Дүйсенбі, 23 Желтоқсан 2024
Билік 9922 1 пікір 12 Қаңтар, 2016 сағат 10:50

ЗАҢ ТҮЗЕЛДІ ҚАНДАСЫМ, СЕН ДЕ ТҮЗЕЛ

Құрметті Ермұрат Бапи мырза!

Биыл қайталай өзгертулер мен толықтырулар енгізілген «Халықтың көші-қоны туралы» Заңына Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев 24-қарашада қол қойған күні, аталмыш Заңға байланысты алдын-ала жазып, дайындап қойған «Заң түзелді, қандасым, сен де түзел!» атты осы мақаламды Президент кеңсесіне жібергем. Ол кісілер асықпай оқып, 9-желтоқсанда «Егемен Қазақстан» газетіне жолдапты.

Бас газеттің басшысы Сауытбек Әбдрахманов мырза мақаламды қоржынына салып ап, облыстарды аралап кетіпті де, 23-желтоқсан күні «тым ұзақ екен, ықшамдап басамыз» деп, қысқартылған нұсқасын жақында өзіме жіберіпті.

Өзіңіз жақсы білесіз, «Көші-қон туралы» заңға өзгеріс енгізу оңайға түскен жоқ! Сол үшін де мақаланы көлемдірек етіп, «Егемен Қазақстанның» бір жарым бетіне шамалап жазғам. Ары қарай Ұлт Көшбасшысы мен алыстан келген ағайынның фотоларымен көмкеріп, айқара бетке береді, сөйтіп, алыстан келген ағайын мен билік арасындағы көңіл кірбіңін жоюға септігін тигізеді деп ойлағам ғой мен байқұс. Қайдам, үмітім желге ұшып, ыңғайсыз жағдайға қалып отырмын. Міне, итіс-тартыспен жиырма күн өтті: көп қыртымбайлық не керек, Үлкен үйден қалай түсті, солай уағында басуы керек қой «Егемен Қазақстан»!

Үш жыл бойы сергелдеңге түскен бауырлары үшін жарты бетін қимаған басылымнан не сұрайсыз?!! Арыз көтеріп, Ақордаға жүгіру – бізге жат қылық!

«Нағашыма хат» деген тақырыппен сіздің газетіңізде басы басталған осынау игілікті шаруаның соңғы қортындысын да өзіңіз қорытындылауды өтінем, Ераға!

Ескерту: Мақаланың «Егемен Қазақстан» қиып тастаған жерлерін қара қаріппен қисайтып бердім.

Құрметпен,

Ауыт Мұқибек –

ақын, «Нұр Отан» партиясының мүшесі.

30.12.2015

Астана

Құрметті, Ауыт бауырым!

Мен сенің өз қазағың үшін етегің жасқа тола еңіреп жүргеніңді өз көзіммен көрдім. Маған осы хатты жазып отырғаныңда, көлкілдеген жас көзіңе тұнып, іші-бауырың өксікке толы болғанын да сезем. Шынымды айтсам, өзіңе жауап жазу үстінде, менің де көңілім босап отыр...

Бұл енді босаңдықтың, бозөкпеліктің белгісі емес, бауырым. Бұл – елдің ертеңіне елеңдеген ер азаматтың жігерін қайрауы деп білем. Бірақ сенің жаныңды жылатқан сол жас қазаққа қиянат қылмақтардың мойнына артылмасын деп тілейік...

Қазаққа иненің жасуындай ғана жаны ашитын адам болса, ол сенің жандәрмен жай-күйіңді білсе керек: жер дүниеге тарыдай шашылған осы қазақтың басы бірігуі бір саған ғана керек сияқты, басыңды тауға да, тасқа да ұрып, бармаған бастығың, кірмеген емен есігің қалған жоқ. Егер дәл Қайрат Бодаухан екеуің осыншама жанпидалықпен алыспағанда, бәлкім соңғы қабылданған көші-қон мәселесі жөніндегі заң шатқаяқтап қалар ма еді? Бәлкім, осы қазақтан сен сияқты жүз жігіт, әсіресе атақ-дәрежесі жер жаратын алты-жеті азамат алыста қалған ағайыны үшін атқа қонғанда, бүгінде мұндай азаптан ада болар ма едік?!

Енді көрген күніміз – мынау: өз елімізде жүріп, өз қазағымызға араша айтар сөздің өзін сұрап алатын болдық, оның өзін әлдекімді ренжітіп алмайық деп, бұқпантайлап айтқан күннің керін кешудеміз. Бұл турасында айта берсең, қанжылаған сөз таусылмайды. Бірақ, басқаны білмеймін, ал менің жеке өзім сенің ел алдындағы есіл еңбегің, нағыз ер азаматқа тән ерлігің үшін, басымды иемін. Бұл ерліктің есесі саған қайтпаса да, халқымызға есепсіз несібе болары – дәтке қуат.

Міне, сол ерлігіңе бір ескерткіш ретінде, біз – «ДАТ» басылымының ақылдастар алқасы сенің редакцияға жолдаған жазбаңды қаз-қалпында жариялауды шештік. Тіпті, елбасыңа бағыштай жазған барлық алғыс сезіміңді де сол күйі бас әріптермен қалдырдық.

Аман бол, бауырым! Ел ішінде сен сияқты қазағы үшін шырылдап жүрген жігіттер жер басып жүргенде, шынында да біз Мәңгілік елге айналатын шығармыз...

Ағалық ниетпен –

Ермұрат Бапи.

30.12.15.

Алматы.

ЗАҢ ТҮЗЕЛДІ, ҚАНДАСЫМ, СЕН ДЕ ТҮЗЕЛ!


Суретте Ата жұртына алғаш келген ағайындар аэропорттыңң асфальтін сүюде.


  • ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қандастармен кездесу үстінде.
  •  
  • Елдің бір болашағы – қазақ жеріне қайтқан қазақтардың ұрпағы.

Елбасы сөзі – біздің «Бойтұмарымыз»

Екі нәрсе ап-анық: Бірінші, қазаққа деген Алланың ықыласының ерекше екендігі. Әйтпесе, Тәуелсіздік алмаған болар едік. Сосын, сол ықыласы шексіз Алланың рахымымен Нұрсұлтан Назарбаевтың халқымыздың бағына туған ұл екендігі. Әйтпесе, Ұлы көш Атажұртқа бетін ерте бұрмас еді!

