Күн - күйеуін жер көксеп ала қыстай,
Біреуіне біреуі қосылыспай,
Көңілі күн лебіне тойғаннан соң
Жер толықсып, түрленер тоты құстай.
Абай Құнанбайұлы

Санайғақ
Осы жылдың 1 қыркүйек күні 2 496 465 оқушы мектепке барады. Оның ішінде 297 778-і мектеп табалдырығын бірінші рет аттайды екен.
Айтқыш екен
Өз жерінде жеуге жарар, дәметер ештеңесі болмағандықтан ауыз бәрін шеттен алады. Экспорты - тек қана сөз.


Оспанхан Әубәкіров

Загрузка

Айдос Сарым. Родино Отанынан айрылып қала жаздады

Жәрдемші


Жақында ғана қазақ-орыс-моңғол шекарасында Голливудтың, Түркия мен Бразилияның кинорежиссерлері мен сценарийшілерінің түсіне кірмейтін шым-шытырық оқиға болды. Баян-Өлгийден Атамекенін аңсап келе жатқан қазақ анасы нәрестесінен айрылып, үш шекара тоғысында дүниеге келген қазақ баласы Отанымен табыса алмай қала жаздады...

Оқиға былай өрбіген көрінеді. Моңғолиядан атажұртын бетке алып қандастарымыздың бір тобы жолға шығады. Олардың қатарында "қалай болғанда да еліме жетіп босанайын" деп шешкен үш баланың анасы 26 жастағы  Сұлушаш Қалқаман деген қандасымыз да бар болатын. Олар мінген автобус орыс-моңғол шекарасынан аман-есен өтіп, орыс-қазақ шекарасына қарай бұрылады. Ресми деректерге сүйеніп айтар болсақ, қандастарымыз мінген автобус 22 қазан күні моңғол-ресей шекарасынан 90 шақырым жерде, Ресейдің Алтай аймағының Родино атты аудан орталығының маңында алдынан шыққан "Жигули" автокөлігімен қақтығысып қалады. Қақтығыстан ешкім жапа шекпепті, тек Сұлушаштың толғағы басталып кетеді. Абырой болғанда ағайындары оны тез арада аудан орталығындағы ауруханаға жеткізіп үлгіреді...

Сұлушаш аман-есен босанып, дүниеге тағы бір қазақ баласын алып келеді. Родино аудандық ауруханасының бас дәрігері Сергей Сердюк: айтуынша: "Ана мен баланың денсаулығына ешқандай зақым келмеген. Сұлушаш орысша түсінбегендіктен, ал арамызда бірде-бір адам қазақша ия моңғолша тілдесе алмағандықтан, барлығын оған ыммен жеткізуге тура келді. Ол тәжірибелі ана болғандықтан бұл жағынан ешқандай қиындық бола қойған жоқ", -дейді.

Сұлушаш нәрестесімен бірге ауруханада жатқан кезде, оның туған-туыстары Қазақстанға қарай жүріп кетуге мәжбүр болады. Ресей жерінде транзитпен жүрген қандастарымызға орыстың жергілікті әкімшілігі қол ұшын беріп, оларды бәле-жаладан аулақ болуы үшін милициямен Кереку қаласына дейін шығарып салады...

Ресейдің ақпарат құралдарының дерегі бойынша, 27 қазан күні Родино ауданына Сұлушаштың Байқал деген туысы келіп кетіпті. Ептеген орысшасы бар ағайын Сұлушаш пен оның ұлын алып кетуге тырысады, ол үшін жергілікті АХАЖ қызметіне жүгінеді. Ол жақта қандай әңгіме болғаны қайдам, әйтеуір істің соңы баланың атын РОДИНО деп атаумен тынады! Қолына АХАЖ-дың қағазын алып, ауруханадан Сұлушаш пен Родиноны алып, Балқаш қандасымыз елге қарай қозғалады. Қызықтың барлығы осы жерден басталады...

