ҚАЗАҚ ЗЕРТХАНАНЫҢ ҚОЯНЫ ЕМЕС
«Бір бала әкеге жете туады, бір бала әкеден өте туады» депті ата-бабамыз. Дариға Назарбаева ханым Нұрекеңе жете туды ма, әлде ол кісіден өте туды ма, ол жағын сараптап анықтама беруге біздің өреміз де жетпейді, хұқымыз да жоқ. Бірақ осы қарындасымыздың соңғы он шақты жылдың мұғдарындағы саяси қайраткерлігіне қарап отырып, ол әртүрлі ұсыныстар жасау жөнінен көп ұзамай Нұрекеңнің өзін басып оза ма деп қаламыз.
Мейлі ғой, бірақ бізді қинайтыны осы қарындасымыз не депутат ретінде, не үкімет басшысының орынбасары ретінде айтып жүрген ұсыныстарының бірде-бірінде мемлекет құраушы ұлт қазақ ұлтының мүддесі, әсіресе мемлекеттік тіл – қазақ тілінің ахуалын жақсартайық деген сыңар ауыз сөз айтқан емес. Өйтудің орнына...
Иә, өйтудің орнына әнебір жылы Алматы қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов «2006 жылдың 1-ші қаңтарынан бастап Алматыда іс-қағаздары қазақшаға көшіріледі» деп жариялағанда осы ханым Олжас Сүлейменов екеуі өре түрегеліп шу көтергені әлі есімізде. Алжас Амарычтың «ұлтжандылығы» қандай екенін көзі ашық қазақ әлдеқашан түсініп болды ғой, ал Дариға ханымның бұл қылығы «малыма тиіссең де арыма тиіспе дейтін» көзі ашық қазақ атаулыға «ал маған не істей аласың» дегендей көрінді. Сол кезде қазақтың орысшадан қол үзіп қалмауына осылай шыр-пыр болған Дәкең енді қазақтарды қытайша сөйлетуді қолға алмақшы. Жақында ол «өте таяу уақытта бәріміз қытай тілін де үйреніп алуымызға тура келеді» деп мәлімдеді. Иә, «қытай тілін үйренейік» деген жоқ, «қытай тілін де үйренейік» деді. Демек, бұл – ана тілінде тілі шығып үлгірмеген сәбилерімізді көзін ашпай жатып орысша мен ағылшынша үйренуге мәжбүрледік, енді оларды қытайша да сөйлеуге қаласаңдар да, қаламасаңдар да мәжбүрлейміз деген сөз. Ал біздің қазекең бұл сөздің аржағында не жатқанына мән бермей «е, Дариға айтты да қойды ғой» деп ойлап жүр. Олай ойлау – қазақ ұлтының үлкен қателігі, өйткені, биліктегілер ешнәрсені де айтып қоя салмайды. Демек, көп ұзамай сәбилерімізге орысшаға, ағылшыншаға қоса қытайша үйрету басталады. Аузынан ана сүті кеппеген сәбилерге көп тіл үйрену қазақтың ұлт ретінде аман қалуына үлкен қауіп екенін жәй қазақ түсінбесе де биліктегілер жақсы түсінеді. Бұл жаһанданудың бір міндеті яғни, бір ұлтты жоюдың ең басты әдіс-тәсілі. Атақты ғалым Дэвид Кристалл «бір ұлтты жойып жіберу үшін оған қостілділікті енгізсе жетіп жатыр. Сонда үстем ұлттың тілі аз ұлттың тілін жұтып қояды, шұбарландырады. Ал тілі шұбарланып, жойылған ұлттың өзі біртіндеп жойылып әлгі ұлтқа сіңіп кетеді» деген. Вице-премьер ханым өзінің қытай тілін де «выучить придется» деуіне себеп ретінде көп ұзамай қытайлардың еліміздің байлығын игеруге көмектесе бастайтынын айтты. Мұны сорақылық демей не дейік, өйткені Ресейге Қазақстаннан, не өзге бір елден барған адам орысша сөйлемесе аула сыпырушылық жұмысқа да алынбайды. Германия, Франция, Англияда да солай. Ендеше, қазақтың жерін, жер байлығын игеруге келген кез-келген қытайға, орысқа, ағылшынға солардың тілінде сөйлеп, солардың тілінде жауап беруге қазақты мәжбүрлеуді ұлттың намысына тию емес дей аласыз ба?
