Сенбі, 2 Тамыз 2025
Аңыз Абай 476 0 пікір 1 Тамыз, 2025 сағат 11:44

Мүрсейіт қолжазбасына 120 жыл

Сурет: автордың жеке архивынен алынды

Абайдың әдеби хатшысы, шығармаларын жинақтаушы Мүрсейіт Бікіұлының (1860-1917) туғанына 165 жыл, қолжазбасына 120 жыл толды.

1905 жылы жаз айынан бастап Мүрсейіт Абай өлеңдерін 3-4 айдың ішінде көшіріп, аяқтап шығады. Халық мәдениетінің рухани шежіресіне алтын әріппен жазылған бұл оқиға жайлы Абайдың немере інісі – Әрхам Кәкітайұлы былай баяндайды. «1905 жылы жаз шығып, киіз үй тіккенде Кәкітай Абылайша қос тіккізіп, Мүрсейіт молланы шақыртып алып, «сен мына біз жинаған Абай өлеңдерін реттеп жаз» деп оңаша қосқа отырғызды. Мүрсейіт асықпайтын, сұлу жазатын адам еді. Біріншісін тұтас қос беттің алдына жазып, оның бір жағын ақ тастап, оқылып, тексерілген соң, қайта көшіріп отырды. Бір ай шамасында дайындатып алып, Кәкітай Семейге өзі алып жүрді. Жол расходына сатуға екі семіз ат, екі семіз түйесін әкетті.

1905 жылы шілденің аяғында Кәкітай Ысқақұлы Абайдың қолжазбаларын кітап қылып бастыру үшін Омбыға арнайы іздеп келіп Әлихан Бөкейхановқа береді. Абайдың ақыл-кеңесімен Турағұл екеуі қарасөз, аударма тақырыбындағы қысқа өлеңдер жинаумен айналысады. Кәкітай өз естелігінде «Абай ағамның қатарында жүрген 24 жыл ішінде оның үйретпеген білімі болмады. Бірақ, бәрін түгел ұғып ала алмадым. Сондықтан мен ағама зор қарыздармын. Ендігі мақсатым, шамам келгенше оның асыл қазынасын кейінгі жастарға жеткізіп беру» деп өзіне-өзі уәде берген. 1904 жылы Абайдың сүйікті ұлы – Мағауия қайтыс болады. Одан кейін үлкен баласы – Ақылбай қайтыс болып, Құнанбай әулеті үлкен қайғыға душар болғанда барлық ауыртпалықты осы Кәкітай көтереді. Жидебайда бала оқытып жүргенде молда Мүрсейіт Бікіұлына өз ақшасын беріп, бұрыннан жинап жүрген Абай өлеңдерін көшіртіп толықтырған. «Мен Абайдың қарызын ұмытпай, шамам келгенше қызмет етуді өз борышым деп біліп, арттағы жастарға қалдырған өсиетін, қазақ халқына істеген еңбегін баспаға бастырып, көпке таратуды міндетіме алдым» деп Абай баласы Турағұлмен бірге ақын мұрасын ыждахатты түрде жинастырады. Соның нәтижесінде Кәкітай құрастырған 56 өлең өзгеріске ұшырамай, өзінің түпнұсқалығын сақтап қалды.

Мұхтар Әуезовтің деректеріне сүйенсек: «Мүрсейіттің өзі жас жағынан алғанда, Абайдан 10-15 жас кіші адам болған. Абай ағайындарының бірнеше ауылдарында кезекпен бала оқытып жүрген» дейді. Бізге жеткен мәліметтер бойынша Абай шығармаларын жазардан бұрынғы уақытта молда Семейде үлкен қызметтерде жұмыс істеген екен, оязға тілмәш, яғни баспасөз хатшысы болған. Мүрсейіт осы қызметінде жүргенде тағы бір жесір дауында қызға көмектесемін деп генерал-губернатордың мөрін оның келісімінсіз-ақ қағазға басып беріп, құтқарады. Кейіннен бұл ісі ұлық алдында әшкере болып, жазаға тартылып, Өскемен жағына үш жыл мерзімге жер аударылады. Сол жақта Сұлушоқы болысы Терістаңбалы елінің Көнек деген руындағы нағашы атасы Рай деген кісінің қолында молдалық құрып, бала оқытады. Айдау мерзімі біткеннен кейін Тобықты еліне қайта оралады».