Көші-қон! Ол – Ұлт Көшбасшысы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тәуелсіздікті ала салып, небәрі он бес-ақ күннен кейін жолға қойған ТҰҢҒЫШ һәм ҰЛЫ саясаты! Нұрсұлтан Әбішұлының кемеңгер тұлға екенін төрткүл дүниеге бірден танытқан – алыста жүрген ағайынды Атажұртқа шақыру туралы шығарған осы батыл әрі тәрихи шешімі!

«Қымбатты отандастар! Ежелгі атамекенінен жырақтап қалған Сіздерді кешегі күнге дейін ата-баба жеріне қайтып келе аламыз ба деген сұрақтың алаңдатып келгенін мен жақсы білемін. Туған жердің түтіні де ыстық дейді халқымыз. Қандас бауырларымызды байырғы атақонысына тарту мақсатында адам правосы туралы еларалық ережелерді басшылыққа ала отырып, Қазақстан Үкіметі «Басқа республикалардан және шетелдерден селолық жерлерде жұмыс істеуге тілек білдіруші байырғы ұлт адамдарын Қазақстанда қоныстандыру тәртібі мен шарттары туралы» арнайы қаулы қабылдады. Сондықтан атамекенге келемін деуші ағайындарға жол ашық. Ата-баба әруағы алдарыңыздан жарылқасын!» («Алыста жүрген ағайындарға ақ тілек», «Егеменді Қазақстан» газеті, 1992 жыл, 1 қаңтар)деген Елбасы сөзін алыстан келген әрбір қазақ бір нүктесін қалдырмай жаттап алуы тиіс! Тіпті, балаларының мойнына «Бойтұмар» етіп, тағып қойса да артықтық етпейді!! Естеріңізде болсын, бұл ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, Мәңгілік Елімізбен бірге мәңгілікке қалатын ҰЛЫ СӨЗ!!! Біреу білді, біреу білмеді, бүгінгі «Мәңгілік Ел» – Ұлттық идеясының іргетасын Нұрекең осылай ертерек қалап қойған болатын. 

Міне, содан бері ширек ғасырға таяпты, Нұрсұлтан Әбішұлы шетелден келетін Қазақ көші тоқтасын деп ешқашан айтқан емес. Есесіне, Дүние жүзі қазақтарының әр құрылтайы сайын «Атамекен сіздерді асыға күтеді, құшақ ая қарсы алады, қолдан келген бар мүмкіншілдігін жасайды. Бұл – біздің парызымыз!» деуден бір танбай келеді!

Қандастарымызға төрт жылсыз азаматтық берілмейтін етіліп, 2013 жылдың 10 желтоқсанында қабылданған «Халықтың көші-қоны туралы» Заңды бес ай, жиырма төрт күннің ішінде қайта өзгерту туралы Үкіметке тапсыпма беру – нағыз кемеңгердің ғана қолынан келетін үлкен ерлік пен ұлылық деп ұққан жөн! Тарихтан бері айтылып келе жатқан «Хан жарлығы – біреу!» деген сөз, міне, осындайда айтылса керек!

Сондықтан, жоғары-төменгі барлық атқарушы билік бұл саясаттытың маңызын терең түсінуі әрі оны барлық қызметтің маңдай алды етіп ұстауы керек! Бір күн де кідіртуге болмайды! Мемлекеттік баспасөз – ақпарт құралдары оны қалт жібермей қадағалап, дәріптеп отыруға міндетті!..

Заң түзелді...

Ұлтымыздың тағдырына, мемлекетіміздің болашағына қатысты осынау төтенше маңызды Заң Мәжіліске келіп түскеннен кейін, 43 адамнан жұмыс тобы құрылып, істі бірден бастап кетті. Бұл талқылауға депутаттармен қатар, Сыртқы істер, Ішкі істер, Әділет, Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрліктерінің, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, Халықаралық көші-қон ұйымының өкілдері, басқа да жауапты қызметкерлер түгел қатысты.

Қатысты ережеге сай, біз Әділет министрлігіне заңды түрде тіркелген кез-келген мемлекеттік емес ұйымдардың атынан кіруіміз керек екен. Қайрат Бодаухан өзі басқаратын «Оралмандардың республикалық «Асар» қоғамдық бірлестігі атынан енді. Ешбір ұйымға мүше болмағандығым себепті, мен «Жебеу» қоғамдық бірлестігіне қолқа салып, ұсыныс хат алдым. 

Шын мәнінде біз Жұмыс тобына депутат Гүлнар Сейтмағамбетваның шақыруымен, Мәжіліс төрағасы Хабиболла Жақыповтың бекітуімен келдік. Оған бізді таныстырған Мәжіліс апараты жетекшісінің орынбасары Сабыр Қасымов. Оның жоғарғы жағында ҚР Президенті кеңсесінің бастығы Махмұт Қасымбеков ағамыз тұрды...

Заң жобасы талқыланбас бұрын, Елбасы тапсырмасымен Оралмандарды қоныстандыру үшін өңірлерді айқындау туралы ҚР Үкіметінің 2014 жылғы 20 наурыздағы №248 қаулысы шыққан болатын. Онда еліміздің 14 облысы түгелімен Оралмандарды қоныстандыруға арналған өңірлер етіліп бекітілген. Кейін, осы жылдың 11 мамырында Үкімет бұл Қаулыға тағы өзгеріс енгізіп, Ақмола, Атырау, Батыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан сияқты 7 облысты арнайы өңір етіп белгілеп қойған.

Сонымен, Жұмыс тобы Мәжілісте Гүлнар Сүлейменқызының жетекшілігімен 2014 жылы 04 мамырда Елбасымыздың №1026 бұйрығымен Үкімет дайындаған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халықтың көші-қоны және жұмыспен қамтылуы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасына өзгертулер мен толықтырулар енгізуге арналған 17 отырыс өткізді.

