Жұма, 27 Ақпан 2026
Құйылсын көшің 142 0 пікір 27 Ақпан, 2026 сағат 12:36

Отан — тек шақыру ғана емес, қабылдау да!

Сурет: egemen.kz сайтынан алынды.

ҚАНДАСТАРҒА ТІЛ ТАЛАБЫ: ИНТЕГРАЦИЯ ҚҰРАЛЫ МА, ӘЛДЕ ҚОСЫМША КЕДЕРГІ МЕ?

Соңғы уақытта шетелден тарихи Отанына оралған қандастардың Қазақстан азаматтығын алу кезінде мемлекеттік тілден тест тапсыруы туралы талап қоғамда кеңінен талқыланып отыр. Бұл талаптың мақсаты — елге келген азаматтардың әлеуметтік бейімделуін қамтамасыз ету және мемлекеттік тілдің мәртебесін нығайту екені түсінікті. Алайда оның нақты өмірдегі салдары қандастар үшін айтарлықтай қиындық туғызып отырған жағдайлар да кездеседі.

Шетелдегі қазақ диаспорасының тілдік ахуалы біркелкі емес. Қытай, Түркия, Иран, Ауғанстан және өзге елдердегі көптеген қазақ қауымдастықтарында қазақ тілінде білім беретін мектептер жоқ. Бірқатар жастар тұрмыстық деңгейде сөйлей алғанымен, кирилл әліпбиін оқи алмайды, өйткені олар өзге тілде, өзге жазу жүйесінде білім алған. Ал кейбірінің ниеті болғанымен, тілдік орта мен әлеуметтік жағдайдың әсерінен ана тілін жүйелі меңгеруге мүмкіндігі болмаған. Мұндай жағдайда қысқа мерзімде А2 деңгейіне жетіп, тест тапсыру — күрделі міндет.

Мәселенің тағы бір маңызды қыры — шетелдегі қандастардың қазақ тілін үйрену мүмкіндігінің шектеулі болуы. Көптеген елдерде қазақ тілін жүйелі түрде оқытатын оқу орындары, курстар және сапалы оқу құралдары жеткіліксіз. Қазақша сөздіктер, заманауи оқулықтар мен цифрлық платформалар қолжетімсіз немесе өңірлердің бәрін қамтымайды. Қазақстан тарапынан жүргізіліп жатқан бастамалар болғанымен, олар барлық қазақ шоғырланған аймақтарға толық жете бермейді.

Мемлекет құрған «Отандастар» қоры белгілі бір жұмыстар атқаруда, алайда диаспора өкілдерінің пікірінше, бұл шаралар әлі де жеткіліксіз. Әр елдің тілдік және әлеуметтік ерекшеліктерін ескеретін арнайы оқу құралдарының тапшылығы сезіледі. Кей мемлекеттерде Қазақстан ұйымдарының мәдени-білім беру қызметін еркін жүргізуіне шектеулер қойылған, бұл да жүйелі жұмысты қиындатады.

Қандастар — классикалық мағынадағы иммигранттар емес. Олар тарихи себептермен шетелде қалып қойған этникалық қазақтар. Қазақстанға экономикалық мақсатпен ғана емес, ұлттық ортасына қайта қосылу, ұрпағын қазақ тілінде тәрбиелеу ниетімен келеді. Тәжірибе көрсеткендей, Қазақстанға қоныс аударған жастардың басым бөлігі тілдік ортаға енген соң 1–2 жыл ішінде қазақ тілін меңгеріп кетеді. Бұл тіл үйренуде орта факторының шешуші рөл атқаратынын дәлелдейді.

Елеулі мәселелердің бірі — құжат мерзімінің шектеулілігі. Тілді қажетті деңгейде меңгеріп үлгермеген адамның визасы немесе уақытша мәртебесі аяқталса, ол құқықтық тұрғыдан осал жағдайға түсуі мүмкін. Бұл тек әкімшілік мәселе емес, психологиялық және әлеуметтік тұрғыдан да ауыр салдар туғызады. Тарихи Отанына үлкен үмітпен келген отбасылар үшін мұндай жағдай қосымша күйзеліс әкелуі ықтимал.

