Жұма, 22 Қараша 2024
Мәйекті 6919 0 пікір 22 Желтоқсан, 2014 сағат 08:24

Тұрсын ЖҰРТБАЙ. ВАШИНГТОНДАҒЫ БІРІНШІ КҮН

Абай.kz порталы жазушы Тұрсын Жұртбайдың «Америка күнделіктері» атты тың туындысын жариялауды бастаған болатын. Бұған дейін оқырмандар мұхиттың арғы жағындағы мемлекеттің тыныс-тіршілігінен мазмүнды мағлұматтар алған болатын.

Оны мына сілтемелер арқылы оқуға болады:

http://abai.kz/post/view?id=2450 

http://abai.kz/post/view?id=2410 

http://abai.kz/post/view?id=2392

http://abai.kz/post/view?id=2365

http://abai.kz/post/view?id=2341

http://abai.kz/post/view?id=2328

http://abai.kz/post/view?id=2298 

http://abai.kz/post/view?id=2264

http://abai.kz/post/view?id=2251

http://abai.kz/post/view?id=2238 

Ал, жазушы бүгінгі жазбасында өз оқырмандарын Америка астанасы Вашингтонға жетелейді...

13 қаңтар, 2014. Нью-Йорк – Вашингтон

Таңғы төртте тұрып Әмина екеуіміз тағы да Брайтан-бичке метромен бет алдық. Бұл өзі бұрын король әулеті демалатын мүйіс екен. Ал Гудвейн – Қоянды арал – королеваға тиістіболыпты. Бүгінгі сапар – Вашингтон. Бір күн қонып, екі күн аралап қайтпақпыз. Алма, Назым, Тоқбала (Тәмина) үшеуі пәтерде қалады. Колумбия университетіндегі ғылыми жетекшісімен жолығып, кітапханада тақырыбына қатысты ақпараттар жинамақ.

Саяхат жетекшісінің аты – Ирина, жүргізушісі – Слава. Жетіде орынымыздан қозғалдық.  Жалпы әр жолы  әр адамның саяхат жүргізгені жақсы ма деп қалдым. Бір оқиғаны бірнеше қырынан түсіндіреді. Көзқарастары, білім деңгейі, сөз мәнері де өзгеше. Ирина Нэлли сияқты асқақтай сөйлемегенімен, ойын орнықты жеткізеді. Афроамерикандықтар мен жергілікті американдықтарға қасын керіп қарайтын сияқты. Ол да әңгімесін Нью-Йоркті таныстырумен бастады. Бруклин, Де Верезано көпірінің тарихын қайталады.  Ұзындығы төрт шақырымға жететін шойыннан, болаттан, темірден құралған көпір жазды күні қызғанда 4 метрге дейін ұзарады екен. Алайда соның барлығы ескеріліпті.

         Таңғы арай –ошақтың түбінде қоздаған шоқтың әлсіз жарығы сияқты боп сарғайып барып Атлант мұхитының алып айдынына жайылады екен. Өйткені, қырат, дөң жоқ, ал жағалау мұхит деңгейінен биік. Күн саржағалдана  айдынның бетіне дөңгеленіп шыға келеді. Ұзақ уақыт сарғайып, кілкіп тұрып, сары сәуле аспанды шайып барып, сәуле ең бірінші Бостандық ғимаратына, содан соң аралдағы Бостандық ескерткішіне түседі. Бұл бір таңғажайып құбылыс.

...Көпірден өтіп тағы да Нью-Джерси штатына өттік. Арасын үлкен өзен бөліп тұр демесең, Нью-Йорктің бір бөлігі іспетті. Бұл негізінен химия өнеркәсібіне бейімделген штат болғандықтан да, түтіні будақтаған мұржалар жиі көзге шалынады.

Бұл штаттың тарихы – ағылшындар мен француздардың отарлау бәсекесінің тарихының оқулығы сияқты. Оның таты, Канададағы Торонто мен Квебектің бәсекесі мен бақталасы, дәлірек айтсақ, ағылшын тілі мен француз тілінің ымырасыз  ырғасуы арқылы бүгінге жетіп отыр. Ондағы француз тілін – біздегі қазақ тілін орыс тілінің буындырып бара жатқаны сияқты, ағылшын тілі қылғындырып, тұншықтырып барады. Бірақ: «Франция дегеніміз – француздар емес. Француз тілі», – деп ана тілін қасиет тұтатын:

Болса егер білім ертең құрымақ,

Мен дайынмын өлуге де бүгін-ақ,– 

деп Гамзаттың Расулы айтқандай, құрбандыққа анттасып, бойсынбай, күресіп өлетін: «Бұл ең ақырғы шешуші соғыс» – деп «марселезалатып», дүниені асты-үстіне төңкерген француздар үшін жеңіліс жоқ.

