Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 6658 0 пікір 20 Маусым, 2012 сағат 07:37

Асылзат Арыстанбек: «Мен көп пәтериант қазақтардың бірімін...»

Біз әу баста бұл сұхбатты белгілі жас ақын Асылзат Арыстанбектен «Сәрсенбінің сәтінде» деген дәстүрлі айдарға арнап алған едік. Бірақ әңгіме барысында айтылған тақырыптар айдар аясынан шығып, қоғамдық өмірдің әлеуметтік-саяси аумағын аралап кетті. Халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінің лауреаты Асылзат ақынның азаматтық («гражданский» деп түсініңіз) ой-пікірі қоғамға қамкөңіл көпшілікті бей-жай қалдырмайды деген ойдамыз.

- Асылзат, сіз бір сұхбатыңызда: «Билік сенің біліміңмен де, өлеңіңмен де, өреңмен де санаспайды» депсіз. Ал қазақ билігінің ақынмен санаспауы - ұлт руханиятын жасаушы адамдарға қиянат, әдебиетке қылған қастандық емес пе?

- Оның қиянат, қастандық екенін өзіңіз де біліп отырсыз, менен несін сұрайсыз! Өнерді жасайтын халық. Халықпен санаспайтын билік тек Қазақстанда ғана бар шығар. Өз халқына оқ атып, қынадай қырып тастау - тек біздің биліктен ғана шығады. Шімірікпестен өз өтіріктерін теледидар арқылы жариялап, «сенсең де - осы, сенбесең де - осы» деп, беті бүлк етпей отыру тек біздің билікке ғана тән.

- Біздің қалам ұстап, ұлт үшін қызмет қылатын ақын-жазушылардың дені «билік қиянат қылып жатыр, оған қарсы қайран қане?» деп, үмітсіз үн қатады. Сізден де сондай әлсіздік байқалатын сияқты. Сонда қазақтың қаракетін кім қылады, бәріміз жалтақ болсақ, жарға шетімізден құлай бермейміз бе?

Біз әу баста бұл сұхбатты белгілі жас ақын Асылзат Арыстанбектен «Сәрсенбінің сәтінде» деген дәстүрлі айдарға арнап алған едік. Бірақ әңгіме барысында айтылған тақырыптар айдар аясынан шығып, қоғамдық өмірдің әлеуметтік-саяси аумағын аралап кетті. Халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінің лауреаты Асылзат ақынның азаматтық («гражданский» деп түсініңіз) ой-пікірі қоғамға қамкөңіл көпшілікті бей-жай қалдырмайды деген ойдамыз.

- Асылзат, сіз бір сұхбатыңызда: «Билік сенің біліміңмен де, өлеңіңмен де, өреңмен де санаспайды» депсіз. Ал қазақ билігінің ақынмен санаспауы - ұлт руханиятын жасаушы адамдарға қиянат, әдебиетке қылған қастандық емес пе?

- Оның қиянат, қастандық екенін өзіңіз де біліп отырсыз, менен несін сұрайсыз! Өнерді жасайтын халық. Халықпен санаспайтын билік тек Қазақстанда ғана бар шығар. Өз халқына оқ атып, қынадай қырып тастау - тек біздің биліктен ғана шығады. Шімірікпестен өз өтіріктерін теледидар арқылы жариялап, «сенсең де - осы, сенбесең де - осы» деп, беті бүлк етпей отыру тек біздің билікке ғана тән.

- Біздің қалам ұстап, ұлт үшін қызмет қылатын ақын-жазушылардың дені «билік қиянат қылып жатыр, оған қарсы қайран қане?» деп, үмітсіз үн қатады. Сізден де сондай әлсіздік байқалатын сияқты. Сонда қазақтың қаракетін кім қылады, бәріміз жалтақ болсақ, жарға шетімізден құлай бермейміз бе?

