Дүйсенбі, 23 Желтоқсан 2024
Алашорда 6185 0 пікір 14 Наурыз, 2017 сағат 16:31

Тұрсын ЖҰРТБАЙ. «ТЕКШЕНIҢ БАУЫРЫНДА» (жалғасы)

III.

«Тентек күндердiң таңбасы» басылған екiншi әңгiме – «Текшенiң бауырында» деп аталады. Алғашқы абзацтарын салыстырып қараңыз, «Абай жолы» эпопеясымен басталуы бiрдей. «Шәкiрт бала бүгiн жолдың соңғы, үшiншi күнiне барын салды» – десе, одан он жетi жыл бұрынғы қысқа хикая: «Бiр жылы июльдiң аяқ шенiнде жайлауда отырған қалың елден түс ауа шығып, қалаға қарай бес кiсi келе жаттық. Бәрiмiз де салт аттымыз. Қала бiздiң елдiң жайлауынан үш күндiк жерде-тiн» – деп ойын сабақтайды. Айырмашылығы – бiр шәкiрт қаладан ауылға бара жатыр. Ол – Абай. Екiншi шәкiрт жайлаудан қалаға беттеген. Бұл – Мұхтар. Жолдың ұзақтығы – үш күн. Осыдан-ақ, әңгiменiң географиялық қартасын ойланбай табасың. Екi ауыл да – бiр ауыл. Шыңғыстың сырты. Бақанас, Байқошқар өзенiнiң жағасы. Бала Шақпақ, Үлкен Шақпақтың маңы. Дәлелдейтiн алғашқы мәселенiң басы – ашық. Сол арадан қыстау да – бiр күншiлiк жер. Яғни, Текшенiң баурайына түнделетiп жетуi де нақпа-нақ. Қала мен ауыл арасына он жасынан берi жылына екi-үш рет қатынап әбден жол машығын алған Мұхтар, екi шығармасында да ат үстiнде жүретiн уақыттың мөлшерiн дәл көрсетiп отыр.

Сонда, «Текшенiң бауырындағы» жастық желiк пен ер намысының бiр сапарын баяндаған хикая да шындық па? Кiм болуы мүмкiн? Ондай ерлiк Шыңғыс төңiрегiнде кiмнiң қолынан келедi?

– Тек қана Тәукенiң, ер Тәукенiң қолынан келедi. Және ол өмiрде солай болған. Мен ол әңгiменi өзiм де естiгемiн, – дейдi Шаймерден Ғалиев, – менiң өкiл шешем – Уәсила, Абайдың ұлы Мағауияның қызы. Мұхтардың ол кездегi таңдап қосылған жары – Кәмила  да Мағауияның қызы. Менiң әкем Ғали – Мұхамет пен Мұхтар туған бажа. Уәсила шешемнiң Абай туралы естелiгiн Мұхтардың өзi жазып бастырған. Кейiн Абай атындағы опера және балет театрында ұлт киiмiн тiгушi етiп Мұхан орналастырған. Үй де алып берген. Кәмеш пен Мұхтар бiздiң үйге қонаққа келдi. Апалы-сiңiлiлер де, бажалар да шүйiркелесiп кеттi. Дәстүр бойынша, бiздiң туыстарымыз жағалай қонаққа шақырды. Сонда ер Тәуке де сәлем бере келдi. Ол кiсi бiзге жақын. Дөң басында отырып, әңгiмесiн айтты. Мұхтар қағазға жазып алды. Ой, ол басынан ненi кешiрмедi дейсiң. Тұла бойы тұнған аңыз, хикая. Сонда, түн iшiнде салқындап төбеге шығып, ашық аспанның астында бiр уаққа дейiн күбiрлеп әңгiмелеседi. Бiрде, тау iшiнде келе жатқан пәуескедегi қызды түсiрiп алып, ойын-сауық, қызойнақ құрғанын айтты. Соны жазған. Сол, Тәуке! Үш күннен соң Мұхтар көксеңгiрден үйiне қайтты. Әкем әдемi қара ала аты бар едi, соны мiнгiздi. Мұханның өзi Тәукенi аузынан тастамайтын. Кегiн – кiсi өлiмiмен емес, кесек әрекетiмен қайтаратын.