Бұл жолғы өзгертулер мен толықтырулар Халықтың көші-қоны туралы ҚР-ның 2011 жылғы 22 шілдедегі №477-IV Заңын негіз етіп енгізілді. Бірақ, ескі Заңның бұрынғы тиімді тұстары одан ары тіпті де жетілдіріле түсті:

Жаңа Заң жобасында, ең бастысы, көшіп келген барлық этникалық қазақтар, қоныстанған өңіріне қарамастан, бес жұмыс күні ішінде «Оралман» мәртебесін ала алады. Үш ай ішінде тұрақты тіркеуге тұруға рұқсат алып, Ықтиярхаты қолына тиеді. Ықтиярхат алған күннен бастап, бір жыл мерзімде (өтініш берген күннен бастап, үш ай ішінде) жеңілдетілген (тіркеу) тәртіппен Қазақстан Республикасының азаматтығына қол жеткізетін болды. Сонымен бірге, Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға ықтиярхат алу үшін, этникалық қазақтар төлем қабілетін растаудан босатылады. Сондай-ақ, этникалық қазақтардың аштырып келген визасының санатына қарамастан ықтиярхат ала беруге мүмкіндігі бар.

Ал, көшіп келген ағайындар жоғарыда айтылған Үкімет белгілеген өңірлерге қоныстанған жағдайда, бес жыл басқа өңірге көшпеу шарты астында, оларға көлік шығындары төленеді. Отағасына 50, отбасы мүшелерінің әрбірне 35 айлық есептік көрсеткіш көлемінде бір жолғы жәрдемақы беріледі. Қызметтік тұрғын үймен немесе жатақхана бөлмесімен қамтамасыз ету көзделген. Бұрын көшіп келіп қоныстанған, енді сол өңірден Үкімет айқындаған екінші өңірге қоныс аударған бауырлар да осы әлеуметтік қолдауға ие бола алады.

Егер, қандастарымыз осы тиімділікке қол жеткізген соң, бес жыл толмай жатып, Үкімет айқындаған өңірден басқа облыстарға көшіп кеткен жағдайда, бұл төлемдер мен баспаналар түгелдей қайтарылып алынады.

Мұның бәрі Үкіметтен дайындалып келген жеңілдіктер мен тиімділіктер. Сондықтан, Жұмыс тобының қарауынан бір ауыздан мақұлданып өтті.

Әрине, Жұмыс тобы Үкімет ұсынған жобамен шектеліп қалған жоқ, батыл қадамдарға барып, көп жаңалықтар жасады. Атап айтар болсақ, депутат Гүлнар Сейтмағамбетова өз қолымен «Сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізімдері туралы» Заңның 9-бабына жеке сәйкестендіру нөмірі қандастарымызға «Оралман» куәлігімен бірге берілетін етіп, толықтыру енгізді.

Ішкі істер министрлігі мен Көші-қон комитетінің бірлескен ұсынысына сай, «49-бап. Көшіп келушілерге Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға арналған рұқсатты беруден бас тарту не оның күшін жою үшін негiздерінің» 1) тармағы осы жолы «Қазақстан Республикасының шетелдіктердің құқықтық ережесі туралы заңнамасын бірнеше рет бұзған;» деп өзгертілді.

Бұрын бұл «бір рет бұған;» болатын.

Заң жобасы осы өзгертулер мен толықтырулар енгізіліп қана қолданысқа енсе, шыны керек, қатты бір қайнауы ішінде кетер еді. Мен депутат ағайындарды біліксіз деуден аулақпын, бірақ өз бастарынан кешпеген саланың ұңғыл-шұңғылы оларды терең бойлата бермейтіні берлгілі. Оның үстіне еш ЖОО-да Көші-қон туралы дәріс те оқытылмайтыны тағы анық. Сондықтан Гүлнар Сұлейменқызының осынау процесті басынан кешірген, алыстан келген ағайынмен күнделікті тұрмыста қоян-қолтық араласып жүрген Қайрат екеумізді шақырғаны өте дұрыс болды. Біз болсақ, сол көшпенді өмірдің өзі үйреткен тәжірибе негізінде, «Әттең-ай, осылай болсашы!!!» деп жүрген ойларымызды ортаға салдық та отырдық.

Сонымен, біздің тарапымыздан бірілген ұсыныс бойынша, Заң жобасындағы 15-бапқа Жергілікті атқарушы органдардың құзыретіне бірінші болып, «13-1) халықтың көші-қоны мәселелері жөніндегі уәкілетті орган белгілеген тәртіппен Қазақстан Республикасы азаматтарының отбасын біріктіру мақсатында шетелдерде тұратын этникалық қазақтардың арасынан туыстарын Қазақстан Республикасына қоныстандыру үшін шақыруларын қарайды және куәландырады;» деген жаңа тармақ енді.

Бұл тармақ, басқа емес, ҚХР-да тұратын қандастарымыз үшін аса керек. Өйткені, ол елдің азаматтарының қолында шетелге шығатын Төлқұжат жоқ. Бұрын туыстарымызды жеке туысшылау жолымен, жастарды оқуға, кейіндеп хат жазу арқылы шақырып жүрдік. Соның өзінде отбасымен толық келгісі келгендерге кедергі көп болатын, мектеп жасындағы балаларын жібермей әлек салатын. Қытай саясатының қылтыңы мен сылтыңы көп екенін ескерсек, келудің бұл жолдарының да ертеңі бұлыңғыр. Енді осы шақыру құжаты арқылы олар сол азаптан құтылатын болады, отбасы мүшелерімен бір жолда түгел көшіп келе алады.

Сосын, 26-бап. Оралмандардың құқықтары мен міндеттеріне «4) қызметтік немес жеке тұрғын үйі болмаған кезде оралмандарды бейімдеу және ықпалдастыру орталықтарында уақытша орналастыру орталықтарында бір жылдан аспайтын мерзімге уақытша тіркелуіне құқығы бар» деген тағы бір тың тармақты кіргіздік. Бұл арқылы қандастарымыз тәуелсіздіктен бергі уақытша тіркеуге тұратын үй таппай қиналып келген таухыметті артқа тастайды.

Үшінші бір еңбегіміз – 33-бап. Білім алу мақсатында келетін көшіп келушілердің негізгі құқытары мен міндеттеріне толықтырылған «Қазақстан Республикасына Білім алу мақсатында келген этникалық қазақтар оқуға түскеннен кейін: 1) техникалық және кәсіптік, ортадан кейінгі, жоғары және жоғары оқу орындарынан кейінгі білім беру мекемелерінің жатақханаларында уақытша тіркелуге; 2) тұрақты тұруға және жеңілдетілген тәртіппен (тіркеу тәртібімен) Қазақстан Республикасының азаматтығын қабылдау туралы өтінішхат беруге құқығы бар.» деген қос тармақ.

