ҚАСЫМ АМАНЖОЛ: "МАЙДАН" ФИЛІМІ – АҚПАРАТТЫҚ ТӘУЕЛСІЗДІГІМІЗ
Бүгін, «ТАҢ телеарнасы» редакциясында Қасым Аманжол Украина Республикасына барған журналистік сапары турасында баспасөз конференциясын өткізді. Конференцияға Украина консулы Бобошко Сергій Олександрович де қатысты. Аталмыш арнаның жаңа басшылығы - Жұлдыз Кәден, Арманжан Байтасов сияқты азаматтар «ТАҢ-ды» қоғамдық, елдік мәселелерді көтеретін телеарнаға айналдыруды мақсат етіп отыр. Алдыға жаңа міндеттер қойған телеарнаға Қасым Аманжол арнайы шақырылған. Осыдан он жыл бұрын «Қазақстан» арнасында көрсетілген «Шынның жүзі» бағдарламасымен қалың жұртқа жақсы таныс Қасым Аманжолдың «ТАҢ-ға» келгендегі алғашқы талабы - Украинаға барып, журналистік зерттеу жүргізу болыпты. «ТАҢ» арнасының қолдауымен Украинаға аттанған түсіру тобы АТО(Антитеррорлық операция) аймағында, алғы шепте болған. Сеператистерден азат етілген аймақтарды аралап, Қырым татарларының жағдайын көрген және Қырым қайраткерлерімен кездескен.
Қасым Аманжол өзінің Украинаға баруға тәуекел етуін - бір жылға жуық уақыттан бері дүрбелең болып жатқан Украинадағы жағдайды мемлекеттік арналарымыздың халыққа өз тілшілері арқылы ұсына алмауымен түсіндіреді. «Киевтегі «Майдан» сәттерінен, Қырымдағы референдум мен Украинадағы соңғы президент сайлауынан, сондай-ақ сеператистерден зардап көрген Украина халқының тұрмысынан тілші қосындары, қымбат техникалары бола тұра, Қазақстанның мемлекеттік арналары арнайы хабарлар жасап халыққа ұсына алмады», - дейді Қасым Аманжол. Ол мемлекеттік арналардың басшылығын бұға дейін бірнеше рет Украина туралы арнайы жобалар, репортаждар жасауға шақырған. «Алайда халықты тәуелсіз деректермен ақпараттандыра алмау бәріміздің де журналистік қызметімізге сын», - дейді Украинаға жолы түскен журналист.
Қасым Аманжолдың өз сөзімен айтқанда «дайын асқа тік қасық болып үйренген» қазақстандық журналистерден ол алғашқы болып, Украина халқын қазақ журналисінің көзімен көріп қайтты. Қасым Аманжол әр бір украиндықтың белсенді патриот екенін, тіпті онда патриоттық көріністер сәнге айналғанын айтады, Украинадағы әр бір азаматтың отанға деген махаббатын жоғары бағалайды. Бір айта кетерлігі, Украина қайраткерлері Қырымның Украинадан бөлініп кетуіне өздерін айыпты санайды және қорғап қала алмағаны үшін ондағы Татар халқының алдында өздерін ұятты сезінеді екен. Дегенмен, Украина халқы Қазақстан билігінің саяси жағдайға «түсіністік» таныта салғанына өкпелі, Отанының тәуелсіздігіне қол сұғылып, жазықсыз қаны төгілген, бейбіт заманда босып кетуге мәжбүр болған халықтың жағдайы кімді де болса бейжай қалдырмасы анық еді.
Украинадағы жағдай – қазақ журналисінің көзімен. Тәуелсіз ақпарат, тың дерек. Украинадағы жағдай турлы жасалған «Майдан (Майданнан майданға дейін (1-бөлім), Қырым (2-бөлім))» атты репортаждық фильм 1-2 қазан күндері "ТАҢ" телеарнасынан көрсетіледі. Авторы - Қасым Аманжол. Қапы қалмаңыздар, көріңіздер.
Нұрғали Нұртай
Abai.kz