“Челси” Дастан Сәтпаевқа жеке жаттықтырушы тағайындады

Британдық TheChelseaChronicle басылымы Сәтпаевтың болашағына байланысты арнайы материал жариялап, оның Чемпиондар лигасындағы ойын мәнеріне жоғары баға берді.
Лондондық “Челси” “Қайрат” клубының 16 жастағы шабуылшысы, Қазақстан жасөспірімдер құрамасының ойыншысы Дастан Сәтпаевтың Тұманды Альбионға көшуін жеделдетуі мүмкін.
Оның Чемпиондар лигасындағы сәтті өнер көрсетуі аясында лондондық басылым TheChelseaChronicle порталы пікір білдірді.
“Эстеван Уиллиан мен Андрей Сантос секілді жас таланттар “Челси” сапында толық маусым өткізіп жатқан кезде, клуб Сәтпаев та “Стэмфорд Бриджде” жарқырайтын келесі жұлдыз болады деп үміттенеді”, - деп жазады портал.
Сондай-ақ клуб жас футболшыға жеке жаттықтырушы да алған екен.
“Футболшы Қазақстаннан келесі жазға дейін жұмыс істеуге рұқсат алса, елден ерте кетуі мүмкін. Сәтпаевқа әлі де ұзақ даму жолынан өту қажет. Алайда “Челси” оның сенімді қолда екенін айтады. Клубтың оған жеке жаттықтырушы тағайындауы – жас қазақстандыққа артылып отырған зор үміттің айғағы”, – деп жазады TheChelseaChronicle.
Айта кетейік, қазіргі таңда Дастан Қазақстан премьер-лигасындағы үздік сұрмергендердің бірі. Ол биылға маусымда 18 матч өткізіп, 8 гол соғып үлгерді. Ал, УЕФА Чемпиондар лигасы аясында 4 матчқа қатысып, екі голмен қатар бір ассист жасады.
Abai.kz