Үкімет әр жылы жылы ЖОО-на қабылданатын студенттердің 2 пайызық орнын шеттен келген этникалық қазақтардың балаларына береді. Мысалы, биыл сырттан келген қандастарға 1190 білім гранты бөлінді. Мемлекет қаражатымен оқыған осындай жастарымыз, азаматтығы болмандығы себепті, осыған дейін оқуы біткен соң, келген еліне қайтуға мәжбүр болатын. Басқа жерге тіркеліп, азаматтыққа құжат тапсырған күннің өзінде, тіркелген жеріңде тұрмағаны үшін «құқықтық ережесі туралы заңнаманы бұзған» болып есептелетін. Міне, бұл мәселе де жаңа Заңда шешімін тапты. Қандас студенттер оқуды бітіріп болғанша, өзі тұратын жатақханаға тұрақты тіркеуге тұрып, ҚР азаматтығын алып үлгіреді.

Күнделікті тұрмысына керек қой деп, ауыл шаруашылығына пайдаланатын техникаларын Қандастарымыздың кеден салығынсыз алып өтуі туралы ұсыныс жасадық. Өкінішке орай, Еуразиялық экономикалық одақтың келісімшартында басқа елдерден кеден арқылы алып өтетін товарлардың тізімінде жер жыртуға, шөп шабуға арналған мұндай техникалар жоқ екен. Сондықтан өтінішіміз қабылданбады.

Есесіне, Заң жобасының 23-бабында «4-1) ...Қазақстан Республикасының кеден ісі туралы заңнамасына сәйкес, Қазақстан Республикасының аумағына келген кезде көлік құралдарын қоса алғанда, жеке пайдалануындағы мүлкіне кеден төлемдерін төлеуден босатылады» деген тармақ бар екен. Демек, Атажұртқа көшіп келетін этникалық қазақтар жеке меншік машиналары мен жүктерін Кеденнен салықсыз алып өте алады.

«Білім туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 66-бабына сәйкес, Мемлекет әр жылы Этникалық қазақ жастары үшін дайындық курсқа деп, 1400 балаға арнап қаражат бөледі. Көп жағдайда сол келген балалардың саны белгілеген межеге толмай жатады. Кей жылдары тіпті ашылмай қалу қаупі туғанын да білеміз. Биыл біршама көрім екен, бірақ грант тағы толық игерілмегенін естідік. Оған себеп, оқуға қабылдау басталған тұстағы шетелдердегі Консулдықтарымыздағы виза кезегінің қиындығы. Соны ескеріп, оқу мақсатымен келетін қандастарымызға визаны консулдықтар кезексіз беру туралы тармақ енгізуді ұсындық. Бұл талабымызды депутат Нұртай Сабильянов бірден қолдап, Жұмыс тобының жетекшісіне ұсынды. Ол тағы бір емес, екі-үш отырыста қызу талқыланды. Бірақ, қанша тырыссақ та, Сыртқы істер министрлігі өкілдері, алдағы уақытта Қазақстан Республикасына келуге өтініш берген ұлты қазақ азаматтарға бір жолда үш жылға көп мәртелі виза беру жағын қарастырып жатқанын айтып, бұл өтінішімізді кері қайтартты. Және бұл игілікті істің іске асатынына Жұмыс тобын сендірді де...

Айтпақшы, осы виза жөніндегі жанайқайымыз түрткі болды-ау деймін, Жұмыс тобының соңғы отырысына таяғанда Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысовтың кеңесшісі Керім Қожамбердиевтың ұсынысымен, 49-бапқа «4) Қазақстан Республикасының аумағындағы шетелдіктерге және азаматтығы жоқ адамдарға Қазақстан Республикасының визаларын береді, жояды, қалпына келтіреді, сондай-ақ олардың қолданылумерзімдерін ұзартады және...» деген тағы бір тамаша толықтыру жасалды. Алла қаласа, қандастарымыз визасының мерзімі бітсе, келген еліне қайта жүгірмей-ақ, еліміздегі Көші-қөн полисциясы басқармаларынан визасын ұзарта беретін болады...

Негізі, осының бәрі Көші-қон Заңына 2011 жылы 22 шілдеде өзгеріс енгізілген кезде де күйіп тұрған, шешім табуы өте керек қолбайлау мәселелер болатын. Міне, шынайы ынта, пейіл болса, бәрі де шешіледі екен!

Елге әйгілі «Екі анықтама»

Соңғы жылдары Қытай Халық Республикасынан көшіп келген қандастарымызды қанжілік қып келген ең басты кедергі – екі АНЫҚТАМА екені белгілі.

Оның біріншісі – «Шыққан мемлекеттің келісімі туралы анықтама» («Шығу парағы»).

Ол турлы Мәжілістегі Жұмыс тобының емес, біз берген өтінішке сай, Мұрат Бақтиярұлы бастаған бес сенатордың Үкімет басына жолдаған депутаттық сауалынан кейін, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің 2015 жылғы 7 сәуірдегі №315 Қаулысымен, Қытайдан келетін қандастарымыздан талап етілмейді деп, Мемлекеттік қызметтер стандарттарындағы тізбеге ескерту енгізілді.

Заң жобасына өзгертулер мен толықтырулар енгізу барсында, Жұмыс тобының ең көп талқысына түскен, Жобаны талқылауды табаны күректей тоғыз айға создырған – «Соттылық» туралы АНЫҚТАМА.

Елімізде бұл анықтама туралы жазбаған, айтпаған БАҚ жоқ! Қазақстанды қойып, шетел баспасөзі бетінде де көп көтерілді. Айтыла-айтыла, Қытай үкіметі шетелге шығуға тиым салған жеті түрлі санаттағы адамды министрлер мен депутаттар саусағын бүгіп, жатқа санап беретін деңгейге жетті. Қай қалаға барыңыз, кіммен танысыңыз, қай кәбинетке кіріңіз, шеттен келген қазақ едім десеңіз болы, адамдар бірден «Әлгі соттылық туралы анықтамалырыңыз не болды, жойылды ма?!» деген сұрақ қоятын болды.

Жұмыс тобының соңғы отырысына дейін бір де бір күн күн тәртіптен түскен емес. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенованың жеке қабылдауында да болдық. Көші-қон комитеті төрағасының орынбасары Аслан Қаржаубаев қатысты органдардың жауаптылары мен мамандарын шақырып, арнайы министрлік дәрежелі жиналыс та ашты. Ресей, Германия, Израиль бастаған сегіз елдің репотриант қабылдау тәртібін тексердік, ешбір мемлекеттің Заңында мұндай бап жоқ...

