Сенбі, 23 Қараша 2024
Тылсым 11076 0 пікір 14 Сәуір, 2014 сағат 09:43

БАРША БАБТЫҢ ҰЛЫҒЫ – АРЫСТАНБАП

Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбар аманатын жеткізуші сахабалар пірмұғаны

 

БАБА БАТАСЫ

 Бисмиллаһир Ирахманир Рахим

     Мұсылман баласы  нені бастаса да Алланың атымен бастаған. Өйткені барлық мақтау мен мадақтау Аллаға тән. Одан әрі ардақты пайғамбарымыз Мұхаммедке (с.ғ.с.), оның отбасына және қадірлі сахабаларына Алла Тағаланың нұры жаусын деп тілейді. Демек, ардақты пайғамбарымыздан соң тілек оның қадірлі сахабаларына. Пайғамбарымыздың өзі де хадисінде; «Басқалар Алланың ризалығы үшін Ухуд тауындай алтынды садақа етіп берсе де, сахабаларымның Алла жолына берген жарты саъ (1750 гр.) арпасының сауабын ала-алмайды».- дейді. Неге? Өйткені, сахабалар ғибадаттарының осыншалықты қадірлі болуы олардың Расулуллаһпен мұраттас болып сұхбатына қатысуы және онымен сөйлесу нәтижиесінде жүректерде пайда болған батыни кәмелдіктеріне байланысты. Олардың жүректері Расулуллаһтың мүбәрәк жүрегінен тікелей нұр алғандар. Жүректері нұрланғандар. Сахабалардың барлығы Аллаһтың Расулулының сұхбаттарына қатысуы арқылы әулиеліктің ең жоғарғы сатысы дәрежесіне жеткендер. Сондықтанда  Расулуллаһ; «Сахабаларымды құрметтеңер!» - деп бұйырды. «Хұжырат» сүресі 13 аятта; «Құрметке лайықтылар – Аллаһтан көп қорқатын тақуалар»-  деп бекітілген. «Тәубә» сүресінің 101 аятында; «Имандары ілгеріде болғандар және хижрада (қоныс аудару) ілгері болғандар»- десе, «Уақиа» сүресінің 10 аятында «Имандары ілгеріде болғандар – Аллаһ Тағалаға жақындауда ілгері болғандар. Олардың барлығы Аллаһқа жақын муқарраб» - деп одан әрі  мадақталғандар да осы сахабалар. Сахабалардың өмір жолы – кейінгі ұрпақ үшін қайталанбас өнеге, адамзатқа өнеге болар Ислам қаһармандары. Олардың  ұстанымы «Өзгелердің бақыты үшін өмір сүру». Сахабалар адамзат тарихында теңдесі жоқ төңкеріс жасаушы, таухид нұрымен сусынданғандар.

    Сол сахабалардың бірі және бірегейі, Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбарымыздың аманатын қазақтың кең даласына, тіпті Тұран және Орта Азия әлеміне жеткізуші сахабалардың ұлығы – біз бүгінде әулие тұтып жүрген бабтардың бабы, пірмұған (Жол көрсетуші ұстаз) Арыстанбаб.

      Қазақта ертеден келе жатқан батырлар жыры жеткілікті. Солардың қайсыбірін алмайық  бабтардың бабы Арыстанбаб  қасиетін ұлықтамай өтпейді. Мысалы «Алпамыс жырының» бір үлгісінде Байбөрі мен Аналық; «Самарқанда сансыз баб, Бұхарадағы Баһауәдин Нақышбент» молаларына зиярат қылады, және;

«...Түнейді үш күн  Байбөрі,

Әзіретті Сұлтанға.

Түркістанда Түмен баб,

Сайрамда бар сансыз баб,

Отырарда отыз бап.

Бабалардың бабын сұрасаң,

Ең үлкені Арыстанбаб.

