Сәрсенбі, 29 Наурыз 2017
Мәдениет-әдебиет 3148 0 пікір

«ЕШ ЗАМАННЫҢ МАҢДАЙЫНА СЫЙМАҒАН»

немесе Таласбек, Бредбери һәм Абай мұңы

Антиутопиялық проза өкілі Р.Бредберидің «451° фаренгейт бойынша» фантастикалық романы ХІХ-ғасырдағы әлем әдебиетінің негізгі контуры – «ҚҰДАЙ БАР МА?» деген ортақ тематикаға жазылған сюрреалистік, абссурдтық,   утопиясы шыңырау әдебиеттің аяғын ала бере, Толстой мен Достоевскийдің құдай іздегіш кейіпкерінің ізін ала бере, заңды жалғасындай ерен интелектілігімен көзге түсті. Р.Бредберидің – құндылықтар күйреуі мен адам жадының жұтылуы туралы романы "фантастикалық" жанр деп таңбаланғанымен, арт-хауысты гипперреалистік роман деуге болады.

Күнделікті күйкілігін, күрделі тағдырын бір кейіпкермен, бір оқиғамен жазып шығуға бейіл қазақ әдебиетінің, уа әдебиетшілерінің арасында – бергі жағалауда отырып, рухымен арғы жағалауда ғұмыр кешкен Таласбек Әсемқұловтың "Талтүс" романы – Бредбери романымен бір аспанға, бір аралға екі белдеуден келіп қосылғандай әсер береді. 1953 жылы алғаш жарық көрген Бредберидің романы – қоғамда үлкен резонанс пен бүлікті ой туғызды, һәм антиутопиялық фантастика ныспылы романның кемел көрегендігін аса көп жазғыш Бредберидің кезекті бір бөспелігіне сайды. Шындық өзінің түсін, киімін өзгертіп алса да, ол шындық. ХХІ-ғасырда интелектуалды әдебиетке бет бұрыңдар деп нұсқаған Ж.Аймауытовтың («Елес» әңгімесі)  ескертпесін құлағына ілмеген дәстүрлі әдебиет өкілдері жазудың ілкілік үрдістерінен айнымай бір ізбен жазуды – жазу деп ұғады. Жазу деп ұққасын – жазудан жазатайым тайғандарды жазалағысы келеді. Көптің жазасы, егер ол тек қазақ қоғамына тиесілі жаза десек – онда ол кеберсіген ернін қыршыған үнсіздік болар еді. «Оқығам жоқ».

Рей Бредберидің «451° фаренгейт бойынша» романында «қоғамдық сананы оятуға болмайды, адамзат неге нәсілдік, озықтық, болмыстық жағынан ерекшеленуі тиіс, адамдар бірдей болсын. Кітап оқылмасын, оқылған кітап артық ой тұғызады. Ал, ойлаудың қажеті жоқ» дейді. Ойлауға бекінгендер қауіпті, олар меңірейген тобырға қозғау салады. Олардың көзін дереу құрту керек. Ал, тірідей өліктердің ортасынан жырақталған саналылар қаланың шетінде, ұсқынсыз үйсіз-күйсіз ғұмыр кешеді. Барлығы бір-бір кітапты оқып жаттаған. Әрбірі – бір кітап. Тіпті, ол кітапты ұқты ма, жоқ па айырмасы жоқ. Арасында, адам есін, естелігін тірілтетін сұйық зат ойлап тапқан профессор да бар. Әр кітапты оқыған адамның миынан ол ақпараттарды кез келген уақытта ақтарып ала алады. Ал, "Талтүстегі" жағдаят мүлдем бөлекше. Әрқайсының көкірегіне толған күмбірлі жыр, шежіресі, қазақ даласының үрдіс-үлгісі бар - әрқайсысы бір кітап. Түртіп қалсаң арқырай кетеді. Мейірім мен ізгіліктің, Құдайы дүниятанудың көзі. Бірақ, азғын отырықшылар бұлақтың көздерін бітеуге барын салды. Даңғайыр даланың қатталмаған, қабатталмаған кітаптарын озбырлықпен өрттеп жіберді. Бірақ, көнелерден қалған үрдіс бойынша, алғырт шәкіртке құнды кітапты табыстау мұраты екі кітапта да айтылады.

Қазақ пен өнер бір ұғым еді, алайда ортасын бөле жарған қоғам - ол асқақ өнерді этнография, экзотика көзіне айналдырды. Бағзы зардан нышан қалмады, мұңды әуеннің өзі эстрадалық нақышта айтылады.