Бiз Тәукенiң ерлiгiне, Мұхтармен әңгiмелескенiне, Ғали-Мұхммедпен аталас туыстығына сендiк. Бiрақ жаңа үйленген екi жасқа атақты Тәуке сәлем бере келдi дегенге иланбадық. Себебiн iздеп, қағыстыра келгенде, Тәуке – Уәсила мен Кәмиланың нағашысы болып шықты. Мағауияның әйелi – Дәмегөй – Тәукенiң немере қарындасы екен. Бәйбiшесi Маржан Мағауиядан соң көп ұзамай, ол да дүниеден қайтқан. Мағауияның екiншi әйелi Дәмегөй жас нәрестенi баурына салып алыпты. Кәмила Дiлда мен Әйгерiмнiң қолында бұландап өскен. Тұрағұлдан басқа адамды бетiне қарсы келтiрмеген. 1920 жылы жазда жайлауда Кәмила мен Мұхтардың тойы өттi. Оға, он сегiзiншi жылғы түрмеден босаған, елу жетi жастағы Тәуке қатыса алмауы мүмкiн. Сәлем бере келуi де – жиенiнiң алдынан өту рәсiмi болса керек.

«Сыбанның моласындағы» Көксеңгiр тауының суреттелуi сол кездiң әсерi. Ер Тәукенiң кесек пiшiнi «Ескi күннiң ертектерiндей» тұтаса тұлғаланып көрiнсе керек. Мұсатай Ақынжанов жиырмасыншы жылдары Мұхтар мен өтекелдiге ерiп, серуенге шыққанын айта келiп:

 

«Сол күнi кешке Текше шыңының алқабына жетiп қалдық. Алқаптағы Баhаром ауылынан тамақ iшiп, жайланып ұйқыға кiрiсе бастаған кезде, ерке қара  (өткелдi – Т.Ж.) әтеш болып шақырып елдi оятты. Атқа мiнiп тау iшiмен жол шектiк. Сол түнгi сапарымыз кейiн әңгiме болып жазылды, Мұхаң өзi оқып беріп, кейiн маған айтып отырып, көшiртiп алды» – дейдi.

 

Мұнда лирикалық кейiпкердiң шындығы бар. «Сыбанның моласындағы» әңгiмесiн Жортар ауыл қасындағы дөңнiң үстiнде айтады. Тау iшiнде, айлы түнде, ат үстiнде айтылған әңгiме әсерлi ғой. Мүмкiн Текшенiң бауырындағы серуен кезiнде Тәукенiң пәуескеден қызды түсiрiп алған хикаясы ойына оралып, мына табиғатқа жанағыдай жiгiттiк мiнез жарасымын таба елестетуi де мүмкiн. Екi оқиға да. Тәукемен кездесу де, Текшеге серуен де жиырмасыншы жылы жазда өткен. Араға уақыт салған соң, осы екi көрiнiстiң әсерi тұтасып, бiр сурет құралуы да ғажап емес. Әйтеуiр, тамырлас жатқан туыс суреттер.

Оқиғаның шындығына көз жеткiзу үшiн, Тәуке Мұстафаұлының өмiрi, серiлігi мен ерлiктерi туралы екi деректi ұсынбақпыз. Бұл «Текшенiң бауырында» атты әңгiмеге тiкелей қатысты болмаса да, ондағы Жобалайдың бiрталай мiнез-әрекетiн еске түсiредi. Әрi өте сирек кездесетiн, әдебиет тарихы үшiн бағалы мағлұматтар. Тәукенiң өмiр хақында көптеген деректердi жиып, жүйелеп, жөнге келтiрген адам – Қабден Есенғарин. Ол кiсi Семей облысының Абай ауданындағы Саржал селосының тұрғыны. Ұзақ жыл партия, кеңес қызметiнде iстеген. Абай, Шәкерім, Мұхтар, Көкбай, Тәуке жөнiнде көптеген деректер жинаған. Халықтың әдебиетi мен мәдениетiне жанашыр адам. Бiз, «Текшенiң бауырындағы» Сүлеймен мен Жобалайдың прототипiне саналатын Тәуке жөнiндегi Қабден Есенғариннiң дерегiн барынша толық пайдаландық. Ол кiсiнiң рұқсаты бойынша назарға ұсынатын жайлар мынадай:

«Тәуке Мұстафаұлы Саптаяқов 1863 жылы (кей деректе 1866 жыл) желтоқсан айында Семей губерниясына қарасты Бұғалы болысында Қара қорық деген жерде (қазiргi Абай ауданы, Саржал ауылдық советi) дүниеге келген. Атасы Саптаяқ ел қамы үшiн қолына қару алған, ер атанған адам. Қазақ пен қалмақ арасындағы бiр соғыста қазақ жағы жауын тықсырып, Қытай шекарасынан асырады. Сол жорыққа қатысқан Саптаяққа жолдағы Найманның Тәуке, Тоғас деген рулары көп көмек көрсетедi. Жеңiспен оралған батыр елiне келген соң сол рулардың құрметiне баласы. Мұстафадан туған немересiнiң бiрiне Тәуке, екiншiсiне Тоғас деп ат қояды. Тоғас 1916 жылы 37 жасында қайтыс болады.

