Жұма, 29 Наурыз 2024
Алашорда 6728 0 пікір 26 Қазан, 2016 сағат 11:22

Тұрсын ЖҰРТБАЙ. «БЕСІГІҢДІ ТҮЗЕ!...» (жалғасы)

 

Жазушы, алаштанушы ғалым Тұрсын Жұртбайдың (суретте) «Бесігіңді түзе!..» кітабының жалғасы. Өткен бөлімдерін мына сілтемелерден оқи аласыздар:

http://abai.kz/post/view?id=7271       

http://abai.kz/post/view?id=7292    

http://abai.kz/post/view?id=7363    

http://abai.kz/post/view?id=7851    

http://abai.kz/post/view?id=7819    

http://abai.kz/post/view?id=7851

http://abai.kz/post/view?id=7963

http://abai.kz/post/view?id=8004

http://abai.kz/post/view?id=8164

http://abai.kz/post/view?id=8190

http://abai.kz/post/view?id=8438

http://abai.kz/post/view?id=8635

http://abai.kz/post/view?id=8747

http://abai.kz/post/view?id=8925

http://abai.kz/post/view?id=8955

http://abai.kz/post/view?id=9050

http://abai.kz/post/view?id=9536

http://abai.kz/post/view?id=9857

http://abai.kz/post/view?id=10194

http://abai.kz/post/view?id=10277

II

 

1917 жылдың күзiнде гимназиядағы шәкiрттердiң дәрiстi қалай тыңдап, ғылым үйренгенiн нақты елестетпесе де, топшылауға болады. Таңертеңгi жаңалық кешке ескiрiп қалатын алмағайып күн кешкен оқытушылардың да, оқушылардың да назары сыртқы дүние, саяси хабарға елеңдеумен өткенi анық. Ұстаздары да, шәкiрттер де әр бағыттағы ұйымдардың iсiне белсене араласты. Ол ретте олардың саяси көзқарастарының тоғыспауы заңды. Гимназиядағы оқу кестесi де бұзылып, тұрақты оқудың мүмкiндiгi болмады. Ауылдан келiсiмен Мұхтар да қоғамдық өмiрден тыс қалмады. Семей қаласы – сол тұстағы қазақ елiнiң рухани әрi саяси орталықтарының бiрi есептi шаhар едi. Мұндағы оқығандардың денi iс атқарған, қарапайым қауымға ықпалы күштi болатын. “Жәрдем” баспасы жыл сайын ондаған кiтаптар шығарды. Газеттер де күн құрғамай жер-жерден хабар берiп тұрды. Солардың арасында “Сарыарқа” газетi ғылым, мәдениет саласына ықтиятты қабақ танытты. Сұлтанмахмұт Торайғыров, Жүсiпбек Аймауытов, Сәбит Дөнентаев, Шәкерім Құдайбердіұлы iспеттi ХХ ғасырдың басындағы қазақ әдебиетiнiң классиктерi “Сарыарқаның” төңiрегiне топтасты. Мұхтардың тұңғыш мақаласын апаруы да сондай iрi есiмдердiң өзiне тартқан күшi, әсер-ықпалы.

“Сарыарқа” мен “Абай” журналы Мұхтардың публицист-жазушы ретiнде қалыптасуына, ғылыми пiкiрдi талдай бiлуге, халықтың рухани мұқтажына зерек қарауына тiкелей ықпал еттi.

Жиырма жасар бозбала күрес жолындағы өз жолын халықтың рухани асыл қазынасынан iздеп, болашақтың тұтқасын туған елiнiң мәдени марқаюымен, ғылымды игеруiмен, оны бойға сiңiре бiлуiмен байланыстырды. Қаладағы күн сайын өтiп жатқан пiкiр таластары, “Алаш” партиясының айтыстары ой салып, iштей ширықтырып отырды. Қоғамдық құрылыстан мағлұмат мол, жалынды, әлеуметшiл ақын Сұлтанмахмұт Мұхтарды бауырына тартып, оның әр шығармасын талдап, пiкiр бiлдiрдi. Күнделiктi зәру мәселеге арнап пiкiр айтуды тапсырды. Соның ңәтижесiнде, қыркүйек, қараша айларында екi мақаласы “Сарыарқада” жарияланды.