Сонымен, әу баста-ақ біз бұл АНЫҚТАМАНЫ сұратуды 9-баптағы Ішкі істер органдарының құзыртіне беруді өтіндік. Қажет болған жағдайда, олар соттылығының бар не жоқтығын айқындауды өз бетінше жүзеге асыруды өз міндеттеріне алсын дедік.

Жұмыс тобы ақылдаса келе, «Қазақстан Республикасының территориясында ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасаған болса;» деген өзгеріске тоқтады.

Соңғы нәтижеде, Заң жобасының осыған қатысты 49-бабының 9)-тармағы Үкімет ұсынған «ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасағаны үшін алынбаған немесе өтелмеген соттылығы бар;» деген редакциямен қабылданды.

Бірақ, онымен де тоқтамай, Гүлнар Сейтмағамбетованың күшімен Ішкі істер министрлігі Еліміздегі ҚХР-ның Елшілігіне хат жазып, жауап та алынды...

Бірақ, соңғы мәліметтерге қарағанда, Қытай Елінің бас газеті «Жэньминь жибао» 2015 жыл, 25 тамыздағығы санында Қытайдың Қоғам қауіпсіздік министрлігінің осы жылдың 22 тамызындағы бұйрығына сілтеме жасай отырып, Қытай Қоғам қауіпсіздік тараулары жағынан берілмейтін 18 түрлі анықтаманың тізімдігін жариялапты.

Сол «18 Анықтаманың» 14-сі «Соттылыққа яғыни заңға қайшы қылмысының бар немесе жоқтығына» байланысты анықтама екен.

Онда, «Кез-келген жеке тұлғаның қылмысқа қатыстылығы жөніндегі мәлімет қоғамдық қауіпсіздік мекемелерінің ішкі шаруасы»-дей келіп, жеке адамдар жайлы толық мағлұмат алғысы келсе; анықтама талап еткен орынның тексеру өкілеттігі бар құзыретті адамы қызметтік куәлігімен және аталған мекемелердің арнайы қатынас хатымен келген жағдайда ғана мәлімет берілуі мүмкін. Ал, аталған анықтама жеке тұлғаның өз қолына бұдан былайғы жерде ешқашан берілмейді» – делінген! Демек, «Анықтама» беріледі. Бірақ, жеке тұлғаның қолына емес, сұатқан мекеменің жауапты адамына. Қысқасы, кім сұратса, сол адам өзі баруы керек Қытайға! Және ол бұйрықтың Қытайда жергілікті жерлерде қатаң атқарылып жатқаны да мәлім болды.

Сондықтан, бұл анықтама мәселесі де жоғарыдағы «Шығу парағы» секілді Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің арнаулы Қаулысымен, Қытайдан келетін қандастарымыздан талап етілмейтін етіліп, шешім табуы тиіс!

Ағаларға алғыс

Заң бойынша, Жүмыс тобында Қайрат Бодаухан екеуміздің жиналыста дауыс беруге құқығымыз жоқ, тек ұсыныс қана айта аламыз екен.

Қандастарымыздың кедергісіз құжаттнауына керек-ау деген түйіндерді, Заң жобасының баптарына сәйкес, кестеге түсіріп, Жұмыс тобындағы кез-келген депутаттқа апарып түсіндіреміз. Оған халық қалаулысы қолын қойып, Жұмыс тобының жетекшісіне жөнелтеді. Идеологиясы дұрыс болса болғаны, Гүлнар Сүлейменқызы отырыстың талқысына салады. Депутат өз ұсынысын қорғап шығуға міндетті. Қажет болған жағдайда, Жұмыс тобы жетекшісінің рұқсатымен біздің ол ұсынысқа түсінік жасауымызға, өткізу туралы өтінуімізге мүмкіндік беріліп отырды. Қысқасы, Заң жобасы осы тәртіппен тәптештеліп қаралды. Обалы не, Алдан Смайыл, Нұртай Сабильянов, Құттықожа Идирисов, Майра Айсина, Гүлмира Исимбаева, Бақытбек Смағұл, Алмас Тұртаев, Азамат Әбілдаев, Олга Киколенко, Меруерт Қазыбаекова – қай-қайсысының да қашан барсақ есігі айқара ашық тұрды. Көңілі тасып, қарсы алып отырды. Бір де бір өтінішімізді жерге тастаған емес, қолдап, қуаттап, өтуіне бар күштерін салып бақты.

Осы жерде, Жүмыс тобына жетекші етіп Гүлнар Сейтмағамбетованы таңдап қойған Мәжіліс төрағасы Хабиболла Жақыпов ағамызға мың да бір алғыс айтуымыз керек!

Гүлекең еркекке тән мінезімен, нағыз жетекшіге лайық болымысымен кірісті бұл игілікті іске. Қолынан келгеннің бәрін жасады. Әріптестері де кілең бір сайдың тасындай іріктелген тұлғалардан жасақталыпты. Олар осынау орайды пайдаланып, 2013 жылғы шарасыздықтан жіберген «әттеген-айды» толтыруға, білектерін сыбана тырысып бақты. Соған сай, біз де шамамыз жеткенше көмегімізді аяғамыз жоқ, ойда жүргеннің бәрін ұсындық.

Сөз орайы келіп тұрғанда, ҚР Президенті Кеңсесінің бастығы Махмұт Қасымбековтың атын ерекше ықыласпен атап, жасаған азаматтығын айтып өткеніміз жөн. Махмұт Базарқұлұлы тек осы мәселе бойынша бір менің өзімді Ақордада төрт мәрте жеке қабылдады. Сөйтіп, Үніміздің Президент әкімшілігіне, одан ары Үлкен Кісіге жетуіне де үнемі ықпал етіп отырды.

Сосын, Мәжіліс апараты жетекшісінің орынбасары, қазақтың аяулы презенті Сабыр Қасымов ағамыздың көрсеткен көмегі тіпті ерекше. Қазақ көшінің тоқырауына қабырғасы қатты қайысқан, жар құлағы жастыққа тимей тұс-тұсқа қоңырау шалып, біздің өтінішімдің өтуіне күш салған, тиісті қабылдауларға кіруімізге жол ашқан бір кісі болса, ол – осы Сабыр Ахметжанұлы!

