Сейсенбі, 2 Қыркүйек 2025
Ақмылтық 526 0 пікір 2 Қыркүйек, 2025 сағат 13:09

ШЫҰ-дан шошымайық десек...

Сурет: Автордың жеке мұрағатынан алынды.

Кеше Қытайдың Тяньцзинь қаласында Шанхай ынтымақтастық ұйымының (ШЫҰ) саммиті өтті. 25-ші жиын екен, мұның өзі бұл халықаралық ұйымның тарихынан бір сыр берсе керек. Сол себепті ұйым тарихындағы ең ірі саммитті «Си жолдастың дипломатиялық бенефисі» деп атауға да болатын шығар.

Құрамында Беларусь, Иран, Қазақстан, Кырғызстан, Қытай, Пәкістан, Ресей,Тәжікістан, Өзбекстан және Үндістан бар бұл ұйымның ішінде кімнің кім екені айтпаса да түсінікті (мен тізімді әліпбиге сәйкес келтіріп отырғаныммен, іс жүзінде кімнің дүмі диірмен тартатыны белгілі емес пе).

Осы елдерден бөлек басқа да көптеген ел басшылары қатысуы (барлығы 20-дан астам), бұл саммитке деген аймақтағы қызығушылықтың күрт артып отырғанын айқын көрсетіп отыр. Тіпті кейбір сарапшылар бұл ұйымды «Жаһандық Оңтүстіктің» символы деп атап, ұжымдық Батысқа бәсеке бола алатындай ықпалды күш ретінде қабылдаудан аулақ емес сияқты.

«Жүз жылда боп көрмеген ұлы өзгерістер аясындағы тұрақсыздық, белгісіздік пен тұрлаусыздық факторлары ШЫҰ-ның ролі мен қажеттілігін арттырып отыр», - деген Қытай лидерінің сөзі де соған саяды.

Иә, АҚШ президенті Трамптың төрткүл дүниеге жариялаған «сауда соғысы» ШЫҰ құрамындағы елдерге қатты әсер етіп, олардың экономикалық интеграциясының бекем де берік бола түсуіне өз себебін тигізіп жатыр.

Алайда, жоғарыда келтірілген бәсеке туралы тезис сөзсіз өміршең болады деп айта алмаймын, өйткені, ШЫҰ қатарындағы барлық дерлік (әрине, Батыс санкцияларына ұшыраған Ресейден өзге) мемлекеттің ұжымдық Батыс елдерімен екіжақты, дербес, басқалардан бөлек қарым-қатынастары бар.

Десек те, жаппай жаһандану процесінің белгілі себептермен уақытша тежелуіне байланысты экономикада «аймақтану» факторы маңызды роль  атқара бастағанын мойындауға тиіспіз, сол себепті ШЫҰ бүгінгі кезеңде экономикалық ынтымақтастықты бірінші орынға қоюы заңды-ақ.

Осы орайда қаржыға қарап қалмайтын Қытай елі басшысының ШЫҰ даму банкін құру туралы ұсынысының болашағы зор болуы әбден мүмкін.

Қазақстан да бұл процестен тыс қалғысы жоқ.

Президент Тоқаев: «ШЫҰ құрылған сәттен бері елдеріміздің әлемдік ішкі жалпы өнімдегі үлесі екі есе ұлғайып, 30 пайызға жетті. Ішкі өңірлік сауда сенімді түрде өсіп келеді. Былтырғы қорытынды бойынша оның көлемі 650 миллиард доллардан асты. Қазақстанның ШЫҰ елдерімен тауар айналымы да тұрақты түрде өсіп, өткен жылы 70 миллиард долларға жуықтады. Қазақстан ШЫҰ даму банкін құру жөніндегі Қытайдың бастамасына қолдау білдіріп, аталған перспективті жобаға атсалысуға әзір. Бұдан бөлек, Астана халықаралық қаржы орталығы базасында перспективті инвестициялық жобаларды сүйемелдеп, заңгерлік, консалтингтік және қаржылық компанияларды шоғырландыратын ШЫҰ Кеңсесін құруды ұсынамын», - деп мәлімдеді.

Қытай бастамасын қолдап, Астана халықаралық қаржы орталығынан тиісті кеңсе ұсыну, сөз жоқ, дұрыс-ақ қадам. Бірақ та Қазақстанның бұлайша оза шабуына ШЫҰ-ның басқа мүшелері, соның ішінде, көршілер, қалай қарайды екен? Ол жағы әзірше беймәлім...

Әр саммиттің ұйымдық және идеологиялық квинтэссенциясы – онда қабылданатын ортақ құжат. Әйтпесе, кей ағайын осындай жиындардағы фотолар мен кімнің кіммен, қалай амандасқаны туралы айтады да, құжаттардың мән-жайын «ұмытып» кетеді. Жұрт көзінше жылы амандасу – дипломатиялық протокол мен этикет екенін естен шығарып алады.

