Жұма, 29 Наурыз 2024
46 - сөз 3549 14 пікір 14 Ақпан, 2020 сағат 11:33

Жеке адамның қасиетін ұлтқа, ұлысқа телуге болмайды

Ауылымның аты Ынтымақ. Мыңнан аса тұрғыны бар шағын елді мекен. Түлкібас ауданының Сайрам ауданымен шекарасына жақындау орналасқан. Цемент зауытымен танымал Састөбе ауылдық округіне қарайды.

Тұрғындардың көбі шуылдақ руынан. Көрші ауылдарда темірлер (бұл да ру) тұрады. Бала кезімде осы темір руы жаудай көрінетін. Үлкендер ақтан алса, көкірек ұрып, руымызды мықты санап, темірлерге төбеден қарайтын. Қыз алысып, құда болып жатады жыл сайын. Бірақ жеме-жемге келгенде бөлінеді де тұрады. Төбелескен екі жігіттің бірі шуылдақ, бірі темір болса, ауыл аралық жанжал болуы оңай.

Тіпті бір рудан болып, бірақ ауылың бөлек болса да қиын. Пәлен ауылдың шуылдағы, түген шуылдағы деп бірін-бірі тағы алалайды.

Мектепте оқып жүргенде бүгін дос болып жүрген сыныптастар қит етсе, үстіңгі көше - астыңғы көше, Қызылжардың шуылдағы - Еңбектің шуылдағы деп және бөлінетін. (Шуылдақтар Ынтымаққа 1950-жылдары шамасында Арыс өзенінің бойындағы ауылдардан көшіп келген).

Ауылда көбіне шуылдақтар тұрады дедім ғой. Бірен-саран сіргелілер, ыстылар дегендей өзге ру өкілдері бар. Қызып алғанда олар да “боқ” сөздің нысанына айналатын. Өзіміз әйтеуір кереметпіз.

Қай жылы екені есімде жоқ, бірде Шымкент маңынан оралмандарға деп мөлтек аудан салатын болды. “Ел басына күн туғанда сатып кеткендер”, “дайын асқа тік қасық”, “үкімет көмектесемін десе, біз жүрміз ғой” дегендей сөзді естіп өскен мен шынымен де шетел асып келген қазақтарды біртүрлі жақтырмай қалдым.

1990-жылдардың басында Тәжікстаннан көшіп келген бірнеше қазақ отбасы бар еді. Бір сыныптасым солардың бірі болды. Ес білгелі ауылда өскен. Бірге ойнап, бірге күліп жүріп, бірақ сөзіміз жараспай қалғанда “тәжік” атанып кететін. Бір сыныптасымның әкесі өзбек, шешесі қазақ. Ауыл жігіттері оны өмір бойы “өзбек” деді. Ол байғұс намыстанатын, “қазақпын” дейтін. Елдің мазағы сүйегінен өтсе керек, өзбекше бір ауыз сөз айтуға ұялатын. Бірде жылағандай болып, “Өзбек ортасында қазақсың дейді, мұнда өзбексің дейді, сонда мен кіммін?” деп еді.

Өзбек демекші, ауылымыздан 17 шақырым жерде 40 мыңнас астам тұрғыны бар Қарабұлақ ауылы бар; 95 пайызы өзбек.

“Өзбектер құтырған”, “барып жәнін шығару” керек деген сөзді де жиі еститінмін. Қалай құтырады десеңіз айтайын.

Біздің ауыл жаппай пияз егетін. Сол Қарабұлақтың мектеп жасындағы ұлдары мен қыздары ауылымызға келіп, “прополка” (пияздың арам шөбін жұлуды осылай атайтын) істейтін. Шымкент жақта жазда күннің қалай ыситынын көбіңіз білетін боларсыздар. Сол күннің қайнаған уақытында жүресінен отырып еңбек ететін. Бұл енді мақтанатын нәрсе емес, тек құтырған деген сөздің қаншалықты орынды екенін жеткізу үшін айтып отырмын.