Сонымен, орыс-қазақ шекарасынан өте берген кезде Ресейдің кеденшілері жоқ жерден дау шығарып, Родиноның Қазақстанға өтуіне тыйым салады. Себебі, әлемдік тәжірибе бойынша, кәмелетке толмаған бала шекарадан өту үшін ия анасының, ия әкесінің төлқұжатына жазылуы керек. Ресей шекарашылары бөтен елдің төлқұжатына ешқандай өзгерту енгізе алмайтынын айтып Родино аудандық АХАЖ қызметінің құжатына пысқырып та қарамайды. Олар қандастарымызға "уақытша онкүндік виза ашып, Тува қаласындағы Моңғолияның консулына барыңдар" деп кеңес береді.

Визасының уақыты аяқталып, ақшасы таусылған қандастарымыз не істей алады? Орысша ләм-мим дей алмайтын Сұлушаш пен Байқал әбден әбігерге түсіп, ресейлік шенеуніктердің сөздерін түсіне қоймайды. Олар қазақшалап өз наразылықтарын айта бастаса, Ресей сақшылары оларды ұқпайды. Орыс шекарашыларының бұл тірлігін "баланы қалай болғанда да алып қалу" деп түсінген қандастарымыз жылап-еңіреп, тиісті құжаттардың барлығы ресмиленгенге дейін баланы Родино ауруханасына апарып, жергілікті дәрігерлердің мейірімділігіне сеніп, аманат етіп қалдырады...

Сонымен Сұлушаш елге қайтады, ал Родино аудандық ауруханада қалады. Анасынан айрылған нәрестеге жергілікті дәрігерлер оң көзімен қарап, оны барынша жетімсіретпеуге тырысады. Жоғарыда аталған дәрігер Сергей Сердюк: "Шыңғысханның мықты ұрпағы болып шықты бұл бала. Осы күндері ауруханада тымау кеңінен тарап, екі баланың бірі суықтап, тымауратып жатқан кезде, мына бала мыңқ етпеді" - деп қайран қалады. Жергілікті қазақ диаспорасы Родиноға бола қаражат жинап, біреулері баланың тамағын, екіншілері - киімін алып келіп жатады.

Ендігі әңгіме өзіміздің қандастарымыздың надандығы мен ресей дәрігерлерінің адамгершілігі хақында болмақ. Родиноға әбден бауыр басып кеткен дәрігерлер оның ата-анасын күтіп зар болады. Қайта-қайта жергілікті шекарашылар мер көші-қон басқармасына қатынас хат жазып, телефон шалады. Баланың туған туыстарынан бейхабар ақхалатты азаматтардың қолында тек Байқалдың ұялы телефонының нөмірі жазулы екен. Соған қайта-қайта қоңыраулата береді. Ешкім телефонды көтермейді. Күндердің күнінде телефон иесі "Біздерді енді мазаламаңыздар. Біздер кедей адамдармыз. Сұлушашқа оның баласы шетінеп кетті деп айттық" деп жауап қатады. Амалсыз дәрігерлер жергілікті баспасөз өкілдеріне хабарласып, анасын күтіп жатқан Родино туралы арнайы телесюжет жасайды. Оны Ресейдің барлық телеарналары көрсетіп, бір шеті еліміздегі аймақтық телеарналарға дейін жетеді.

Дәрігерлердің осындай табандылығының арқасында баласының амандығы туралы хабар Қарағанды облысының Абай ауданына барып орын тепкен Сұлушашқа дейін жетіпті. Ақыры туған-туыстар жиналып, нәрестені қалай болғанда да елге қайтаруға жұмыстанады. Родино ауруханасының медбикесі Ольга Ефременко: "Күндердің күнінде ауруханаға біреулер телефон шалып, "Біз Родиноның туыстарымыз. Біз оны міндетті түрде алып кетеміз" деп еңкілдеп жылағанын естігенде, қуанышымның шегі болмады" дейді.

Не керек, бүгінгі күні үш елдің ресми органдары "контрабанды нәрестенің" мәселесін шешіп болған сияқты. Сұлушаш пен оның туыстары Родиномен қауышу үшін қажетті құжаттарын әзірлеп, жол құнын өтейтін қаражат тауыпты. Родиноның анасымен тезірек кездесуіне Алтайдағы қандастарымыз да ат салысып, қаржылық көмек көрсетуге дайын екендіктерін айтып жатыр. Құдай қаласа, жақын арада Родино көп күттірген Отанына оралады! Хэппи энд!