Әрине, онда уақыттың екпiнiн, көңiл күйiн аңғартатын емеурiндер сезiлдi. Халық ағарту iсiне белсене араласқан, қазақ тiлiнiң алғашқы оқулығын жазған, патшаның ағарту саясатына қарсы шыққан, түрмеде отырып, қуғынға түскен Ахмет Байтұрсынов сияқты азаматтардың қайраткерлiгiн құрметтеуi табиғи едi. Олардың есiмi қазiр де ел зердесiнде. Солардың арасында жүрiп ұққандарын оқуда жүрген исi қазақ құрбыларына жеткiзу мақсатымен қолға қалам алады. Бұл – шәкiрт жүрегiнiң адал ниетiнен, қалайда елiне қызмет етсем деген ақ көңiлiнен туған сөз. Жастық құлшыныс та, аңғалдық та бар. Бiрақ, мақсаты айқын. Ең бастысы ағым толқынынан бас тарту, халық тағдырына селсоқ қарау жоқ. “Оқудағы құрбыларыма” деп бiрiншi жақпен емес, “Оқудағы құрбыларына”- деп аталуының өзiнен шығарушылардың автордың жасына қарағаны, “жастар да ойындағысын айтып қалсыншы”-дегендей қас-қабақ аңғарылады. Тiптi, сол “ағалар”, өздерiн сынап отырған жiгiт пiкiрiн қызықтауы да бар iспеттi. Үлкен үмiттi ел ағаларынан талап ете сөйлейдi:

“...Ұлт тiзгiнiн ұстап отырған оқығандарымыз, солардың iстерiнiң нардай болып үлкейiп, дабырайып үлкеймегенiне не шарт? Әрине, бiрiншi – сол оқығандардың бiрлiк берекеде болып шоғырланбағы шарт. Екiншi – iстерi маңызды орнықты, табанды болуы үшiн әрбiр оқиғаның ақтығы, екпiнi, бiлiмi шарт. Рас, туғаннан бiлiмдi, ұлт iсiне екпiндi ақ жүрек болып туа қоймалық, бiрақ алдыңғы оқыған қамқор ағалар не ойлап, ненi iстеп арман қылып жүр. Соны iстемесек те бiлу, бетiн ұғу керек емес пе?... Бұл жүректiң сiңiргiш таза уақытын өткiзiп алсақ, үлкейгенде жыласақ та, қалай өзiмiздi күйiнiшке жегiзсек те әлгi нәрселер келер ме? Осы туралы өзiмiз ретi оқып жүрген бiр буын құрбыға айтатын аз нәрсемiз бар. Бұл мезгiл – халқымыздың бұдан кейiнгi мiнезi өмiр бойы мiнез болып қалатын мезгiл емес пе? Осыған қарағанда бiздiң көбiмiзде халыққа мiнезiмен жақсы болмақ түгiл, оқығандар деген атқа кiр жұққызатын жаман мiнездер көп, оның бiрi – карта, газет бетiне қарамайтын қазақ iсiнен хабарсыздық, басы құралмайтын берекесiздiк, өспейтiн маскарад. Жас уақытын бұнымен өткiзген жiгiттiң үлкейгенде отты, қажымайтын отаншыл болуы дүдәмәл. Жiгiттер... Ендiгi уақыт жазғытұрғы күншуақтай емес пе? Осы рахымды күннiң шуағына қызып бiраз ғана бiлiмiмiздi аз ғана қайратымыздың кiшкене қызметiн адамшылық жолына салып, ақтыққа жұмалайық. Халық түзеудi жол қылайық. Бұрынғы жаман әдеттердi тастауға тырысалық, әйтпесе болыстық тигiзетiн iнiлерiмiз жетiп келедi деген алдыңғы ағалардың қуанышын күйiнiшке айналдырып, “Қарғайын десе жалғыз, қарғамайын десе – жалмауыз” болып жүрмелiк. Онда бiздiң оқығандығымыз, болмағандығымыз артық”.