Әулие қоймай қыдырып,

Бабалардың бәрін қылды сап - деп жырланса, енді бірінде;

«...Қабірі Бараб елінде,

Қаланың құбыла жағында,

Мілләті Алла жолында,

Бабтардың бабы – Арыстанбаб

Оң жағында Лашынбаб

Сол жағында Қарғабаб

Барша баптың патшасы,

Бабтардың бабы – Арыстанбаб – деп төгілдіреді. Біз бұл жырларды бала кезімізден, мектеп қабырғасында жүргенде жаттап, жадымызға тоқып өстік. Сол бабларымыз зиярат жасап жүрген бабтардың бабы Арыстанбаб кім? Біз оның шын тарихын білеміз бе, білсек қазақ елі рухани тарихындағы орыны қандай?.. Әрісі - өз кезінде 27 елдің падишасы болған Әмір Темір Көреген 1390 жылы Тоқтамыс хан әскерін күл-талқан етіп жеңгеннен кейін Әзірет Сұлтан кесенесін салудан бұрын, алдымен неге осы Арыстанбаб  әулиенің басын көтерді?.. Берісі - күні кешегі коммунистік қоғамда өз еліміздің бірінші басшысы болып тұрған кезінде, белгілі мемлекет қайракері, ғұлама ғалым Дінмұхаммед Қонаев; «Арыстанбаб - Қорқыттың да, Фарабидің де, Йасауийдің де ұстазы болған жан» -деп 1969 жылдың қақаған қыс жұтынан соң Отырар ауданы басшысына қандай құжаттарға арқа сүйеп әңгіме айтты екен?.. Құжат айттырды ма,  әлде қатерлі заманнан да қаймықтырмай белгісіз бір ұлық күш айттырды ма?..

    Бұл сұрақтарға кім жауап беріп, нақтылы кім айналысуы керек? Діндарлар ма, әлде ғақли ғылым иелері ғалымдар ма? Әлде...

    Мені осы мақаланы жазуға итермелеп отырған, қасиетті Арыстанбаб әулиенің басына зиярат жасап барғанда өзім куә болған, қаншама кереметтер ішіндегі екі оқиғаға ерекше тоқталғалы отырмын.

     Мен - дін қайраткері емеспін. Бар-жоғы қатардағы намазхан ретінде дәстүрлі дініміздің жанашыры ретінде еліміздегі діни проблемалар туралы жазылған үш-төрт кітаптың қарапайым авторымын. Мені намазхан етіп қыбланы мойындатқан да, алғаш, пайғамбарымыздың жамбасы жерге тиген Мадина қаласында сәждеге маңдайымды тигізген де - осы әулие Арыстанбаб. Бабамыз қажылық сапарға баратынымды ескертіп, батасын беріп, аталық ақ жолын тілемегенде, бүгінде өзім бауыр басып кеткен осы бір мүбәрәк намазхандық жолым қай уақытта басталарын бір Алла ғана білетін еді. Шүкіршілік, әңгімені осы уақиғадан бастайын.

       Ия, бірінші, 1996 жылы маған осы бабамыздың батасымен ойламаған жерден Меккеге қажылық сапарға жол түсті...

       Менің мамандығым – тележурналист. 1983-1999 жыл аралығында «Қазақстан» ұлттық арнасында Насихат хабарлары Бас редакциясында осы  мамандығым бойынша қызмет жасадым.  1995 жылдан маған   редакция тарапынан алғаш рет ұйымдастырылған  діни танымдық «Иман» хабарын  жүргізу тапсырылды. Бұған мұрындық болған  - бұған дейін бойында ерекше қасиеті бар жанымызда жүрген жандар жайлы «Халықтық медицина» айдарымен бес жыл жүргізген  соны хабарларым болды.  Сол хабарларды дайындау барысында көзім жеткен нәрсе -   қасиеті бар адамдарды тану үшін, әрбір пенде ең алдымен өзін, сосын сол қасиетті берген Жаратушыны мықтап тануы керек.  Осы мақсат -  ұстанған бағытымды түбегейлі өзгертіп,  діни бағдарлама дайындауға бет бұрғызды...

