Сейсенбі, 10 Қараша 2026
Аймақ 190 0 пікір 10 Қараша, 2026 сағат 16:27

«Абай» журналының бүгіні мен меценаттық дәстүр

Суреттер: Автордың мұрағатынан алынды.

Қазақ халқының таным-түсінігінде жомарттық пен қайырымдылық – адам бойындағы ең ізгі қасиеттердің бірі.

«Жомарт жоқтығын білдірмес, жүйрік тоқтығын білдірмес» деген аталы сөз қолындағы барын ел игілігіне жұмсайтын, жақсылығын жария етпей, айналасына шапағатын тигізетін азаматтарға қарата айтылғандай. Мұндай жандардың қадірі байлығымен емес, адамгершілігімен, кеңдігімен, елге деген жанашырлығымен өлшенеді. Қоғамның дамуы үшін осындай жанашыр азаматтардың орны ерекше. Әсіресе, Семей секілді тарихи әрі рухани шаһардың өркендеуіне ел азаматтарының атсалысуы маңызды.

«АБАЙ» ЖУРНАЛЫ: ҰЛТТЫҚ МҰРАНЫҢ АЛТЫН БЕСІГІ

Ұлы хакім Абайдың есімін иелеген екі БАҚ: бірі — сайт, бірі журнал екені белгілі. Осы қатардағы «Абай» республикалық фольклорлық-этнографиялық әдеби-көркем журналы – ұлт әдебиеті мен мәдениетін, фольклоры мен этнографиясын, тарихи мұрасы мен рухани құндылықтарын насихаттап келе жатқан бірегей басылым.

Абай, Шәкәрім, Мұхтар мұрасын зерделеп, ұлттық дүниетанымның терең қатпарларын бүгінгі оқырманға жеткізуді мақсат тұтқан басылымның дамуына қолдау көрсету – елдің рухани қазынасына қосылған үлес. Өйткені руханиятқа жасалған демеушілік – келер ұрпақтың танымына, ұлттық санасына жасалған қамқорлық. Жомарттық – тек материалдық көмек көрсетумен шектелмейтін кең ұғым, ол – руханиятқа жанашырлық таныту, ұлттық құндылықтарды ұлықтау.

МЕЦЕНАТТЫҚ ЖӘНЕ АЗАМАТТЫҚ ҰСТАНЫМ

Осындай азаматтық болмысы, қарапайым қалпы мен жомарт жүрегі арқылы айналасына құрметке ие болып жүрген азаматтардың бірі – Полат Оңласынұлы Абраев. Оның республикалық «Абай» журналына демеушілік көрсетіп, басылымның жұмысына қолдау білдіруі – руханиятқа деген құрметтің жарқын көрінісі. Қазақта «Атымтай жомарт» деген ұғым бар. Бұл – қолы ашық, көңілі дархан, жақсылығын есепке құрмайтын азаматтың жиынтық бейнесі. Полат Оңласынұлының бұл қадамы ізгі ниеттің нақты көрінісі болып табылады.

Полат Оңласынұлының депутаттыққа үміткер ретінде ұсынған бағдарламасында да қала тұрғындарының әл-ауқатын арттыру, сапалы білім мен медицина, жол қауіпсіздігі, жайлы орта, жастарды қолдау, кәсіпкерлікті дамыту және халықпен ашық диалог орнату секілді жеті маңызды бағыт қамтылған. Бұл мәселелер Семейдің бүгінгі тыныс-тіршілігімен тікелей сабақтас.

Қазақтың біртуар ақыны Ерік Омарғали азаматтың болмысын арқау етіп жазған «Алтын адам» атты арнау өлеңінде:

«Қатып қалған жүректі жібітесіз,

Қайраттысыз қара тасты үгітесіз.

Сіздей адам өмірде біреу ғана,

Атымтай жомартқа бауыр, іні екенсіз!» — деп жырлағаны бар.  Бұл жолдар кейіпкердің адамдық қасиетін паш етіп, тарихта өткен кешегі есіл Алаш ері Қаражан Үкібайлардың заңды жалғасы іспетті Болат Абраев мырзаға шынайы інілік ілтипаттан туған жыр.

Сөз соңы: Адамды асқақтататын – мансап емес, мінез; байлық емес, жомарттық; құрмет емес, сол құрметке лайық бола білу. Елге қамқор, руханиятқа жанашыр азаматтың қадірі де осындай ізгі істерімен арта түседі.

Осы ретте, «Абай» республикалық фольклорлық-этнографиялық әдеби-көркем журналының редакциясы Полат Оңласынұлы Абраевқа зор денсаулық, отбасы амандығын, еңбегіне толағай табыс тілейді. Алдағы сайлауда сәттілік серік болып, халықтың сеніміне ие болып, ел игілігі жолында абыройлы қызмет етуіне тілектестік білдіреміз. Жақсылық жасаған жанның жолы ашық, елге қызмет еткен азаматтың мерейі үстем болсын!

Әбіл-Серік Әліакбар

Abai.kz

0 пікір