Сонымен бірге, ҚР Президентінің кеңесшісі Мұхтар Құл-Мұхамедтің, ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенованың, сенаторлар Мұрат Бақтиярұлының, Қуаныш Айтахановтың, Жабал Ерғалиевтың, Нұрлан Оразалиннің, мәжілісмен Жамбыл Ахметбековтың, ҚР Ішкі істер вице-министрі, полиция генерал-майоры Ерлан Тұрғынбаевтың, ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі Біржан Нұрымбетовтың, Көші-қон комитетінің төрағасы Ахмади Сарбасовтың, ІІМ Көші-қон полициясы департаментінің төрағасы Серік Сайыновтың, Көші-қон комитеті төрағасының орынбасары Аслан Қаржаубаевтың, ІІІМ Көші-қон полициясы департаменті азаматтық және иммиграция басқармасы бастығының орынбасары Сабыржан Сейтжановтың және Әбдімүтәл Әлібеков пен Серік Сағыновтың әрқайсысы, өз мүмкіндіктеріне қарай, қолынан келген қамқорлығын аяған жоқ. Әсіресе, ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице – министрі болып министрі Біржан Бидайбекұлы қалай келді, Жұмыс тобының жұмысы солай қарқын ала бастады. Екі тілге бірдей жеттік Біржан бұл саланың білікті маманы екен, қай ұсынысты алдына қойсаң да, қамшы салдырмай дәлелдеп беріп отырды. Қысқасы, «Жас келсе, іске!» деген халық даналығын Біржан Бидайбекұлы бізге қапысыз дәлелдеп берді.

Ешқашан есімізден шығармайтын еңбегі ересен, қандастарымыз ең көп жүгінетін тағы бір үлкен сала – баспасөз – ақпарат құралдары және олардың басшылары мен қызметкерлері.

Бір сәт тәуелсіздіктен бергі жылдарға көз жіберіп, жалпы қазақ зиялы қауымы мен жоғарыдан төменге дейінгі атқарушы биліктің тізгінін ұстаған тұлғаларының ұлтына сіңірген еңбегін, кісілік келбеті мен адамгершілік болмысын өлшегіңіз келсе, ең әділ таразы – Президентіміздің Көші-қон саясаты дер едім.

Нұрсұлтан Әбішұлы, түсіне білген жанға, ел еркіндігін қолына алған күннен бастап, «Ежелгі атамекенінен жырақтап қалған Сіздерді кешегі күнге дейін ата-баба жеріне қайтып келе аламыз ба деген сұрақтың алаңдатып келгенін мен жақсы білемін. Туған жердің түтіні де ыстық дейді халқымыз.» деп, алыста жүрген ағайынды бірден Атажұртқа шақырып, ұлтын сүйюдің теңдессіз үлгісін көрсеткен еді ғой?! Міне, ұлылық!!!

Біз сол ұлы бастаманы қанын жерге тамызбай, бірден дөңгелетіп алып кете алдық па?! Үгіт – нәсихатын үзбей жүргізе білдік пе?!

«Қазақ көшінің басына қара бұлт үйіріліп, ұлт мүддесі сынға түскен сол бір қиын тұста осы басылымдар не жазды екен?!» – деп парақтай қалсаңыз, жанын шүперекке түйіп, мәселе көтергендері де; үнсіз қалып, күнбағыстың күйін кешкедері де сарғайған газет беттері мен интернет иірімдерінде сайрап тұр.

Енді бір елу жылдан кейін кімдердің немере-шөберелері аталарының өшпес еңбегін оқып, мерейі тасиды; кімдердің немере-шөберелері жер шұқып отырады?! – ол енді болашақтың еншісіндегі шаруа.

Біз бүгін тек көш-көш деп көз жасымызды көл етіп жүрген күндерде қол ұшын берген, қысылған жұртқа пана, бас-көз болған сол ағаларымыз бен басылымдарға басымызды иіп, ақ жол тілеумен ғана сөзімізді аяқтаймыз!

Елдің елдігі – ұлттық мәселеге келгенде, ұстанымы берік мемлекетшіл тұлғалары арқылы сақталады. Қандас ағайындар осындай ел ағаларының да қадырын біле жүрсе екен дейміз!!!

Қандастар, сен де түзел!

Шеттегі қандастар үшін бір нәрсе тағы анық! Ол – Қазақстаннан басқа жердегі, кесіп айтайын, қазақтардың бұдан былайғы жерде болашағы тіпті жоқ! Қай елде болсын, адам ретіңде біреуден алда, береуден кейін күн кеше беруге болатын шығар, тіпті ырғын түрмыс кешіруіңіз де мүмкін, бірақ ұлттық болмысты сақтайтын еш мүмкіндік қалмады. Қазір ырғалып-жырғалатын, ойланып-толғанатын уақыт емес, дүние дүбірге толып тұр. Есің барың, еліңді тап!

Көріп отырсыздар, Ұлт Көшбасшысы Н.Ә.Назарбаев қол қойған «Халықтың көші-қоны туралы» жаңартылған Заң, тыныштығын берсе, Қазақ көшінің екінші бір алтын қақпасын ашатыны ақиқат! Алла қаласа, менің Сауытбек Әбдрахманов ағам облыс әкімдеріне «Биыл облыстарыңыз неше мың «Егемен Қазақстан» газетіне жазылды деп емес, алдымен ауылдарыңызға алыс-жақын шетелдерден қанша мың этникалық қазақ отбасы көшіп келді!» – деп, сұрайтын күн туды.

Сол үшін алыстан келген, келудің сәт-сағатын күтіп жүрген қандастарымыз ең алдымен Ұлт Көшбасшысының осы еңбегі мен қамқорлығын бағалай білуі керек! Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары келген ағайын бір-бір пәтердің кілтін алып, талтаңдаған күндер де болған. Оны ұрпақ миына сіңіріп отырған жөн. Білімді жастар, зиялы қауым өкілдері билік партияларына, жастар бірлестіктеріне көптеп мүше болып кіргені, жаңа қоныстың саяси өміріне белсене араласқаны, сөйтіп, Елбасы төңірегіне тығыз топтасқаны абзал. Бір күн бұрын келген ағайын артынан келетін тумаларына оң бағыт-бағдар сілтеуге міндетті.

Бекер обалы кәне, қандастарымыз ұлтаралық қатынасқа, татулықты сақтауға шетінен шебер! Шетте жүріп, олар бұл нәзік саясаттың академиясынан өткен. Бұл жағынан көп алаңдауға орын жоқ.