Талас Әсемқұловтың бүкіл шығармашылығында бағзы заманның «адамзатты қалай ілгері бастаймын?» деген ежелгі мұңлықтардың әз арманы бүк түсіп жатады. Бірақ, күйреген, тоқыраған рухты қайта батпағына лақтырып түңіліс түнегіне тастамайды, өзіңнің кім екеніңді, қайдан екеніңді, қайтпек керектігін  әдеппен түсіндіріп бағады. Қайғы да, қасірет те, құса да әдеппен айтылуы керек дегенді "Тәттімбет" романында Қызылмойын Қуандық күйші айтады: "Айдын көлің суалып, қара орманыңды өрт шалғанның өзінде күй-күй болып қалуы керек. Жұрт көзінше шашын жұлып жылаған әйелдің зарынан, туырлықтың астында көз жасын ешкімге көрсетпей сыңсып жылаған арудың қайғысы әлдеқайда биік. Қасіретте де әдеп бар".  "Қайғы келсе қарсы тұр, құлай берме" - Абай айтқан оптимизм сайрап тұр. Т.Әсемқұловтың қайсібір шығармасы - "Арылу", "Тораңғыл", "Бекторының қазынасы", "Тәттімбет" сияқты шығармалары – рух түлету, рух жағырту, рухани сілкініс пен ояту болып шығады.

Р.Бредберидің тұмса арманы да сол – рух оянса, рух түлесе – адам өзінің ғарыштық ғайыбы дәрежесін білсе ғой – «адамға періштелер сәжде қылған» (Шәкәрім) дәрежесіне көз жеткізсе ғой – бұл дүниенің өзі Құдайыңның құшағы емес пе кен деп тәмсілдейді.

"Талтүс" өнерге құлшынғанға оқулық сияқты, алайда, рухтың кеңдігі, тақырып ауқымы тұсынан қазақтың биографиялық ғұмырын шерткендей эпикалық тынысы бар. Бүгінгі әдебиеттаншуылардың көзқарасында, "Талтүс" пен "Тәттімбетте" бөле жарылған өзгеше формалық жаңалық жоқ. Дәстүршілдік аңқып тұр. Рас, Таласбек сөзсіз Абай мектебінің өкілі, бірақ Таласбекте "жаман" мен "жақсыны" даралап, екі жақты үнемі теңдікте суреттеу жоқ, (яғни, өмірді өлімге қарсы бейімдеу жоқ) ол жақсы мен жаманды қатар сүйетін, жақсы мен жаманды бөле жармайтын - ортасына өткел қойып, өмірдегі өлімді өткерген, өлімдегі өмірді түйсінген, рухтың қалғуын – түртіп оята алған – "мейірім" үлгісімен жазған жазушы. Өйткені, жазушының бойында әр жандының, әр құбылыстың бойын, тегін тінткен көреген абыздықтың сәулесі бар ("Интертескт", "Интернет туралы", "Сұлулықта ояну" мақалалары негіз). Әжігерейге қатты қабағымен тесірейетін Күбағила да автордың мол мейірімділіген аса бай образға ие болады. Күлбағиланың бала кезіндегі жүрегін осқылаған суық жанарынан, арқасын мұздай қылатын озбырлығынан аршып алады. Кешіре салады. Құдайы өнер деген осы шығар. Қазақта халық әні, халық күйінің көп болуы да – аттың емес, заттың мәртебесі, құндылықтың халық атын жамылуы, ұлт үшін жасалуында -  құдайлық мінез бар. «Кісіге қарап сөз алма, сөзіне қарап кісіні ал».  Бұл қазақ ізгілерінің Тәңірлік гимні болса керек. 

Бредберидің бір кейіпкері: «кітаптың сыртына қарап ішінен түңілмеңіз» дейді. "Әуелгі қорлар зор болды, сондай зорлар қор болды" деп толғанған Баласағұнның дегені келді. Кеудесіне том-том кітапты арқалап Сабыт, Сәруар, Ғазиз күйшілер, Ахметжан ұстадай кеудесі керуендер қор болды.  Таласбек Әсемқұлов кешкен заман Мақатаев кешкен дәуірден еш айырмашылығы жоқ. "Еш заманның маңдайына сыймаған"  Таласбек заңғарына жарға соқтыққан толқындай қайта-қайта соға береміз әлі.

Сағадат Ордашева

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Білгенге маржан

«ХАБАР» АРНАСЫНАН МЕРЕКЕЛІК ШАШУ (ФОТОРЕПОРТАЖ)

Абай-Ақпарат 550
Әттең...

НҰРСҰЛТАН АТАМА ХАТ

Абай-Ақпарат 1748