Алайда, осы оқиғаның барысына қарап бірнеше ойға келдік. Дүниеге келмей жатып көші-қонның барлық сұмдығы мен машақатына тап болған Родиноның Отанына оралуы жалпы қазақтың Атамекеніне оралуының нақты көрінісі іспеттес. Нәрестені бәле-жаладан, ауру-сырқаудан сақтап, мейірімді адамдарға табыстырғанына қуанамыз. Оны елін аңсап кеткен ата-бабаларының аруағы қолдады, желеп-жебеді деп түсінеміз. Осындай бейнетті басынан өткеріп, атажұртына аман оралған Родиноның болашағы жарқын болады деп сенеміз!

Осы аталған оқиғаның барысында еліміздегі көші-қон органдарының жұмысда шикіліктің басым екені тағы да көрініп қалды. Қандастарымызды көшіру мәселесінде көп жағдайда немқұрайлылық танытып, "келсе келсін, келмесе керуен атсын" деп жүріп жатқандаймыз. Біздің ойымызша, алдағы уақытта Қазақ үкіметі Ресейдің Моңғолиямен шекарасындағы өкілдері мен заңгерлерінің сандарын, қажет болса арнайы консулдықтарының санын арттыруы тиіс! Еліне қарай бет алған әрбір азаматтың денсаулығы, қаржылай мүмкіндіктері мұқият зерттеліп, көші-қон қызметтерінің назарында тұрғаны абзал.

Амалсыз Америка не Франция сияқты зиялы елдердің осындай жағдайдағы тіршілігі есіңе келеді екен. Егер олардың азаматтары жат жақта қиналып қалса, бірден мемлекет басшылары сөз сөйлеп, партиялары мен баспасөзі дүрліге көтерілер еді. Қажет болса бұл елдердің өз азаматтарын құтқару үшін әлемнің қай шетіне болса да әскері мен дипломаттарын жіберіп, мәселенің оң шешімін тапқанға дейін күресетінін білеміз. Ал біздер ше? Ресей дәрігерлері мен баспасөзі үндемей жатса, осындай оқиғаның орын алғанын естімей де қалар едік! Біздерге өз азаматтарымызға деген жауапкершілік жетпей жатыр. Біз мемлекеттік деңгейде «Бір қазақ - бар қазақ, бар қазақ - бір қазақ»  деген түсінікті қалыптастыра алмай келеміз. Осы бағытта ұлттық деңгейде біраз жұмыс атқару қажет! Алдағы жылдары Қытайдағы, Өзбекстандағы, Ресейдегі, Моңғолиядағы, т.б. жерлердегі қандастарымыздың барлығын елімізге аман-есен көшіруге жазсын! Еліміздің әрбір азаматына, шетте жүрген әрбір қандасымызға абай болайық, ағайын!


«Абай-ақпарат»

 

 


 



Мына оқиға шынымен де бір кинофильмның арқауы екен.


Адамның көңілін босататын оқиға екен. Айдос мырза тартымды жазыпсыз. "Бір қазақ - бар қазақ, бар қазақ - бір қазақ" деген ұғымды ұранға айналдыру керек. Әлгі Байқалың шынында телефонмен әлгіндей сөз айтса, Байқал емес, байтал екен. Сосын, біз шеттен келетін әр азаматтың тағдырына өте жуапкер болуымыз керек. бұл біздің ұлтымызаға, мемлекетіміздің намысына тікелей қатысты іс.


біз шеттен келетін әр азаматтың тағдырына өте жуапкер болуымыз керек.

Әр азаматтың емес, әр қазақтың деп түзегім келіп отыр...


Тух! Кіп кішкентай періштем ау! Құшағыңда аш Қазақ елі; Родино келе жатыр!
Абақ керей


бұл көзден жас ағызатын, нағыз қазақтың басындағы драма екен! Таудай бол қазақ баласы РОДИНО!


Көші қон комитетін тап осы Айдос секілді ниеті адал жастар басқарса ғой. Қазақтың бағы сонда жанар еді.


Тфә-тфә, шекесі торсықтай мына ұлды шынында ұлы бабалардң рухы қолдап елге аман есен жеткен ғой. Таудай азамат бол, құлыным! Сен өзіңнің баба жұртыңа оралдың. Сен осы жерде өсіп өнесің. Сенің кемел болашағың осы жерде. Бұл сенің ұлы Отаның!