Сабадан асып-төгiлмей, арындамай, шығыс дәстүрiмен iнiлiк iзеттi сақтай отырып, әдеппен ойын өредi. Тiптi, сөз алғанына қымсыну да сөзiледi. Мақалада қозғалған ел бiрлiгi, мәдениетi, жеке адамның қоғамдағы iлхамы, қоғамдық, белсендiлiк – жұрт назарына тегiн ұсынылған жоқ. Уақытша өкiмет тұсында қазақ шәкiрттерiнiң көпшiлгi шаhардағы оқуын тастап, ауылына кетiп қалды. Күзде 5 класстық мектеп пен гимназия түлектерi сабаққа келмедi. Мәскеу, Ленинград, Орынбор, Түмен, Троицк, Тамбов қалаларындағы оқу орындарының студенттерi аудиторияға қайтып оралмады, ел iсiнен де iргесiн аулақ салды. Бұл үлкен алаңдатушылық туғызды. Интеллигенция толқынының арасы үзiлiп қалады деген күдiк ұялатты. Және, өзге-өзге, халық ағарту жұмысының ең ауыр мiндеттерi сол жастардың сыбағасы едi. Гимназия парталарының құлазып тұрған бос орындары Мұхтардың көңiлiне сондай бiр алаңдатушылық сезiмiн оятты. Өйткенi, бүгiнгiдей ұлттың ояну кезiнде ат салыспаған, сiлкенбеген жас толқыннан қандай келешек күтуге болады? Керенаулық, алауыздық, жалған қызыққа әуестiк – халықтың ертеңiне сол тоғышарлар арқылы iлесiп барады-ау деп мазасызданды. “Бұл мезгiл – халқымыздың бұдан кейiнгi мiнезi – өмiр бойғы мiнез болып қалатын мезгiл емес пе?” -деп мазасыздануы да сондықтан.

Халықтың рухани өмiрiнiң гүлденуiне бiрден-бiр себепкер – ғылым. Қазақ халқы ХХ ғасырдың басына дейiн бұл салада негiзiнен үш арнадан сусындап келдi. Бiрiншi: араб философиясына негiзделген шығыстық бiлiм жүйесi. Екiншi: ХIХ ғасырдың ортасында шыққан жадидизм ағымы. Үшiншi: еуропалық ғылым жетiстiгiнен тамыр алған Ресей оқу орындарының бағдарламасы. Әр бағыттың өз жетiстiктерiмен қоса кемшiлiктерi де болды. Араб тiлiндегi оқулықтардың бағдарламасы тым ескi әрi құранның түсiндiрмесi iспеттi «мұхтасармен» «нахумен» шектеледi. Университеттiк бiлiм алу үшiн Бұхара, Бағдат, Мәдине шаhарына бару керек. Түркi iлiмi – белгiлi бiр шеңбердi қамтитын. Өзге тiлдi бiлу мүмкiндiгiнен айыратын. Ресей университеттерiнде қазақ халқының тарихы, әдеби-мәдени мұрасы оқылмайтын. Мұның өзi белгiлi дәрежеде төл жұртының ғасырлар бойы тарихи-мәдени дәстүрiнен қол үзуге әкеп соғатын автономия, жер  мәселесiнен кейiнгi ең көп дау тудырған осы оқулық жүйесi едi. Мiне, сол зәру тiлектi Мұхтар алғашқылардың қатарында жұртшылық талқысына салып, батыл ұсыныс жасады.

