Барша Бабтың Ұлығы – Бабтардың Бабы Арыстанбаб
(Жалғасы. Мақаланың бастапқы таруаларын мына сілтемелерден оқи аласыздар: http://abai.kz/post/view?id=273, http://abai.kz/post/view?id=292)
3. БАСҚА ДЕРЕКТЕР НЕ ДЕЙДІ?
Құлазыған сенің құла түздерің,
Не көрмеген, не білмеген ізгі елім.
Жазылмаған тарихымның жолдарын,
Ауыз екі аңызыңнан іздедім- деп Мұқағали ақын жырлағандай, кейінгі жылдары ешбір құжатты дерегі, не жер бетінде жәдігер белгісі қалмаса да, ел аузындағы ауыз-екі тарихи аңыздар нобайымен-ақ соңғы жүзжылдықтарда өткен небір көзсіз батырларымыз бен әулиелеріміздің рухын көтеріп, аттарын асқақтатар тірліктер жасап, оларды өмірге қайта оралтып жатырмыз. Қуана құпталық жайт. Дегенмен, осылардың қатарында қазақ қана емес жалпы түркі халқы тарихында өзіндік орыны бар сахабалар, бабтар мен әулиелер тарихы әлі де болса зерделенбей келе жатқанын ренжи айтқымыз келеді. Сахаби – арабша серік, дос болу және сұхбаттасу деген мағананы білдіреді екен. Алла елшісін (с.а.с.) көрген, аз уақыт болса да оның сұхбатын тыңдап, иман келтірген және дүниеден иманды болып өткен кісі сахабаға жатады. Олар пайғамабардың кезінде-ақ әр түрлі дәрежеде, әр қилы атаулармен аталған. Муһажирлер - пайғамбарымызға пайғамбарлық келгеннен кейін ең алғаш иман келтіріп, бүкіл қиындықтарға қарамастан Алла мен сүйіктісі Расулдың қауіпке толы жолында еш нәрседен тайынбаған жанкештілер, Алланың ризашылығына, расулдың сүйіспеншілігіне ие болғандар. Ансарлар - Мәдинада сол муһажирлерді ыстық ықыласпен құшақ жайып қарсы алушылар. Бұлар жайлы құранда «Муһажир, ансарлардан алғашқы иман келтіргендер және жақсылықта соларға ергендерге Аллаһ разы, олар да Аллаһқа разы болды. Аллаһ олар үшін мәңгі тұрақтайтын, астарынан өзендер ағатын Жаннаттар дайындады. Міне, нағыз үлкен бақыт, үлкен жетістік осы» (Тәубе, 100). Жалпы сахабалар көктегі темірқазық жұлдызы секілді. Қайсысына ерсеңіз де тура жолды табасыз. Өйткені сахабалар кемеңгер тәрбиешінің өзінен тәрбие алушылар. Олар аянмен түсірілген қасиетті Құран аяттарына куә болушылар да. Сахабалар мұсылмандықты қабылдай сала дереу жамандықтан жақсылыққа ұмтылған, қараңғылықтан жарыққа талпынған, қоғамның барша індетінен өз бойларын аулаққа салғандар. Суффалар - өз өмірін Құран үйреніп, пайғамбарымыздан тәлім алу жолына арнағандар. Олар тез арада ілім игеріп пайғамбардан естігендерін жаттап, кейінгілерге жеткізуге асыққандар. Осылардың арқасында сахаба дәуірі - жер бетінің Рахман нұрына шомылған шағы деп есептеледі. Олардың дәрежелері әр түрлі болған. Пайғамбармен серттескен сахабалар, соғыста бірге болған сахабалар, қоштасу қажылығына қатысқан сахабалар т.б....
Қазаққа пайғамбардың 33 мың сахабасы болған деген әңгіме сіңіскен. Жалпы осыншама сахаба кезінде қазақ жеріне келген болуы да мүмкін, әйтпесе пайғамбарымыз қаншама соғыстарға қатынасты, соның бірі Тәбук соғысына ғана 70 мың сахаба қатынасса, қоштасу қажылығына 40 мың сахаба қатынасқаны тарихтан белгілі. Пайғамбарымыз өз еліне және Ислам әлеміне патша болған адам. Ол кісіні көріп нұрланған адамдардың бәрі сахаба болатын болса, сахабалардың саны қаншама жүздеген мыңдар болып саналуы керек қой...