Олар күлтөбеден кеудесін тік көтеріп тұрып, қара раушан мен бір тал қалампырды туына ныспы етіп, құдіреттеніп шыға келуге қашанда дайын. Рух, намыс, бостандық дәстүрі сондай. Америка-Француз революциясының Америкадағы рухы. Ағылшын мен Франция корольдерінің құшақтасып алып – қылыштасуға, бодандасып алып – құдандаласуға ғадеттенген бақталасы, ханымдар мен ханшайымдардың күндестігі – XIX-XX ғасырда өнер мен өнеркәсіпке ауысты. Өз отанынан қуылған Дюпондар Американы оқ-дәрі, қару-жарақ, атом империясы дәрежесіне жеткізді. Бостандық статуясы – бүкіл Американың рухына кие бітіріп, ұлтты тұтастандырып, бүгінгі «зәулім ғимараттардың» деңгейіне жеткізе асқақты. Ағылшындарға қарсы күресте француздар әскери көмек берді. Бұл бәсеке, өнер рухы, әсіресе, Филадельфияда ерекше ашық әрі көзге қанық, жүрекке сіңімді көрінеді.

Таң шуағы бетін жуған оймақтай аралдағы Бостандық статуясына таңдана қарап отырып осындай ойға қалдым. Ойлана отырып, оңды ескерткішке жарымаған еліміз еске түсті. Орыстар мазақ етсе – мазақ еткендей. Кілең бір жалпақ қалпақты таяқ ұстаған «нахал-сақалдар». Тым құрыса астындағы аты төрт тұяғын тең ұстап, нық тұрсашы. Біреуінің – белі бүкір, біреуінің –  арқасы ыңыршақ, біреуінің – иығы қушық, біреуінің – кеудесі өкпесіне жабысып қалған, біреуінің – бір қолынан бір қолы ұзын, бірнешеуі – түбекте отыр, біреуі «шибұт». «Пушкиннің скамейкасын тартып ап отырған Шәкәрімнің» (менің қойған тақырыбым) Семейдегі мүсіні ашылғанда, бір мектеп оқушысы, қыз бала: «Ойбай, мына кісінің аяғы қандай жіңішке!» – деп дауыстап жібергені есімде. Суретшілер де траферетке әуестеніп алды. Көркем қиял, көркем шындық, көркем асқақ рух, ең соңында «көркем талғам» қайда?!!