“Жұрт оянып, көзiн ашып, жұрттыққа бетiн түзесе, күннен-күнге мұқтажы табылып көбеймек. Осы күнгi бiздiң көп мұқтажымыздың iшiнде ең iрiсi – ғылым. Рас мұны ұқтық. Құдайға шүкiр, бетiмiз жаман емес. Азды-көптi бiлiмiн халықтың жолына салып, соның бақытын арман қылмай жүрген қазақ аз... Қай мектептiң болсын жаны – оқу құралдары. Ғылым жолында талай басқышқа мiнiп кеткен өзге жүрттарды алсақ, бәрi де жылдан-жылға оқу кiтаптарын жаңғырып, бiр жақсыдан бiр жақсысын таңдап отырады. Сөйтiп, оқу кiтаптары ылғи жазылып, жаңарудан бiр босамайды. Қазаққа келсек, мектепке арналған бiр кiтап жоқ. Себебi, мұны ниет қылған талапкерлердiң алдынан шығатын бiр зор кедергi барлығы. Ол – ғылым тiлi... Бұл ғылым тiлi деген мәселе – өз мектебiмiз, өз мұғалiм үйретушiмiз бола бастаған сайын “шеш!” деп дiкiлдеп қысатын мәселе. Сондықтан бар қазақтың оқитын баласының бiрiнiң бiлiмiн бiрiне жанастыра, бiр жолмен оқытуы керек. Әркiм әр жерде машықты жолымен төпей берсе, ол аз күштi ыдыратқан, береке ұйымы жоқ бiр оқу болғаны. Осы туралы орысша оқыған өз машығына, мұсылманша оқыған өз машығына тартпай дәлiмен қай тiлдiң мағынасы орамдырақ, қай тiл қазақтың өмiр жөнiне қолайлы, осыны салыстырып, бiреуiн ұстау керек. Сонан соң, не мұсылманша оқығандар болып, не орысша оқығандар болып бiр жағына жегiлiп, белгiлi бiр жолға түселiк”- деп талап қойды “Қайсысын қолданамыз!” Атты мақаласында.

Саяси өмiр халi үлкен құбылысты қарқынмен дамыды. Әр түрлi ағымдарды қолдаған айтыстар өрттей қаулады. Қазан төңкерiсiнiң дүмпуi Семейге жеткенiмен бiрден бел алып, күшiне енбедi. Қантар айында Семейде “Алаш” партиясының екiншi құрылтайы өттi. Партия басшылары, сот, оқу iсiн басқаратын комиссия мүшелерi сайланды. Егер де, күнделiктi өмiрге белсене араласқан Мұхтарды бұл мәжiлiстердi бiлмедi, қатыспады, пiкiр қоспады десек, шындыққа қиянат. Қатысты, партия мүшелерiмен араласты. Құрылтайда Ресейдегi орнаған жаңа өкiметтiң мемлекеттiк құрылымы да талқыланып, партия мүшелерiнiң пiкiрi үшке бөлiндi. Денi – Керенскийдiң кадеттiк құрылымын, федеративтiк мемлекеттi жақтады. Екiншi топ – қос өкiметтiң өзара тартысын пайдаланып, осындай қолайлы сәтте Ресейден iргенi бөлiп алып, дербес қазақ республикасын құруға шақырды. Үшiншi аз топ – қазақ комитеттерiне тек бұрынғы биболыстарды ғана емес кедейлердi тартып, ең алдымен солардың тұрмыс-тiршiлiгiн түзетiп, оқу-мәдениетке баулуды ұсынды. Ақын Сұлтанмахмұт “Алаштың”, “Ұранын” жазды.