Жаздың соңы мектепке дайындық деп ауылдағылардың көбі арық малын сол Қарабұлақ базарына барып сататын. Өз ағаңдар оны арзанға сатып алып, семіртіп етке өткізіп, пайда көретін. Қызығы сол, өзекеңдер бізден малды ғана сатып алмайды, сабан мен жемді де біздің жақтан алады. Оларға қызығып та, мүсіркеп те қарамаймын. Малмен айналысып, жақсы кәсіп қылса да, онысы үлкен еңбекпен және құрбандықпен келетін; ол ауылдың жастары жоғары білім ала бермейді. Бірақ әділ бағасын беру керек деп ойлаймын, еңбекқор.

2006 жылы Атырауда қазақтар мен түріктер арасында конфликт болды. Жергілікті жұрт “күндіз анауың, түнде мынауың” деп айтты деп түрік жұмысшыларын соққыға жыққан. Оны естіп түріктерді жек көріп қалдым.

Бір жылдан кейін мектептен түлеп шығып, Алматыға оқуға келдім. Қазақ ұлттық университетінде саясаттануды меңгеретін болдым. Факультетімізге қарасты 9 жатақханаға орналастым. Түлкібастан келгенімді естіп Асан дейтін жігіт іздеп келіпті. Үшінші курста оқиды екен, Түлкібастыкі, ұлты түрік. Қазақ “старшактар” қоқан-лоқы көрсетіп, ақша бопсалап жүргенде, Асан бөлмесіне жиі шақырып, тамақ-шай беріп отыратын. Асанда екінің бірінде жоқ компьютер бар еді. Өзі жұмыс істеп отырса да, маған да компьютер керек екенін біліп қалса, дереу босатып беретін.

Дәл сол уақытта жоғарғы курста оқыса да, ағалық қамқорлығын білдірген екінші адам болды. Ол Қытайдан келген қандасымыз Қуаныш еді. Көрші тұрдық. Бөлмесінде шағын баспаханасы бар еді, бүкіл жатақхана қағаз басуға, көшіруге Қуанышқа келетін. Басқадан ақша алғанымен, маған көбіне тегін басып беретін. Ақыл-кеңестерін айтып, көмектесіп тұрды. Бірде менің де сондай қызмет ашқым келетінін, ауылда компьютерім бар екенін айтқанымда, қолдау білдіріп, егер істі бастасаң өзім көмектесемін деді. Таңғалдым, мен оған бәсекелес болайын деп тұрмын ғой, бірақ ол кеңдік танытты.

ҚазҰУ-да бір факультет пен екінші факультеттің жігіттері болып төбелескенді де көрдім. Кімдікі дұрыс екенін анықтауға мұрша жоқ, бірақ “өз адамыңды” қайтсе де қолдау керек.

Жаңа ауылда өзге руларды, оралмандарды балағаттаушы еді дедім ғой. Мұнда шеттетудің нысанына өзім айналдым. “Шымкенттен болсаң, грантты сатып алған шығарсың”, “осы сендер чимкентскийлер…” Мұндай күй кешетін жалғыз біз емес екенбіз. Наймандар бар. ДТ мен ҚТ қырғи-қабақ тартысынан хабардар болғанымен, наймандарға қатысты мұншалықты терең стереотип бар екенін білмеппін. Екі анекдоттың бірі найман туралы болатын. Жұртқа қосылып күлетінмін де, несін жасырайын. Бірақ Шымкентті жамандай қалса, шыр-пыр болатынмын. “Понаехали” дейді, “мәдениетсіз” дейді, “наглый”, “жүрген жерінен шөп шықпайды” “қу” дейді, естімеген сөз жоқ.

Алматыда жүргенде танысқан адамың Түлкібастан болса, бірден жақын тартып тұрасың. Ол көрші ауылдан болса, әңгімең одан әрі жарасып, ортақ дүниелерді айтып жарысасың. Ондайда шуылдақ па, темір ма маңызды болмайды. Айтпақшы, сол шуылдақ пен темір дулат дейтін үлкен рудың ішінде, ағайын десе де болады.

Асан мен Қуанышты білгеннен кейін бұрынғы ойларым үшін қатты ұялдым. Бұл екеуі жеке адамның қасиетін ұлтқа, ұлысқа телуге болмайтынын көрсетті.

Дархан Өмірбектің әлеуметтік желідегі жазбасынан

Abai.kz

 

14 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1569
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2265
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3563