Бұл кезде Мүрсейітті қазақ әдебиетінің алдында жауапты да һәм ұлы миссия күтіп тұрған еді. Осы елдің Сапарғали, Баймүсілім деген қарияларының айтуынша, Мүрсейітті осы келген сапарынан бастап, Абай өзінің ауылына алғызып, балаларын оқытуды сеніп тапсырады. Абай өз балалары мен немерелері Мекайл, Зікайл, Уәсила, Ақилаға Мүрсейіттің «жарапазан» өлеңін жазып бергенін байқап: «Сен ақын екенсің, оның үстіне жазуың құсни көрінеді. Сен бүгіннен бастап менің барлық өлеңімді жинап жаза баста, қолақыңды өзім төлеп тұрам» дейді. Содан ел ортасынан жинап, жаза бастапты. Абай өлеңдері жазылған дәптерді қолқалап, қалаушылар көбейген соң, Абайдың рұқсаты бойынша еңбекақысын алып, сұрағандарға да жазып беретін болған екен. Мұндай көшірме дәптерлерді ұзатылған қыздар өздерімен бірге ала кету дәстүрге айналған. Абайдың Әбдірахманынан (Әбіштен) қалған жалғыз қыз – Рахила Бәстами Ысқақовқа тұрмысқа шыққанда, бір дәптер Абай өлеңін өзімен бірге ала кетіпті. Оны Мүрсейіт көшіріп жазған. Құлатай Ақбердин деген Абайдың туысы өз естелігінде былай дейді: «Мүрсейіт біздің ауылда бала оқытып жүргенде, Ақбердінің Өміртай деген баласы Абайдың өлеңдері жазылған екі қалың дәптерді одан сұрап әкеткен. Оны мен жақсы білем. Сол дәптердің біреуін Жақсыбай – Әбуали деген мұғалім 1930 жылдары бізден сұрап алып еді. Енді біреуін кім алғанын білмеймін» депті. Мүрсейіттің қолжазбасы, не онан кейінгі көшірмелері Абай өлеңін толық қамтыған, аса бағалы, негізгі бұлақ көзі деуге болады. Бұл жинақтың тағы бір ерекшелігі, үлкен кітапханада сақталмай, ауылда, сандық ішінде сақталып келген. Сандық түбінде жатқан сирек қолжазбалардың  көбі бізге жетпей, көшпелі тұрмыстың жағдайында жоғалып отырғаны зерттеуші ғалымдарға бұрыннан мәлім. Егер Мүрсейіт қолжазбасының тағдыры осындай болса, онда Абай ақынды жарыққа шығару тіпті қиын болар еді» деп Мүрсейіт молданың жақсылығын ерекше атап өтеді. Сол кездің жастарына оп-оңай көшіріп беріп отыратыны  Бікі баласының өте сауаттылығы мен терең білімділігін аңғартса керек. Соңғы кездері қарапайым оқырмандардан Мүрсейіт қолжазбаларын түпнұсқа деп танылмайтындығын жиі естіп жүрміз. Тіпті, бұл пікірді кейбір абайтанушылардың да қостайтыны бар.

Абай өз өмірінің соңғы кезінде Мүрсейіттің бейімділігін таныған соң,  Ескі тамда бала оқытуға, өзінің де балаларын оқытуға  Мүрсейітті тұрғызады. Мүрсейіттің өзі де Ғабитханның шәкірті болып «ескі тамда» оқыған. Абай бұл тамды жылда жөндеуден өткізіп отырыпты. Абай дүниеден өткеннен кейін «ескі тамда» қамқорлық азая бастайды. Мүрсейіт Бікі баласынан Мұхтар Әуезов та сабақ оқып, алғаш сауатын ашқан мектеп үйі осы – Ескі там. Мүрсейіт Бікі баласының бойына біткен зор қасиет ертегі мен қиссаларды айта жүріп, оларды көшіріп алуға ерінбеген. Келе-келе Абай шығармаларын көшіріп, оны таратуға зор еңбек сіңіреді. Күні бүгінге дейін Абай өлеңдерінің баспа жүзін көргендері тегіс Мүрсейіт қолжазбаларымен салыстырылып отырады.

Бұл жөнінде М.Әуезов: «Өз өлеңдерін 1898 жылға дейін жиғысы келмегені Абайдың өлең сөзге өте үлкен сынмен қарап, үлкен шарттар қойғандығынан болған сияқты» - дейді (М.Ә. «Абайдың туысы мен өмірі»). «Абай сөзін қадірлі көріп, әрбір шыққан жаңа өлеңдеріне ынтық болып отыратын ел қара сөздер шыға бастаған соң, мұны өлеңнен кем көрмейтін болып алған. Қара сөздер кім болса соның қолында кетпей, жазылысымен маңайындағы молдалардың қолына түсіп, соларда шашылмай аман сақтап қалған ғой деймін» -дейді. Жазушының «маңайындағы молдалар» деп отырғаны әуелі қартаң Ғабитхан Назарұлы, оның өкшесін басқан Кішкене молда атанған Мұхаметкәрім. Екеуі 1882-95 жылдар аралығында Абай өлеңдерін алғаш көшіріп, жинақтаушы, Абайға «хатшы» болғандар. М.Әуезов: «Ғабитхан, Кішкене молда сияқты жасы үлкендері өлеңдерін ертеректен жинастырып, көшіріп жүрсе, кейінгі Мүрсейіт бастатқан көпшілік Абай шығармаларының жинақтарын 1896 жылдан бері көшіретін болды» деп толықтыра түседі.