    1996 жылдың көкек айында, Республика халық емшілерінің алғашқы құрылтайында танысқан, бойына ерекше қасиет дарыған, бүгінде орталығы Шри Ланка мемлекетінде орналасқан Әлемдік халық емшілері қауымдастығының президиум мүшесі Күлай Әлиева телефон шалып, танысының үйінде болып жатқан Құдайы асқа бірге  баруға өтініш етті. Маған да бауырсақ пісіру, айттағы дастархан мәзірін дайындау туралы кино көріністер қажет еді. Оператор мен режиссер Баян Сұлтанованы  ертіп айтылған үйге уақтылы жеттік.

    Барған кезде естігенім,  шаңырақ  егесі, Алматының қақ ортасындағы Көк базарда қасап болып жұмыс жасайтын Құрман деген азамат Күлтаймен бірге Меккеге аттанып, қажылық парызын өтеп қайтуға пәтуаласып қойыпты. Мына дайындалған дәм Құрманның сол қажылық сапар алдындағы беріп жатқан Құдайы шайы болып шықты. Дастархан үстінде әңгімеден әңгіме өрбіп, қажылық сапар алдында отырған  Күлтайға, бізбенен бірге Арыстанбаб пен Қажы (Қожа -  не ру, не ұлт емес қой. Өзі де осылай айтқанымды қалады) Ахмет Йассауий бабаларымыздың жатқан жерлеріне  бірге зиярат жасап қайтуын өтініш етіп едім, ұзақ сөзге бармай, келісе кеткені.

      Сол сапар барысында Күлтайдың көзіне жас алып тұрып, Арыстанбаб әулиенің рухымен тілдескеніне куә болып, киноға түсіріп алғанмын. «Бабам-ау, Сіз қандай үлкен адам едіңіз. Мен түрегеліп тұрып Сіздің тізеңізге әзер бой теңестіріп тұрмын ғой. Жүзіңіз қандай мейрімді еді...»- деп басталатын ұзақ әңгімесі күні бүгінге дейін есімде. Кезінде бұл әңгіме «Сіз әруақпен сөйлесе білесіз бе?» деген тақырыппен «Қазақстан» телеарнасынан арнайы хабар да болып берілген (Хабар көшірмесі менде сақтаулы).  Күлтай, сол бір біз үшін таңсық  қызық әңгімесінің соңында, өзінің қажылық сапарға  ниет еткенін, Меккеге Құрман бауырымен бірге дайындалып отырғанын айтып, Арыстанбаб әулиеден жолына бата сұрады. Осы арада бір шама үнсіздік орнады. Сол үнсіздіктен соң Күлтай Арыстанбаб бабамыздан жол серігі Құрманның қажылыққа бара алмайтынын білді.  «Бабам-ау, енді менімен кім жол серік болып барады?»- деген  сауалына, тағы да біршама кідірістен соң, «қасыңда тұрған Бақтыбаймен бірге барасың»-деген сөзін естідім. Бұл хабарға Күлтайдан бұрын мен таң қалдым. Меккеге бармайтыным өзіме аян болатын. Осы сапардың алдында ғана  «Барып қайт» - деп үгіттеген  жігіттерге, теледидардан діни хабарларды жүргізсем де қажылыққа өзімнің толық дайын еместігімді айтып әзер ақталғанмын. «Жанібек – Тархан» фирмасының жетекшісі марқұм Ерболат Төлегенов деген мың болғыр досымыз,  тарихта қазақтың болашағы мен бақыты үшін күресіп, ел іргесін бекітуге үлкен үлес қосқан батыр бабасы Шақшақ Жәнібек Тарханның әруағына арнап, қажылыққа  жаяу барудың үлгісі ретінде  Бірінші халықаралық супермарофон өткізгелі отырғанын, соның жетекшілерінің қатарында болуға шақырғанда да  келіспегенмін. Күлтайдың басқа сәуегейліктері рас болса да, бұл жолғысы жалған деген пенделік  оймен Алматыға оралғанмын...