Тәукенiң туған анасы – Айымжан – уақ елiнiң Байқадам руынан шыққан Байдалының қызы. Байдалы Саптаяқтың сан жорығына бiрге қатысып, оның сенiмдi жолдасы болған. Достық соңы құда болумен ұштасқан кезде, Байдалы үй iшiмен сотталып, «Ит жеккенге» жер аударылады. Бұл кезде Айымжан жетi жаста. Кесiктi он жылдарын өтеп Байдалы семьясы қайта оралған соң, Саптаяқ құдалығын  жаңғыртып, келiнiн түсiредi.

Қарт батырдың тұңғыш немересi Тәуке өз бауырында өседi. Шағын дәулеттi Саптаяқ жас Тәукенi еркелетiп өсiредi. Немересiнiң сымбатты көркiне, алғыр мiнезiне сүйсiне, сынай қараған батыр өзiнiң болат сауыт, алмас қылышын оған мұра етiп тапсырады. Бiрақ қарт батыр өзiнiң көзi тiрiсiнде сүйiктi немересiнiң ешбiр ерлiгiн көре алмай, 93 жасында дүние салады.

Тәуке жасынан ән-күйге, домбыраға құмартады. Он төрт – он бес жасқа келiсiмен-ақ сауықшыл топ жиып, серiлiк құра бастайды. Бiрде Абай ауылына барып, Абайға сәлем бередi. Ақын алдында ән салып, домбыра шертiп, өнерiн сынатады. Кейiннен тәуке Абайдың баласы Мағауиямен, Құнанбай немерелерi Әмiр, Рызықбаймен достасып кетедi. Мағауия Тәукенi немере қарындасы, сымбатты сұлу Дәмегөйге үйленедi.

Тәукенiң сауықшыл тобы тобықты ғана емес, көршiлес, уақ, сыбан, керей елдерiн де аралап, өздерiнiң әншiлiк, ақындық өнерлерiн дамыта түседi. Осы кезде Тәуке өзiнiң «Ақселеу» аталатын тұңғыш әнiн шығарады. Бұдан соңғы шығарған «Ақбидай» әнiнiң де өзiндiк тарихы бар.

Тобықты iшiнде Мамай руында әншiлiнi мен сұлулығы жағынан ел аузына iлiнген Ақбидай деген қыз болады. Атағын естiп әдейi iздеп барған Тәуке қызды ұнатады. Артынан, айттырмақ болып кiсi салғанда, Саптаяқ батырдың немересiнен қыз әкесi де бас тартпайды. Құдаласады. Бiрақ не керек, екi жастың қосылуына мүмкiндiк болмай қалады. Тәукенiң басына кенеттен күн туады. Ол былай болған едi.

Ел iшiнiң дау – шары таусылған ба. Жесiр дауы, жер дауымен сан қиян-кескi қақтығыстар болып, сондай қақтығыстарда қарапайым кедей шаруалардың да ру атынан күйiп кететiнi ежелден мәлiм. Көпежан, Жақып атақты байлардың арасындағы жесiр дауының (мұның өзi бiр әңгiме) аяғы насырға шабады да, Көпежан алуан түрлi айламен пәле жауып, қарсы жақтың бiрнеше адамын сотқа тартқызады. Солардың iшiнде әкесi Мұстафа мен шешесi Айымжан да он жылға кесiлiп, жер аударылды.

Жас Тәуке үшiн бұл оңай соққы емес едi. Ру басылары оның әке-шешесiн айдатумен ғана тынған жоқ, ендi Саптаяқ батырдың ата қонысы Қара қорықтағы Үш түйiс деген жердегi қыстауын Ике болыс өз қолымен құлаттырып, батырдың жайылымдық, шабындық жерiн Қодыға, Жақып деген байларға бөлiп бередi. Саптаяқ балалары тоз-тоз боп, күнкөрiс қамымен жан-жаққа ауып, бытырап кетедi. Тәуке өзiнiң туған iнiсi Тоғасты ертiп, әке-шешесiн iздеп, соңынан баруға мәжбур болады. Жар етуге құмартқан, сүйген қызы Ақбидай өз әке-шешесiнiң қолында қалады.

