Сейсенбі, 24 Желтоқсан 2024
Жалқы сұрақ 9643 24 пікір 26 Сәуір, 2017 сағат 12:37

Үш тілге үйір билікке қазақ тілінің доминант тіл болғаны қауіпті

«Ranking.kz» сайты рейтинг жасап, Қазақстандағы қазақылықтың, қазақтың әм қазақ тілді азаматтардың саны 82%-ға жеткенін жариялап отыр. Аталған сайттың дерегіне сүйенсек, 2016 жылдан бері қазақ тілді БАҚ 13%-ға көбейген екен. Бұл - статистика. Енді осы статисканы сараптап, сөйлетіп көрейік.

Сонау Тәуелсіздік алған 1991 жылы қазақ топырағындағы қазақ тілділердің саны 37% болса, 2015 жылы Қазақстанның мемлекеттік тілін меңгергендер 76,3%-ға жеткен. Ал өткен жылы бұл көрсеткіш 82,3%-ды құрапты. Есесіне, орыстілді азаматтардың саны 0,6%-ға азайған. Десе де, 2015 жылы Ресейдің мемлекеттік тіліне мұқтаждардың саны 89,4% болған.

Болашаққа болжам болсын. Қазақстаның Үкіметі жүргізіп отырған тіл саясаты жөніндегі мемлекеттік бағдарламаға сәйкес, 2025 жылы Қазақстанда қазақ тілі толық үстемдік құруы тиіс. Өйткені Президент тапсырмасына сәйкес, елімізде 2025 жылға дейін қазақ тілін еркін меңгергендер саны 95%-ға жетеді. Бұл дегеніңіз Тәуелсіздіктің 34-жылында қазақ тілі доминант тіл дәрежесіне жетеді деген сөз.

Мемлекеттік тіл ҚР Білім саласында да қарқында дамуда дейді сарапшылар. Әсіресе, қазақ мектептерін тәмамдаған түлектер саны еліміз бойынша 70%-ға жетіпті. Бұл - 2016 жылдың есебі. Сондай-ақ, 3,8 мың мектеп тек қазақ тілінде білім беретін болған.

Қазақ тілі кең өріс алған тағы бір сала – бұқаралық ақпарат құралдары. Әсіресе электронды БАҚ-тар арасында қазақ тілді интернет сайттардың саны екпін алып, 84%-ды құрады. Ал пропорцианалды есеп бойынша, еліміздің 16%-ы ғана орыс тілді БАҚ-ты керек еткен.

Сонымен қатар, 2016 жылы 2,9 мың жаңа БАҚ тіркеуге алынған. Оның 23%-ы мемлекеттік БАҚ. Айта кетерлігі, жоғарыдағы жаңа ашылған 3 мыңға жуық БАҚ-тың 71%-ы мемлекеттік тілде ақпарат таратумен айналысады.

Тақырыпқа тұздық болсын, 1991 жылы еліміздегі орыстардың жалпы саны 5,9 млн болған. Қазір 3,7 млн орыс қалды. Орыстардың саны 2 млн-ға азайды. Қазақ ұлтының демографиялық үлес салмағы артып, моноұлттық мемлекет қалыптасып келе жатқаны белгілі.

Ал, енді, 2030 жылға арналған стратегиялық перспективада ең төменгі пайымдау бойынша қазақ ұлтының саны 82-85 пайызды құрайтын болады. Басқа ұлыстар мен этникалық топтардың саны 15 пайызды қамтымақ.

Ендеше осындай үстемдікке ие болып отырған қазақ тілі, мемлекеттік тіл неге орыс тілінің тасасында қалып қоя береді? Халықта сұраныс бар. Сөйлеп те жүр. Сөйлемей жүрген кім?

Біздіңше қазақ тіліне қырын қарайтындар - маригиналданған бизнес-элита мен саяси элита.  Өйткені үш тілге үйір билікке қазақ тілінің доминант тіл болғаны қауіпті.

Жалпы, мемлекеттік тілді білу талабы мемлекеттік қызметкерлердің бәріне қойылуы қажет.

Жоғарыдағы статистикадан көрдік: халық қазақыланды. Білім саласы қазақ тіліне үстемдік берді. Ақпарат қазақша сөйледі. Сөйлемей отырған, сөйлегісі келмей отырған биліктегі шенеуніктер армиясы ғана. Біз қазақ тіліне көштік. Сіз қашан қазақыланасыз, Үкімет?!

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

24 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1992