- Менің әлсіз болуға қақым жоқ па? Әрі-беріден соң, сіз менің ақын болғаным үшін ғана осындай сұрақ қойып отырсыз. Жалтақтық бар! Оны жоққа шығара алмаймын. Бірақ жалтақтықты жеңетін күш-қайратты өлеңнен алып отырмын. Өлең арқылы халыққа үнімді жеткізіп жүрмін. Бәрі естімеуі мүмкін ол үнді, немесе әркім өзіне керек үнді ғана естуі мүмкін. Біздің көзіміз ғана көрмейді емес, ақыр аяғында құлағымыз да бітеліп қалған ғой. «Құлақ кесті құл» деген сөз бар қазақта. Мен осы сөздің мағынасын біраз бұрын білдім. Адамды өзінің дегеніне көндіріп, жетегінде жүргізу үшін, оның құлағындағы бір тамырын үзіп жіберсе болды, оның тілі байланып, құлға айналып шыға келеді екен. Біздің де құлағымыз кесіліп қалған. Мен оны жасырып отырған жоқпын. Жалтақ екенімді, қорқақ екенімді өзім де білемін. Сол үшін ұяламын, жаным қиналады. Өзгелер қан жылап жатқанда, өзімнің бұғып қалғаныма арланамын. Ал енді тіпті онысына арланбайтын да адамдар бар. Олар менен де өткен қауіпті.

Сіздің сұрақтарыңыз менің намысымды қайрау үшін қойылғанын ішім сезеді. Бірақ менің үмітім зор. Түбі өз бойымдағы қорқақтықты жеңіп, бар даусымды шығарып, халыққа қиянат жасап отырғандарға қарсы шығатынымды білемін. Солай бола тұрса да:

Өшкені қашан көзден от,

Еркегің кетті езбе боп.

Ұлан-байтақ даладан,

Ұлтарақтай жер де жоқ.

 

Кім білген аз ба, көппіз бе?

Өткенге сіңіп кетті із де.

Меншіктің жоғы түк емес,

Мемлекет тіпті жоқ бізде! - деп сол ағалар айта алмағанды да айтқанымды ескеріңіз...

- Иә, ішіңіз сезіп отыр екен, намысыңызды қайрағаным бұл. Кейбір аға-әпкелеріңізде қайраққа жанитын намыс та қалмаған ғой қазір... Биліктің өнер адамдарын Кеңес үкіметі кезіндегідей жарылқамайтынын бәрі айтады, әдебиетте де солай. Жазғаныңыздың еңбегі төленіп, бағасы берілмейтін бүгінгі мемлекеттік саясатта жастардың әдебиетте жүруі - үлкен ерлік. Бірақ бұл ерлік қазақ әдебиетінің өткен ғасырда жеткен биігін ұстап тұра ала ма?

- Тұрады! Оған кәміл сеніңіз. Тіпті ол биіктен асып түсуі мүмкін. Әдебиет бар. Өлең бар. «Туғанда дүние есігін өлеңмен ашып, өлгенде жер қойнына өлеңмен кіретін» қазақты әдебиеттен бөліп тастай алмады ешкім осы уақытқа дейін. Алаш зиялыларын ағаштай отады, айқайласа даусы алты қырдан асатын алтын көмей қазақты аш қалдырып та көрді. Ешкім аузын жаба алмады. Желтоқсанда жұлынын үзіп те көрді. Тепкінің астында жатып та қазақ өлең оқып жатты. Әлі де күмәніңіз бар ма?

- Жоғ-ә... Дегенмен, біздің кейбір аға буын қаламгерлер қоғам мен саясат - басқа, әдебиет - басқа деп түсінеді. Мәселен, олар қоғамда болып жатқан Жаңаөзен қасіреті, шекарашылар өлімі сияқты ұлттық-халықтық қанды оқиғалардан тыс өмір сүреді, шығармашылықтарына арқау етпейді. Ақын ретінде осыны қалай түсінесіз: поэзия - шөптің сыбдыры, судың сылдыры ғана ма?

- Бәлкім, ақындар орын алған оқиғаға дер кезінде үн қоса алмай жатқан шығар. Бірақ мұны олардың халыққа жүрегі ауырмады деп түсінбеу керек. Көбіміздің шындықты шырылдап айта алмай жатқанымыз рас. Бірақ шындық қане? Біз шындықты көре алмай отырмыз. Билік біздің көзімізді көлегейлеп, әдемі көйлек кигізіп, өз «шындықтарын» өткізіп бағуда.

- Бірақ барлық шындық көңіліңізде сайрап тұрған жоқ па?..

- Иә, көңілімде сайрап тұр, тілім жеткенше айтып жатырмын. Айта беремін. Мүмкін, сіз күткен шындықты дәл бере алмай отырған шығармын. Бірақ тәуелсіздік алғанымызға 20 жыл болды деп, жыртылып-айрылып, тойлап жатқанда, несіне жетісіп тойлаймыз осы деп ойлағанмын. Әлемде өз елінде боданның күйін кешіп жүрген қазақтан басқа ұлт жоқ шығар. Соны айтқым келді, жаздым да.