Осы баланын атын Родино деп калдырса екен деймиз. Родино аудандык ауруханасындагы даригерлердин курыметине жане кол ушын берген азаматтар мен акпарат куралдары окилдеринин курметине! Оларга шексиз алгысымызды билдиремиз!


Дұрыс айтасың! Мынау деген мәңгі есте қалатындай саақ болуы керек балаға да, ата анасына да.


Орыс дегенде басымыз жерге тигенше иіле алғыс айта бергенді қойсақ қайтеді. Нәрестені еліне жібермей қойған орыс шекарашылары емес пе?!


Алтай өлкесінің қарапайым орыс адамдарының мейірімділігіне өз басым бірнеше рет куә болғанмын. Сондай керемет өлкені мекендеген адамдардың жан сарайы да өзіне тартқан ба деп ойлайсың.


Сонша үздігетіндей ештеңе жоқ. Орыстар Алтайда - өз жерінде тұратын қазақтардың жақсылығын мың рет көрген. Бірақ ешқайсысы қазаққа бұлай рахмет айтып үздіккен емес. Өйткені олар өздерін қожайын сезінеді. Ал сен сияқты құлдық психология бойына батпандап кірген қазақтар арқасынан қаққанға арты айрылғанша қуанып, жер көкке сыйғызбай мақтай жөнеледі. Жаңа туған баладан құжат сұраған орыс шекарашыларына рахмет айтайық па?


Айналайын қара домалағым! Қайда жүрсең де аман бол!


Мақаланы оқып, көңілім босап кетті. Символизмі көп оқиға екен.


Не го осылай бос әңгімемен өмір өтіп жатыр.Қазақ екенімізді танытатын уақыт жетті гой ағайындар.Тірі екенімізді бір көрсетейік.Көрсін бізде де намыс,бізде де ар бар екенін.Рухымыздын өлмегенін көрсін.Тірілейік.Шала-шарпы ұйқыдан оянайық ағайын.Ұ.Қ.ТҰРАН


Айдос арысқа мың да бір рахмет. Өткенде теледидардан шет жағасын атүсті естігендей болып едм, мына жерде толыққанды жазған екенсіз! Алла разы қылсын Сізді! Кешке отбасыма міндетті түрде оқытамын,етихан алып отырып, не түсініп, не түйгендерін сұрап.
Тағы бір қандасқа көбейдік, тәубә! Сол жердегі медицина қызметкерлеріне, барша қазақ халқы атыныан рахмет!
Көші қон мекемесі бұдан оң нәтиже шығарады деген сенімде болайық. Сол мекеменің сайтын білетіндерің, тілек ниеттеріңді жазуды ұмытпаңыздар! Саяқ.


Қандасымыздың надандығы деген сөзге келіспеймін. Көшіп көрмеген соң қаламұшы ойнаған ақ қағаздан басқаны білмейтін көп адамдар үшін бір елден бір елге келу деген...


Я,бұндай үш елдің арасында дүниеге келген бала ұлкен азамат болады алла жазса...

Ашық болсын,алашымның аспаны!


Бір қазақ - бар қазақ, бар қазақ - бір қазақ. Керемет сөз. Бүгінгі күннің ұранына айналар мықты сөз екен. Родино - бар әрпін өзгерсең Родинаға, яғни Отанға айналғалы тұр. Бірақ бұл атты билік париясы меншіктеп алды, енді оны доктринамен жоғалтуға тырысып жатыр ғой. Сөзде бәрі тамаша, бірақ іске келгенде - соңдарында арамдық тұр. Билік қазақ қазақпен қазақша сөйлессін дейді де, өздері... әр жағы түсінікті.

Адамдар қай жерде өмір сүрсе де - адам. Оның ішінде адал пиғылдылар толып жатыр. Бірінің көмегінсіз бірі өмір сүре алмайды. Үстімізге киген киімімізден бастап, автокөлігіміз және т.б. тұтыну бұйымдарын басқа елдің адамдары жасаған ғой.

Родино, өз елің келдің, тіл-көзден аман, бақытты бол. Заман әлі түзеледі. Сенемін.


