Сенбі, 23 Қараша 2024
Қоғам 10313 0 пікір 16 Сәуір, 2015 сағат 12:48

АЭС: РЕСЕЙДІҢ КӨЗДЕГЕНІ НЕ?

 

Астанада  ашылған «Kazatomexpo», «Power Astana», «MachExpo Kazakhstan» және «NDT Kazakhstan 2015» атты көрмелер жиыны барысында Ресей Федерациясының атомөнеркәсіп саласының Қазақстандағы өкілі В.Рябов: «Көптеген адамдарда атом стансасы деген сөзден үрейленеді. «Чернобыль», «Фукусима» АЭС-терінде болған апаттар осыған себепші. Бірақ біздің мамандар, ғылыми институттар ядролық энергетика қауіпсіздігін күшейтуге барлық күшін жұмсады. Қазақстан мамандары мен сарапшыларының да көз жеткізгісі келетін сұрақтары да аз емес. Осы сауалдарға жауап беретін «Росатом» кәсіпорны көрмеге атом реакторларын әзірлеуші мамандарды, институттардың ғылыми қызметкерлерін, АЭС үшін отын әзірлейтін кәсіпорын мамандарынан тұратын үлкен делегация жіберді. Ресей АЭС салуға дайын. Ең бастысы, Қазақстан жағының АЭС салынар жерді белгілеуі болып тұр. Стансаның қуаттылығы, қандай түрі болады? Осыларды анықтау керек. Біздің білуімізше, Ресейге Курчатов қаласы жанынан құрылыс орны бөлінген. Балқашта да АЭС  салынады, ол үшін бөлек тендер ойнатылады», - деді. Бәрін өздері шешіп қойғандай сөйлеген өкілдің бір саусағы бүгулі. Соған қарағанда Ресей тарапының екі бірдей АЭС салудан да дәмесі бар сияқты.

Қазақстанда салынады деген АЭС-тің қай жерде орналасатынын Ресей Федерациясының билігі  былтырғы жылы 28 мамырда мәлімдеген еді. АЭС салу жөніндегі келісімге 29 мамырда  Астанада  екіжақты келісімге қол қойылған болатын.

Осы жылдың басында «Атом энергиясын пайдалану туралы» заң жобасын халық қалаулылары алдында таныстырған ҚР Энергетика вице-министрі Б.Жақсалиев АЭС-тің қай жерге салынатыны жөнінде: «Бұл жоспар ғана, шешім әлі қабылданған жоқ. Бұл мәселе, әрине, халықпен бірге жан-жақты талқыланады. Бұған биліктің барлық құрылымдары тартылады. Бізде станса салынатын екі алаң қарастырылып отыр. Біреуі Балқаш көлі ауданында, оның оңтүстік-батыс бөлігі, яғни Шығанақ темір жол стансасы немесе оның жанындағы Үлкен елді мекені. Екіншісі – Семей сынақ алаңы, бұл Курчатов қаласы. Курчатов қаласы шартты түрде алынып отыр, негізі Семей сынақ алаңында салу жоспарланған», - деді.

Әлі түбегейлі шешкен жоқпыз деген вице-министрдің жақауратқан жауабы болмаса шешіліп қойғанынан ресейліктердің ауыз ләмінен-ақ байқауға болады. Курчатов қаласында салынар АЭС-тің біріншіден экологиялық, екіншіден экономикалық, үшіншіден саяси мәселесін егжей-тегжейлі сараламасақ болмайды. Бастысы, бұл "Росатом" үшін сынақ алаңы болу да ғажап емес. АЭС-ке салынатын блоктар іс жүзінде бірінші рет пайдаланылмақ сыңайлы. Яғни, болашағы бұлдыр. Бұрынғы сынақ алаңына ресейліктердің қалауы түсіп, соларға берілгелі жатқаны да осыдан болса керек. Жаман айтпай жақсы жоқ демекші, алда-жалда апат бола қалса онысызда радиация жайлаған жер еді деп қазанның бетін жаба салғанға оңай ғой.