Қазір біздің елде дүниежүзі ағылшынша сөйлеуге көшуде, біз де сөйтуіміз керек деген ұран тасталуда. Бұл қып-қызыл өтірік. Өйткені, пәленбай миллиард қытай, үнді, жапон, парсы, араб елдері тек өз тілінде сөйлейді. Франция, Германия, Австрия сияқты елдер ағылшын тілін енгізбек түгел өз елінде ағылшынша сөйлеуге ашықтан-ашық қарсылық көрсетуде. Тіпті, ағылшындардың бір дыбысты үш-төрт әріппен жазатынын, тілін бұрап сөйлейтінін мазақтайтындар да бар. Мүмкін, халықаралық бизнесі, халықаралық ірі-ірі кәсіпорны бар жекелеген кейбіреулер ғана өз еркімен үйренсе үйренетін де шығар, бірақ бұл елдерде қазақтарға ұқсап балаларымыз жаппай ағылшынша үйренсін деу атымен жоқ. Өйткені, олар жастайынан бірнеше тілде сөйлеп, тілі бірнеше тілде шыққан сәби ешқашан ең әуелі өз ұлтын сүйетін, өз ұлтының намысын, салт-дәстүрін қорғайтын азамат болмайтынын жақсы біледі. Ержетіп есі кіргенде тек қара басы мен қатын-баласының ғана қамын ойлайтын, биік мәнсап пен лауазымды ғана армандайтын өзгенің қаңсығын таңсық көретін дүбәралар сәби шағынан әр тілде сөйлеп өскендерден шығатынын өмір көрсетіп отыр.Бұл сұмдық саясат екенін қазекемнің көпшілігі түсінбей «көп тіл білген пайдалы» деген лахуа сөзді бір-бірінің миына құюда. Басқаларды былай қойғанда орыстардың өзі балаларына «Сен Қазақстанда тұрасың, сондықтан қазақша білуге міндеттісің дегенді өліп-бара жатып та айтпайды. Оның орнына сен орысша сөйлегенде бір қазақ қазақша жауап берсе прокуратураға шағымдан Президент солай деген» деуі де мүмкін.
Иә, халық болған соң оның ішінде неше түрлі айтаққа ергіштер, ұраншылдар, атойшылдар, жоғарыдағы біреу орынсыз бастама көтерсе де іліп ала жөнеліп көзге түскісі келетін жалбатайлақтар аз болмайды. Көрерсіз де білерсіз, ондайлар енді төртінші тіл қытай тілін енгізу туралы мына ұсынысқа қызу қолдау жасайды да оны «жаппай халықтық қолдау тауып отыр» деген лақапқа айналдырады. Бүкіл қазақ бірнеше тілде сөйлейтін болса, әлем халықтарының бәрін басын озып, әлемдік көштің алдына шығады деген сияқты адам ұяларлық сөздер тағы да айтылады. Егер біз бүкіл қазақ болып осы көпірме сөзге сенсек, сол әлем халықтары алдында ақымақ, мақтаншақ, даңғазашыл, дақпыртшыл ұлт атанып, күлкі боламыз! Бұрын Абай айтса, енді бізді кейбіреулер қазірдің өзінде мақтаншақ, ұраншыл ұлт деп атайтындарын байқап та жүрміз.
Жер бетінде көп тілде сөйлейтін адамдар (полиглоттар) бар. Бірақ бәрі-бірдей көп тілде сөйлейтін ұлт болған емес, болмайды да, Бұл қазақ ұлтына жасалып отырған жаңа бір тәжірибе. Өйтіп қазақты зертхананың қоянына ұқсатып, тәжірибе объектісіне айналдыруға ешкімнің хұқы жоқ.
