Сенбі, 23 Қараша 2024
Билік 9477 0 пікір 4 Мамыр, 2016 сағат 12:28

ЕЛІМІЗДЕГІ ТЕЛЕАРНАЛАР КІМНІҢ САЯСАТЫН ҰСТАНАДЫ: НАЗАРБАЕВТЫҢ БА, ӘЛДЕ ПУТИННІҢ БЕ?

Осыдан бірнеше күн бұрын «Еуразия» арнасының «Аналитика» бағдарламасында журналист "Қазақстандағы халықтық толқуларға шыққан тұрғындарға белгісіз «бесінші калона» 50-150 доллардан үлестіріп жатыр" деген ақпарат таратты.


«Халық наразылығының «спонсорлары» демеушілері кімдер? Шеруге шыққан тұрғындарға әлгі 150 доллар қандай жолдармен төленіп жатыр? Бұл ақпараттың қайнары қайдан алынғаны туралы ресейлік арнаның тілшілері ләм-мим демеген. Дегенмен, білдей бір арнаның сараптамалық апталығын жүргізіп отырған журналист – халықтық толқуларды ұйымдастырып, оны қаржыландырып отыр деп Батыс елдерін нұсқайды. Әрине, бұл ашық «конфеданциалды ақпарат» болған.

Халыққа дәлелсіз ақпарат таратып, елдегі наразылықты қоздырып отырған 5 калона басшылары ереуілге шыққан әрбір адам үшін 150 доллардан таратты деп айыптады. Осылайша ақпараттық провокация һәм демонизациялық саясатты ұстанып отырған Еуразия арнасы ақпаратты бұрмалау арқылы халық наразылығын тудырды.

Әлеуметтік желілер мен қоғамдық ортада бұл қызу талқы түсіп, тіпті жалған ақпарат таратқан арна мен оның қызметкерін келемежге айналдырғандар да жоқ емес.

Тіпті АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Жон Кролдың еліміздің батыс өлкелеріне жасаған сапарын да сынға алып, АҚШ елшісі халықтық толқуларды ұйымдастырып қайтқан болуы мүмкін деген қауесет те айтылды.

Кейін әлгі елші (елімізге келген көп елшінің ішінде қазақ тілінде құттықтау айтып, ұлттық құндылықтарға құрмет көрсеткен Жон Крол) ақталыпты. «Батысқа барғанымдағы мақсатым – 150 доллардан үлестіріп беру үшін емес, Елбасының 100 нақты қадам жоспарын талқылау, тарату еді»,-депті.

Про-путиндік арналардың арандатушылық әрекеттеріне тосқауыл қою керек деген талаптар қоғамдық ортада жиі айтылып жүр.

Ресейлік арналар (Қазақстандағы және өзге мемлекеттердегі) жалған және ақпараттық негізі бұрмаланған хабар таратып, Про-ресейлік позицияны нық ұстанатынын біз жақсы білеміз. Әсіресе Ресейдің Батыс пен Украинаға және Орталық Азия елдеріне жасап жатқан гибридтік соғысынында дезинформациялық саясатты берік ұстанатыны да жасырын емес. Путиндік дезинформация – бүгінде солтүстіктегі көршілердің ақпараттық саясатының негізіне айналып, шынайы ақпаратты бұрмалау арқылы, халыққа шын ақпараттың анологын даярлап көрсетеді. Ондай мысалдар аз емес. Мысалы, 2005-2010 жылдардағы Қырғызстандағы жалпы халықтық төңкерістер кезінде алаңға шыққан қырғыздарға АҚШ ақша беріп отыр деп хабар таратқан да дәл осы ресейлік арналар еді. Немесе Ресей мен Украина жанжалдары кезінде айқын көрініс тауып, Украина қақтығыстарына АҚШ пен Батыс елдерін ашық айыптады. Майданға шыққандарға Батыс күніне 100 доллардан үлестіріп жатыр деген ақпарат Евразия арнасы бастаған бірқатар Путиндік БАҚ-та күн сайын қайталанып жатты.  Немесе күні кеше Армения мен Әзірбайжан арасындағы Таулы Қарабақ жанжалы қайта өршіген түні қандай жолмен екені белгісіз ресейлік БАҚ Қарабақта жүріп, ақпаратты бұрмалап көрсетуге кірісті.

Еуропа Одағының сыртқы байланыс орталығының жүргізген зерттеулеріне сүйенсек, ресейлік БАҚ-тың жалған ақпарат тарату саясаты мұнда ашық сынға ұшыраған.

Еуропа одағы жанындағы сыртқы байланыс орталығы «Дезинформацияларға шолу» деп аталатын апталық талдауларды жариялауға көшіпті. Онда ресейлік «Russia Today», «Еуразия арнасы» (Воськресное время бағдарламасы), «Россия 1» теле арналары мен "Комсомольской правды", «LifeNews» газеттері және «Sputnik» агенттіктеріндегі жалған және негізі бұрмаланған ақпараттарға шолу жасалған.

Қарап отырсаңыз, ресейлік арналардың, соның ішінде кешегі жалған ақпарат таратып, халықты арандатуға әрекеттенген «Евразия» арнасының ұстанып отырған саясаты  тұтас бір елдің рухани санасын, қоғамдық болмысын жаулап алу, тек жаулап қана қоймай түбірімен жою болса керек. Бүгінгі таңда АҚШ-тың ақпараттық соғыс саясаты мен әдiстемесiн Ресей ұрымтал пайдаланып, оны Қазақстанға сәтті қолданып отырғаны да жасырын емес. Мұны тура мағынасында да, бейнелi мағынасында да «постимпериялық» әдiс деуге әбден болады. Ресейлік ақпарат құралдары біздің елде ақпараттық монополия құрып алғаны да шын. Нарықтық экономикалық қатынас пен демократиялық зайырлы қоғамда өмір сүріп жатқанымыз рас болса, монополияның кез келген түріне тосқауыл қойылуға тиіс. Тіпті, ол аз болғандай телеарна арқылы ұлттық мүддемізге, еліміз бен жеріміздің бүтіндігіне елеулі нұқсан келтіретін, арандату мақсатындағы мәлімдеме жасалса, белгілі бір ақпарат құралдары оған жол берсе, оны ел көлемінде таратпай тастауға толықтай құқылымыз. Бұл тұрғыдан келгенде, ресейлік «Евразия» арнасын бұғаттап тастауымыздың еш сөкеттігі жоқ.
Әрбір қазақ үшін ел тәуелсіздігін нығайту, ұлттық мүддені алға қоюдан қымбат құндылық жоқ. Ал, оған көрші елдің көлделең көк аттысы қол сұқса ондай телеарнаны неге біз ел аумағында көрсетіп бейғам отырады екенбіз?! Ресейлік «Евразия» арнасы көрермен арасында өз беделін түсіретін, журналистің кәсіби этикасына нұқсан келтіретін жағымсыз көріністерді ұсынуы арқылы көрші елді сыйламауы, әлдекімнің өшпенділікпен жапқан жаласын дабырайтуы, жалған мәлімдеменің байыбына бармай тұрып жариялауы, қоғамдық-саяси маңызы жоқ, байбаламды «айғайлатып» көрсетуі, эфир арқылы жұртты қорқытып-үркітуге әрекеттенуі оның біздің ел аумағына таралмай тоқтатылуына елеулі негіз бола алады.

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz 

         

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5343