Көркем шындыққа көтерілмеген ұлт – можантопай көмпістіктен құтылмайды. Ал, француздар құрылықтың арғы бетіндегі бәсекелес мемлекетінің рухына Бостандық шырағын  жағып отыр. Француздардың емеурінінше, Бостандық құрылығына Бостандық шырағын жаққан ұлы күш – Француз революциясы. Ал емеуірінсіз өнер – өлі сүлде. Бұған Жюль Мастбаум №2 көшірмесін жасаттырып, Филадельфияға әкеп орнаттырған Роденнің «Кала қаласының тұрғындары» атты мүсіні дәлел. Оның тарихы былай. Кезекті ағылшын – француз соғысында шағын ғана француз қаласы ағылшындарға ұзақ қарсыласады. Ақыры жасақтаған армиямен келген ағылшын короліне қорғансыз қалған шағын кенттің тұрғындары қатын-балаларын аман сақтап қалуы үшін: «Біз соғыссыз берілеміз. Тек әйелдер мен балаларды тірі қалдырыңыздар!», –  деген өтініш білдіреді. Сонда, шағын ғана кенттің соншама қасарыса қарсылық көрсетіп, әбден зықыларын шығарғанына және олардың шайқасып өлуге дайын екендігін, тек бала-шағалары үшін ғана мойынсынып отырғанына ыза болған король: «Ертеңгі таңғы жарықта алты қала тұрғыны мойнына тұзақ арқанын байлап, дарға асылуға дайындалып, алдыма келсін. Сонда ғана бала-шағаларың аман қалады», – депті. Жазмыштан – озмыш жоқ. Көнеді. Бірақ соғыса-соғыса ер адам азайған. Алты еркекті табу оңайға соқпайды. Роден ажалға үкім шығарылған осы алты құрбанның әр түрлі ашынған көңіл-күйін адамның жаны шошырлықтай жағдайда мүсіндеген. Қарт қалабасы тәуекелге бекінген. Орта жастағының амалсыздығы, жасамыстың жан айқайы, өмірден қызық көрмеген бозбаланың өксігі тиран-титанға тән ызалы әрі булыққан, тұншыға шамырқанған шарасыздықпен бейнеленген. Шүңірейген көздердің ойығы мен қиығындағы өлім үрейі жаныңды түршіктіреді. Соның ішінде ең жан түршіктіретіні кала қаласының тұрғындары емшек сүті ауыздан кетпеген, өмірдің дәмін татып көрмеген 14 жасар баланы ерікті әрі еріксіз өлімге таңдап бергені. Одан да бекер жан түршіктіретіні – тым болмаса әкесінің атын иемденіп көрмей, әкесі баласынан бас тартқан бұл  14 жасар  боздақтың Роденнің өз баласы екендігі. Өлім ауызында жатып әкесінің фамилиясын беру туралы өлім сөзін қанағаттандырмаған әке сорлы, баласын сондай қасіретті кейіпте бейнелеген. Мұны жазып отырғаным, Роденнің ағылшындарға қарсылығы бейнеленген қайраткерлер мүсінінің Америкада – Филадельфияда орнатылуы. Бұл да француздардың рухани буырқанысы мен көзқарасын танытады. Бұл бәсеке – ағылшындар мен француздардың Америкаға ықпал етуге ұмтылған бәсекесінің көрінісі. Мұны, алдағы күндері көрсем деп үміттенген Бостандық статуясына қатысты тұста тағы да бір еске алуға тура келетін шығар.

Ал француздардың Америка құрылығынан дәме етуге және дәмесін үзбеуге себеп пен салдар да, сылтау да жеткілікті көрінеді. Мысалы, солтүстік Американы ашқан, яғни, мұнда тұңғыш рет  1524 жылы зәкір тастаған Джовани Верезано деген франциялық италия ұлтының өкілі екен. Ол өзі жазаға тартылған теңізші, қарақшылықпен де шұғылданған. Сот үкімнен құтылғысы келсе керек, Америкаға аттаныпты Оның бұл ерлігі мен еңбегін король елемепті, ақыры өлім жазасына кесіліп, өмірі үзіліпті.

Оның сол сапарда картаға түсірген жерлері ғана атын өшірмепті. Содан 90 жыл кейін – 1609 жылы келген голландық Генри Хатсон өзінің атымен аталған Хатсон – Гудзон өзенінен аулаған бағалы тышқан (сусар, кәмшат, құндыз,т.б.) терісін сатып, өзен-көл, орманды картаға түсіріп, Манхэттен мүйісін мекендеп, Амстердам (Нью-Йорк) қамалын салып, кеден ашып, ырғып-жырғап кетіпті. Алғаш қоныстанғандар – Еділ (Атилла) патшаның қасірет майданы өткен паннониялықтар «мадиярлар) екен. Кәрі құрылықтан қашу себебі – діни сенімге қатысты болыпты. Питер Миннің тұсында  – доллар (немістің таллер – сом, ақша деген сөзі) пайда болыпты. Содан кейін Йорк герцогінің боданына айналыпты.

Осындай мағлұматпен ой жетегінде отырып оңтүстік-шығыс жағалауға құрылықпен жол тарттық.  Мұны ұлы Дэлавер дариясының атырауы мен Дэлавер орманының аймағы десе де болады. Вашингтонға барар жолдың екі жағын бірдей шолып келемін. Орман. Ну орман. Орман болғанда да қалың емес: қайың, емен, шырша, қарағаш пен үйеңкенің бір түрі және бұталар. Оның атын гид айтып бере алмады. Жап-жалтыр жалпақ көк тастың арасын жарып шыққан бұталы орманнан көз ашпайсың. Бір байқағаным, жолсеріктер үндістер мен зәңгілердің тарихы туралы жақ ашпайды екен.