Жергілікті халықпен татулықты сақтаудың, жаңа ортаға сіңісудің ең бір тамаша жолы – Ақсарбас айтып сойып, тұрғылықты жұртпен құйрық-бауыр асасқан құдалықты жиілету – қыз алысып, қыз берісу. Ортақ немере мен жинен бәрін жақындатады.

Оралмандарды қоныстандыру үшін Үкімет айқындаған өңірлердің қай-қайсысы да түгін тарсаң, майы шығып, тұтасып тұр. Менше, шеттегі туысқандар үшін Қазақстан бүгінде жұмбақ әлем емес! Ғылым дамып, ғаламтор салтанат құрған заманда көзден таса, көңілден қалтарыс қалатын ештеңе жоқ. Біразымыздың бір-бір отауымыз осында. Депутат Серікбай Нұрғисаев айтқандай, Еліңмен, ауылыңмен, ортаңмен көшіп кел де, бос тұрған елдімекендерге қоныстана бер!

«Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бағынған құл болмайды» – депті батыр бабамыз Бауыржан Момышұлы. Ең құрығанда, сол Көші-қон заңның өзіңе керек-ау деген тұстарын біліп алғаның артықтық етпейді. Қазір, Құдайға шүкір, кем дегенде, бір отбасында бір бала интернеттің құлағында ойнайды. Жасы сексеннен асқанда Ғаббас Қабышев пен Мекемтас Мырзахметов ағаларымыз игеріп алған компьютердің тетігі жастар үшін онша қиынға соға қоймас. «Google»-ді ашып, «Көші-қон» деп басып қалсаңыз, «Халықтың Көші-қоны» туралы Заң жарқ етіп шыға келеді. Оның үстіне, Заң соншалықты күрделі де емес, Көші-қонға қатысты барлық саланың құзыреті мен міндеті тайға таңба басқандай ашық көрсетілген. Мысалы, «Оралмандардың құқықтары мен міндеттері» 26-бапта сайрап тұр. Өздеріңіз келер-келместен өте көп сұрайтын «Оралмандарға, этникалық қазақтарға және олардың отбасы мүшелерiне берiлетiн жеңiлдiктер мен әлеуметтiк көмектiң басқа да түрлерiн» 23-баптан көшіріп алыңыз да, әне, 15-бапта жазулы тұр, «Жергілікті атқарушы органдардың құзыретіне» барып, жүгіне қойыңыз!

Өз құқығың мен міндетіңді білсең, Заң талаптарымен жүрсең, сенде ешкімнің хақысы жоқ! Жеңілдіктен де кем қалмайсыз, делдалға да жем болмайсыз. Кешегі жарты әлемді дүбірлеткен көкжалдар Әкпар мен Сейіттің, Оспан мен Қалибектің, Ұзақ пен Жәмеңкенің бүгінгі ұрпағына өзінің Ұлы Даласына орналасқан Мәңгілік Еліне келіп алып, қырсыздығынан құжаттарын тартқызып қойып, «Мен оралман едім!» – деп көшеде еңіреп жүру, көз жасын көл ету енді жараспайды!!!

Құдайға тәубе, Тәуелсіздіктің, Елбасымыздың ерте жолға қойған нарықтық экономикаға бағытталған жақсы саясатының арқасында Қазақстан биік белестерді, асқар асуларды бағындырды. Сонымен бірге, тәуелсіздік жылдарынан бері алыстан көшіп келген ағайындардың да тіршілігі жаман емес. Бәрі дерлік болмаса да, көбі ауқатты тұрады. Соның бір белгісі жыл сайып өтіп жататын мерей тойлар мен батыр бабаларымызға арнап берілген астар.

Мен білгенде, қазірге дейін Таңжарық Жолдыұлы мен Қалибек хакім Райымбекұлының 100 жылдығы мемлекет жағынан тойланды. Ал, Оспан Исламұлы бастаған батырлар мен даналарымыздың датасы алыстан келген ағайындарының, жерлестері мен етжақындарының бастамасымен әр он жылда бір дүркіреп өтіп келеді. Қуанарлығы сол, соңғы жылдары ғана Жәкула болыстың 150 жылдығына, Ер Жәнібектің 300 жылдығына, Байтайлақ батырдың 312 жылдығына арналған ас-тойлардың ешбірінің сәні мен салтанаты Абылай хан мен Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған шаралардан еш кем соққан жоқ. Күмбездерін де күншілік жерден көрінетін етіп, күмбіретіп тұрып тұрғыздық. Әсіресе, Ер Жәнібектің 300 жылдығы! Оның бер жағында аудан, ауыл көлемінде біз естімеген қаншама тойлар өтіп жатыр?!. Демек, қандас ағайындарымыздың қалтасы тоқ деген сөз. Біз бір қауым ел болғанымызды, қасиетті қара шаңырақ Қазақстанның сәніне сән, әніне ән қоса алатындығымызды жан-жақтылы дәлелдедік. Өз мүддемізді өзіміз қорғап, пікір көтере алатынымызға да көздеріңіз әбден жетті.

Қайталап айтайын, бұл жетістіктің бәрі Тәуелсіздіктің, Ұлт Көшбасшысы Н.Ә.Назарбаевтың ерен еңбегінің арқасы!

Сөз жоқ, жоғарыда мен есімдерін атаған осы алты тұлғаның алтауы да қалай ұлықтасақ та жарасатын, жас ұрпаққа берер ұлағаты мен өнегесі мол кісілер. Және олар бір өңірдің, бір тайпаның ғана емес, Алты Алашқа түгел ортақ арыстар!

Әрине, өз табан ет, маңдай терімен тапқан дүниесін қалай жұмсауды әркім өзі біледі! Дегенмен, арғы беттен келген ағайынның біткен руының біткен батырына енді ұланасыр той жасай беру де тым жараса бермес дәстүр деп ойлаймын. Елбасы Н.Назарбаевтың сөзіне құлақ түрсек, «Тек өткен тарихымен ғана мақтанатын елдің болашағы бұлыңғыр. Әр буын өкілдері ата-баба даңқына даңқ қосып, абыройын арттырып, бүкіл дүние жүзі алдында беделін биіктете білген елдің ғана болашағы жарқын, мерейі үстем болады» (2015 жылы 11-қыркүйекте, Астанада өткен «Қазақ хандығының 550 жылдығына» арналған салтанатты жиналыста сөйлеген сөзінен). Тоймен даңқ қосып емес, әрине!