Тәуке сол кеткеннен 1892 жылы, әке-шешесiнiн кесiктi мерзiмi бiткеннен кейiн, солармен бiрге бiр-ақ оралады. Бұл кезде Тәуке – көптi көрiп ысылған, орысша қазақша сауатты, жүрегiне кек қатқан батыл азамат, елге келiсiмен тозып кеткен Саптаяқ балаларының басын құрайды. Ешкiмнiң рұқсатыныз-ақ, Жақып пен Қодыға жерiнiң түйiлiсiндегi Қос ши деген жерден қора салды. Ендi өзiнiң кектi жауы Ике, Көпежан сияқты байлармен есеп айырысуды мақсат етедi. Тобықты iшiнде шонжарлардан жәбiр-жапа шеккен кедей шаруаларды байларға қарсы қояды. Көршiлес Керей, Найман, Уақ елдiрiнен сенiмдi дос, тiлектес жолдас табады.

Жiгерi жалындап, қайраты тасыған ер жiгiт үстем таптан қалай есе-теңдiк алудың жөнiн бiлмедi. Қоғам туралы, оның даму заңы туралы бiлiгi жоқ адамның қанша қайраттанғанмен, үлкен iске аяқ баса алмайтыны белгiлi. Тәуке де таптық мүлде туралы ойлай алмады. Баймен есеп айырысудың жолы оның малын ұрлау деп бiлiп, бар қару-қайратын соған жұмсады. Жеке басының күн көрiсi үшiн емес, кедейлердiң байда кеткен ақысы үшiн аттанады. Жұртшылықтың оны «ер», «батыр» деп қадiр тұтуы да осыдан.

Оның бiр ерекшелiгi, өзi қай байдың малын шапқысы келсе «Тәуке, Тәуке!» деп ұран тастайды екен. Мұндайда Тәуке байлардың соңынан жүрген жолаушыларға үлес берудi «борышым» деп санайды.

Әрине Тәуке бұл мiнезiмен бай-шонжарлардың қырына iлiккенi сөзсiз. Көп ұзамай-ақ Ике болыс, Семей өңiрi қазақтарына шыққан атақты бай саудагер Қаражанмен астыртын мәмiлеге келiп, 1902 жылы Тәукенi ұстап бередi. Сот процесi Омбыда болып, төрт ояздың қаралаушы шонжарлары сотқа шақырылады. Қаракесектен Уақ Абай, (атақты Мәдидi қуғынға түсiрген адам, Мәдидiң туған ағасы – Т.Ж.) Тобықтыдан Ике, Найманнан Тұрысбек сотқа қатысады. Ал Уақтың Нұрке болысы бұл шақырудан бас тартса керек.

Сот Тәукенi 1892-1902 жылдар арасында ондаған iрi байлар мен көпестердi тонаған, бес мыңнан астам жылқы ұрлаған, жүздеген кедей шаруалардың басын қосып, ел iшiне iрiткi туғызған деп айыптап, Ақмола түрмесiнде он жыл отырсын деп үкiм шығарады.

 

                             “Он жылға Ақмолаға кеттiм ауып,

                             Түрiнен ағаңның еттiм қауiп.

                             Алты жылда Семейге қайта қайтып

                             Босадым бiр бiр нәрсенiң ебiн тауып” –

деп, Тәуке өзiнiң белгiлi “Келiншекпен айтысында” сол жылдарды еске алады.

Тәукенiң байлардан жаңағыдай, бес мыңнан астам жылқы алу өтiрiк емес. Бiрақ сөйткен Тәукенiң өз басында бiрер аттан басқа тұяқ болмаған. Байдан алған малды кедей-кепшiктерге олжа деп үлестiрiп отырған.

Қазiр Абай ауданындағы Тельман атындағы совхозда Жүнiс Мүсәпiров деген 76 жастағы қарт пенсионер тұрады. (Жетпiсiншi жылдары қайтыс болды. – Т.Ж.). Мүсәпiр – Тәукенiң әкесi Мұстафамен бiрге туысқан. Сондықтан Жүнiс жас кезiнде Тәукенiң баласы болып, соның қолында өседi.