Бұрынғы мағлұматтардың ішінде қаперіме ілінбегені – Дэлавер өзені мен Дэлавер орманының, Дэлавер штатының Американың өмірінен алатын үлкен маңызының барлығы. Нью-Джерси, Дэлавер, Пенсильвани, Филадельфия – Қызылжар, Көкшетау Ақмоланың солтүстік аудандары сияқты тоғайлы, бұталы, бауырында «сексен көл емес», сегіз жүз көл мен көлшік бар, қалыңқы қара топырақты, ішінара саздауыт, шымды қоңыржай жазық екен. Қаңтар айының өзі біздің Сарыарқаның қазанының  аяғы сияқты қоңыр күз. Бұл – протестанттар қоныстанған өлке. Жалпы дін атаулы, оның ішінде квакер, пуритан деп аталатын біз негізін біле бермейтін протестанттық бағыттың өкілдері. Американың дінін де, діңін де ұстап тұрған негізгі күш сияқты. Осы күндердің ішінде аңғарғаным, Американы түсіну үшін протестанттық бұтақ пен масондық құрылымды тереңдете білген лазым екен. Бұл құрылықтың өркениет тамыры осы екі тұғырды негіз еткен тәрізді.

Дэлавер дариясының сағасы – Американың, соның ішінде шығыс жағалауындағы штаттардың күре тамыры екен. Әскери өнеркәсіп дамыған, оқ-дәрі, қару-жарақтан – атом бомбасына дейін, нейлон шұлықтан бастап – сүңгиір қайыққа дейін өндірілген өңір әрі  бес штатты бірдей қамтитын ұлы су арнасы. Оның қызығын көрген: «Атом бомбасын Хиросима мен Нагасакиде жарған кезде президент Труменге ренжіпті-міс. Бомба жасауға кеткен қаржысын да алудан бас тартыпты-мыс. Өзін адамзат алдында кінәлі сезініпті-міс» делінетін Дюпон әулеті. Жолдағы үлкен-кіші қалалардағы түтіні будақтаған заводтар сол Дюпонның дәргейіндегі өндірістер. Осыдан екі жыл бұрын:Дюпонның әскер заводтары  бір жылда шығарған оқ-дәрі мен қару-жарақтың мөлшері екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында шығарған  көлемнен асып түсті – деген ақпаратты оқығаным бар. Ол оқ-дәрі сол жылы сатылып кетіпті. Сонда Ауғанстан, Сирия, Ливия, Ирак, Мысыр, Балқан түбегіндегі «америкалық көмектің» кепілі ретінде жұмсалып жатпасына кім кепіл?!. Нью-Йорк, Нью-Джерси, Филадельфия Пенсильвани, Балтимор, Вирджини штаттарын кесіп өткенде Дюпон мен Дэловердің атын атамай өту мүмкін емес көрінеді.

Енді Дюпонның есімін ысыруға тырыссам да, Дэлавер екеуіне қатысты екі-үш мәселені іліктіре кеткім келеді. Бірінші, Дюпонның жоғарыдағы «мүләйімсуі» қойды тамақтап тастап, мүләйімсіген қасқырдың қылымсуына ұқсайды. Жиіркенішті, әрине. Кезінде Альберт Энштейн Рузвельтке: «Германия атом бомбасын жасауға кірісіп кетті. Игерсе – әлем үшін қасірет» –  деп хат жазыпты. Рузвельт оған көпке дейін назар аудармапты. Көмекшісі тықақтап жүріп назарына іліндіріпті. Атом бомбасы Манхэттенде, жер асты лабораториясында жасалыпты. Рузвельт атом бомбасын қолдануға да қарсы болған-мыс. Бұл ойлар күнделікке тегін түсіп отырған жоқ. Нью-Йорк пен Вашингтон арасындағы ел мен жерді, қала мен даланы, орман мен өзенді көргенде, осы оқиғаларды еске түсіретін мекенжайлар көзге көрініп, еріксіз қағаз бетіне түсті. Екінші жер аттарына қатысты атаулар «тың көтеру», «тың игеру» науқаны тұсында қойылған – деп түсіндіріледі екен. «Тың игеру» –  бізге де таныс. Жер атын өзгерту – отарлаудың әліппесі екен және жер аты – сол жерді отарлаған елдің боданы, иесі кім екенін білдіретін иелік таңба. Демек, біз – Павлодардан, Петропавлдан, Щучинскіден, Степняктан, Николаевкадан арылмай, тәуелсіздіктің рухын ұялата алмайды екенбіз. Отарлаудың  осы ағылшындық дәстүрін Ресей де қолданып, маңдайымызға таңба етіп басып кетіпті.