     Сапардан оралғаннан кейін жеті күннен соң, сол кездегі Бас муфти Рәтбек Нысанбаев өзіне шақырды. Хазіреттің бірде көл, бірде шөл мінезіне қанықпын. Барсам, бұл жолы әй-шайға қаратпай қолыма қажылыққа барып қайтар тікұшақтың  билетін ұстатты:

     - Шырағым, қазақ теледидары тарихында діни насихатты өзің өмірге алып келдің ғой, сен  осы қажылық сапарға бізбен бірге барып, мүмкіндігің болса, сапар барысындағы зияратымызды киноңа түсіре келсең, дұрыс болар еді -дегені. Басқа жан болса таңырқанбас едім, Бас муфтидің өзі  осылай қолқа салған соң , сол арада есімнен танып абдарып қалдым. «Арыстанбаб батасын аларда естіген хабарымның шынымен-ақ рас болғаны ма?!..»

      Шегінерге - жер, айтарға - уәж қалмады. Жолға дайындалдым. Маған ойламаған жерден  осылайша Арыстанбаб әулиенің алдын-ала хабарлауымен және батасымен қажылық сапар нәсіп болған.

Екінші, 2009 жылы менің ғалым ретінде емес, тек фәлсафа ілімінің ықыласты жанашыры ретінде жарыққа шығарған «Фәлсафа - Алланың аян ілімі» атты кітабым  («Қазақпарат» баспасы , 2009ж.) -  аян болып түсер  фәласафа ілімі ең алдымен, күні бүгінге дейін дәстүрлі Ислам дінін ұстанып келген   біздің қазақ халқына қаншалықты қажеттігін жеткізумен қатар, «фәлсафа – философияның арапшаланған түрі»- деп оқытып жүрген атеистік көзқарасты ұстанған кезеңнен қалыптасып қалған ұшқары пікірден алшақтату, тіптен арылту болатын. Фәлсафа мұсылман мәдениетінің туындысы  – соған орай мұсылмандық  ойлау принциптеріне негізделген Ислам  ойшылдарына тән ерекше (аян) ойлауға баратын менталитетті мұсылмандық дүниетаным, философия – христиандық менталитет пайымдары негізіндегі ілім.


     Ұлт ретінде бізге ең алдымен қайсысы жақын, қайсысы қажет? Бұл - баз біреулер елді шошытып жүргендей халифатты аңсау емес, ілімді  игеру, ұлттық қажеттілік. Бұл; «...Әрине, әрбір  істің басшысы Алла, ал білім бұлағы – Аритотель»- деген әл Кинди мен өзіміздің әл Фарабиден басталып күні бүгінге дейін өріс алып отырған қасиетті ілім ғой...

    Заң жүзінде біз өзімізді-өзіміз қаншалықты құрсаулап қойғанмен, әлем халықтары бізді мұсылман мемлекеті ретінде танитындығын жасыра алмаймыз. Соның нақтылы дәлелі 2011 жылы Әлем мұсылман елдерінің басын біріктіретін Ислам конференциясы ұйымына төрағалық етуіміз. Бұл ұйымға тек мұсылман мемлекеті ғана жетекшілік ететіні осы ұйымның Жарғысында алтын әріппен жазылып қойған. Тарихқа Фәлсафа (ладуни) атымен енген, елімізге қажетті осындай ілімді Үкімет пен қазақ оқымыстылары бүгінгі таңда ел ғылымының төріне шығару орынына есігінен де  сығалатпай отыр. Неге?.. Өйткені ұлт ретінде санамыз өзінің еркіндік  кеңістігіне  толық көтерілген жоқ. 

    Қазір «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы негізінде алғаш рет гуманитарлық білімді мемлекеттік тілде жетілдіруге арналған толық қор құру жайлы кең және ауқымды мәселе қолға алынды. Бұл әлемдік мәдениеттің, ғылымның, бүкіл рухани дүниенің ең үздік үлгілері толық қазақ тілінде сөйлеуі керек деген сөз. Мұнымен қатар, қазақ халқының бай рухани және мәдени мұрасы да жинақталуда. Еліміздің рухани байлығы болып саналатын осы еңбектерге  тақырыптық талдау жасасақ, фәлсафа туралы жақ ашылмаған. Ал бұл ілім ең алдымен, күні бүгінге дейін дәстүрлі Ислам дінін ұстанып келген қазақ халқына қажет. Осы ілім санамызға сіңетін болса,  бетімен кеткен берекесіз гуманизм діни санадан жоғары асқақтамай, бүгінгі таңда жегі құрттай өріс алып бара жатқан жастар тәрбиесіндегі имансыздықтан арылар едік. Ұл - ұятына, қыз - қылығына оралар еді. Ұрпағына үмітпен қарар  әлем үміт артар ел болар едік. Өйткені, Аллаһтан аян болып түскен фәлсафа, ең алдымен  ардың Ілімі.

