті Талдықорғанға барып қайттым. Алматыдан шыққан жол біршама қысқарыпты, діттеген жеріңе жеткенше тақтайдай тегіс. Қалаға үш-төрт шақырым қалғаннан бастап, асфальт кеңейтіліп жатыр екен. Шығармашылық адамның алдын кей-кейде қиялы орап кететіні бар. Көз алдыма болашақ үлкен даңғыл, оның бойындағы зәулім үйлер елестеді. Ойыма айтулы бір оқиға оралды...
2002 жылғы ерте көктемде Астана қаласы әкімінің орынбасары Төлеген Мұхаметжанов шақырды. Рымғали Нұрғали, Ақселеу Сейдімбек, Қойшығара Салғары, Тұрсын Жұртбай, Мырзатай Жолдасбеков, Серік Тұрғынбеков сияқты алаш баласына жақсы таныс тұлғалар, қала ақсақалдары жиналыпты. Төлеген Мұхаметжанов әңгімені ортаға салды:
- Президентіміз Астанаға Әз-Жәнібек пен Әз-Тәукенің ескерткішін қойсақ деген пікірге келген екен. Сіздермен осы мәселе жөнінде ақылдассақ деп отырмыз. Ойларыңызды айтсаңыздар.
Азаматтар ду етіп қолдады. Бірақ, іле-шала түзету енгізді. Президенттің ұсынысы өте орынды. Десе де, Қазақ Мемлекетін құрған Керей хан мен Жәнібек ханды бөлуге болмайды. Алдымен осы екі ханға ескерткіш қойып алайық, кейін өзге де Ұлы тұлғаларымызды оралсақ болады деген ортақ ұстанымға тоқтады. Төкең алдында дағарып қалса да, орынды сөзге илікті. Осы ойды Президентке жеткізуді мойнына алды.
Оншақты күн өтпей өткендегі топ тағы бас қостық.
- Президент Сіздердің өзгертулеріңізді өте орынды санайды. Керей мен Жәнібекті бөлуге болмайды және қандай құрметке болса да лайықты деп Сіздерге сәлем айтты. Сондықтан екі Ханға ескерткіш қою Астана қаласының әкімшілігіне тапсырылды...
Бүгінгі Талдықорғанның кіре берісі нақ сол тұстағы Астананы елестетті. Салынып жатқан жол, тұрғызылып жатқан үй. Көркейіп, дамып жатыр екен. Қалаға кіреберіс даңғылды қалай атайтынын сұрастырып көріп едім, қала, облыс әкімшілігіндегі маған таныс азаматтар хабарсыз болып шықты. Не десеңіз, о деңіз жолаушы үшін қалаға кіре бергенде қалыптасқан тұжырым аса маңызды ғой. Сондықтан да бұл мәселені әлдеқашан шешіп, даңғылға берілетін Ұлы Тұлғаның аты аталып қойған шығар деп ойлағанмын. Сөйтсем, әлі келісілмеген сыңайлы.
Күні кеше ғана Қазақ Мемлекетінің 550 жылдық мерекесі дүбірлеп өтті. Биыл Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы. Келер жылы Қазақ Мемлекетін қайта құрамын деп алаш баласын атқа мінгізген Кенсары ханның Ұлт азаттық көтерілісінің басталғанына 180 жыл, аярлық пен опасыздық салдарынан опат болғанына 170 жыл, туғанына 215 жыл толады. Ойланған, қазақ халқының қилы тағдырынан шөкімдей хабары бар адам бұл күндерді естен шығара ма?
Талдықорған қаласында күллі Түрік дүниесі әулие тұтатын Әзіреті Сұлтанның атында көше де жоқ секілді. Айтқандайын, биыл Қожа Ахмет Иассауидің дүниеден өткеніне 850 жыл толады. Қала әкімшілігі оны да қаперге алса...
Өткен жылғы мерекелер тұсында Талдықорғанда Керей мен Жәнібек ханға аттарына лайық көше аталған шығар деген ой келген. Алайда қалада Керей мен Жәнібек, Кенесары хан атындағы көшелерді естімедік. Қателессек – кешірерсіздер. Әлемдік мәселелерге араласып, Қазақстанның қат-қабат шаруасының арасынан уақыт тауып, ой бөліп жүрген Елбасымыздың бастамасымен Астанада Кенесарының зәулім ескерткіші ашылғанына неше жыл. Керей мен Жәнібек хандарға, Кенсары ханға өзі бақылауға алып отырып, көше ататқаны және бар. Алматы облысының әкімі А.Баталов, орынбасары Өнербаев, қала әкімі Б.Қарасаев Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың бабаларымызға деген ерекше құрметінен өнеге алса болар еді. «Өлі разы болмай, тірі байымайды».
Қазақ Мемлекетінің алғашқы хандары мен соңғы ханы ескерілмей жатқандықтан Алматы облысының әкімі Амандақ Баталовқа, Талдықорған қаласының әкімі Бағдат Қарасаевқа ұсыныс айтайын деп отырмын. Талдықорған қаласына Алматы жолымен келіп кіретін даңғылды Керей және Жәнібек хандар атымен немесе осы хандардың ұрпағы Кенесары ханның атымен атауға мұрындық болыңыздар. Әзіреті Сұлтанның атын беріп жатсаңыздар, тіпті, құба- құп! Айдай әлемге жария етіп, аттарын адам бойы әріптермен жазып қойсаңыздар құба-құп. Алаш баласы рахмет жаудырады.
Алматы облысының өткен тарихына көз жіберіп көріп едім, қозғайтын, көтеретін мәселелер облыс пен қала әкім- қаралардың басынан асады екен. Солардың біршамасын аттарын атап отырған әкімдерге, ара- тұра, ғаламтор арқылы естеріне салып отырсам деп шештім. Біреуі дәп қазір санамда жазылып жатыр.
Достар! Менен қалыс қалып бара жатса сіздер де ат салысып отырыңыздар.
Камал Әбдірахман
Abai.kz