Осындай ойдың шылауына оралып Мэрилен штатының да етегін басып өттік. Орталығы – Балтимор. Ағылшын королі Чарльз Балтимор деген баронға сыйлаған жер екен. Мэрилен деп принцесса Генриэтта Марияның құрметіне емеуірінмен қойылған екен. Бірақ ол ойын жария етпес үшін әулие Марияның есіміне қойылған деп таратыпты-мыс. Оның да жөні келеді. Себебі, католиктер Марияны – Исадан да жоғары бағалайтын көрінеді. Мүмкін, мүмкін...

Американың қай штатының тарихи бетін парақтасаңыз да, дін тарихын оқисыз. Әр штатты қоныстанушылар ескі құрылықтан діни танымдары үшін қуғын көріп, аластатылғандар сияқты әсер қалдырады. Инквизициядан соң бүкіл билікті қолына алған католик шіркеуі сол мемлекеттің қазынасын да уысында ұстапты. Жыл сайын шіркеуге түтін саны мен жан басы салығын төлейсің. Оған корольдің үлесі қосылады. Төлемесең – Құдайға қарсы шыққаның. Ал шіркеуден қуыласаң – адам қатарынан аластатылғаның. Бұл тақуалар мен діни оқымыстылардың  да қарсылығына ұшырапты. Немістің діндар философы Мартин Лютер: католик шіркеуі – жең ұшынан жалғасқан жемқорлықтың ордасына айналды – деп айып тағып: бірінші, діни кітаптар барлық тілге аударылсын; екінші, шіркеудегі толып жатқан дәрежелер жойылсын, оған тым көп қаражат жұмсалады әрі жағымпаздықты тудырады; үшінші, шіркеу барынша қарапайым жабдықталсын, жұрттан салық пен қазына жимасын; төртінші, отбасының ажырасуы ерікті болсын – деген сияқты 90 баптан тұратын құзырхат жазыпты.

Міне, Мартин Лютердің сол жолын ұстанғандарды «протестанттар» деп атапты. Бұл бағытты ұстанғандар барған сайын молайып, үлкен күшке айналыпты. Король мен шіркеу билігі бөлінсе қазынасынан айырылатынын білген елбасы мен дінбасылары, оларды «діннен тыс» деп жариялаған. Ал король оларды түрмеге қамаған. Алыс түкпірге жер аударған. Католиктер мен протестанттардың арасындағы қарама-қайшылық  екеуіне де қауіп төндірген. Ақыры король түрмедегілер мен «діннен безгендерді» кемеге салып, Американы игеруге жіберген. Әрине, еріктілері де, еріксізі де, қашып-пысқандары да бар. Сөйтіп, олар жаңа құрылыққа ұя салған. Қуылғандар қоныстанған жердің барлығы да ағылшын королінің меншігі деп танылып, салық төлеп, басыбайлылар есебіне биліксіз күн кешкен. Олардың ешқандай меншікке иелік ету, билікке араласу құқы болмаған. Ең соңында құдайдың көк тасына да (гранитке) салық төлеу туралы жарлық шыққан соң, протестанттар да, квакерлер де, пуритандар да ағылшын колониясынан құтылу үшін ұлт-азаттық көтерілісін бастапты.