Өзбектің биін биледім,

Қырғыздың тоны кигенім.

Өзіммін десем - өзгемін,

Өзгемін десем - үйдемін.

 

Түркімен билеп төрімді,

Түрікке бердім мөрімді.

Сарттың да санын соқтырып,

Саудалап жүрмін көрімді.

 

Балпаң да балпаң билігім,

Шіренсе шулы, күйлімін.

Өзбектер алса өзектен,

Ұпайға мықты ұйғырым.

 

Күшімен сіңген борщтың,

Санамда ойы орыстың.

Шетелге беріп шикізат,

Батыстан тасып боқ іштім.

 

Намысым жоқ, нәтім - бор,

Атағым - аспан, атым - зор,

Базарым - қытай, бағым - сор,

Құлдыққа көнген халім сол.

 

Тіл де жоқ бізде тілдейтін,

Үн де жоқ біз де үндейтін.

Иесі сүйек лақтырса,

Ит сияқтымыз үрмейтін.

 

Көретін көз де қалмаған,

Сөйлейтін сөз де қалмаған,

Қазақстандық - құжатым,

Қазақпын деуге арланам.

 

Қалайша қозғап кетемін,

Биліктің майлы көтенін.

Елдікке ұйып көрмеген,

Еркіндік менің не теңім?!

 

Қосылып күнде нұрға нұр,

Қоқаңдап қояд құлға құл.

Бостандық атын жамылған,

Бодандығыма - 20 жыл!

 

Шынжырда қалған шындығым,

Ашылмай қойды-ау түндігім.

Күн көсем кетіп орнына,

Нұр көсем келген күн бүгін!

 

Шабақтың қалмай көлшігі,

Жарақтың қалмай ершігі.

«Нұр Отан!» дейміз өзеуреп,

Отан да Оның меншігі.

 

Биліктің бедеу бетінен,

Қан шықпас кессең етінен.

Төрдегі басын қазақтың,

Тартады кейін көтінен.

 

Қайран да қайран, қазағым,

Қайғыңды қанмен жазамын.

Бүгінгі күннен түк емес,

Өлгенде көрген тозағың.

 

Арзан сөзіңе алдандым,

Арзан бөзіңе арбалдым.

Тәуелсіздік күні мен үшін -

Азаттық қаза болған күн!

Шын мәнінде, азаматтықтың қаза болғанындай, артынша Жаңаөзен оқиғасы бұрқ ете қалды. Азат елдің азат ұрпақтарына оқ жаудыру деген бізде тәуелсіздік жоқ дегенді меңзейді. Мен басқаша түсіне алмаймын.

- Сол Жаңаөзенде қырылған халыққа басу айтарлық, болмаса сонда шейіт кеткен боздақ ұлдарға арнап өлең жаздыңыз ба?

- Жоқ, жазбадым. Қабырғам қайысты, әлі жүрегім ауырады. Әрі-беріден соң, халыққа басу айтқанымыз дұрыс па өзі. Біз халықты басып болдық. Бізге, керісінше, ашу жетпей жатыр. Біз жыласақ та, тұмсығымызды шапанымыздың ішіне тығып алып, булығып жылаймыз. Жаңаөзенде қырылған адамдардың жақын-жуықтары әлі жылап отыр. Жұбатып керегі не оларды, бәріміз қосылып жылайық. Ашуымызды, ақыр аяғында «жынымызды» сыртқа шығарайық. Халық жынданды деп билік бізден ығатын дәрежеге жетейік. Әйтпесе олар біздің тағдырымызды бір оқтың күшімен шешуді доғармайды.

- Асылзат, сіз «біртүрлі» ақынсыз. «Біртүрлі» болатыныңыз, жазған өлеңдеріңізде қазақ әйел ақындарының шеңберін бұзған «тентектік» бар. Бұл «тентектік» поэзияға соны салу ма, жоқ әлде эротикалық тақырыптарға жан-дүниеңіздің жақындығы ма?

- Иә, жан-дүнием жақын. Тек менің ғана ма? Бәрінің де сүюге, сүйіспеншілікке бөленуге, ләззат алуға жан-дүниесі жақын. Бірақ біз сүю тақырыбын қозғағаннан, атыс-шабысты, өлтіріп, бауыздап кеткендерді айтуға құмармыз. Маған осы сұрақ жиі қойылатындықтан, «эротика» деген сөздің мағынасын іздеп, сөздіктерді қарап шықтым. Оттайды бәрі! Эротика ол - өмір! Ал өмірді жырлау ұят емес. Сіз айтпақшы «тентек» болмаса, ақындардан өлең тумайды. Керісінше, бізге осы тентектік жетіспей жатыр ғой. Өнерге шеңбер сызып қажеті жоқ. Өнердің өрісі кең болуы керек.