     Кітапта Үкімет алдына нақтылы мынадай ұсыныстар қойылған.

     Бірінші, Фәлсафа (ладуния) ілімі ел тарихында өзінің тұңғыш қадамын жасағалы отырғандықтан бұл ілім жайлы арнайы жеке заң қабылдау. Өйткені тосын жаңалықты қабылдап өмірге енгізу қашан да қиыншылыққа түскен. Болмаған жағдайда Республика Президенті әкімшілігі не Үкімет құрылымында фәлсафа ілімінің ғылым жүйесіндегі өз орынын айқындап алғанша бөлім не  Фәлсафалық ой орталығы ғылыми зерттеу институтын ашу.

     Екінші; Қазақ ғылымындағы фәлсафа мен философияның ара жігін ажырату. Біздің елдегі философия ілімі тұтас қалыптасқан армиясы бар үлкен күш.  Философтар - бәсекелес болып қана қоймай, келешек өздеріне өктемдік танытар фәлсафа ілімінің жедел өркендеуіне бөгет болудың барлық жолдарын жасап бағады.     

     Үшінші, республикалық  «Фәлсафа ілімі» қауымдастығын не кеңесін құру.

     Төртінші, қазір елімізде философия саласында кәсіби білікті «философ-аудармашылар» тобы қалыптасып отыр. Бұлардың басым бөлігі философия мен фәлсәфаны орыс тіліндегі нұсқадан аударушылар. Ендігі жерде  «Фәлсафа-аудамашылары» атты жаңа мамандар тобын  құру керек. Мақсат - ортағасырлық фәлсафашылар еңбегін түпнұсқадан қазақ тіліне тікелей аударуға қол жеткізу.

     Бесінші, Ислам мен фәлсафа ілімінің бірігетін де, бөлінетін де жері бар. Осыны жүйеге түсіру. Бұл орайда кезінде христиан дінін қорғау үшін христиан ілімін философиядан толық бөліп алғысы келген апологеттер тәжірибесі бізге сабақ болуы керек.

      Бұл ұсыныстар, әрине, болашақтың жұмысы. Қазір осы жұмыстарға бастамашы болу үшін құрылған «әл Фараби және Ахмет Йассауий атындағы халықаралық фәлсафа қоры»  бесігінде тұншығуда. Құрылған бұл қор өз жұмысын алып кету үшін, Үкімет тарапынан елімізде қазіргі таңда жұмыс жасап отырған ғылымды қаржыландырудағы  базалық, гранттық, не мақсатты бағдарламалық тәсіл негіздерінің бірінен, қаржы бөлдіртуге нақтылы көмек қажет.

     Фәлсафа - халыққа да, мемлекетке де өте қажет мұғжиза ілім. Тылсымның осы ерекшеліктерін түсіндіргелі адам санасының бастауын іздеген ғұлама Ибн Араби, Хақ тағала мен пендені бөліп қарастырып, мынадай тұжырым айтқан. “...Кәміл адам құдіреті - Құдайдың көлеңкесі немесе абсолютті мәндегі кереметтің қысқаша шағын көрінісі. Адам ешқашан Құдайдың қасиеттеріне ие болмақ емес. Хақтың білімі – мәңгілік, ал адамның білімі пайда болған. Жасалушыда жасау құдіреті болмайды. Кімде жүрек болса соған өсиет, кімде ақыл болса емес. Сен Аллаға оны көріп тұрғандай құлшылық жаса. Жаратқанның мәнін  пайғамбарлар мен сопылар арасынан шыққан теологтардан өзге ешбір ғалымдар  білген емес. Теорияшылдық оны ешуақытта аша алмайды, ол жолдағылар қашан да  айдалаға лағып кетеді...”. Ғұлама айтқан бұл тұжырым растығын мәртебелі уақыт мойындағалы қашан. Солай бола тұра  Мұхаммед (Ғ.С.) пайғамбар заманынан  басталып Ислам мистицизмі аталып   жүрген мистикалық осы ілім елімізде өз жанашырын таппай келеді.