Вашингтонға тақағанда алдымызды тағы да қос өзен кесіп өтті. Айналасы 500 шақырым мөлшерінде ең кішісі біздің Ертіс пен Сырдарияның көлеміндей келетін 5 өзен көлденеңдеп ағып жатты. Ойлы-қырлы, орманды, сулы да нулы. Ойпаттары бұғазға айналған. Табиғатты, оның ішінде өзінің байлығын жұмсауға сараң америкалықтардың орманы тусырап тұр. 500 шақырым арасындағы 5 өзен анау! Бұлардың құты сол емес пе. Ал біздің орманымыз көсенің иегіндегі қыл-қыбырдай ғана. Оның өзін өртеп жатырмыз. Жеріміздің көлеміне өкпеміз болмаса да, өзімізден басталып, ағыны өз жеріміз арқылы өтетін бір ұлы өзеніміздің болмағаны қандай өкініш! Әуеліде, ертедегі бабамыздың заманында осыдан үш жүз жыл бұрын  Ертіс те, Іле де, Жайық пен Сырдың жоғары ағысы да қазақ хандығының еншісінде еді. Алтаймен бірге – Ертістің, Құлжамен бірге – Іленің, Орынбормен бірге – Жайықтың, Шыршықпен бірге – Сырдың жоғарғы ағысы жырымдалып кетті. Енді торсықтың ауызын қысып ұстаған көршілерге тәуелдіміз. Адамзатты күні ертең күтіп тұрған ең басты зәрулік – су екеніне анық көзіміз жетіп отыр. Бір кезеңде торсықтың ауызы шорт байланып қалса не істейміз?!. Құдай оның бетін аулақ қылсын де.

Америка – судан да, орманнан да, гранит тастан да зәрулік көре қоймайтын мемлекет екен. Жалпы сауда-саттық амалынан аңғарғаным, америкалықтар химиялық жасанды заттар мен жұмыртқасы таусылмайтын тауық етінен басқа шикізаттарды (айтпақшы, оқ-дәрі, қару-жарақ бар) сыртқа шығармайтын сыңайлы. Барын беріп сырттан әкеледі. Бағаны да өздері реттейді. Өйткені дүние алтынның 65 пайызы американың қазынасында. Кез-келген елдің нарқын бұзатын әлемдік биржа да, әлемдік сауда үйі де, әлемдік банк те өзінде. Аңдығаны – әлемнің нарқы...

Шіркін! Әттең! Қап!

Әлгі қос өзен туралы Ирина үндістердің бір аңызын айтты. Көңіл жұбату үшін ғана шығарылған сияқты әсер қалдырды. Үндістің бір аса сұлу қызы: Мен сенен де сұлумын! – деп күнмен таласыпты. Судың бетіндегі өзінінің суретіне сұқтанып отырып құздан құлап кетіп, ажарын бұзып алыпты. Мына екі өзен ажарын жоғалтқан сол қыздың екі көзінен аққан жасынан пайда болыпты-мыс. Мейлі.

Балтимор  азаматтық соғыс жылдарында  шекаралық шаһар болыпты.  Солтүстік штаттар – құл иеленушілікке қарсы болған. Өздерінің құлдарына азаттық берген. Ал оңтүстік штаттар құлдықты жақтап, құл ұстаған. Өйткені плантацияда жұмыс істейтін қол күші қажет болыпты. Сол тұста балтиморлықтар: қорғаныс кезінде отқа күйген, жыртылған ту туралы дастархан басында айтылатын ән шығарыпты. Ұлы депрессия тұсында халықтың көңілін көтеретін әрі рухын біріктіретін гимнге конкурс жарияланыпты. Сол конкурста әлгі отқа өртеніп, шеті жыртылған ту туралы ән көп дауыс алып, Американың гимніне айналыпты.

Атлант мұхиты сұғына кірген бұғаздың жағасындағы Балтимор қаласы қорғаныстық сипаты басым стратегиялық қала көрінеді. Мұнда бір емес, екі туннель бар екен. Ал туннель атаулының барлығы америкада «стратегиялық құрылыс» болып табылатындықтан да, суретке түсіруге тиым салынған. Зеңбірекші-зымыраншы деген аға лейтенант шеніміз бар болғандықтан да, бұл туннель, яғни, тескентау – не зымыран қондырғысы орналасқан, не атом бомбасынан бас сауғалайтын орын болуы керек – деп жорамалдадық. Мұның еш құпиясы жоқ. Әлемнің бар мемлекеті солай істеп отыр. Ал Қазақстанда мұның үшеуі де жоқ!

Балтимордың өзі ойлы-қырлы бұғаз бойындағы ойпатты жазықта орналасқан, Өскемен сияқты өнеркәсіпті қала. Аспанында ыс бар, сазды, құрғақты жер екен.