Мiне, осындай айтыс-тартыстар, қауесет-жалалар онсыз да денсаулығы нашар, көкiрегi дiмкәс Сұлтанмахмұт Торайғыровқа ауыр тидi. Өз тағдырын мысалға ала отырып. “Адасқан өмiр” атты дастанын жазуға кiрiстi. Алайда төңкерiс тұсындағы iрi-iрi толқұлар қала тiршiлiгiне отын-су, азық-түлiк жағынан қиыншылықтар әкелдi. Алыстағы Баянауылға жету қыс iшiнде әрi денсаулығына қауіптi едi. Ақын ағасының жан күйзелiсiн жақсы түсiнген Мұхтар Сұлтанмахмұтқа Абай ауылына барып, қымызбен емделудi әрi аласапыраннан құтылып, бой сергiтiп қайтуды ұсынды. Сұлтанмахмұт ұсынысты мақұл көредi. Мұхтар жазда ұзатылған Ақылия Тұрағұл қызының үйiн нұсқап, хат жазып бередi. Зерiкпес үшiн өзiнде бар кiтаптарды да қанжығасына бөктередi.

Сол күндердi Ақылия Тұрағұл қызы арады жетпiс жыл уақыт өткен соң былай деп есiне алды:

– Сендерге үнемi жолығып, ашыла бермеймiн. Оның үстiне әңгiме үзiк-үзiк болған соң, бiрдi айтып, бiрге көшiп ұмытып кетермiн. Мен ел қадiрлiсi атанған Мұхтар Әуезовтен басқа талай белгiлi адамдармен жүздестiм. Қолымнан дәм де татты. Солардың iшiнде жүрегiме жақыны Сұлтанмахмұт Торайғыров. Шiркiн, азаматтың биязысы, кiшiпейiлi, ақжарқыны, өткiрi болатын. Бұл 1918 жылдың қысы. Менiң ұзатылғаныма әлi бiр жыл толған жоқ едi. Күйеуiм Санияз екеумiз жеке шағын ауылмен Шұнайдың бауырындағы Садыр қыстауын мекендедiк. Қыс жаңа түсiп, қаhарын төге бастаған. Бiр күнi үйiмiзге қалаша қиiнген, жұқа өндi, ашаң жанарлы адам келдi. Ол – Сұлтанмахмұт екен. Асты-үстi тақтаймен көмкерiлген үлкен ағаш үйiмiз болатын. Соның төргi бөлмесiн екiге бөлiп, бiр бұрышына шымылдық ұстап, Сұлтанмахмұтқа өзiнше жеке бөлме жасап бердiк. Ортасына ағаш стол қойдық. Сонда жазуын жазып, ұзақ түндер бойы отыратын. Тықылдап жөтелетiн. Ол кезде бiздiң үйде жалғыз қара бие бар едi. Соның қымызын тек Сұлтанмахмұтқа арнайы сақтайтынбыз. Семейде жүргенде денсаулығының нашарлағанын сезген Мұхтар оны бiздiң үйге жолдап, қымызбен емдеудi кеңес етiптi. Қыс бойы бiздiң үйде тұрып, жазға салым қайтты.

Сұлтанмахмұт әзiлкеш, сондай қызық адам едi. Жаңа түскен кезiм ғой. Не жазып отырғанын сұрамаппын. Шай iшкенде самауырды столдың ортасына қойдырып:

– Ақыш, қазiр келiннiң иiлетiн шағы кеттi. Революцияны естiдiң бе? Солай. Бiз Санияз екеумiз шайды өзiмiз құйып iшемiз, - дейтiн.

Маған ол мiнезi сонша сөкет көрiнетiн. “Менi сынағаны ма” деп те ойлайтынмын. Сондықтан да, шайды өзiм құйып берiп жүрдiм.

Кей кездерi ауыл ақсақалдарымен қызу әңгiмелесiп, айтысып қалатын. Бiрде шариғат жөнiнде дауласты. Ол сонда:

– Әркімнiң тiршiлiкте бiр сиынар тiрегi бар. Ол – құдай емес. Өмiрiң ненi мегзеп, көңiлiң ненi қаласа – сол тәңiр. Дәл қазiр менiң пiрiм – қара бие. Ал оның өзек нәрi – шөп. Көрдiңдер ме, дүние тiрегi не екенiн,- дегенi есiмде.