 

Ресейліктердің Курчатов қаласына жармасуының тағы да бірнеше себебтері барын байқауға болады. АЭС құрлысының энергетикадан бөлек саяси астары да барынша маңызды. Біздің ел үшін қуат тапшылығы жоқ солтүстік-шығыс өңірдегі Курчатов қаласының Ресейге жақын аймаққа орналасуы. Сонымен қатар қаланың демографиялық жағдайы. Ондағы тұрғылықты халықтың жартысынан астамы орыстар мен басқа ұлт өкілдері. 1991 жылға дейін жабық қала болған Курчатовтың тұрғындары  сынақ полигонының қызметін қамтамасыз етіп тұрған әскерилер мен ғалымдардан құралды. Қазақтар онда мүлде кіргізілмеді. Қазіргі жағдайда АЭС құрлысы үшін келетін мамандар мен олардың отбасылары бар болашақта Курчатов та Байқоңырдың кебін киіп, Ресейдің бір қаласына айналып шыға келеді. 

Сынақ алаңы жабылғаннан кейін ҚР Ұлттық ядролық орталығы құрылып, 2003 жылы ҚР Президенті жарлығымен Ядролық технологиялық паркін жасақтау қолға алынған болатын. АЭС стратегиялық нысан болғандықтан ресейліктер үшін еліміздің ядролық орталығын да бақылуда ұстау жеңіл болғалы тұр.

АЭС-тің өзіне келер болсақ, үлкен қаражатты қажет ететін құрылыс жұмыстары ұзақ жылдарға созылары анық. «Росатом» мамандары мен жұмысшылары ағылып келетін ауқымды нысанның құрлысы аяқталып 60 жыл қызмет көрсететін АЭС жұмысын тоқтату да осындай көп уақыт пен қаржыны талап етеді. Қазіргідей әлемдік қаржы дағдарысы жағдайында АЭС құрылысына кетер қаржыны отандық өнім өндірушілерді қолдауға жұмсаған әлдеқайда тиімді болар еді. Болмаса сол қаражатты баламалы энергия өндіру көздерін дамытып, осы салаға инвестиция ретінде салсақ ұтатын едік. Ол жөнінде «АЭС салынар болса ЭКСПО өткізудің қажеті қанша» деген мақаламызда тоқталып өткенбіз. (http://abai.kz/post/view?id=2324)

Тағы бір көңілге түйіткіл әкелетіні АЭС қалдықтарын сақтау мен көму жұмыстары. Естеріңізде болса, бұрынғы сынақ алаңын қалдықтар моласына айналдыруды көздеген ұсыныстар талай көтерілген. АЭС-тері бар елдердің отын қалдықтарын өзімізде көміп, оңай олжаға батқысы келгендер қырық жыл атом сынақтарының зардабын тартып келген жергілікті халықтың денсаулығын ойлады ма? Бүкіләлемдік ядролық отын банкін құру да экологиялық жағынан болашағымыз үшін қауіпті екенін естен шығармайық. Ақтаудағы тоқтатылған АЭС-тің БН-350 реакторының бөлшектері мен радиациялық қалдықтары сынақ болған алаңдардың біріне көмілген. ҚР Энергетика вице-министрі Б.Жақсалиевтың айтуынша, болашақта салынар АЭС қалдықтарын көметін жер де осы сынақ полигонының орны болмақ.

Елімізде уланбаған жер қалмай барады. «Азғыр», «Лира», «Капустин Яр» сынды сынақ алаңдарымен қатар қазір Ресей жалдап отырған әскери сынақтар, «Байқоңыр» ғарыш айлағынан құлап жатқан «протондар», «гептил» отыны, қазба байлықтарын өндіру кезіндегі химиялық қалдықтар жеріміздің сау-тамтығын қалдырмауға айналды.

Осылардың ішіндегі ең қауіптісі радиобелсенді ластану болып табылады. Республикада табиғи  радиобелсенділіктің асқын деңгейін беретін уранды ірі аймақтар бар, көптеген ұсақ кен орындары мен уранның кен өндірістері бар. Радиобелсенді ластанудың ең ірі аймағы – бұрынғы  Семей ядролық сынақ полигонының аумағы. Сондықтан онда барынша сауықтыру жұмыстары жүргізілуі тиіс.

Қазақстан аумағында уранды қарқынды өндіру жылдары шамамен 200 млн. тонн радиобелсенді қалдық жинақталған. Улы және уытты радиобелсенді қалдықтарды орналастыру кезек күттірмес өзекті мәселеге айналған.

