Жұма, 24 Қаңтар 2020
Өз сөзі 3698 0 пікір 25 Маусым, 2016 сағат 13:35

АУЫТ МҰҚИБЕК: ОН ПАЙЫЗ ЖЕР ОРАЛМАНҒА ҚАЛСЫН!

Құрметті Мұхтар Болатқанұлы!

Жер реформасы жөніндегі Үкіметтің комиссиясының Сіз басқаратын Құқықтық тобы бүгін Астанадағы басқосуында «Қазақстан азаматтарына жерді жалға 49 жылға дейін беруге болады» -деген бірінші принципиалді шешімін қабылдапты. Өте қуанышты жаңалық! Құттықтаймын!!!
Бұл шешім алдағы жерде Парламентте де талқыланып, «Жер кодексіне» де енеді деген сенімдемін.

Осыған байланысты Сізден мына мәселені де қаперге алуыңызды сұраймын.

Көші-қон – Ұлт Көшбасшысы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тәуелсіздікті ала салып, небәрі он бес-ақ күннен кейін жолға қойған ТҰҢҒЫШ һәм ҰЛЫ саясаты! Нұрсұлтан Әбішұлының кемеңгер тұлға екенін төрткүл дүниеге бірден танытқан – алыста жүрген ағайынды Атажұртқа шақыру туралы шығарған осы батыл әрі тәрихи шешімі! 2015 жылғы 13 желтоқсанда ағымдағы жылды қорытындылап, журналистерге берген сұхбатында журналистерге да Н.Назарбаев: «Мен адамдардың көбірек келгенін қалаймын. Қазір жағдай қиындау болғанымен, дегенмен де көмектесіп жатырмыз. Сондықтан бұл бағыттағы саясат өзгермейді», - деді.

Демек, Көші-қон саясаты өзгермейді. Қазір бейресми деректерге қарағанда шетте бес миллион қандасымыз бар. Мүмкін одан да көп болу керек. Алдағы жылдарда олар Қазақстанға тоқтаусыз көшіп келіп отырады.

Сол үшін, Республика бойынша ауылшаруашылығы мақсатындағы Жер телімдерінің 10 пайызын, ал Оралмандарды қоныстандыру үшін Үкімет айқындаған өңірлердегі Жер телімдерінің 15 пайызын шеттен келетін қандастарымыздың үлесіне Қорға қалдыруды Жер кодексіне ендіріп, заңдастыру керек деп есептеймін!

Егер, Жер 49 жылға жеке меншікке беріліп кетсе, келген қандастарымызға Жер таппай қиналып қалатыны сөзсіз!

Қосымша дәйек үшін:

1
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЖЕР КОДЕКСІ

Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 20 маусымдағы N 442 Кодексі

46-бап. Оралмандарға жер учаскелерiн беру

1. Оралмандарға өзiндiк қосалқы шаруашылық жүргiзу, бағбандық және саяжай құрылысы үшiн жер учаскелерiн беру ауылдық елдi мекендердiң жерiнен, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерден, иммиграциялық жер қорының, арнайы жер қорының жерiнен және босалқы жерден уақытша өтеусiз жер пайдалану құқығымен жүзеге асырылады.

2. Оралмандарға шаруа немесе фермер қожалығын және тауарлы ауыл шаруашылығы өндiрiсiн жүргiзу үшiн жер учаскелерiн беру ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерден, арнайы жер қорының, иммиграциялық жер қорының жерiнен және босалқы жерден уақытша жер пайдалану құқығымен жүзеге асырылады.

3. Берiлген жер учаскелерi Қазақстан Республикасының азаматтығын алғаннан кейiн осы Кодексте белгiленген тәртiппен және жағдайларда олардың жеке меншiгiне өтедi.

4. Оралмандарға берiлетiн жер учаскелерiне осы Кодекстiң 48-бабының нормалары қолданылмайды.

Ескерту. 46-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2011.03.24 N 420-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

http://adilet.zan.kz/kaz/docs/K030000442_

 

2
ХАЛЫҚТЫҢ КӨШІ-ҚОНЫ ТУРАЛЫ

Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 22 шілдедегі № 477-IV Заңы

23-бап. Оралмандарға, этникалық қазақтарға және олардың отбасы мүшелеріне ұсынылатын мемлекеттік қолдау шаралары

...

3. Оралмандарға жеке қосалқы шаруашылығын жүргiзу, бағбандықпен айналысу, саяжай құрылысы үшiн Қазақстан Республикасының жер заңнамасына сәйкес ауылдық елдi мекендердiң жерлерінен, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерден, иммиграциялық жер қорынан, арнайы жер қорынан және босалқы жерлерден уақытша өтеусiз жер пайдалану құқығымен жер учаскелерi берiледi.

Оралмандарға шаруа немесе фермер қожалығын және тауарлы ауыл шаруашылығы өндiрiсiн жүргiзу үшiн ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерден, арнайы жер қорынан, иммиграциялық жер қорынан және босалқы жерден уақытша жер пайдалану құқығымен жер учаскелерi берiледi.

http://adilet.zan.kz/kaz/docs/Z1100000477

 

3
ОРАЛМАНДАР МЕН ҚОНЫС АУДАРУШЫЛАРДЫ ҚОНЫСТАНДЫРУ ҮШІН ӨҢІРЛЕРДІ АЙҚЫНДАУ ТУРАЛЫ

 

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 18 ақпандағы № 83 қаулысы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 18 ақпандағы № 83 қаулысына 1-қосымша

 

Оралмандарды қоныстандыру үшін өңірлер

1. Ақмола облысы.

2. Атырау облысы.

3. Шығыс Қазақстан облысы.

4. Батыс Қазақстан облысы.

5. Қостанай облысы.

6. Павлодар облысы.

7. Солтүстік Қазақстан облысы.

 

Құрметпен,
Ауыт Мұқибек
24.06.2016 Астана

Abai.kz

0 пікір