Содан кейiн менiң жолдасым Саниязбен қатты қалжыңдасатын. Бiр жолы Сұлтанмахмұт аға:

– Сәке, сен ауқатты тұрасың. Мен сенiң киiмдерiңдi ана кедейлерге беремiн. Саған мына қара тоның да жетедi, -деп Саниязбен алысып жүрiп, бар қиiмiн көршiлерге апарып бердi. Олар киiп алып бiздiң үйге келдi. Сондағы риза болған Сұлтан ағаның күлгенi есiмнен кетпейдi. Артынан алқынып отырып шай iштi. Маған және Саниязға арнап өлең шығаратын. Қыстыкүндерi, әсiресе, түнгi аязда бiр-екi сағаттай сейiлдеп жүретiн. Содан кейiн жөтелiп, күркiлдеп отыратын. Мен оның қолынан өзiме таныс бiр кiтапты көрдiм. Қолынан түспейтiн. Орыс тiлiнiң қалың сөздiгi болатын. Тұрағұл аға үнемi оқып отыратын. Бiрде:

– Осы кiтап көзiме жылы ұшырайды да тұрады. Тұраштан көрiп ем, – дедiм.

– Мүмкiн, ақыш. Мен бұл сөздiктi Мұхтардан алдым, – дедi.

Сол жылы Мұхтар елге келiп, Сұлтанмахмұт аға екеуi ұзақ әңгiмелестi. Жазға салым ауылдан қалаға аттанарда көзiне жас алып, ауылмен қимай қоштасты.

– Сендердi мәңгi ұмытпаймын, – дедi.

Кейiннен бiзге хат келдi. Сұлтанмахмұт аға жазыпты. Қуанысып аштық. Әлi күнге дейiн хаттың  сөзi жадымда. Арап әрiптерiмен жазыпты.

“Қарағым Ақыш! Бекзада ауылының ұрпағысың ғой. Мен ешбiр қарыздарынды өтей алатын емеспiн. Саған ризамын. Киiм-кешектерiмдi де аурудың қатерiне қарамастан еш сескенбей жудың ғой. Мына дерттен жазыла алар емеспiн. Хош, сау бол”- дептi. Сұлтанмахмұт ағаның өлеңдерi, мақалалары газетке шығып жатты. Соның iшiнде, көбi Шыңғыста жазылған шығармалары. Ал, басқа не айтам, шырағым. Көңiлдегi тұнып жатқан көп ойды шайқаудың мәнiсi бар. Қайтадан тұндырып алу қиынға соғады ғой. Әзiрге, осыны қанағат тұт”.

Ақыш апай әңгiмесiн осылай аяқтады. Осы естелiктен Сұлтанмахмұт пен Мұхтардың ерекше бауырмалдық ынтымақтас болғаны, көзқарастарының ұштасып жатқандығы аңғарылады. Қарбалас уақыттың дүрмегiне, қыстың ызғарына қарамастан әдейiлеп ақынға сәлем бере баруы сыйластықтарының ықыластарының қалтқысыз тазалығын танытады. Сұлтанмахмұт қайтар жолда бөрiлiге соғып, рухани iнiсiнiң үйiнен дәм татып, жаңа дүниеге келген тұңғыш қызы Мұғамиланың бетiнен сүйiп, батасын беруi де шындық. Мұхтар осы қыстағы қала өмiрiндегi өзгерiстердi, билiктiң большевиктере көшкендiгiн, өзi белсене араласқан “Абай” журналының жай-жапсарын айтып, ендiгi мақсат-мүлде хақында пiкiр алысқан. Қазақтың қос шамшырағының татулығын Сұлтанмахмұттың қағаздарының iшiнде Мұхтар туралы мақаласы мен хаттарының сақталуы дәлелдей түседi.