- Эротикалық жанрдағы өлеңдеріңіз үшін оқырман тарапынан айтылатын сын аз емес. Өйткені қазақтың әдебиеті түгілі, қоғамына жат секілді көрінеді бұл тақырып. Шыныңызды айтыңызшы, оқырмандарыңыз: аға-әпке, замандастарыңыз өлеңіңізді қалай бағалайды?

- Жоқ, ешкім де сынамайды. Замандастарым да, аға-әпкем де. Былайғы әдебиетшілер де, ақындар да сынамайды. Сынауға олардың өресі жетпейді.

Ал «қазақ әйеліне тән емес» деп, пыш-пыштаушылардың сөздерін сөз екен деп құлағыма қыстырғым келмейді. Құдды солардың өздері қазаққа тән әрекет жасап жүргендей сөйлейтіндерге жыным келеді. Сіздің өзіңіз менің өлеңдерімді қоғамға, әдебиетке жат деп түсініп отырсыз. Бұл - поэзия! Поэзия қалайша әдебиетке жат болуы керек. Бұл дегеніңіз әдебиет адамға жат дегенмен бірдей. Адамға эротика жат деп айта аласыз ба? Айта алмайсыз, демек, ол туралы поэзия да, көркем сурет те, музыка да керек.

- Сізді бір ақын жігіт: «Асылзат - қазақ әйелдерінің бұған шейін «жабық» келген жан-дүниесін ашқан ақын» деп айтыпты. Мұны «демократиялық қоғамға талпынған гендерлік саясаттың нәтижесі» деп жүр тағы біреулер. Осы пікірлермен келісесіз бе?

- Әртүрлі пікір болады, олардың бәріне келісемін, келіспейді екем - жауап беруге тиісті емеспін. Ең бастысы, менің өлеңдерім туралы пікір бар. Және ол бір жақты емес. Өнерді батпаққа батыратын бір жақты пікір. Пікір алуан түрлі болғанда ғана ол өрістейді. Мен соған қуанамын. Сондықтан да ананың айтқанына келісемін деп алақайлап, мынаның айтқанына келіспеймін деп тулап жатпаймын. Кімнің не айтса да өз еркі, сондай-ақ өлеңді қабылдау да әрқалай. Оған ренжудің керегі жоқ.

- Қазір көп жас ақын өздерінің «жарнамасын» жақсы жасап алған: сайты, жеке парақшалары бар. Мүшәйралардан да мүсәпірдің күйін кешіп жүлде алып жатады. Бірақ сізден ондай қылықтарды байқай алмадық...

- Ақындар жеке парағын, сайтын ашса, оны өзіне жарнама жасады деп қабылдамау керек. Оны оқырмандарға жол табудың үлгісі деп ұғынған дұрыс. Біз тіпті осы бағытта дұрыс жұмыс істей алмай отырмыз. Ғаламтор - әлемнің кез келген түкпірімен байланыс орнатуға болатын бірден-бір құрал. Керісінше, ақындардың, жазушылардың, суретшілердің, т.б. өнер иелерінің сайттары көбірек ашылып, әлемге танылуы керек. Алдымызда тұрған «милы жәшікті» тиімді пайдалана алмай отырғанымызға қынжылудың орнына, екі-үш ақынның ашқан сайтын көп көру - меніңше, дұрыс емес.

Ал енді мүшәйра туралы әңгіме басқа. Бұрын облыс орталығында тұрғанда облыстық деңгейде өткізілген мүшәйраның деніне қатыстым. Алмаған жүлдем жоқ. Ол менің өсуіме, ортада танылуыма керек болды. Берген жүлделері жыртығымды жамады деп айта алмаймын. Ал республикалық мүшәйраларға қатысқан жоқпын. Құлқым жоқ. Бары осы, басқа себебі жоқ оның. Қатысып, жүлде алып жатқан ақындарды да кінәлауға болмайды. Мүсәпірдің күйін кешіп жүр деудің орнына, мүсәпірдің күйін кешірмейтін жағдай жасау керек.