Өкініштісі – қара сөздердің түпнұсқасы сақталмаған. Кейбір деректерге қарағанда қолжазбалар ақынның Әйгерімнен туған кенжесі Ізкәйілдің қолында болған. Қуғын-сүргін, қудалау басталған тұста Абайдың өз қолымен жазылған басқа да мұраларымен бірге жерге көміліпті. Кейіннен табылмай кеткен. Көшірменің бүгінгі күнге жеткендері 1905, 1907, 1910 жылдардағы Мүрсейіт Бікеұлының жазбалары. Абай өзінің қарасөздерін екі қолжазба кітапқа топтаған. Бірі – «Ғақлия», екіншісі – «Ғақлияят-Тасдихат». Мүрсейіт оларды сол қалпында екі кітап қылып көшіріп отырған. Жазылған уақыты жағынан да, ішкі мағынасы жағынан да екі бөлек туындылар. «Ғақлия» - көлемі жағынан шағын-шағын 41 бөлек шығармалар жинағы. «Ғақлияда» өз атауымен енген екі сөз бар. «Сократ хакімнің сөзі» (27 қара сөз) және «Насихат» (37 қара сөз). Бұлар 1898 жылы жазылғандықтан Мүрсейіт көшірмесінің бастапқы нұсқасына енгізілмеген. Ал, «Насихат» деген Абайдың нақыл-афоризмдері. Әуезовтың айтуы бойынша «Ғақлия» аяқталар тұста 1896 жылы жинастырылған. Жиыны 23 афоризмнің Мүрсейіт көшірмесінде 16 ғана болған, қалған жетеуін Мұхтар кейінгі жазбалардан жинақтап қосқан. Енді «Ғақлият-Тасдихат» деп атаған 38 қара сөзінің табиғаты бөлек шығарма.