Тарих – пайғамбарымыз өмірден озған соң, тіршілігінде мұраттас болған серіктері Ислам дінін тарату жолында тарихи Жібек жолы бойымен бүгінгі қазақ даласына жетіп көз жұмғандарын айтады. Осы тарихи фактіге бізден бұрын өмірден өткен ата-бабаларымыздың көбірек ден қойғанын білсек те қазіргі таңда сол үрдіс - дін не ғақлия ғылымы өкілдері тарапынан өз дәрежесінде жалғасын таппауда. Осы орайда еліміздегі Йассауийлық сопылық әдебиеттің соңғы өкілі, тіршілігінде тылсым қасиетімен ел назарын өзіне аудара білген, сол қасиетінің жалғасы, өзі өмірден өткеннен соң да, тәні жер бетінде ширек ғасыр бойы ешбір күтімсіз-ақ шірімей сақталған, ладуни ілімінің білгірі Мәшһүр Йіүсіп Көпейұлының; «Түркілер Исламды Пайғамбарымыз (Ғ.С.) тіршілікте өмір сүрген кезінде қабылдады»- деген пікіріне зер салсақ, көп жұмбақтың шешімін табуға қадам жасаған болар едік... Қазақ жеріндегі сахабалар тіршілігіне байланысты осы автордың мұрағатынан, баспа бетінде жарияланған «Қазақ шежіресі» туындысында - қазақтың арғы тегінің Аныс сахабадан бастап таратылуы себебіне тоқтала отырып, бұл нұсқаны таза генеалогиялық тізбек ретінде таныған шет жерлік тарихшылардың қате пікіріне қарсы өз сын ескертпесін былай келтіреді; «Ақкөсе мен Мәлік екеуі бір ағайынды. Нәзір деген әкелерінің аты екен. Мәліктен Аныс туады да, сол Аныстың үрім бұтағынан түрікпен, қарақалпақ, қазақ тарайды. Ерте заманда бұрынғы ата-бабаларымыз; «Біз Ақкөсе сахабадан екенбіз»- деп жүргені, пайғамбарымыз дүниеден қайтқаннан кейін Мохтрса деген кәпірмен соғыс ашамыз деп, хазіретіміздің... күнінде Ақкөсе, Амамбар, Құттықожа сахабалар Қаратауда... болып, зираттары сонда болғандықтан, «Ақкөсе сахаба бабамыздың моласы» деп зиярат қылғандықтан, соның ұрпағымыз деп жүргені сол екен. Бұл күнде Қаратаудың күнбатысында. Ол кісіні Домбы ата десе жұрт біледі. Басқа жұрттан шығып тарих жазушылар мұнда қайдан шығып, қайда барып ұшырасқанын білмейді де; «Анысын, Мәлік хазіретлары – ғарап. Қазақ өзін ғараптан туғызып, пайғамбарға туысқан, бауыр болғысы келеді»- дейді. Міне мен, Мәшһүр Йіүсүп Көфейіп 65 жаста осы сөзді жазып отырмын. Бақсыдай бал ашып, түлкідей түс көріп, жауырын жағып, құмалақ салып айтып отырғаным жоқ. Мен де нұсқалардан көрумен, кәрі құлақтардан естумен өз білгенімді шамам келгенше қорытып, шыңдап, теңдеп айтып отырмын».