Осы Жүнiс ақсақал былай дейдi: “Саптаяқтан тараған бес-алты шаңырақта желiге екi биенi қатар байлап сауған ешкiм жоқ. Бар байлығымыз – үй басы екi-үштен жақсы ат ұстаушы едiк. Бiр қызығы, батырдың үйiне алыстан қонақ келгенде соятын малы болмайтын. Мұндайда Тәуке ағам маған ым қағады. Мен салған бетте бiзбен аралас Қодыға дейтiн байға барып, Тәуке ағамның атынан өтiрiк сәлем жолдап, қонаққа соятын қой сұраймын. Бай кейде бергiсi келмейдi, оған қарайтын мен жоқ, қойдың семiзiн шетiнен ұстап ала жөнелемiн, бұған байдың басқа iстер шарасы да болмайды. Мен осыны iстеп жүргенде Тәуке ағам менен “қойды қайдан алдың” деп бiр сұраған емес. Тiптi соғым болмай қалса, батыр бiздi, екi-үш жас жiгiттi ертiп алып, Жақып дейтiн бай туысқанының жылқысына келедi. Күндiз тападай талтүсте 1-2 семiз биенi ұстап аламыз. Өзi жылқыға кiрмей сыртта тұрады. Ал Жақып бай болса, бөрi көрген иттей ол да жоламайды”.

Тәуке ақ жарқын, мейiрiмдi, ән салып, домбыра тартудан жалықпайтын адам екен. Ол домбырамен қазақ күйлерiне қоса орыс композиторларының шығармаларын да жақсы тартады.

Тәуке ұзын бойлы, ақ сары, жұқа өңдiлеу, шалғысыз қалың мұртты, қалың қабақты, үлкен қой көздi, иықты кiсi болады. Бет бейнесi, тура бiткен сұлу қырлы мұрны шешесi Айымжанға тартқан.

Тәукенiң анасы Айымжан бет пiшiнi мен денесi де келiстi, сұлу адам болған. Ауылдастыр оны Айымжан – деп атамай Акулина  апа – деп кеткен. Оның да өз алдына себебi бар-ды.

Айымжан жетi жасынан он сегiзге келгенше Сiбiрде (итжеккенде) әкесiмен бiрге айдауда болған. Онда өздерi сияқты жер ауып келген орыс, поляк, украин адамдарының ортасында болып, олар Акулина деп атаған. Айымжанды елге келгенде де әке-шешесi Акулина деп атаған. Сөйтiп, ол өлгенше акулина атанып кеткен.

Айымжан екiншi рет Мұстафамен бiрге тағы да он жылға барып келген соң, ауыл адамдарын жиып ап, жиырма жыл iшiнде орыс жерiнен көргенiн әңгiмелеп  айтудан бiр жалықпайтын. Мұстафаның үй-iшi жер ауып келген соң, екi-үш жылға дейiн өзара орысша сөйлесiп отыруды әдетке айналдырады. Бiрақ мұны туысқандары ұнатпайды. Сырт ағайындары, тiптi, “Мұстафа үй-iшiмен шоқынып кетiптi, олардың үйiнен дәм татудың өзi hарам” – дегендi шығарады. Бiрақ бiрде-бiрi батып өздерiне айта алмайды.

Тәуке Ақмола түрмесiнде алты жыл отырған соң қашып шығып, сол елдiң қазақ ауылдарын бiраз паналап жүредi де, жұмыс iздеушi қазақтармен iлесiп Спаскiдегi рудникке жұмысқа түседi. Бiр-екi ай жұмыс iстеп, жалақысына ат, ертоқым сатып алады да, сол Рудниктiң бас инженерi – ағылшынды аңдиды. Оның Англияның Винчест қаласынан арнайы заказбен жасатып алдырған күмiспен күптелген он екi атар мылтығына Тәуке қатты қызығады. Қайткен күнде соны қолға түсiрудi мақсат етедi. Түн жамылып инженердiң үйiне жалғыз кiрген батыр оны байлап тастап, “Винчестердi” 250 оғымен алып шығады да, тұп-тура елге тартады.

                             «Кез болса атын атып қалайын деп

                             Қолға алып «Винчестердi» тұрдым байқап» –

дейтiн Тәуке өлеңiндегi «Винчестер» оның қолына осылайша түседi. Бұл мылтық оның даңқын бұрынғыдан да көтерiп, мергендiгiн одан әрi арттыра түседi.