Родиноның бауы берік болсын, анасы! Қайран ана балаңды көргенше сұтің тарап кеткен жоқ па? Бір жылап алдым. Періштем, аман бол, еліңнің азаматы бол!"Бір қазақ - бар қазақ, бар қазақ - бір қазақ."


ммммм....


Басынан талай қиындықтарды өткізіп арып шаршап келе жатқан қандастарымыз Отанға "қазақстандық" болу үшін емес ҚАЗАҚ болу үшін келе жатқанын ұмытпайық ағайын


Ағайындар ау, жас сәбидің шыр етіп өмірге келген жері де ол оның ата бабаларының бір кездегі кіндік қанын кескен тарихи жері емес пе еді.Отаршылардың ол жерді өзіне қаратып алғаны тарихтан белгілі. Сондықтан жас нәрестенің аты біреулер айтқандай Родино емес Алтай болуы керек. Бұған ата-анасы келіседі деп ойлаймын.Сонымен осы 18 жылда Қазақ еліне оралған қазақтар саны 1000001(бір миллион бір) адамға көбейді.Бұл үлкен қуаныш! Тумай жатып орыстың "тепкісін" көрген кішкентай Алтай өз Отанына нағыз қазақ болу үшін келе жатқанын ұмытпайық. "Ел бірлігі" деп тек осыны ғана айтуға болады!!!


РАХМЕТ, АЙДОСЖАН! алпы, бұл оқиға Қазақ елінің әлі де қалыптаспай отырғанын білдіреді. Сыртқы істер органы әр қазақ үшін бас ауыртып отырған жоқ,Сондықтан біздегі стартагеия да , тактика да Қазақ елін қалыптастырып, дамытуға бағытталғаны жөн. Оны безбүйрек "Қазақстанды" Қазақ еліне айналдыру саясаты деген жөн. Ол үшін бас көтерер лидерлер түрлі ұйымдар құрып, саяси ықпал жасауға ден қою қажет. Бір ғана Шаханұлының ұйымдастыруы ел бола алатынымызға жігер берді. Одан әрі мәселесі көп қазақтың әр мәселесін қолға алатын, бір мәселе бойынша бірнеше ұйымдар керек-ақ. Оны қоғамдық ұйымдар деп атайды. Міне, бүгін қазаққа оппозициялық партиядан гөрі қоғамдық ұйымдар керек екені көрінді! "Нұрлы көш" программа емес, қазақты "сорлы көшке" айналдыруда.


Родино деген аттан тезірек құтылған жөн. Ертең оны кластастары Уродина деп мазақтары анық. Одан да Отанжан деп атағаны дұрыс.


Орыс дегенде басымыз жерге тигенше иіле алғыс айта бергенді қойсақ қайтеді. Нәрестені еліне жібермей қойған орыс шекарашылары емес пе?!


Айдос,

Баланың аты жони туган кун жане баска координаталарын жазшы.
Басиресин мен дерейин. Алыстан келген балага бир тай мингизейик.
Халык банкине баланын атына депозит ашып акша салып кояын
Мезгили келгенде ози алар. Аман бол Родино балам !


Алдтайды орыс пен қытай төртке бөлген соң, алтайдың арда емген көкбөрілері осылай шұбыруға мәжбүр болып отыр ғой. әйтпесе Алтын Алтай түркілер ең алғаш от жаққан киелі жер емес пе?!
Алтайды төртке бөлсек көкбөрілер әлсіреп, қарсылылқ көрсете алмайды дегені ғой. Ұлы империялар Алтайдан басталады емес пе, ал енді біздің түріміз мынау, Қасиетті Алтай төртке бөлініп, қазақтар ауызбіршілікке келе алмай бөлшектеніп жүргені!

Пікір қосу

  • Беттер мен электронды поштаның мекенжайлары автоматты түрде сілтемелерге айналдырылады.
  • Allowed HTML tags: <a> <em> <strong> <cite> <code> <ul> <ol> <li> <dl> <dt> <dd>
  • Жолдар мен параграфтар автоматты түрде тасымалданады.

Форматтау жайлы толығырақ

4 + 2 =
Математикалық есепті шешіңіз.
 

Мұрағат

Қыркүйек 2010
ДсСсСрБсЖмСбЖс
-1012345
6789101112
13141516171819
20212223242526
27282930123

Айлық статистика

<<  >>




muftyat.kz/jaris/