Енді тікелей Вашингтонға бет алдық. Әлемдегі ең қарапайым әрі жатаған, бірақ ең еңселі де асқақ, масондық сәулет өнерінің бар емеуірінін қамтитын оюмен безендірілген астана осы Вашингтон шығар. Бұл шаһардың және ондағы ғимараттардың қитұрқы ою-өрнектерінің тарихына қанық сияқты едім. Әсіресе, Дэн Браунның «Құпиясы шешілген ныспылар» атты кітабынан соң онша күмәнім қалмаса да, бір көруге ынтығым зор еді. Сонымен қатар, бұрышты бекітетін іргетасын (краугольный камень) Американың тұңғыш президенті Джордж Вашингтонның өзі аса ыждаһаттылықпен  және салтанатпен қалаған, биік төбеге салынған Капитолия – Конгресс үйі – жаңа астананың кіндігі болып табылады. Дүниенің төрт құбыласына бағытталған, үш бұрышты болып басталатын орамдардың арасын – даңғылдар (авенью), ал оларды көлденең кесетін жолдар – көшелер (стрит) шаршыланып, нөмірленіп бөлінген. Барлығының рет саны Капитолиядан басталады. Капитолияның үкімет алаңы – Париждің Елисей аллеясының үлгісімен   ұзыннан ұзын созылып салынған. Бұл өзі қаланың тынысын ашып тұратын ашық кеңістік. Жаңа астананың әр тасы, әр үйінің бұрышы, төрт құбылаға қарата өсу бағыты – қатаң түрде бақыланып отырады.

Тың және бос жерге қазығы қағылған астананы таңдау рәсімі тұсында:

Астананың тұрғыны аз болсын, үкімет жұмысын қала тіршілігі алаңдатпасын, ұсақ-түйек тұрмыстық мәселелер бөгет жасамасын;

Оның орналасқан жері ешбір штатқа қарамасын, дербес дамысын әрі сайлауға дауыс беру тұсында ешкімге ықпалы жүрмесін;

Сондықтан орыны – оңтүстік пен солтүстік штаттардың шекарасында, мұхит жағалауынан қашық жерде болсын;

Әрі биік  төбеде асқақтап тұрған Капитолиядан биік ғимарат салынбасын – деген шешім қабылданады.

Суретте: Капитолия.

Сол шешім – шешім. Бұл шарттар әлі күнге дейін сақталып келеді. Ең қолайлы, жоғарыдағы шарттарға лайық деп, Мэриленд пен Вирджини штатының шекарасындағы Потомак өзенінің қос жағалауынан 10:10 шаршы шақырым жер бөлініпті. Колумбия округі деп аталыпты. Көшенің енінен 6  метр ғана биік ғимарат салуға рұқсат. Неге тура 6 метр, оны ешкім түсіндіріп бере алмады. Мұнда бар-жоғы 600 мың тұрғын бар. Оның 80 пайызы зәңгілер. Әуеліде федеральдық шаһар делініп жүріпті. Кейін Вашигтон өлген соң соның есімі беріліпті. Жер телімі мен құрылыс батыстан шығысқа қарай созылады. Шоқының үстінде ақ граниттен салынған Капитолия. Сол арадан әріппен және сан ретімен белгіленген, үш бұрыштап тарқатылатын көшелер суыртпақталады. Кейбірі штаттардың атымен де аталады (Астанадағы жер аттарына берілген көшелердің атын біз вашингтондықтарға еліктеп қойған болдық қой. Қай қыдырмаш қайраткердің  «көшірме жаңалығы» екен?!. Одан да қалың қазақты қырғиқабақ етіп қырқыстырып, арыздастырып, араздастырып жүрген адам аттарының орынына сан ретін неге пайдаланбадық екен деші? Сонда алауыздықтың бір түйіншегі өзінен-өзі шешілер еді-ау. Арыз жазып алып, соған қол қойдыру үшін үй аралап, көше кезіп, кеңсенің табалдырығын тоздырып: үй-бай, мынау сенің пәленбай замандағы немесе кеше кеңес өкіметін орнатқан атақты атаң емес пе. Анадан кем емес, мынадан артық болатын – деген кәрі шөңгелер мен піспеген тікендер – тыныштық табар ма еді, кім білсін).

 

(Жалғасы бар...)

Абай.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1462
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3229
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5299