Тәуке елге қайтып оралғаннан кейiн өзiн соттатқан баяғы болыстардын кек алудың қамына кiрiседi. Ол әсiресе Садыр, Матай өклiнiң шонжары Тұрысбекке тiсiн басады. Ақыры ол әлденеше тәсiлмен өз өшiн алғандай болады. Тұрысбек те қарап жатпады. Семейдiң заң орнына шағым етiп, қақпан құра бастайды. Бұл кезде Тәуке өзiн ұлықтарға ұстатпаудың амалын iстеп, ел iшiнде жасырынып жүредi. Оның қайда жатқанын өзiнiң ең сенiмдi серiгi, атқосшысы Стаку (шын аты Сыздық) ғана бiледi. Бiр күнi Тәукенi iздеушiлер осы Стакудi бiр ауылдан ұстап алады да, ұрып-соғып, шынын айтқызады. Ырғызбай арасында Серiкбай деген жалшының үйiнде Тәуке жайбарақат жатқанда Молдабайдың Мұсатайы бастатқан екi жүз қаралы адам қоршап алады.

                             «Дариға-ай, көкжал атқа мiне алмадым,

                             Бiреуiн iш байпағым кие алмадым.

                             Iшiнде Мұсатай да бар деген соң,

                             Атуға Мұсатайды қия алмадым», –

деп, Тәуке арманда  қолға түседi. Бұл – 1915 жылдың көкек айы.

Бұл жолы Тәуке жалғыз өлгiсi келмейдi, ел жуандарын iле кетедi. Жауап үстiнде Тұрысбекке кек алу мақсатында жасаған әрекетiн мойындайды. Бiрақ: «Жалғыз емес едiм, қасымда Оразбайдың Қасымжаны, Бозамбайдың Балтақайы, Алтайдың Қамзасы, Мырзаханның Ақылтай, Сыпатайы, Құнанбай немерелерi Шөпіш, Рызықбай болды» деп ылғи шынжыр балақ - шұбар төстердiң балаларын қоса ұстатады.

Аякөз түрмесiнде жатып тергеу жұмысымен танысқан Тәуке Тұрысбектiң аузын алуды ойлайды. Астыртын байланыс жасап, айып төлемек болады. Жанындағы балаларын  бiр жағы үгiттеп, бiр жағы қорқытып, осыған көндiредi. Осы мәселеде батыр мен байдың арасындағы байланысшы Рухия деген саудагер әйел болған .

Тәукенiң Рухиямен айтысында Рухия:

 

                             «Қызы едiм Сымайылдың Рухия атым,

                             Ақ ноқта басқа киiп болдым қатын.

                             Жарқымбай үлкен әкем әруақ қонған,

                             Сыбанда Жанкөбекпiн арғы затым, –

дейдi. Алайда, Рухия ақын болмаған және Тәукемен айтыспаған. Бұл айтысты түрмеде отырған Тәуке өзi жазып таратқан. Өлеңдi айтыс түрiнде жазуында да белгiлi мақсат бар. Тәуке өз елiнiң атқа мiнер бай-шонжарларын бетке ұстаған болып мадақтайды да, оларды Рухияға өлтiрте сынатады.

                 Мұсатай жөнiнде Рухия Тәуке батырға:

                             «Татымай таңдайыңа жүр екенсiң,

                             Сол едi тiрсегiңдi сенiң қиған», –

деп, «аға» деп отырған Мұсатайың нағыз жауыздың өзi дегендей, ой тастайды. Тәуке, осылайша жуандардың бет пердесiн ашады.

Тәукенiң келiншекпен айтысы да осылайша дүниеге келген (алайда, ғалымдар Қайым Мұхаметханов пен Мұхтар Мағауин Тәукенiң бұл айтысын керей Уәйiс  Шондыбай ұлы шығарған. Оның себебi: Уәйiс өз елiне ренжiп, Абайды паналап келдi – деген пiкiр бiлдiредi. Ел адамдары: “Уәйiс өлеңдi өңдеп айтушы болған, Тәукенiң өзiнiң де ақындығы бар” – деседi. – Т.Ж.).

Тәукенi Аякөздегi сот процесi мүлде ақтап шығара алмады. Патшаның 1916 жылғы маусым жарлығына байланысты қазақ арасында толқулар туып жатқан кезде Тәуке сынды ер азаматты еркiндiкке жiберсе, патшаға қарсылықты үдете түсер едi. Соңдықтан да жергiлiктi ұлықтар Тәукенi де, оның жанындағы отыз шақты адамды да түрмеден босатпай қайта бұрынғыдан да қыса түседi. Сөйтiп, бұлар 1918 жылдың наурыз айында ғана азаттық алады.