- Сонда, ашық айтыңызшы, мүсәпірдің күйін кештірмеу үшін үкімет өнер адамдарына, жалпы шығармашылық адамдарға не істеу керек? Көмекті материалдық тұрғыда ғана түсінеміз бе, жоқ әлде?..

- Материалдық тұрғыдан болса, ол жаман ба? Мемлекет менің жағдайымды мен ақын болғаным үшін жасамасын, мен осы мемлекеттің азаматы, ақыр аяғында ата-бабамыз аманаттап кеткен жердің иесі ретінде бізге өз үлесімізді беруі керек. Мен неге қазақ бола тұрып, қазақтың жерінде қайыршының күйін кешуім керек? Не үшін үкімет маған несиеге үй беруі керек? Неге мен сол үшін биліктің табанын жалап, жанымды шүберекке түйіп, өмір бойы несие төлеп өтуім керек? Бұл жерді бізге менің, сенің, оның атасы аманаттап кетті, «біздің ұрпағымыз біреудің боданы болмасын, өзгенің жеріне көз сүзбесін» деп, жаумен жағаласып, жан беріп, жан алысып жүріп бізге беріп кетті. Бірақ олар кейін ел тұтқасын ұстайтындардың елді тонап, жейтінін жеп, сосын отанын сатып, шетелге қашып, шалқасынан түсіп, қарнын тыр-тыр қасып жататынын білген жоқ.

Мен ешқашан да ақын болғаным үшін деп, Алланың берген таланты үшін адамнан көмек сұрамаймын. Маған онсыз да Құдай көп нәрсе берді. Сонымды құт қылсам да жетеді. Бірақ қазақ қазақтың жерінде боданның күйін кешпей, бақытты күн кешуі керек. Бес баласын жетектеп, үйсіз-күйсіз жылап жүрген жесір әйелді көргенде, бізде шынында да мемлекет жоқ екен деп жағамды ұстағанмын. Оның қасында менікі етігі жоқтың аяғы жоқты көріп тәубесіне келгеніндей нәрсе.

- Сізге замандас ақын-жазушылардың арасында түсініксіз өлең, өлім мен үрейге құрылған әңгіме жазатын қаламгерлер көбейіп барады. Әдебиет - қоғам айнасы дейді, сонда біздің қоғамның кейпі - бүгінгі жастар жазып жүрген шығармалар сияқты бұлыңғыр ма, қалай ойлайсыз?

- Әдебиет біреу - қазақ әдебиеті. Ал қазақ әдебиетін мен бұлыңғыр деп айта алмаймын. Рас, прозаның дағдарып тұрғанын бәріміз іштей сеземіз. Ал поэзия дамып алға шығып бара жатыр. Шетелге шығып, ішіне кіріп араласпасам да, қазақ поэзиясы шарықтау шегінде тұрғанын ішім сезеді. Ақын көп, олардың ішінде бұлыңғыры да бар. Өлім туралы көп жазасыз деген ескертпені (сын емес) өзім де жиі естимін. Тіпті «кітабың жастарды суицидке итермелейді, өлім туралы көп жазады екенсіз» деп те айтқандар бар.

- Астанада тұрасыз. Алатаудан кеткен көп ақын-жазушылар Арқаның аязына шыдамай, Алматыға айналып келіп жатады. Өнерге суық Астанадан гөрі, мәдениеттің базары Алматыда тұру ойыңызда жоқ па?

- Ондай ойым жоқ. Астана суық болса да, маған ұнайды. Өйткені мен мұндағы көп пәтериант қазақтардың бірімін.

- Әңгімеңізге көп-көп рақмет!

Жұқамыр ШӨКЕ,

«D»

 

Поэзия

Асылзат

АРЫСТАНБЕК

 

Күрең атың шөлдесе...

Күміс көлден ойылған,

Күрең атты суарған,

Сен де шықтың ойымнан,

Мен де шықтым құмардан.

 

Жағасында көлімнің,

Жай жатпайсың, жырғайсың.

Күрең атың шөлдесе,

Күнде келіп тұрғайсың.

 

Тұңғиығы тап-таза,

Табиғаттың ғажабы:

Қысы-жазы көлімнің,

Тарқамайды базары.

 

Күліп-ойнап кеткейсің,

Күміс теріп тереңнен.

Күрең келсе кісінеп,

Көл де шығар кемерден,

 

Тыныштықпен таласып,

Тілегіңе жеткейсің,

Күреңіңмен таң асып,

Қазық қағып кеткейсің.

