Жұма, 24 Қаңтар 2020
Ақмылтық 3721 15 пікір 9 Желтоқсан, 2019 сағат 13:14

«Болашақпен» оқыған қазақ қызы ұлтын білмейді

Қазақ жастарын шетелдерде оқытуды ең бірінші қолға алған Тұрар Рысқұлов болатын. 1920 жылы 21 қаңтарда Рысқұлов Түркістан Республиканың Орталық атқару комитетінің төрағасы болып сайланды. Атқару комитетінің төрағасы ретінде Түркістан Республиканың Конституциясына сай берілген құқықтарын пайдалана отырып, 20 шақты қазақ жас жігіттерін Еуропада білім алуға аттандыруға әм оқуын бітірген соң кері қайтаруларына қол жеткізді. Дәл қазір біз осы Тұрар бабамыз салған дәстүрдің заңды жалғасы «Болашақпен» кімдерді оқытып жатырмыз!? 

Жастарды шетелде оқытудың кері жағы да барлығын ескеруге тиіспіз. Есі бар елдер басқа елге оқуға ана тілінде білім алған, өз елінде белгілі бір салада маманданған жасы 29-дан асқан әм оң мен солын таныған оғландарын ғана сыртқа жер көріп, ел тану үшін жібереді. Әйтпесе 18-25 жастағы студенттер өзге елдің сойылын соғатын бесінші колонаға айналады деген жазылмаған заң бар. Біз жас мемлекет болған соң, осы мәселені көбіне ескере бермейміз. 

Болашақпен оқып жатқан қазақ қыздары және шет елде білім алып жатқан қырғыз бикештері арасында дәстүрлі емес, жыныстық бағыттағы бұрымдыларымыздың барлығы анықтала бастады. Олар түрлі деңгейде ОА LGBT қозғалыстарға қатысты мақалалар мен зерттеулерін ағылшын тілді БАҚ жариялай бастады. Солтүстік аймақтан шыққан Жанар Секербаеваның Ұлыбританияның Open Democracy атты БАҚ-та Еуразия шегіндегі орыс және қазақ тілдері арасындағы ішкі «Қосар алаң»(Two fields within lost between Russian and Kazakh in the Eurasian borderland) атты мақаласы таяуда жарық көрді.

Аталған ағылшындық басылым өз елінде білім алып жатқан әм өзін ОА еркекшоралар белсендісімін деп санайтын Жанар Секербаеваның Ресейдің ОА оның ішінде Қазақ еліне қатысты әлі күнге отарлаушы позиция ұстанып отырған паш еткен мақаласын «Abai.kz» оқырмандары назарына тәржімалап ұсынып отырмыз.

Жанар Секербаеваның ағынан жарылуы

Өз басым Орталық Азиядан шыққан әйел ретінде екі мәдениеттің: орыс пен қазақтың арасында сеңдей соғылысамын. Маған қайсысының жақын әм қастерлі екенін айқындап алу өте қиынға соғып дал боламын. Өзіме келер болсам, орысша сөйлеймін, қазақша ұққаныммен ләм-им дей алмаймын. Сонда мен кіммін?! Белсендімін бе, еркекшорамын ба, әлде өзінің докторлық диссертациясын жазып жатқан әйелмін бе? Менің жеке басымның осы тұстары өзімді үнемі күмәндануға ұшыратады. Алдымды кескестейтін екі бірегейліктің қайсысын таңдауым керектігі жолында тұмсығым тасқа соғылады. Мен екі ортада шөре-шөрелікпен күй кешу үстіндемін. Сөйлеген, жазған кезде, адамдармен аралас-құралас болған шағымда өзімді не жартыкеш, не толық таныта алған алмағанымды нақты біле алмай қапа боламын. 

Менің жекебастық өмір тәжірибем әсіресе шекаралық аймақтарда әлі күнге дейін сақталынып отырған империалистік сипаттағы Орталық Азия мен Ресей арасындағы қарым-қатынасқа тікелей бағыныштылық Қазақстанды Ресеймен жіпсіз байланыстырған.  

Осы бір жіпсіз байлану заманалық зерттеулер мен індетулерді, сондай-ақ, 19-шы ғасырда орыстың империялық этнографтары түзген тарихатты (историография) қарастырған шақта мүлдем айқын бола түседі. Олар сол кездегі “Түркістан” деп аталған Ресейдің Орталық Азиядағы отарларына саяхаттаған шақта орыс тілі мен мәдениетін таратушы отарлаушылық процесті әм түземдіктердің ерсі қылықтарынан арылтып, өркениетті жандарға айналдырудың жолдарын әпербақандықпен ұғынуға тырысты.

Зерттеуші әйел Марина Могилнер нәсілдік артықшылық пен кемшіндік Ресейдің антропологиялық дәстүрінің өз бүрін жарып, шешек атқан бөлігі болып табылады деп уәждайды. Бұдан өз отарлары турасында тап осындай проблеманы зерделеген Батыс ғалымдары да құр алақан қалып отырған жоқ. Өз басым 18 және 19 ғасырлардағы орыс фольклоры, қоғамы әм гендері жайлы зерттеген қазақстандық ғалымдардың еңбегін кездестірген емеспін. Қазақ ақыны, ғалым әм қоғам қайраткері Олжас Сүлейменовтің еңбегі осы бос ақтаңдақты толықтырушы әдемі кесте ғана. 1975 жылы “Игорь жасағы туралы Сөзді” өзінің “Аз и Я” зерттеуінде түркі көшпелілерінің әсері тиген деп пайымдаған шағында Сүлейменовті ұлтшыл деп айыптады.

