Дүйсенбі, 23 Қараша 2026
Құйылсын көшің 130 0 пікір 23 Қараша, 2026 сағат 14:34

Атқарушы билік те «пилоттық жобаның» құрбаны...

Сурет: sadaq.kz сайтынан алынды.

Қазақстан Республикасының өз азаматтығы бар. Басқа мемлекеттерде тұратын Республика территориясын тастап шығуға мәжбүр болған барлық қазақтардың сол мемлекеттердiң азаматтығымен бiрге, егер бұл олар азаматы болып отырған мемлекеттердің заңдарына қайшы келмейтiн болса, Қазақстан Республикасының азаматтығын алу хұқы танылады («Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заңының 7-бабы);

Этностық қазақтар және олардың отбасы мүшелері, оның ішінде қандастардың жесірлері мен олардың ортақ балалары Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға рұқсат алу кезінде өзінің төлем қабілеттілігін растаудан босатылады («Халықтың көші-қоны туралы» заң, 23-бап);

Қандастар мен олардың отбасы мүшелерінің жеңілдетілген (тіркелген) тәртіппен Қазақстан Республикасының азаматтығын алуға құқығы бар («Халықтың көші-қоны туралы» заң, 26-бап);

14) Ғылым және жоғары білім саласындағы уәкілетті орган айқындайтын көлемде мемлекеттік тілді қарапайым деңгейде, Қазақстан Республикасы Конституциясының негіздерін, сондай-ақ Қазақстан тарихын білмесе, оның өтінішхаты қабылданбайды.

Осы баптың бірінші бөлігінің 14) тармақшасының ережелері  этностық қазақтарға қолданылмайды («Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы» заң, 17-бап)…

Сіздер көріп отырған осы нормалардың бәрі қазір қолданыста тұр. Атажұртына көшіп келген қандастарымыздың бәрі осы құқықтарға ие!

Бірақ, «Пилоттық жобаның кесірінен бұл заңдар мен нормалар жұмыс істемей қалды. «Бірлескен бұйрық» бұл заңдарды тірідей өлтірді…

Сонымен бір мезгілде, атқарушы билік қандастарымызға тиелісі осы заңдарды атқара алмай отыр. «Пилоттық жоба» атқарушы билікті осы нормалардың алдында дәрменсіз күйге түсірді.

Атқарушы билік осы нормаларды көтеріп барған қандастарының алдында өздерін қоярға жер таппай, байқұс, сорлы болып қалды.

Олардың алдында тек «Пилоттық жобаны» алға тартып, бейшара күй танытуда…

Атқарушы билік үшін қолда тұрған Заңды қодана алмаудан асқан қорлық бар ма?!!

Біліп қойыңыздар, қандастарымыз бен атқарушы биліктің қол-аяғын байлап, осындай мүсәпір деңгейге жеткізген — «Пилоттық жоба» немесе «Бірлескен бұйрық»!

«Пилоттық жоба» — адамгершілікке жат саяси шара!!

«Пилоттық жоба» — «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заңға, Конституция және осы Конституциялық заң мен Конституцияның негізінде қабылданған заңдарға төнген тажал!!!

Егер!

Егер, атқарушы биліктің көші-қон саласына жауапты қызметкерлері Президент қол қойған осынау заңдарды сыйласа, берген анттарына адал болса, онда олар мына «Пилоттық жобаға» бойкот жариялап, қызметтерінен өз еріктерімен түгел кетулері керек қой!

Бірақ, мен атқарушы билік өкілдерінен ондай адалдық пен саяси мәдениетті көріп тұрған жоқпын!

Сондықтан, мен қандастарымызды атқарушы билік өкілдерін дұрыс түсінуге, оларға ренжімеуге және оларды қарғыстамауға шақырамын!

Сайып келгенде, қандастарымыз ғана емес, атқарушы билік өкілдері де «Пилоттық жобаның» құрбандары!

1991 жылғы 16 желтоқсанда қабылданған «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заңының 6-бабында: «Азаматтық тең хұқылыққа қастандық жасау заң бойынша жазаланады» деген қатаң норманың бар екенін ескерсек, осы «Пилоттық жобаны» қабылдатуға ықпал еткендер, Қасым-Жомарт ағамыздан Саталин жасағысы келген лауазым иелері — нағыз қылмыскерлер!

Мен Қасым-Жомарт ағаға сенем, ерте ме, кеш пе, оларды сөзсіз заңдық жауапкершілікке тартады!

Тіпті, заңдық жауапкершілікке тартылмаған күннің өзінде, олар ҚҰДАЙДЫҢ алдында жазаларын алары хақ!

Ауыт Мұқибек

Abai.kz

0 пікір