Бір өкініштісі – Мүрсейіт қолжазбалары ешқашан жарық көрген емес. Оған ғалымдар 1905, 1907, 1910 жылдары жазылған деп баға берді. Ал, шын мәнінде бұл қолжазбалар бір емес, бірнешеу болған деген деректер бар. Өйткені, молда мұны көзі тірісінде қаншама жасқа, ұзатылатын қыздарға дейін жазып бергенін ескерсек, көптеген қолжазбалар бар деген сөз расқа айналады. Мұны Мұхтар Әуезов те растайды: «Абайдың өз жанынан жазған өлеңдерінен 1909 жылғы баспада шыққаны – 4309 жол болды. Ал, Мүрсейітте бар дегенге келсек, оның қолжазбасы біреу емес, әлденешеу болған» дейді. Мүрсейіттің 1905, 1907, 1910 жылдары жазған қолжазбаларының тағдыры өте ауыр болған, тіпті қуғын көрген. Әдетте біз Абайтану саласында Мұхтар Омарханұлы мен Шәкәрім сынды тұлғалардың қажырлы еңбек сіңіргенін көп айтамыз. Жоғарыда келтіргеніміздей, Мұхтар Әуезов «Мүрсейіт шығармасы асыл нұсқа» десе, Әлкей Марғұлан «Мүрсейіт болмаса, Абай шығармаларының жарық көруі қиын болар еді» деп қазақ абайтану ғылымында Бікіұлының қолжазбаларына ерекше баға береді. Сонымен біз ауызға алып жүрген Мүрсейіт Бікіұлының тағдыры қиын туындыларының бізге қалай жеткенін айтайық. Бұл жайында Мүрсейіт молданың Мүфтибек Рахымбай атты немересі өзінің естелігінде: «Мен Мүрсейіттің атақонысы Абай туған Қасқабұлақтың теріскейіндегі Шолпан деген жерде туыппын. Мүрсейіттің 6 ұл, 1 қызы болыпты. Үлкені Рахымбек (Төлти) одан Тоқтар, Тоқтардан Ақлия деген жалғыз қыз Семейдің Шар стансасында тұрады. Одан кейінгі Рахымберлі, Тілеубек, Мұхамедрахым, Рахманбек пен Зейнеп атты қызынан ұрпақ жоқ. Біздің әкеміз Рахымбайдан (Қисық) Мықтыбек екеуіміз. Інімнің әйелі Олжай ішінде өскен, ата руы – көтібақ Сіләтайқызы Мәйке». Дәл осы Мүфтибек Мүрсейіт молданың Рахымбай атты ұлынан туған. Рахымбайды ел-жұрт бірбеткей, тура мінезді, өткірлігі мен шыншылдығы үшін «Қисық» деп атап кеткен деседі. Бұл Рахымбайдың Абайға және қазақ ұлтына жасаған ұшан-теңіз жақсылығы бар екенін айтпақпыз, бұл жайында Мүфтибек атаның естелігіне көз жүгіртелік: «1932 жылы халық барынан айырылып, жаппай аштыққа ұшырағанда, Шолпандағы қоражай, салулы төсек, салқын үй, қасиетті атақонысты тастап, шешем Мағрипа екеуі менен кейінгі Нұритдин, Нәзипа деген екі бауырымды алып, Ақшоқы, Тақырбұлақ арқылы Қарауылға бет түзепті. Мен ол кезде 5 жаста, аяғыммен жүре алады екенмін. Кішкентай екі бауырымды аштан бұралған ата-анам өздері алып жүре алмай, Тақырбұлақта шала өлік күйінде беттерін әрең дегенде таспен жабуға шамалары келіпті. Кейін ес жиып, етек жауып дегендей ел қатарына қосылғанда патефоннан Кененнің «Базарым-ай, Назарым-ай» әнін естігенде әкем бұлаудай болып жылаушы еді. Сөйтсем, менен кейінгі екі баласының тірі өлік қайғысы шерін қозғайды екен. Әкем хат танымай-ақ, қиындық тауқыметімен сан рет бетпе-бет келсе де, ашаршылықпен ауып бара жатса да, әкесінің қолжазбасын Шолпандағы шешесі Ажардың қабірінің бас жағына су өтпейтін затқа орап, көміп кетіпті. Зұлмат жылдар өтіп, халық өз қоныс аймақтарына орала бастаған кезде, әкем де Қасқабұлаққа келіп, колхозға мүше болады. Қай жылы екенін тап басып айта алмаймын, сол кезде Мұхтардың арнайы тапсырмасымен Алматыдан әкеммен жерлес, ескі замандас руы Көтібақ Сармұрзаның Ғайсасы келіп, Мүрсейіт қолжазбасына сұрау салған. Әкем Шолпандағы шешесінің қабірінің бас жағын қазғанда, еш жері бұзылмай сақталған атамның қолжазбасын Ғайса арқылы Алматыдағы Мұхтарға жөнелтіпті» дейді.

Алайда, ұлы жазушы Мұхтар Әуезов Абай Құнанбаев атты монографиясында: «Жалпы, Абай мұраларын көшіріп, таратушылар арасында Мүрсейіт Бікіұлының еңбегін айрықша атап өту керек. Бұл адам Абай тәрбиесін, үлгісін дұрыс ұғынуы бойынша, ескі діншіл молдалыққа берілмей, Абайдың өзге достары сияқты, өздігімен ізденіп, орысша да оқыған. Жазуы аса анық, шебер болғандықтан және өзі Абай сөздерін оның халқына ұқыптылықпен көшіріп таратуды өмірлік мақсат-міндеті етіп алды. Қазір Абайдың басылып жүрген таңдамалы өлеңдер жинағы немесе толық жинақтары болса, барлығында да біздің асыл нұсқа есебінде сүйенетініміз – сол Мүрсейіттің көшірмелері. Өйткені, Абайдың өз қолымен жазылған нұсқалар сақталмай, жоғалып кеткен. Тек бір ғана «Біраз сөз қазақтың түбі қайдан шыққандығы туралы» деген жалғыз бөлек қара сөзінен басқа қолжазба болмағандықтан, Абайдың өз заманындағы оның шығармаларын көшіре бастаған Мүрсейіттің қолжазбаларын біз нақтылы жазба дерек есебінде бағалаймыз, - дейді.

Мүрсейіттің 1905 жылғы қолжазба кітабы Алматыдағы Ұлттық ғылым академиясының ғылыми кітапханасында сақтаулы. 1907, 1910 жылғы қолжазбалары Мұхтар Әуезовтың мұражай үйінде сақталған. Абай мұрасының ең асыл түпнұсқасы ретінде зерттеушілердің сүйенетіні осы – үш қолжазба кітап.

Алмахан Мұхаметқалиқызы

Abai.kz

0 пікір