Тәуке батыр бұл кезде денсаулығынан айрылған едi. Алайда, бiржола жатып қалған жоқ. Қазақ жерiне келген теңдiк пен бостандықты қуана қарсы алып, көппен бiрге болды. Халық арасында революция берген бостандықты мақтады. Бай мен болыстарға қарсылығын үдете түстi. Қазақ жерiне, оның iшiнде Тобықты елiне, атаман Анненковтың әскерi қабат кеп, қалың бұқараның үрейiн ала бастаған кезде, денсаулықтан айрылған батыр атқа өзi жалғыз мiне алмайтын, ат үстiнде жүргенде балдағы тақымында қыстырулы жүретiн. Бұл қалпында жауларға қарсы күш көрсетуi мүмкiн емес еді. Алайда, ел iшiндегi қаптаған жауларды көре отырып, тыныш жату оның намысын қозғайды.

1918 жылдың аяғында, желтоқсан айының суық бiр күнiнде Қара Қорық деген жердегi өзiнiң бай туысы Жұмағали дегеннiң үйiне өзiнiң немере iнiлерi Біләл, Жүнiс, тағы үш жiгiттi ертiп кеп: мен мына кетiп бара жатқан ақ патшаның әскерiне қош айтысып, дәм татқызбай жiбере алмаймын, өзiмде соятын мал жоқ. Сондықтан сен соларға сойыс бересiң», – деп бiр сиыр, үш ту қой сойғызып, батыр сол ауылды қонақ қабылдауға дайындайды. Көршi құлық деген елдi тонап келе жатқан ақтың полковнигiне кiсi жiберiп, батыр «қонаққа» шақырады.

Қонақжай қазақ дәстүрiмен полковнигiн, бiрнеше офицерлерiн солдаттарымен қоса Тәуке батыр қарсы алып, күнi бұрын дайындаған үш үйге орналастырады. Күтудiң ерекшелiгiне полковниктен бастап солдаттарға дейiн дән риза болады. Қазақ дәстүрiнде дастарқан басына келе бермейтiн арақ-шараптар да құйылып жатады. Дастарқан басында батыр мен қонақтар арасында қызу әңгiме басталып екi жағының көңiлдерi де шат-шадыман болады. Кешкi астан кейiн қонақтар дем алуға кiрiседi, батыр күтушi жолдастарына күндiзден толтыра тезек қалаулы тұрған пештiң төбесiн жауып тастауды бұйырады. Пештiң аузынан шыққан улы жалын iшiне тартқан деммен бойды аралап, ми қабаттарын сыртқы дүниеден бөлiп тастайды. Бiр аздан соң, жүректерi бұрау бiткен сағаттай солғындап барып соғуын тоқтатады. Ендi оларға дүние тартысының қажетi жоқ едi.

Үй несi Жұмағали қонақтар тағдыры осылай бiтедi деп мүлде ойламаған. Ол қорқу мен үрейдің үстiнде: тек, «құдай үшiн» мына пәленi алып кетсе болғаны, батырға мал мен дүниенi қоса беретiн түрi бар едi. Батыр оны қысамады. Өлгендердiң бесеу офицер, жиырмасы солдат. «Солдаттар үшiн құн сұрап жатпаймыз. Бес офицер үшiн мына бес жiгiтке бес ат әкеп мiнгiз. Кiм бiлсiн, бұлар ертең сенiң патшаның солдат, офицерлерiн өлтiрiп жатқаныңды мына үй iргесiндегi Алашқа айтып, сенi құртып жiбередi, одан да осы билiкке көн» деп Жұмағалидан кiсi басы бiр аттан алып берiп, Жұмағалиды да, жолдастарын да риза етедi. Өлген адамдар сол жерден 5 шақырым Қарашоқы көлiнiң түбiне тасталады.

Осындай «қонақ жайлылықты» Тәуке батыр әрбiр жерден ұйымдастырады. Қыдыр бөктерiнде тұратын Ақшал, Кәрiшал деген ағайынды екi жiгiт осы әдiспен бiр қыста ақтың 130 шамалы солдат, офицерiн қырып тастаған. Бұл, сөз жоқ, Тәуке батырдың тарапынан патша үкiметiн жан-тәнiмен жек көретiндiктен жасалған ақырғы шабуылы едi. Анненков Қаражан көпестiң көрсетуiмен Тәукенi қамаққа алады. Ол туралы тәукенiң өзi:

                             Айдаудан көз жазбаған бiз бiр пақыр,

                             Подвалында Анненков Тәуке жатыр», –

деп өлең шығарған. (Ақтың әскерiмен ерегесiнiң басы сонда – Т.Ж.).