 

Көл жағасы құрақ-ты,

Келіп тұрғай құс аулап,

Арғымағым, біржола,

Алайын ба тұсаулап.

 

Келсең-дағы таң асып,

Тыншымайсың, тынбайсың.

Күрең атың шөлдесе,

Күнде келіп тұрғайсың.

 

Таңға жеткен тілегің,

Тоят түннің пірі едің.

Шорт үзетін шідерін,

Шөлі қанбас күреңім.

 

***

Шәйі көрпе шытыр-шытыр етеді,

Шайыр төсек сықыр-сықыр етеді.

«Келші жаным, кел тағы да» дейсің сен,

«Болды» деймін, «жоқ, осы да жетеді».

 

Бірде майып,

Бірде жеңіп,

Ұтамыз,

Бар бұлақтың балын бірге жұтамыз.

Алқын-жұлқын,

Бөрі тартқан тулақтай,

Айдалада қалған шығар лыпамыз.

 

Сезім - сері,

Көңіл де - тоқ,

Серт - егіз,

Ерке бала сияқтымыз,

Ерке қыз.

Бұла күштің бұлқынысы шыдатпай,

Белден төмен сырғып кетті көрпеміз.

 

Көрікті сөз төгіледі кесте боп,

Ләззаттардың лағыл тасын тескен оқ.

Сен емініп,

Мен езіліп жатқанбыз,

О, құдірет...

Арғы жағы есте жоқ.

 

Заңдылығы болғаннан соң өмірдің,

Оны жырлау еншісінде өлеңнің.

Тұра алмайтын бір-бірінсіз өмірде,

Ер мен әйел екі жарты - бір бүтін.

 

... «Қой» дегенді күшігім тыңдамайды,

Есігіңді искелеп тырналайды,

Кіріп шықсын ендеше есігіңді аш,

Не бар, не жоқ екенін бір қарайды...

 

***

Алды-артыма қаратпай,

Алып есті,

Өңменімнен

Отты көз тағы тесті.

Дәл өзіңдей көрмеппін дәруішті,

Дәл өзіңдей көрмеппін жарыместі.

 

Алқын-жұлқын,

Аймалап,

Алып-ұшып,

Аппақ тәнге

Арғы ойың шағылысып.

Қалыпсың ғой кенезең кеуіп әбден,

Қалыппыз ғой керемет сағынысып.

 

Желкемдегі жеті өрім шашым тарқап,

Жақындасаң тартады бойым шалқақ.

Бұрын неге болғанбыз тым бұйығы,

Бұрындары болғанбыз неге қорқақ?!

 

Шарықтады шат көңіл,

Шөлін басып,

Қос бұлақтан кеткендей лағыл тасып.

Бар жынынан айрылған бақсыдайсың,

Қарауға да шамаң жоқ көзіңді ашып.

 

Осы түнге байлық та,

Бақ та құрбан,

Күліп атқан айналдым ақ таңымнан.

Жарық күнде жай түскен жалғыз талдай,

Жайрап қалдым қауындай қақ жарылған.

 

Найзағайың тік түсіп,

Кеттім күйіп,

Нөсердейін сонан соң төктің құйып.

Қаймағы алынбаған сүттей едім,

Бір қасық қатығыңнан кеттім ұйып.

 

***

Тылсымның шым батырып тереңіне,

Түсінсең, бәрін айтып керегі не?

Жарты түн

Жарты ақылмен өте шығар,

Жарығы тереземнің сөнеді де.

 

Ернімнен,

Бал сорасың бармағымнан,

Құдай-ау, тез атады таң неғылған?

Қайраңға шығып қалған ақ шабақтай,

Шоршиды ақ балтырым қармағыңнан.

 

Шие шарап,

Шие ерін,

Ширай денем,

Шын қандырмай шөліңді қинай берем.

Сенің де бойға сыймай ыстық қаның,

Менің де өз теріме сыймай денем.

 

Көтеріліп-басылып көрпе көңіл,

Қимылымыз епсекті, ерке-жеңіл.

Мен керілдім,

Берілдім бас айналып,

Бәрін мүлде ұмытып сен де беріл.

 

Бірте-бірте бәсеңсіп бүлкіліміз,

Балбыраймыз баладай,

Күлкіліміз.

Құшағымыз қарысқан жазыла сап,

Құшақтаса кетеді кірпігіміз.

«Общественная позиция»

(проект «DAT» № 25 (153) 13 маусым 2012 жыл

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1466
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3240
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5379