Жұма, 26 Сәуір 2024
46 - сөз 5848 0 пікір 17 Қараша, 2014 сағат 14:49

Бауыржан Бабажанұлы. «ҚАЗАН ҰРЛАУ» ОПЕРАЦИЯСЫ

Бүгін халықаралық студенттер күні екен ғой. Құтты болсын! Студенттік шақтағы қызықтар есіме түсіп отыр...
Қазір бар ма, жоқ па, білмеймін, біздің кезімізде жатақханада «қазан ұрлау» деген «дәстүр» болды. Ортақ кухняда тамақ істеп жатып, дәл пісетін кезде «5-10 минут тұра тұрсыншы» деп бөлмесіне кететін талай қыз сан соғып қалатын. Соңы, әрине, айқай-шу болады. Кейде «адрес» бойынша іздеп келіп, тауып алатындар да, таба алмай сыртыңнан қарғап-сілеп жүретіндер де бар. Тауып алса, «ұрылардың» жағдайы қиын, тамаққа қоса «анау-мынау» алып, ас иелерін күтуге тура келеді. Яғни ұрлықтың соңы вешірге ұласады. Ондайда қыздардың кетерде: «Анда-санда өстіп тамақ ұрлап, бізді шақырып тұрсаңдаршы...» деп күлетіні бар...
Ізіңді білдірмей кететін сәттер болады. Ал біліп қойып, сыртыңнан сілейтетіндердің қыбын табу қиын. Олардың қабағы қату болады. Амандаспайды. Енді тағы бір проблема бар — қазанды апарып беру. Мұндайда алдын ала «елші» жіберіледі. Ол — ұрлыққа қатыспаған, таза адам болуы шарт. Көргісі келмейтіндер «елші» арқылы: «Қазанды алған орнына қойсын, сол жерден аламыз...» — деп сәлем айтып жібереді. Бұл — ешқандай келіссөзге орын жоқ деген белгі. Қазанын алған жеріңе апарып тастаудан басқа амал жоқ. Ал енді «елшіге» сәл күле қараса, кешке барыңды киіп, қазанға қоса... тортыңды алып, сол бөлмеге қарай аяңдайсың. Әуелі қабағы ашылмай отырған қыздар тортты көргесін сәл күлімдей бастайды. Біраздан соң кешегі оқиға күлкінің «обьектісіне» айналады. Осындай «сапардан» соң кейде кешегі «ұры» мен «жәбірленушінің» арасы жақындап кететіні, тіпті өрт сезімге ұласатыны да бар... 
«Қазан ұрлау» операциясы оңай емес. Оған да еп керек. Әуелі тоғыз қабаттың әрқайсының асханаларына «барлаушылар» жіберіледі. Олардың міндеті — қайда, қандай қазан бұрқылдап жатқанын анықтау. «Нысан» нақтыланғасын, қазан ұрлауға ең сыралғы екі «ұры» жіберіледі. Тағы екі адам олардың «қауіпсіздігін» қамтамасыз етеді. Яғни, әлгілер қазанды алып, зып бергенде, жарықты сөндіріп тастап, жолдағы есіктердің бәрінің ашық болуын қадағалауы керек. Бір қабаттан екінші қабатқа жүгіріп бара жатқан «ұрының» алдынан ешкім шығып қалмауы қажет. Ал басқалар бұл кезде нан турап, шай қойып, күтіп отырады. «Ұрылар» кірген заматта есік құлыпталып, у-шу басылғанша тіпті жарық та сөндіріліп тасталады. «Ешкім жоқ». Ай, одан кейін жеген тамақтан тәтті ас жоқ-ау өмірде...
«Операцияның» бәрі сәтті аяқтала бермейді. Мысалы, бір күні 17 жатақхананың 702 бөлмесінде аш қасқырдай ұлып отырған бізге 2 қабаттың асханасында қазан қайнап жатыр деген хабар түсті. Екі «ұры» пісіп қалды-ау деген мезгілде қазанды көтеріп, 7 қабатқа құстай ұшсын. Жарық та сөндірілді, адам көп жүрмейтін екінші баспалдақтың бойында да ешкім болған жоқ, бір сөзбен айтқанда, «операция» сәтті аяқталды. Тек... қазанның қақпағын ашқан Бақыттың жан дауысы шықты. Қазанға үңілген біз де ошарылып тұрып қалдық. Біздің манадан бері ет деп күтіп отырғанымыз... қыздардың шашқа тағатын бигудиі болып шықты...
Қайран, дәурен...

Abai.kz

 

0 пікір