Бұл жолы ШЫҰ-ның «Тяньцзинь Декларациясы» дүниеге келді.

Орайы келген соң, бір айтарым, ұйымның барлық мүшелері қол қоюы шарт ортақ құжаттарды қабылдау ісі де оңай жүзеге аса бермейді. Мәселен, биыл мүше-елдердің қорғаныс министрлері Кашмирдің үнді жағында туристерге шабуыл мен Нью-Дели мен Исламабад арасындағы әскери қақтығыс кезінде құжат мәтінінде «терроризмді» атау жөнінде ортақ келісімге келе алмаған.

Білмеймін, оны өзі қалады ма, қаламады ма, алайда өзінің оғаш бастамалары мен қимыл-әрекеттерімен Трамп Қытай мен Үндістанның жақындай түсуіне ықпал жасап кетті. Өткен жылы ШЫҰ саммитіне қатысудан бас тартқан Моди Қытайға жеті жылда алғаш рет келіп отыр. Және де ол екі ел арасындағы қарым-қатынасты «бәсеке» емес, «әріптестік» деп бағалады. Көршілес қос әлемдік держава - айдахар мен пілдің арасында ежелден келе жатқан қарама-қайшылықтар пен келіспеушіліктер бар екенін білеміз. Міне, Трамптың осы екеуінен Ресейден мұнай сатып алмау талабы мен тиісті санкция жариялау ниеті Қытай мен Үндістанның ШЫҰ аясында энергетика мәселелері төңірегінде топтасуын жеделдете түсті. Саммиттің қорытынды құжатында «әлемдік энергетика нарығының тұрақсыздығы мен әділетсіздігі» (баж салығын көтеремін деп әлемді шошытқан АҚШ-ты меңзеп отырғаны түсінікті) жайында тура айтылып отыр.

Саммитте әлемдік саясаттың Рубиконы болып отырған «украиндық фактор» аталусыз қалды. Өйткені, ШЫҰ құрамында Ресей бар. Сол себепті болар, Декларацияда Ресейдің Украинаға қарсы ашқан соғысын айыптау бабы жоқ. Оның орнына қауіпсіздік, келіссөздер туралы жалпылама сөздер бар. Десек те, құжаттағы «Халықаралық қарым-қатынастарды дамытудың негізінде елдердің егемендігін, тәуелсіздігі мен жер тұтастығын өзара құрметтеу қағидаттары болуы керек» деген баптың маңызы зор.

Айтпақшы самитте Путиннің: «Украина төңірегіндегі дағдарыс Ресейдің Украинаға қарсы шабуылынан емес, Батыс қолдап, арандатқан Украинадағы мемлекеттік төңкерістен кейін пайда болды», - деп, үш жарым жылға созылып жатқан соғыстың себептеріне жаңаша баға берді.

Кейбір шетелдік БАҚ-та ШЫҰ саммитін «НАТО-ның қарсыластарының жиыны» дегендей баға беріліп жатыр. Онымен келісе алмаймын, өйткені, ШЫҰ – әскери блок емес.

Сөз соңында айтарым мынау: рас, кейбір ағайынның, соның ішінде, ұлт-патриоттарының арасында «ШЫҰ сияқты ұйымға мүше болудың қажеті жоқ, әйтпесе, Қытайдың қолтығына кіріп кетеміз» деген күдік пен күмән аралас қарсылық жоқ емес.

Алайда мәселенің басқа жағы да бар.

Біріншіден, ғаламдық жаһандану жағдайында есікті тарс жауып, ешкіммен де араласпай, үйде бүк түсіп, жатып алу жараспас (әйтпесе, Австрия, Ирландия, Мальта, Түрікменстан, Швейцария және басқа да бейтарап елдер секілді бейтарап ұстаным (нейтралитет) ұстанайық, бірақ одан табарымыз не, жоғалтарымыз да жоқ емес). Оның үстіне, ұйымға мүше Қытай да, Ресей де, Орталық Азиядағы елдерде де – жақын көршілеріміз.

Екіншіден, ШЫҰ құрамындағы алыптарға одан сайын тәуелді боп қалмау үшін, сыртқы саясаттағы басқа да болашағы зор бағыттарды нықтай түсуіміз қажет, мәселен, Түркі елдер одағына мүшелігімізді, Еуроодақпен әріптестікті дегендей.

Осы геосаяси мүмкіншіліктерді тиімді пайдалансақ, әлемдік саясатта, соның ішінде, ШЫҰ қатарында көштен кейін қалмайтынымыз хақ.

Әміржан Қосан

Abai.kz

0 пікір