Орыс этнографтары өз еңбектерінде халықтық ертегілік сюжеттерді “империаландырумен” айналысты. Оның айқын мысалы – қартайған әйел кейпіндегі зұлмат Жалмауыз Кемпір персонажы. Олар оны орыс фольклорындағы Баба Яга нұсқасына айналдыра салды. Жалмауыз Кемпір – кісі жегіш, тоғыз басты, балаларды ұрлайтын құбыжық. Орыс фольклорында Баба Яга адам жейтін кәрі мыстан деп аталады. Ол жападан жалғыз орман ішінде тауық аяқты лашықта тұрады. Үй маңындағы қоршаулары адам сүйегінен тұрғызылған. Жалмауыз Кемпір өз құрбандығының не саусағының ұшынан, не тізесінен қан сорады. Ал, бұл интимді, тіпті керек десеңіз – жыныстық (сексуалдық) акті болып саналады.

Неге осы екі символдың арасын тұмандата пәренжелейміз, неге бірі екіншісінен туындаған дейміз? Дәл осылайша зерттеулер жасаушылық қазақ әм Орталық Азия «төл» мәдениетіне қатысты пайымдаулар тінінде байыздап берік орнығып отыр. Бүгінде ресейге дейінгі, кеңестік кезеңге дейінгі отарлаушылық реңкінен ада материалдарды ұшырату қиынның қиыны.

Ресей зерттеушілері 1920-шы жылдардағы орта азия қоғамындағы ауыл-қыстақ тұрғындары сауатсыз, хат тануды қажет ететін, өмірлеріндегі басты өркениеттік жетістігі, мәселен, “ильч шамы” саналады деп жіктеп жіліктеуге тырысты. Қазақ ауылдары ұжымшарға айналдырылып, оның тұрғындары кеңестік жарқын болашақ үшін еңбек етті. Керісінше, қала мен кент тұрғындары орыс тілін білуіне орай сауатты деп танылып, қызметтік мансаптары өскен үстіне өсе түсті. 1955 жылы өмірге келген менің анам Қарағандының медициналық институтына (тұпнұсқада университетіне) орыс тіліндегі емтиханды тапсырған кезде емтихан жауаптарын жаттап алғандығын әлі күнге жыр етіп айтып отыратындығын осы орайда сөз ете кеткенді жөн көрдім.

Егер біз басында сөз қылған этнографтар дәл қазір Қазақстанға келсе, ең басында “жат тіл” болып табылған орыс тілінің бұрынғы “өгей ортада” мөлдір таза күйінде сақталынып қалғанына айран-асыр таң қалар еді.

Өз басым «Болашақтың» аса мәртебелі президенттік шәкіртақысымен ММУ (МГУ) журфагіне 2007 жылы түстім. Менің Ресейді таңдап алу себебім ағылшын тілін нашар білгендігімнен емес, қайта посткеңестік дәуірдегі ең мықты журналисттік мамандық бере алатын университет болғандығынан еді. Оның үстіне бойымда Ресей мен Мәскеуге деген іңкәр сезім бүршігі бартын. Ол жерде өзім үшін Қазақстандағы журфакта оқыған оқулық авторларымен жүздесіп, істес болу мүмкіндігі туындағантын. Мен орыс тілінде балабақшада, мектепте, университетте сөйледім. Бұл менің ана тілім, мен осы тілде өз өлеңдерімді шығарып, академиялық әм көсемсөздік туындыларымды жазамын.

Елден барған ешқайсымыз да алдан не күтіп тұрғанын болжаған жоқпыз. Оқу басталмас бұрын бізді жеке шақырып алып, қытайлық студенттермен бірге қосымша емтихан тапсырасыңдар деді. Біз үлкен бір аудиторияға кірген соң,  әрқайсымызға А4 форматындағы ақ парақты үлестіріп, орыс тіліндегі мәтінді оқи бастады. Емтихан мектептегідей орыс тілінен мазмұндама жазғызудан тұрды. Біз – қазақстандық студенттер – ресей отаршылдық режімінің түлектері орыс тілі өздері үшін шет тілі болып саналатын қытай студенттерімен бірге емтихан тапсыруға мәжбүр болдық. Орыс тілінде білім алғаныма қарамай, Мәскеуде оның маңдай алды оқу орында маған күмән келтірілді. Менің “қосар алаңым” жанымды жеді.

Ресей өзімен шектесетін шекаралық елдерге қатысты әлі күнге дейін империялық кеудемсоқтықтан ғылымда ғана емес, қоғамдық тірлікте де арылған жоқ. Орталық Азияның LGBT қозғалыстарына қатысушы қазақстандық  феминистік қозғалыстың жас белсенділері Мәскеу немесе Санкт-Петербургте өткен манифестерде, конфликтілер мен нәпсілік шабуылдауларға ұшырауда. Бұдан бөлек Орталық Азияның LGBT белсенділерін Ресейде өткен ЛГБТИК-конференция мен семинарларда адам санатына қоспайды да... Бір сөзбен айтқанда, империяшыл Ресей Қазақстан мен Қырғызстандық орыс тілді жергілікті ұлттан шыққандарды көздеріне де ілмейді...

Сөз соңында айтарым, кім болсаң о бол, қанша жерден орыс тілінің майын ішсең де сен Ресей үшін өгейсің!?

Әбіл-Серік Әліакбар

Abai.kz

15 пікір