Маған десең Путинге бар 2: Әкім кетті, жөндеусіз жол қалды...
11 сәуірде «Маған десең Путинге бар» деген тақырыппен мақала жарық көрген еді. Мақалада Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Балтабай ауылдық округіне қарасты Бірлік ауылының Абай көшесіне төселуі тиіс асфальттің көшенің 700 мтеріне жетпей қалғаны және Балтабай ауылдық округінің әкімі Бақытгүл Дүйсебекова мен Бірлік ауылының тұрғыны Наталья Бояркинаның арасындағы жол мәселесі бойынша әңгімесі сөз болған еді.
Көтерілген мәселе бойынша облыс әкімінің баспасөз қызметіне хабарластық. Баспасөз қызметі Еңбекшіқазақ ауданы әкімі аппаратының Балтабай ауылындағы жағдайға қатысты түсініктемесін жолдады.
Біз хат ізімен Наталья Бояркинаға (суретте) хабарластық.
- Асфталь әлі төселген жоқ. Жол сол қалпы жатыр. Ауыл әкімі мен екі рет іздеп келіпті, үйде болмап едім. Әпкеммен сөйлесіпті. Әпкем оларға жолды жөндеп, асфальт төсеп берсеңдер, ауылдық әкімшілікке, әкімге ешқандай талап-арызымыз жоқ деп жазып береміз, өйтпеген жағдайда келісімге келе алмаймыз депті. Сіз айтып отырған хаттағыдай «жағдай оң шешілді, округ әкіміне шағымы жоқ» деген жалған. Әкім жұмыстан шықса, салынбаған жолдың жауапкершілігі кімнің мойында қалады? Сонда жұмыстан кету оны барлық жауапкершіліктен босата ма? Әкімнің есебінде салынған, ал шын мәнінде асфальтталмаған 700 метр жолдың мәселесін кім шешеді енді (суретті қараңыз)?
Әкім өз еркімен жұмыстан кеткенмен, жоғарыға берілген есепте толық жөнделді деп жалған айтылған Абай көшесінің 700 метрін кім жөндейді? Оған бөлінген қаржысының есебін кім кімнен сұрайды (суретті қараңыз)?
Бақытгүл Дүйсебекова Бояркинаға қарата «Маған десең Путинге бар» деп айтқан мемлекеттік қызметтің этикасына жатпайтын сөзі үшін қызметтен кеткен болса, негізгі мәселе – жолдың тағдыры не болмақ сонда? Әлде облыс, аудан шенділері ауыл әкімі жұмыстан өз еркімен кетті, мәселе шешілді деп ойлай ма?
Бірлік ауылындағы 700 метр жолға жетпей қалған қазына ақшасы құзырлы орындардың назарына ілігіп, ауыл тұрғындарының жол жағдайы шешімін табар деп сенеміз!
Үміттіміз!
Нұра Матай
Abai.kz