Машһүр мұрағатынан алынған бұл үзіндіні келтіргенде автор еңбегін талдап, оған дәл қазір өз пікірімді білдіргелі отырған жоқпын, тек қана сахабалардың біздің жерімізде болғандығын растап және бізден бұрын жасағандар бұл жайлы көбірек білгенін айтқалы отырмын. Осы дерекке толық көз жеткізу үшін таяуда аталынған жерге арнайы іздеп барып, зиярат жасап та қайттым. Құттықожа сахаба мүрдесі Қызылорда облысындағы Шалқия кенішінің етегінде, бұрынғы Ленин бөлімшесінде екен. Кесене түбіндегі құтты бұлақтан үлкен арық болып су атқылап шығып жатыр. Мөлдіреген бұлақ көзінде күнге жоны шағылысқан әулие балықтар шоғыры топтасыпты. Жанынан тағы да үш бұлақтан аққан су үлкен арық арнасына жарыса қосылып жатыр. Осы үш бұлақтың суын жергілікті тұрғындар үш түрлі емге ішетін көрінеді. Сахаба жанында 90 жасап өмірден өткен Жанқабыл тәуіптің мүрдесі орналасыпты. Сол жерде тұрып, бізбен сапарлас болған осы күннің көріпкелі, өзіңді көріп тұрып қана емес, телефон арқылы сөйлесіп тұрып-ақ бойыңдағы бар сырқатыңды айтып бере алатын (орыстар мұндай қабілетті жанды «ренген-человек» атай бастады. Б.А.) Табылған Әбілқасымов Арыстанбабтың тағы бір есімі Үкілімәлік (Көзтимес) аталғанын, Қазақстанда Отырар мен Аралдың «Ақирегіндегі» кесенесінен тыс бұл күнде әскери тиагашпен әзер баруға болатын, Төретамның тұсынан 500 шақырым қашықтықтағы қалың сексеуіл арасында, Маңғыстау мен Қызылқұмда да шәкірттер тәрбиелеген қадам жайлары болғанын, Арыстанбаб пен Салман Парсы арасын абайлап зерттеу керектігін, маған Солтүстік Қазақстандағы «Балталы әулиеге» тағы жол түсіп тұрғанын, жолай «Ойықты», «Қыз әулиемен» қатар 19 баптың мүрдесіне ұшырасатынымды жеткізді...
Бұ әңгімеден түйер жалғыз қорытынды – тағы да қайталап айтайын, кезінде пайғамбармен қанаттас болған сахабалардың қазақ жеріне де жеткендігі. Сол сахабалар мүрдесі әсіресе ескі Сауран қаласы маңына көбірек орналасыпты. Осындағы Садуақас, Жалау (Ғабдікәрім), Мамыт әулиелер жанындағы есімдері белгісіз, бірақ өзгелерден оқшауландырып шоғырландыра қойылған сахабалар мүрдесінің ортасына өз өсиеті бойынша жерленген Қарахан ата немесе Қарахан патша сүйегінің қойылуын да ой елегінен өткізе білуіміз керек. Осы қорымнан 60-70 шақырым қашықтықта Қаратаудың ортасында аты аңызға айналған Үкәша сахабаның мүрдесі тағы бар... Бір ескерер ерекшелік қай сахаба басына қойылған белгіге назар аударсақ та біріне бірі ұқсас, бастарына ұзындығы 12-18 метр аралығында тас үйінділері қойылған. Неге?.. Бізге жеткен мәлімет - сахабалар өмірден озған соңғы жүзжылдықта олардың Араб елдеріндегі ұрпақтары іздеп келіп, әр келгенде сахаба ұрпақтарының келгендігінен белгі есебінде өз салт дәстүрлерімен мүрделеріндегі тас белгіні ұзартып кетіп отырған... Екінші бір ескерілер жәйт, сахабалар жатқан мазарлар не бұлақ басына, не сусыз шөлде шегенделіп өрілген терең құдықтар қасына қойылуы...
Ал Арыстанбаб сахабаға қайта оралар болсақ, әулиеге байланысты жоғарыда айтылған деректер мен тарихи аңыз әңгімелерден тыс, там-тұмдап болсын шежірелер мен жазба деректер, оған мән берген ғақли ғылым иелері де баршылық. Осыларды имани сана елгезегінен өткізе білсек, сахаба тіршілігінен мұнан да өзге деректер мен өзімізге қажетті танымға көзіміз жететін сияқты.