Сонымен қатар қоғамда Қазақстанның өз ішіндегі тілдік ахуалға қатысты өткір сұрақтар да жиі көтеріледі. Мемлекеттік тілдің конституциялық мәртебесі айқын болғанымен, оның қоғамдық өмірдегі нақты үстемдігі толық қалыптасты деуге болама?

Тәуелсіздік алғанымызға отыз бес жылдан асты. Осы уақыт ішінде қазақ тілінің қоғамдағы нақты орны қандай деңгейге көтерілді? Қазақтілді ортада өмір сүріп жатқан өз азаматтарымыздың барлығы мемлекеттік тілді еркін меңгерді ме? Мемлекеттік қызметкер мемлекеттік тілді білуі тиіс деген талап неге нақты әрі міндетті нормаға айналмай отыр?

Бүгінде билік құрылымдарында отырған кейбір министрлер, депутаттар мен жоғары лауазымды тұлғалар қазақ тілінде еркін сөйлей ала ма? Олар қарапайым тілдік талап — А2 деңгейін былай қойғанда, ең төменгі А1 деңгейіндегі тесттен өте алар ма еді? Мемлекеттік тілді құрметтеу ең алдымен ел басқару жауапкершілігін мойнына алған азаматтардан басталуы тиіс емес пе? Олардың отбасы мүшелері мен балалары қазақ тілін қаншалықты меңгерген?

Мемлекеттік тіл туралы заң қабылданғанына ондаған жыл өтсе де, қазақ тілінің қоғамдық өмірдегі басымдыққа толық ие болды деу қиын. Егер ішкі тіл саясаты толық жүзеге аспай жатса, сырттан келген қандастарға қойылатын талаптардың әділдігі туралы сұрақ туындауы заңды. Сондықтан «алдымен өз елімізде мемлекеттік тілдің нақты үстемдігін қамтамасыз етіп алу керек емес пе?» деген қоғамдық пікірдің пайда болуы — табиғи құбылыс.

Дегенмен халықаралық тәжірибеде азаматтық алу кезінде тіл білу талабын қою кең таралған. Бұл — елдің әлеуметтік тұтастығын қамтамасыз етуге бағытталған заңды құрал. Қазақстанның да жаңа азаматтардан мемлекеттік тілді белгілі деңгейде білуді талап етуі табиғи құбылыс.

Алайда қандастардың жағдайы ерекше. Олар сырттан келген бөтен этнос өкілдері емес, тарихи Отанына оралушылар. Сондықтан оларға бейімделу кезеңін ұсыну, тіл үйренуге жеткілікті уақыт беру, кирилл әліпбиін білмейтіндер үшін арнайы бағдарламалар, оқулықтар  әзірлеу — әлеуметтік тұрғыдан әділетті шешім болар еді.

Қандастар — Қазақстанның демографиялық, мәдени және ұлттық дамуы үшін маңызды ресурс. Олар елге тек қолдау сұрап емес, еңбек етуге, Қазақ қоғамының бір бөлігі болуға келеді. Осы тұрғыдан алғанда, мемлекеттік саясаттың негізгі мақсаты оларды шеттету емес, мүмкіндігінше тез әрі тиімді бейімдеу болуы тиіс.

Қазақ тілі — ұлттық бірегейліктің өзегі, қоғамды біріктіретін фактор. Сондықтан тіл саясаты да біріктіруге бағытталуы қажет.

Ең бастысы — мемлекет пен қоғам қандастар мәселесіне түсіністікпен қарап, тарихи әділеттілікті қалпына келтіру миссиясын ұмытпауы тиіс. Қойылатын талаптар орынды болғанымен, олар тарихи Отанына оралуды қиындататын тосқауылға айналмауы керек.

Отан — тек шақыру ғана емес, қабылдау да!

Сурет: Автордың мұрағатынан алынды.

Қайрат Ғабитханұлы,

А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты. профессор

Abai.kz

0 пікір