     2006 жылы Арыстанбабқа кезекті зиярат жасап барғанымда, сол жылы мектеп бітіріп жоғары оқу орынына түсуге ниет қылып жүрген Ақерке есімді бір бойжеткен қыз баланың арқасы көтеріліп, Арыстанбаб бабамыз болып,  оншақты адамның көзінше  маған қадала қарап мынадай сөз айтты:

     -  Бақтыбай шырағым, ниетің дұрыс та шығар, бірақ сен жазған «Фәлсафа – Алланың аян ілімі» деген кітабыңдағы айтпақ ойыңды, осы топырақта өскендерден алғаш ғылыми тұрғыдан тұжырымдап жазған менің шәкіртім - Әл Фараби бабаң. Жатырмын ғой, мен де осында... Тіршілікте кім қайда қалмаған. Оның сүйегі, қазір іздеп тауып алдыңдар ғой, менің сілтеуіммен ілім іздеп жүріп Шам шаһарында қалды. Осы Отырардағы бай кітапхананың  қажетті кітаптарымен сусындаған ғұламаны, Алланың илаһи ілімі түскен, сол кезде әлемнің ең озық білім ордасына айналған Араб еліне мен жол сілтеген едім...  Жатқан жерінен топырақ алып келіп осында белгі қоюшылар, «ғұламаның рухы келді»- деп бөріктерін текке көкке атып жүр. Рухы әлі толық оралған жоқ. Оралса - сол рухтың өзі-ақ көтеріп, бүгінде елде көзге түсердей біраз жұмыс істеліп қалған болар еді. Ғұлама ғалымның рухы еліне оралуы үшін,  ниет етіп барған иманды жандар, барарда, барғанда құрбан шалып, Жаратушыдан елдік тілек тілеулері қажет. Мұндай рәсімді имани жолмен түсініп атқарып жатқан кім бар? Байқаймысың, қазір Фарабидің еңбегі деген кітап көбейіп кетті. Әнә бір құрған қорларың  арқылы шығып жатқан атеист ғалымдардың орысшадан аударылған бір аудармасы бірнеше кітапқа еніп, жұртты шатастырып, қаламақыға қарық болып олар жатыр... Соны бақылап және соған білімі жетіп отырған жан баласы бар ма? Үйіңдегі Ғазалидің кітабында не деп айтқан; “...мен философтардың бірнеше параға, ал олардың ғылымы – бірнеше сатыларға бөлінетінін көрдім. Бірақ, ол толып жатқан паралардың қайсысына жатпасын олардың көнелері мен өте көнелерінің және кейінгілері мен ертедегілерінің арасында бірінің шындыққа жуық, екіншісінің қашық болуы мағанасында ұлы алшақтық жатқанымен, барлық философтарда сөзсіз бір ғана таңба – сенімсіздік пен құдайсыздық таңбасы жатыр”-деген. Демек, сенімсіздік пен құдайсыздық таңбасы бар ғалымдардан, фәлсафа туралы фәлсафалық нақтылықпен жазылған толымды еңбек күтуге қандай негіз бар?.. Фәлсафа ілімінің  айтары да, авторлары да ерекше жан болмаушы ма еді?..

     Бұл жұмыспен түбегейлі айналысамын десең, Алла тілегіңе орай жол салса, алдымен ғұлама бабаңның басына зиярат жасап  қайт. Сонда ғана өркенің ашылып, қолға алған ойыңды жүзеге асыруға мүмкіндігің молаяды...

     ...Қасиетті әулие Арыстанбаб бабамыздың басына зиярат жасап барғандағы өзім куә болған осы екі оқиға маған осы мақаланы жазуға түрткі болды. Сонымен, - пірмұған Арыстанбаб әулие кім?

Бақтыбай Айнабеков

(Жалғасы бар)

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1470
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3246
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5415