Иә, қазақ халқы бұдан 300 жылдан астам уақыт бұрын Ресейдің отарлық бұғауына түскеннен бастап оны қанап, тонаумен бірге тілінен, ділінен айырып орыстандырудың, дінінен айырып шоқындырудың неше түрлі тәжірибелері жасалып келді. Кеңестік Мәскеу оны одан әрмен сұмдық сұрқия саясатпен жалғастырды. Қазақ жерінде ядролық сынақтар өткізу, ғарышқа нешетүрлі жерсеріктерін, ғарыш кемелерін, зымырандар ұшыру, тіпті, фосфор зауыттарын салу – малдарға, жан-жануарларға жасалатын ғылыми зерттеулер мен тәжірибелердің қазаққа жасалған түрі болатын. Қазақстанда қолдан жасалған түрлі ашаршылықтар мен қырып-жоюлардың бәрі әрі ғылыми, әрі саяси жауыздық тәжірибелер еді. Қазір қазақтың басынан өткен осы зобалаңдардың ешқайсысы не мектеп оқулықтарында, не жоғары оқу орындарының оқулықтарында айтыла бермейді. Олардың орнына жер бетінен әлдеқашан жойылып кеткен жоңғарлармен болған үлкенді-кішілі қақтығыс, соқтығыстар он, жүз есе өсіріліп айтылады, жазылады, кинолар түсіріледі. Қазақстан Халықтар достығының зертханасына айналдырылып қазақ халқының қолтығына интернационалист халық деген су бүркіліп отырды. Несін жасырайық, кейде сол интернационализм саясаты Қазақстанда әлі де жалғастырылып, әлі де жүргізіліп жатқан сияқты көрінеді де тұрады. Әйтпесе, Дариға ханымның «... чтобы школы не делились по языковому признаку», «чтобы все школы были трехязычными» дей келіп, онысын «очень интересная задача» деп түйіндеуі, қазаққа жасалатын жаңа тәжірибенің бір түрі емес дей аласыз ба? Бұл тәжірибе Дариға ханымға «очень интересная задача» болғанымен қазақ ұлтына «онша интересно» емес. Қалай десеңіз де қазақтың бүгінгі ұрпағын үштілділікке, оған қытай тілін қосып төрттілділікке мәжбүрлеу қазақты ұлттық ақыл-есінен айырудың, қоғамдық санасын билік басындағы кейбіреулердің халықаралық саяси ұпай жинауына бейімдеу үшін жасалып отырған әрекеттер сияқты. Біз Қазақстанға қай жақтан кім келсе де балаларымызды солардың тілінде сөйлеуге емес, керісінше оларды мемлекеттік тілде –қазақ тілінде сөйлеуге мәжбүрлеуіміз керек. Қазір дүниежүзінде солай! Қазақ жуас ұлт екен деп оның тағдырын әркімнің саяси ойынына айналдыруға болмайды. Бірнеше тілде сөйлейтін ұлт біздің кейбір саясаткерсымақтар айтқандай әлемдік көштің алдына түсіп кетпейді, керісінше кім екені белгісіз дүбара бір тіршілік иесіне айналып, ақыры жойылып бітеді. Бұл – жер бетінде талай рет болған, әлі де болып та жатқан құбылыс. Аллаһ қазақты сондай қасіреттен сақтап, басшыларымызға ес кіргізгей деп тілейік! Жер бетінде бірде-бір елдің басшылары біздің басшыларымызға ұқсап «Мы будем требовать от детей знания трех языков» дегенді айтқан емес. Ұлт тағдырымен бұлайша ойнауға ешкімнің хұқы жоқ, кім қай тілді үйренгісі келсе оны әркім өзі шешуі керек!
Р. S. Жақында Сенат басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтан қазақтың белгілі-белгілі қаламгерлеріне Дүниежүзілік Жазушылар Қоғамының мейрамымен құттықтау хат келді. Бірақ бүгінгі қызметі еліміздегі ғылым-білім, мәдениет сияқты рухани салаларға тікелей қатысты Дариға ханымнан мұндай бір ауыз жылы лебіз білдірілген жоқ. Сірә, қазаққа орыс, ағылшын, қытай тілдерін қосып оқыту шараларынан қолы босамай жатқан шығар деп әзілдедік те қойдық.
Мырзан КЕНЖЕБАЙ, ақын
Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі
Abai.kz