Сәрсенбі, 4 Қараша 2026
Жаңалықтар 362 0 пікір 3 Қараша, 2026 сағат 16:00

АҚШ-та аралық сайлау өтіп жатыр...

Сурет: euronews.com сайтынан алынды.

Бүгін АҚШ-та Конгресске аралық сайлау өтіп жатыр, ол Вашингтондағы саяси күштердің арасалмағын өзгертуі мүмкін.

Америкалықтар Республикалық партия заң шығарушы билікке бақылауды сақтап қала ма, әлде демократтар президент Дональд Трамптың мүмкіндіктерін шектей ала ма деген сауалдың шешімін қабылдауы тиіс.

Бұл сайлауда америкалықтар президентті таңдамайды. Дегенмен, оның нәтижелері Ақ үйдің таяудағы екі жылда ішкі және сыртқы саясатты қаншалықты еркін жүргізе алатынын айтарлықтай айқындайды.

Сайлауда Өкілдер палатасындағы барлық 435 орын және Сенаттағы 35 орын (кезектен тыс сайлауларды қоса алғанда) бөліске түседі. Бұдан бөлек, бірқатар штаттарда губернаторлар мен жергілікті өкілетті органдардың өкілдері сайланады.

Сайлауға дейін республикашылдар Конгрестің қос палатасын да бақылауда ұстап отыр. Алайда күштер тепе-теңдігінің сәл де болса өзгеруі Трамп әкімшілігінің жұмысына едәуір әсер етуі мүмкін.

Егер демократтар тым болмаса Өкілдер палатасында көпшілік дауысқа ие болса, олар парламенттік тергеулерді белсендірек жүргізіп, Ақ үйдің жекелеген заңнамалық бастамаларын бұғаттай алады және бюджет мәселелері бойынша әкімшілікке қысым көрсете алады.

Ал республикашылдар көпшілігі сақталған жағдайда, президенттің өзінің заңнамалық күн тәртібін ілгерілетуге мүмкіндігі мол болады.

Аралық сайлау дәстүрлі түрде әрекеттегі президент үшін өзіндік саяси емтиханға айналады. Америкалықтар экономикалық жағдайды, өмір сүру құнын, миграциялық саясатты, қауіпсіздік мәселелерін және әкімшіліктің іс-әрекеттерін бағалайды.

Дегенмен, бұл жолы сайлаудың маңызы АҚШ-тың ішкі саясатының шеңберінен әлдеқайда шығып кетеді. Вашингтонның шешімдері халықаралық саудаға, санкциялық саясатқа, Қытаймен қарым-қатынасқа, Украинаны қолдауға және жаһандық қауіпсіздікке әсер етеді.

Сыртқы саясат негізінен президенттің өкілеттігі болып қала бергенімен, Конгрестің ықпал ету тетіктері бар — бұл ең алдымен бюджет, заңнама және атқарушы билікті бақылау арқылы жүзеге асады.

Abai.kz

0 пікір