1922 жылы Тәуке батырдан жергiлiктi халық бiр ауыздан Бұғылыға болыс болуды сұрады. Бiрақ денсаулығы күн сайын нашарлап бара жатқанын сезген Тәуке батыр ел-жұртқа алғыс айтып, болыс болудан бас тартады. Ақыры ауруы үдеп, батырдың бiр қолы, бiр аяғы мүлде жансызданып, сал ауруына ұшырайды. Осы аурудан 1926 жылы 20 шiлде күнi, осы күнгi Абай ауданы, Саржал ауылында қайтыс болады. Саржал селосынан Абай ауданының орталығына бара жатқанда 17 шақырым шамасында жолдың оң жақ жағасында, биiк қабақ үстiнде батырдың төрт құлақты бейiтi тұр. Өтiп бара жатқан жолаушы жанындағы жолдасына Тәуке батырдың зиратын таныстыра кетудi борыш санайтындай, ол жақты бiр нұсқамай өтпейдi. Бұл да жұртшылықтың батырға деген ыстық ықыласы болса керек».

Мiне, Тәуке батырдың ел арасындағы Қабден Есенғарин жинастырған есте калған оқиғалары, осындай.

Кез келген көркем шығарманың өзегiне сұранып тұрған материал. «Тар жол, тайғақ кешуде» Сәкен мысалға келтiрген ағайынды екi адамның – Ике мен Мұсатайдың арасындағы тартыстың iшiнде Тәуке де бар. Мұхтар Әуезовте Абай дүниеден қайтқан кезден бастап бүгiнгi күнгi дейiнгi аралықтағы әлеуметтiк өзгерiстердi суреттейтiн көп томды жаңа шығарма жазу ниетi болған. Өзi жиi-жиi айтып та жүрген. Сол туындының тақырыбы, осы, Ике, Мұсатай, Тәуке төңiрегiн де қамтуға тиiс екенi. Үлгере алмай кетiптi.

Тәукенiң Аякөз түрмесiндегi Рухия есiмдi келiншекпен айтысының мән-маңызы, мақсаты Қабден Есенғариннен алынған деректе айтылады. Мұнда қамтылмаған жайлар да мол. Соның бiрi – көршiлес Керей елiндегi Жекебай батырдың оққа ұшуы. Оның негiзгi себебi – әрi батырлыққа саналатын екi елдiң арасындағы барымтаның әлегi. Тәуке – кедейдiң жыртысын жыртқанмен, рулық ықпалдан арылмаған, аңғал адам. «Текшенiң бауырында да» Жобалай өзiнiң қысаспен iстеген кегiн ашық айтып, iнiсiн қорлаған елге сәлем жолдайды ғой. Жекебай батырмен арадағы барымтаға Ыбырай атты Тобықты руының адамын керей жұртынын байлап-матап тастауы iлiк болып, үлкен атыс-шабысқа ұласады. Тәуке ұйқтап жатқан батырдың жылқысын алып кетудi намыс көрiп, оны оятуға барады. Сонда Жекебайдың әйелi жолығады. Сол жолғы оқиғаны Тәукенiң өзi өлеңге айналдырып, ел арасына таратып жiбередi.

Ел арасында ер Тәуке атанған қырдың соңғы тентегiнiң бiрiнiң қысқаша өмiр жолы осындай. «Текшенiң бауырында» ұзатылып бара жатқан қыздың көшiн тоқтатып, серiлiк құру – Тәукенiң қолынан келсе – келгендей. Мәрт мiнезi, ашық қимылы жоғарыдағы айтыстан да байқалады және ел арасында «Тәуке сөйтiптi» деп айтылып та жүрген әңгiме Бұл. Тек қай ауылдың келiнiнiң жолын тосты – ол жұмбақ. Жiгiттiктiң, серiлiктiң бағасын бiлетiн Тәуке – қыз тiлегiн қабыл етпеу мүмкiн емес, ер жiгiтке ашықауыздылық та намыс емес пе. Демек, ер Тәуке уәдесiнде тұрған. Құпия сырды өзiмен қоса ала кеткен. Бiрақ бiз, Жобалай – Тәуке арасында бiр байланыс бар деп есептеймiз. Мейлi, аңыз-ақ болсын, сонда да ол аңыз Тәуке туралы боп отыр ғой.

Бұл да бiлгенге аз емеурiн емес.

(жалғасы бар)

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1972