Бұл ретте бұдан он ғасыр бұрын Х ғасырда жарық көрген Наджимад-дин Ғумар ибн Мухаммад ибн Ахмад ән-Насафидің «әл-Канд фи зикр улама Самарканд» атты жазбасына, күмәнмен емес үмітпен қарадық. Онда Исфиджаб уалайатының Бараб деген жерінде Пайғамбардың бір сахабасы болғандығы, аты Абу Жафар Мухаммад ибн Настүр (Нестор) ар-Руми екендігі, оның Пайғамбармен Табук соғысында бірге болғаны жазылған. Ол Пайғамбардың 14 хадисін айтып береді. (Ан.Насафи,1996, с.116). Бізде Бараб жерінде Арыстанбабтан басқа сахабаның болғандығы туралы әзірге басқа нақтылы дерек жоқ. Демек, Абу Жағфар Мухаммад ибн Настүр ар Руми - Арыстанбаб. Тағдыры осы кітап шамалас, 1000 жылдық тарихы бар «Сайрам туралы Рисала» тарихи шежіресінде де, бабтардың бабы Арыстанбабтың ұзақ жылдар Сайрамда ұстаздық етуі, Йассауиймен осы қалада ұшырасуы, бұған қосымша Ибараһим Ата, Қарашаш Ана, Ләтіп Ата, Мұстафа Құл Ата туралы құнды деректер енген. Күні бүгінге дейін кісі қолдарында сақталып отырған бұл шежірелердің қазір үш нұсқасы бар көрінеді. Басын біріктіріп, нақтылы тұжырым жасауға уақыт жеткенмен, әлі күнге сол іске еге табылып қолға алынбаған. Арыстанбаб есімі ХY-ХYІ ғасырда жазылған «Рашахат айн әл-Хайат», «Садр ад-дин шайх рисаласы» жазба деректерінде де ұшырасады. Бұл деректерде де оның сахаба екендігі баяндалады. Абу Салам қожа Файзаллах пайғамбардың ишаратымен Арыстанбаб Әзірет Сұлтанға зікірдің 1001 түрін үйреткенін жазады. Тағы бір жазба деректерде Арыстанбабтың Мұхаммед ибн әл Ханафийа әулетінен тарайтындығы жеткізілсе, «Тарихи аминийа» кітабының авторы Мұса Сайрами өз шығармасында Арыстанбабтың шайбанилер мемлекетінің ханы Убайдулла хан мөрімен куәландырылған шежіресін алға тартады...
Түбегейлі соңына түсіп бет бұрмағанымен, соңғы жылдары Арыстанбаб өміріне ғақлия ғалымдары да назар аудара бастады. Бұл орайда бұрынғы шетел зерттеушілері К.Г.Зелеман, Ә.Диваев, В.В.Бартольд, М.Е.Массон, А.А.Семенов, Дж. Тирмингэм, И.Меликоффтен кейін өзіміздің Д.Кежетаев, Ә.Муминов, М.Қожаев, З.Жандарбеков тәп-тәуір ізденістерімен көрініп жүргенін айтуымыз керек. Зерттеуші ғалым Ә.Муминов өз мақаласында Арыстанбабтың кезінде Отырар мубаййидилерінің басшысы, әрі 33 діннен хабары бар аса білімдар тұлға болғандығын жазыпты. Осыдан 15 жыл бұрын Қарақалпақстанда тұратын қандасымыз, Өзбекстан Жазушылар одағының мүшесі Жұбатқан Мұратбаевтың «Қазақстан әйелдері» журналында жарияланға «Қарабура әулие қайда жерленді?» деген мақаласында «...Ахмет Йассауийдің ұстазы Арыстанбаб (Салман Фарс) – 33 түрлі дінді білген, содан тек Ислам дініне мойынсынған ғұлама» деген дәлелі жоқ дерегін оқыған болатынмын. Автор сол пікірді алға тартып отырса - дерек күмәнді, ал басқа дерек көзін тапса сөз басқа. Өйткені Арыстанбабты Салман Фарс атауға еш негіз жоқ! Сосын Ә.Муминовтың Молда Мұса Сайрамидің «Тарих-и аминийа» атты еңбегіндегі Әбілғазы хан куәландырған Арыстанбабты Әзірет Әліден тарататын шежіре бойынша Әлі имам Мұхаммед Ханафийа – Абд әл-Фаттах Баб – Абд әл-Жаббар Баб – Абд әр-Рахман баб – Абд әр-Рахим Баб – Абд әл-Жалил Баб – Абд әл-Карим Баб – Ысқақ Баб – Исмайил Баб – Омар Баб – Осман Баб – Ифтихар Баб – Махмуд Баб – Илйас Баб – Арыстан Баб- деп көрсетілген шежірені әулиенің ата тегі ретінде емес, әулиеге Мұхаммедтің өсиеті, ілімі кімдер арқылы жеткенін көрсететін силсала екенін орынды дәлелмен көрсеткен. Тағы бір топ ғалымдар соңғы уақытта Қажы Ахметтің алғашқы шәкірттерінің бірі Мансур Атаның Арыстанбаб ұрпағы екендігін жазуда. Дәлелін тапса бұл да өте қажет дерек. Өйткені, Әзірет Сұлтанның осы шәкірті арқылы Йассауийа тарихатының тағы бір үлкен тармағы тарайтынын есте ұстауымыз керек.
(Жалғасы бар)
Abai.kz