Естеріңізде болсын, мерейтойлар мен атаулы күндерді мерекелеу туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 28 қыркүйек №1465 Қаулысы бар. Сонда «2) жекелеген тұлғалардың мерейтойлары алғашқы жүз жылдықта – жүз жылдығы, одан кейiнгi жүзжылдықтарда әрбiр жиырма бес жылда аталып өтiледi» деп бекітілген.

Қайта, әрең қолымыз жеткен Көші-қон Заңында жасалған осынау мол мүмкіндікті барынша ұтымды пайдаланып қалғанымыз әбзәл. Есті азамат үшін пәленше батырдың 250 жылдығын тойлағаннан гөрі, өз ауылыңнан өзге жұртқа кіріптар болып жүрген 25 отбасын көшіріп әкеліп, Арқа төсіне қоныстандырсаң, азаттық жолында мерт болған анау батыр ата-бабалардың аруағы саған өкпелемейді. Қайта, аманаты орындалғанына, тұқымының азат Отан төріне жеткеніне дән риза болады.

Менше, Ең жақсы той – бір жілікті асып, Ата жұртта танысқан көрші-қолаңды шақырып, қауқылдасып өткізген қоныс тойы! Одан қалса, ерулік!!

Құдай сәтін салып, Елбасымыз қолдап, Тұңғыш президенттің «Көші-қон қоры» құрылып жатса, салмақтың ауыр жағын алдымен өзіміздің көтеруімізге тура келеді.

Жалпы, Қазақ буржуазиясы қалыптасып үлгірді деп айтуға әбден болады. Бірақ, ұлттық деңгейге көтеріле алған жоқ. Өкінішке орай, көбі ата-бабаларына ас-су беріп, ат шабыс өткізуден; кесене тұрғызып, мешіт салдырудан арыға бара алмай келеді. Сондықтан, Тәуелсіздік жылдары оралған қандастарымды қойып, қиылы заманның қыспағы кезінде арғы бет асып кеткен елдің мұндағы бүгінгі ұрпағына да айтарымыз – «Тұманды жылдары көз жазып қалған тумаларыңды туған жеріңе қайтарып ал, қандастарыңа қарайлас!» деген осы өтініш!

Сосын, есте болатын тағы бір маңызды мәселе бар! Көшіп келген соң, «Адасқан күшік секілді» ескі жұртқа қарап «ұлығанды» қою керек! Қазақстан Республикасының Конституциясы бойынша, мемлекеттің сыртқы саясатының негізгі бағыттарын айқындайтын қоғамдық үйым басшылары емес, Президент! Үкіметтік делегатция, сауда-саттық, оку және туысқаншылаулардың барыс-келісі, әрине, жөні мүлде бөлек әңгіме. Қазақтар үшін, өз Отаның тұрғанда, итініп барып «хуацяо» болудың енді түкке керек жоқ!!!

Осы бір нәзік түйінді нақтылай түсу үшін, бір мысал келтіре кетейік. Кезінде «Алаш Орда» партиясының көсемдері Жапон моделіндегі ел құрамыз деп, өз алдына биік мақсат ұстанғаны белгілі. Ал, Қазақстан мен Жапонияның казіргі қарым-қатынасы тіпті жақсы. Кеше көшіп келген қандас бауырларымыз үшін бүгін Қытайдың Жапон басқыншыларына қарсы соғысының 70 жылдығына арналған парадын барып көзден кешіргеннен гөрі, Қазақстан қарулы күштерінің Астанада жылда өтетін парадын тамашалау керемет бақыт емес пе?!! Шыңжаң Үйғыр автоном районының 60 жылдығы мерейтойына барғаннан гөрі, Қазақ хандығының 550 жылдығына қатысу әлде қайда мәртебе ғой!? Бұдан ештеңе бұлініп те кетпес, дегенмен азаматтық ұстаным деген бар емес пе!?

Шеттен келген, келу алдында тұрған әр қазаққа айтарым: Сенің Отаның – Қазақстан Республиксы! Президентің – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев!! Елордаң – Астана!!!

Әрине, мұндай игі бастамалар, оң өзгерістерге және принципті мәселелерге келгенде, ең алдымен ұйтқы болатын, елді отаншылдық бағытқа жетелейтін – арғы беттен ерте келген зиялы қауым – Бежіңнен, Мәскеуден, Ұланбатырдан... оқыған білімді, саналы азаматтар!

Кіндік қаны тамған туған жерін, күл төккен ата жұртын тастап, екінші бір елге кету, әрине, кім-кімге де оңай шаруа емес. Ішіңді удай ашытады. Бір ғұмыр сағынышпен өтесің. Бірақ, Тәуелсіз еліміздің мәңгілігі, жас ұрпақтың нұрлы болашағы үшін бәрін құрбан етуімізге тура келеді. Есіңізде болсын, әлемдегі барша қазақ – бір қазақ! Сондықтан, бұл да сенің ата-бабаңның жері! Қазақстан аман болса, қазақ ешқашан далада қалмайды! Мемлекеттің қауіпсіздігін қорғайтын оның армиясы емес, халқы екенін дәлелдеп жатудың өзі артық. Халқы мол мемлекеттің, біз құсап дұрыс басқара алса, қайғысы аз болады.

Аса мәртебелі Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев сөзінің бір кезегінде «Келем дегендерге Қазақстанның жері кең, елі кең, жағдайы бар, Заң қабылданды, құқықтарың бар. Не істейім десең, қандай жұмыс істейім десең, қандай бизнеспен шұғылданам десең, келіңдер де, АЙНАЛАЙЫН ҚАЗАҒЫМ, күніңді көріп, байыңдар!» -деген болатын. Кеше ғана екі журналистке берген бейресіми сұхбатында «Ол саясат өзгермейді. Бізге қайтып келем деген ағайындарға – қазақтарға есік ашық. Мен көбірек келгенін қалаймын ол адамдардың!» деді сол сөзін тағы қайталап.

Міне, сол Заң тағы түзелді, қандастар! Енді сендер де түзеліңдер!! Жалтақтамай, аттың басын Алатау мен Арқаға бұрыңдар!!!


Ауыт МҰҚИБЕК.

Қараша-желтоқсан,2015жыл.

Астана

«Дат» газеті

1 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1972