Бейсенбі, 28 Наурыз 2024
Мәйекті 7299 0 пікір 3 Желтоқсан, 2014 сағат 13:34

Тұрсын ЖҰРТБАЙ. МЫС ПЕН МІСТІҢ МӘТІ

P.S.Таңғы 2.00

Түн ортасында тұрып жазатын әдетім жоқ еді. Бір тәулік ұйқымен арпалысқаныма қарамастан үш-ақ сағат мызғыппын. Түс көріп жатыпояндым. Түнгі екі жарым. Назым да оянып, ыдыс-аяқты жиыстырып жүр. Әмина мен Алма тұяқ серіппей ұйықтап жатыр. Шылым шектім. Қадала кететін кітап жоқ. Әрі сондай бір тосын, түстен басқа жағдайда елес боп үйірілмейтін түс көрдім.  Жоритын да жөні жоқ. Дегенмен естелік үшін әрі ұйқысыздықтан құтылудың ермегі үшін жазғым келіп тұр. Абай айтқандай, өз сөзім-өзімдікі ғой!

Сонымен... Аса мәртебелі, өзгені қайдам, саясат әлемін сескендіретін Путиннің (әңгіме қайда?!.) кеңес бөлмесі. Стол «Г» қарпіне ұқсата созылған. Аса жауапты лауазымдылар жиналыпты.  Желке бүйірімде – диван, мен ортадағы орындыққа жайғасыппын. Мемлекеттің тізгінін ұстаған біраз жасамыс тұлғалар үкіметтің шешіміне, не саясатына қарсылық білдіріп, қызметтен бас тартыпты (отставка жариялапты). Сол «сотқарлардың» талқысы. Олардың ішінде мен нағып жүрмін? Білмеймін. Өзімді шақырылған адам ретінде еркін ұстаймын. Ойыма партияның бюросы түседі. Бұлар кеңсесіп, талдап, кесім кеседі екен деймін. Әлгілер кезек-кезек талқыға түсті. Жабыла арадай үймелеп шаққан жоқ... Бірте-бірте көрініс өзгеріп, ауа салқындап, отырыс ширығып, бұрын босаға жақтағы қабырғада отырған Путин терезенің алдындағы төргі столға ауысып, үкіметтің жаңа құрамын жариялайды. Әлгі талқыланғандардың дені үкімет тізгінін ұстайды. Кенет жаңа тағайындалған премьер-министр, іле бір-екі министр тақтан тағы да бас тартады.  Президентке жеке сенімі бар, мен білетін бір дәбір де қызметтен бас тартатынын тік тұрып мәлімдеп, есік жаққа беттеп, босағадағы диванға кеп жантаяды. Диван менің жанымда. Мен енді соған шынтақтап малдас құрып отыр екем-мыс. Енді Путиннің өзі солардың бұл мінезін тәкпірлеуге көшеді. Ал аналар Путиннің әлдебір бағытымен, шешімімен келіспей, үнсіз ырғасады. Ол шешім Ресей жұртын жексұрын ғып көрсететін, көршілеріне қиянат жасайтын  (менің санамда Қазақстанның да экономикасы мен қазақтың ұлттық тәуелсіздігіне тырнағын батыратын) шара сияқты. Ашық қарсы шыққан ешкім жоқ. Бәрі де  қысқа жауаптасып, шолақ қайырады. Путин өзінің тырнағы мен пиғылы көрініп қалғанын жайдақтатқысы келіп, өзгелердің пікірін сұрайды. Мен өзімнің мұнда не үшін шақырылғанымды білмеймін. «Көксоққандарды» қостағым бар, бірақ олар не үшін бас тартты, Путиннің өзін-өзі жазалаушы  (солай сезінемін), барлаушы ретінде ұстайтыны ма?  Енді Путиннің назары бізге ауады. Ешкім жөндемі пікір айта алмады. Сол арада көзге қанық қазақтың лауазымды екі-үш жасамыс қайраткелерінің де сұлбасы көрінді. Кезек маған да келген кезде... әлдене есіме түсіп, артыма қараймын. Бағанағы премьер бетін бері қаратып отыр. Ал... Мұхтар Мағауин (!), тіпті желбегей ғой деймін, бетін ары қаратып, жұртқа жауырынын беріп, диванның басын құша теріс қарап жатыр. Мұнысы несі? Жұрттың да, Путиннің де назары солай ауады. Құрметті адамның пікірін білгісі келеді. Мұхаң қозғалмайды. Ұйықтап қалған ба, жоқ «өкпелеп» жатыр ма? Мен алдында еркіндеу жүретін мінезімді пайдаланып, дауыстап, қолтығынан демеп, басын көтеріп, елге бетін қаратамын. Жоқ, қалғымапты, үлкен наразылықпен булығып, қарсылық білдіріп жатыр екен. Сөйлегісі келмейді. Демеп, қамшылап қоям сыбырлап,. Әуеліде: не айтуға болады. Өздерің шешетін шаруа – дегендей сыңай танытады. Жанығандай боламын. Ол кенет дүр сілкініп:

– Не айтатыны бар. Екі-ақ жол бар. Біріншісі: бұл жігіттердің тілегін қабылдайсыз. Отставкаға жібересіз. Содан кейін өзіңізге белгілі жолмен, отқа жағасыз ба, суға батырасыз ба, бір-бірлеп көзін құртасыз. Су ішерлігі барлар, қамын ерте қарастырғандар, оның ішінде жолы болғандары сіздің құрығыңыз жетпейтін жерге кетеді. Екіншісі, сіз оларды айтқан бағдарымен жұмыс істеуге мүмкіндік бересіз.

«Міне, мен білетін Мағауин» – деймін ішімнен сүйсініп. Қолтығынан қолыммен қысып қоямын. Кенет, қайдан алғанын білмеймін дөңгелек сұр қалпақты шекелете киіп, көзі шаралана оттанып:

– Ашығын айтайын, сіз маған: қазақты қорлаудың ең қастаншықпағыр тұсы қайсы, соны тіміскілеп  жүріп тауып алып, піскілеуді қаскүнемдікпен машық ететін сияқтысыз. Бір жол емес, екі жол емес... Он жол емес. Үнемі. Сіз таққа отырғаннан бері солай. Сорлы қазақтың соры енді тіпті қайнайтын болды, – дегенде көзінен жас парлай ыршып кетеді.

Ыршып қалпағының жиегін дымқылдата жерге ағып түсті. «Астапыралла!» – деп дауыстап жіберіппін. Дауысымды жұрт та естиді. Тек үнсіз. Төрде, терезеге шүйдесін беріп отырғандықтан да, бетін көлеңке басқан Путин дауысын жұмсартып, жұбатқандай жаймалай сөйледі. Тура желкемде, есіктің табалдырығына жүрелеп отырған екі жасамыс қазақ дәбірі (біреуі Ермек Аманша екен деймін) күбірлесе сыбырлап, Путиннің сөзін естіртпеді.

Мен  Мағауинге қарасам, қалпағын шекесіне ысырып, қара көзі оттанып, мұрты жіңішкере ерніне қымқырылып, тура алдына сұғына қарап отыр екен.

– Жігітсің, жігітім! Бүркіт сияқты ішіңе тығып жүрген сұсынды енді сыртқа шығарған екенсің. Мысыңмен бастың. Бұл мыс қазақтың мысы,– деймін іштей. Қолтығына сұғынған қолыммен білегін қысып қоямын.

Бірақ ол еш ыңғай бермейді. Менің еңсем көтеріліп қалды. Неге шақырылғанымды, не деп сөйлерімді енді білемін. Істің беті ашылды – деген ой билей бастағанда... күбір мен күмбір көбейіп, елес бұлдырланып сала берді.

... Көзімді ашсам Нью-Йорктегі Манхэттеннің 128-көшесіндегі үйдің бесінші қабатындағы үш бөлмелі пәтердің ортаңғы бөлмесінде жатырмын. Түн ортасы. Назым аспұзылда ыдыс-аяқты жиыстырып жүр. Ол да оянып кетіп, ұйықтай алмай жүр екен.

Әлгі  түс не түс? Мұның жорамалы не? Жалпы жоруға бола ма? Қалай дегенмен де Мұхтар ағамның жаңағы сөзі, жаңағы көз жасы, жаңағы мысы тебірентті. Ұмытуға болмайтын мыс.

Шынымен де қазақтың мысы қайырылып орала ма екен?!. Түс қабыл боп, қайырылып оралса екен.

Бақыт апай Алматыға келді деп еді. Мен барғанша Прагага қайтып кетпесе, осы түсімді аманат-сәлем ретінде Мұқаңа жолдаймын.

Әне, таңғы сағат төрт болды. Америкадағы тұңғыш таңым. Күн қалай шығар екен? Сарғайып па, сазарып па?

Әйтеуір көше тыныш.

(Жалғасы бар...)

Абай.kz 

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1562
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2253
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3505