Атом энергиясын АЭС салу арқылы пайдаланып, уран өндіруді жыл өткен сайын көбейте түсу бір қарағанда пайдалы болғанымен экологияға келтіріп отырған зияны орасан зор. Ластанған аймақтарды қалпына келтіру жұмыстары ойдағыдай жүргізіліп отыр дап айта алмаймыз. Жеріміздің астын үстіне түсіре қопарып қазба байлықтарын қотара сатып жатқан алпауыт шет елдік компаниялармен қоса өзіміздің компаниялар да қалдық мәселесі аса толғандырып отырмағанға ұқсайды. Өндіріс қалдықтарының көлемі милиардтаған тоннаға жетті. Мысалы, тек кен-байыту саласында 20 млрд тоннадан астам өндіріс қалдықтары, оның ішінде 230 млн тонна радиоактивті қалдықтар жиналған.

«Дегенмен, атом энергетикасын, атом өнеркәсібін дамыту қалдықтарды көмуді дұрыс шоғырландыруды талап етеді. Бүгінде тұйық цикл бойынша қалдықтарды пайдаланудың мейлінше тиімді тетіктері әзірге жасалған жоқ. Осы күні елімізде қалдықтарды көму мәселесі өзекті емес. Тек Ақтаудағы бұрынғы БН-350 реакторынан қалдықтарды шығару мәселесі болды. Қалдықтар Семей полигонындағы алаңдардың бірінде көмілді. Бұл орынды пайдаланудың тиімділігі тексеріліп отырады, ол МАГАТЭ ұсынған барлық талаптарға сай келеді. Жалпы, қалдықтар мәселесі бойынша бүгін қарастырылып отырған заң жобасы аясында әрі қарай да жұмыс жасайтын боламыз», - деді ҚР Энергетика вице-министрі  Б.Жақсалиев. 

«Бүгінде бұл мәселе Қазақстанда толық шешілген жоқ. Әзірге елімізде үлкен энергетикалық нысандар болмағандықтан, атом қалдықтарын көму түйткілі өткір тұрған жоқ. Атом электр стансасын салу мәселесін қарастырған уақытта, бірден электр станциясының қалдықтарын қайда шығарамыз деген сұрақ туындайды. Атом электр стансаларының жұмыс істеу мерзімі кемінде 60 жылды құрайды. Сондықтан жобалау барысында да қалдықтарды көму мәселесінің өзекті болуы түсінікті. Қазақстандағы барлық қалдықтарды Семей сынақ алаңында көму мүмкіндігі қарастырылады», - деді вице-министр.

Сынақ алаңы жабылған аймақты экологиялық сауықтыру орнына мәңгілік радиактивті қалдықтар моласына айналдыру онысыз да 40 жылғы сынақтың жарасы жазылмай жүйкелеген жұрттың біржола шаңырағының ортасына күйреп түскенін қалай ма?

Бізге емес, Ресейге көбірек керек болып тұрған Курчатовтағы АЭС-тен қалай бас тарта аламыз деген сұрақ көлденеңдейді. «Қазатомпром» Ұлттық компаниясына әлемдік атом өнеркәсібінің көшбасшыларымен жұмыс жасағысы келетін өзіндік көзқарасы мен мемлекетшіл тұлғалар басшылыққа келсе, жұмыс жасауларына еш мүмкіндік бермейді. 1995 жылы сәуірдегі ҚР Президентінің өкілеттілігін ұзарту жөнінде бүкілхалықтық референдум болғаны естеріңізде болар. Сол кезде Семей өңірінде АЭС салыну керек пе деген сұрақ та осы өңір тұрғындарына қойылған болатын. Халық президент өкілеттілігін ұзартуын қолдап, АЭС-ке қарсы дауыс берген еді. Осы жолы да АЭС мәселесін жалпы халықтың таңдауына шығарып, референдум өткізу қажет.

Біз өз еркімізбен (ядролық державалардың кепілдігімен, ол кепілдіктің қаншалықты дәрежеде екенін бүгін көріп отырмыз) ядролық қарудан бас тартып, адамзат тағдырына қауіп төндіріп тұрған атомды бейбіт жолда пайдаланып, атом қуатын игерген ел атанғымыз келеді. Бірақ алдағы уақытта атом стансасында қуат өндіру дамыған елдің көрсеткіші бола алмайды. Адамзаттың болашақ тағдыры экологиялық тепе-теңдікті сақтауда. Сондықтан бүкіл әлем болып зиянсыз, қалдықсыз энергия өндірге көшуден басқа амал жоқ. Ал еліміздің баламалы энергия көздерінен қуат өндіру мүмкіндігін тиімді пайдалана білсек «жасыл экономиканы» құру мен болашақтың энергиясын өндіруде әлемге үлгі болар едік.

Ардақ БЕРКІМБАЙ

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1464
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3231
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5340