Қалайда Сұлтанмахмұттың жас досының әдеби тұрғыдан қанатының қатайып, топшысының бекуiне зор ықпалы тидi. Тiптi, публицистикаларының жалпы тақырыптық екшеулерiнен септестiк нышаны да да қылаң бередi. “Айқап” журналында бiраз жыл iстеп, тәжiрибе жинақтаған Сұлтанмахмұт ағымдағы жайларды iрiктеп, жүйелеу тұрғысынан қаламы машықтана қоймаған жас әрiптесiне жол сiлтеуi де ағалық парызға жатады. Мысалы “Социализм” мақаласы Мұхтарға үлгi болған тәрiздi. “Философия жайынан”, “Ғылым тiлi”, “Оқу iсi” атты публицистикалары белгiлi бiр тақырыпты жеке алып, сол хақында арғы-бергi iлiм iздерiн қозғап, талдауы өнеге көргендiктiң белгiсi. Егерде Сұлтанмахмұт пен Мұхтардың публицистикаларын ой қорыту, стильдiк тұрғысынан салыстырсақ, ұқсас пiкiрлер байқалады. Мысалы ақынның “Абай” журналындағы “Социализм” мақаласының үзiндiсiн оқиық:

“Социализм дегенiмiз – адам баласының бейбiт, тыныш, жеңiл күн көруi, бақытты жасауы. Оған адам баласы әдiлдiк арқылы, осы күнгi мәдениет, өнер, ғылым-бiлiм табыстарын: адам баласының күн көрiсiн жеңiлдететiн отарба, пароход, аэроплан, телеграф, телефон, машина, құралдарын әдiлдiк жолымен пайдалану арқылы жетедi. Яғни, социализм – әдiлдiк..

Мен адам баласының күн көрiсiн жеңiлдететiн құралдарды дене азығы, әдiлеттi ар азығы деп бiлем. Қазiр Европада дене азығы бар, ер жеткен. Ал, ар азығы ер жеткен жоқ. Осы ар азығы ер жетпегендiктен онда дене азығы адам баласының күн көрiсiн жеңiлдетуге жұмсалмай, ауырлатуға жұмсап, адам баласының бiрiнiң етiн бiрi жеуiне, бiрiнiң қанын бiрiнiң ұрттауына жұмсалып жатыр...

Дене азағы мен ар азығының қатар, бiрдей дамуы, әбден ержетуi – әдiдiк, социализм дедiк. Ал соған бiздiң қазақ халқы жете ала ма? Қалай, қанша уақытта жетедi?

Иә, жетедi. Себебi бiзде қазiр төңкерiс болды. Қазақ халқының жаппай оқуына жол ашылды. Ендi қазақ Европаның мың жылдай, қанша қиындық көрiп жасаған даяр өнер-ғылымын оқып, үйренедi, тез бiлiп, меңгерiп алады...

Европаның осы күнгi бiз сұқтанатын халiне қазақтың жетуi үшiн мыңдап, жүздеп жылдар керек емес, оңдап, жиырмалап, көп болса, отыздай жылдар керек. Европаның көп жылда жеткен жерiне қазақ аз жылда жетедi...”

Бұдан, жазушының естелiктерiнде, өмiрбаяндық деректерiнде Сұлтанмахмұттың әсерi қақында дәлелдер келтiрiлмесе де жоққа да шығаруға болмайтын дәстүр байланасы анық көрiнедi.

Мұхаңның көзi тiрiсiнде шығармашылық бастау кезеңi хақында айтылған пiкiрлердiң денi оның бұл кезеңiн өмiрдегi көлеңкелi, күмәндi тұсы деген ишара бiлдiрiп келдi. Оған мақалалардың уақыт шаңына көмiлiп, сарғайған тiгiндiлердiң арасында қайта басылмай, ұзақ сақталуы да салқынын тигiздi ме, кiм бiлсiн.

