Дүйсенбі, 15 Қыркүйек 2025
Аласапыран 150 0 пікір 15 Қыркүйек, 2025 сағат 13:37

Оңтүстік Корей әуе соғысының сипатын өзгертпек

Коллаж: Abai.kz.

Оңтүстік Корей әскери технологияда жаңа бағытқа бет бұруда. Korean Air компаниясы таныстырған KUS-FX атты шағын ракето-дрон болашақта әуе соғыстарының сипатын түбегейлі өзгертуі мүмкін.

Ұзындығы төрт метр, салмағы 220 келі болатын бұл шағын қанатты зымыран 600 шақырымнан астам қашықтыққа ұшып, 20 келіге дейін жүк көтере алады. Оны әуеден де, жерден де, тіпті теңіз контейнерінен де ұшыру мүмкіндігі бар. Кәрістердің жаңа қаруы қарсыластың әуе қорғанысын шаршатып, ПВО жүйелерін жаппай соққымен басып тастауға арналған.

Мұндай технологиялар бүгінгі таңда тек Корей ғана емес, америкалық алпауыттар да осы бағытта бәсекелесіп келеді. Айталық, Anduril компаниясының Jackal, L3Harris-тің Red Wolf жобалары осыған дәлел болады.

KUS-FX солардың ішінде қашықтық бойынша көш бастап тұр. Мысалы, Jackal-дың жүк көтерімділігі бар болғаны 4, 5 келі, Red Wolf – 10 келі, Barracuda – 18 келі ғана. Ал KUS-FX-тің 20 келілік жүктемесі оған бәсекелестерінен артықшылық береді. Бірақ оның басты ерекшелігі – ұшудың ұзақтығы мен 600 шақырымдық қашықтығы. Бұл көрсеткіш дронды тек тактикалық емес, стратегиялық қаруға айналдырады.

Ең қызығы – бұл жүйенің дайын болу мерзімі. 2029 жылы алғашқы Block-1 нұсқасы ғана пайда болады. Ол әлі соғысқа арналмаған, тек барлау немесе жалған нысана рөлін атқарады. Ал толыққанды жауынгерлік Block-2 нұсқасы 2030-жылдары ғана жасалады деп күтілуде. Бұдан заманауи қару-жарақ жасаудың қаншалықты күрделі екенін байқауға болады.

Korean Air-дің бұл жобасы тек америкалық үлгілермен ғана емес, сонымен бірге Оңтүстік Корейдің LIG Nex1 компаниясы жасап жатқан 150 келіге дейінгі салмақты қанатты зымыранмен де бәсекеге түспек. Демек, Корей ішкі нарықта да, халықаралық деңгейде де нағыз «дрон жарысына» кіріскенін байқауға болады.

Нұрлан Жұмақанов

Abai.kz

0 пікір