Егер де, шындыққа шылбыр жалғасақ, онда Мұхтар талантының қуат-мүмкiндiгiн анықтап, шеберлiгiн шыңдаған, көзқарасын қалыптастырған жай – оның сол жылдардағы журналистiк қызметi. Жазушы өмiрбаянында “Со кезде драматургия мен журналистикада өз қаламымның күшiн де байқап жүрдiм”,-деп елеусiз ескерткен. Қаламгердiң кiшiпейiлдiгiне сайғанмен де, мол парасаты, үлкен ой иiрiмi, пiкiрiнiң дәлелдiлiгi, шыншылдығы мен талапшылдығы, ақыл өрiсiнiң кеңдiгi осы жиырма жастағы жазған мақалаларынан буы бұрқырай көрiнедi. Бұрынғыдан да ширап батыл айтып, тұжырымын нығыздай жеткiзедi. Өзi жас болғанмен де ойы ересек тартып, тез арада автордан жауапты шығарушыға айналды.

Мұхтар Әуезовтiң қаламы ысылып, адамын ашқан басылым “Абай” – “ғылыми, әдеби, шаруашылық” журналы. Журнал 1918 жылы “уақ қарыз серiктiгiнiң” қаржысы есебiнен жастарға арналып шығарылды. Яғни, елжұрттан оқу-ағарту, мәдениет, үгiт жұмыстарын ұйымдастыру үшiн жиналған жәрдемнiң нәтижесiнде ашылды деген сөз. “Жауапты шығарушы”, яғни бас редактор Мұхтардың мұғалiмдер гимназиясындағы сырлас досы Жүсіпбек Аймауытов болды. Ал оның орынбасары – Мұхтар. Жүсіпбек Мұхтардан жетi жас үлкен. 1916-1917 жылдары “Еңлік-Кебектен” бұрын “Рабиға”, “Жебiр болыс”, “Қанапия – Шарбану” пьесаларын жазған. “Қазақ” газетiнде алғашқы мақаласы 1913 жылы жарияланған, ысылып қалған журналист Жүсіпбектiң ықпалы Мұхтарға өте күштi едi. Оны жазуға елiктiрген де, журнал қызметiне тартқан да сол адам болатын. Халық үшiн жаны күйген буырқанған жастардың рухани көсемi – “Қазақ” газетi мен оның ұйымдастырушылары Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов, Мiржақып Дулатов едi. Мағжан да, Жүсіпбек те, Мұхтар да олардың ықпалында болып, солармен қоса Сәкен Сейфуллин айтқандай “елiм-айлап, жерiм-айлап” егілiп, “Алаш!” деп ұрандасты. “Талап”, “Жанар”, “Жәрдем” жастар бiрлестiктерiн, “Жас алаш” атты ұйым да құрмақ ниетiнде жүрдi. Олардың қатарында Сейт Тоқымбаев, Әлiмхан Ермеков, Даниял Ысқақов, Қази Нұрмұхамедов сынды азаматтар да болды. “Абай” журналының саяси бағытын түсiну үшiн ұзақ та болса қажеттi бiр мақаланы оқырманға ұсынуды лайық санадық. Мұнда сол кездегi қазақтың қасiретi мен жанталасы, мұқтажы және Мұхтардың қоғамдық-саяси iсi толық қамтылады. Мұнда – 1916 жылғы көтерiлiс және ол туралы “Алаш” қайраткерлерiнiң пiкiрi бiлдiрiлген. Осы уақытқа дейiн “Алашты” сынап, көтерiлiс тұсында халықты қолдамады деген пiкiрлер айтылып келдi. Мәселе, шындығында олай емес едi. Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов, Мiржақып Дулатов бүкiл алты Алаштың қазақ, қырғыз, өзбек, қарақалпақ, башқұрт-ноғай, түрiкменнiң басын қосып, босқындарға көмек комитетiн құрды. Өздерi Қытай елiне барып, қашқан елдi керi қайтаруға әрекеттендi. Міржақып Дулатов “Абай” журналы арқылы исi “Алашқа!” деген үндеу жариялады.

(жалғасы бар)

abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1569
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2265
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3563