Сейсенбі, 2 Желтоқсан 2025
Қоғам 102 0 пікір 2 Желтоқсан, 2025 сағат 13:28

Көкем көрген қариялар мектебі...

Сурет: kazgazeta.kz сайтынан алынды.

Қыж-қыж еткен,
кеудемдегі алып күш.
Сахараның,
соқпағындай сағыныш.
С.Н. 

Біздің ауыл Бақанас өзенінің төменгі, оңтүстік ағысы. Сондықтан савхоз атауы кезінде «Бақанас» деп аталды. Аягөзден Қарқаралыға дейінгі негізгі аймақ Шұбартау. Ол бір шұбарланған тау, я ала-ала төбелер деп елестететін Шұбартау тау емес. Яғни, қазақ даласында Шұбартау атаулы тау жоқ. Бізден оңтүстік Балқаш жақта дейтұғын, кейде ресми жағрапиялық деректерде қосар айтылатын, кейде Саяқ деп қана жалқы аталатын Шұбартау-Саяқ тауының (Күнгей Саяқ депте атайды шалдар) жөні басқа. Әлбетте, Шұбартауға қатысы бар. Бірақ түптеп келгенде сол Шұбартау алабы, Балқаш көлінің теріскейінлегі алпыс шақырымдай жатқан жазықты-аласа қожыр таулар. Асты толған байлық пен кеніш деседі. Әлихан Бөкейхановтың «Әбілмәмбет ханның кенже үйі – қарашаңырағы Шұбартау елінде, Күнгей Саяқта» деп жазатын Саяғы – осы қожыр таудың биігі.

Бірақ қаншама хан қонысы, орда тігілген жер десек те, жалғыз өзі Шұбартау атын арқалай алмаса керек-ті. Сонымен Шұбартау – Шыңғыстаудың күнгей сеңгірі де емес, жалғаса біткен адыры да емес, үзіліп барып өркештенген бөлек сілемі де емес, қайталап тұжырсақ, тау дейтін қосымшасы болғанмен, ороним атаулыға еш қатысы жоқ жазық дала. Сол бір жазықта Абай жазды күн шілде болғанда десе, Несіпбек ауылым-ауылым деген еді ғой. Айтпақшы,  Мағауияның Мұхтарының да кіндігі кесілген Көпбейіті де, Бақанасты қақ жарып жайпаң ғана тұр. Осы бір ауыл әуелі керейлердің, кейін Әбілпейіздің аталық төлеңгіттерінің ата мекені. Менің жұртымның сүйегі Найман, ішінде Жанғұлыдан тарайтын Бұлғақ атаның ұрпағымыз. Жоңғар шапқыншылығы басылған кезінде ата жұртым әуелі Наймантауды (қазіргі Шыңғыстау) тастап, кейін кәмпеске де Қытай асып, ақыры Таңсық, кейін осы Бақанас жағасын мекен еткен. Бақанас жағасы құт орнаған қадірлі мекен болды. Сол жағаның жайпаңында көкем (әкем) көненің көздерін көп айтатын. Ессіз болғанда есерсоқтанып тыңдай қоймадық. Ес білгелі ескердік, есіміздегіні жазып қалуға тырысып, бағып қалуды бастадық.

Көкем үйдің тұңғышы, сондықтан үлкен шалдың қолында өскен, шалдың баласы. Алты айлық кезінде үлкен үйге кеткен көкемнің көзі көргендері қазір маған қызық. Неге десеңіз, қатқан нанға қаңбақша секіріп көңіл тоятын ұжмақ күндер сияқты. Әлде көкем әсерленіп айтады ма, кім білсін?!

Бірақ бәтеңкемен су кешкен ер қазақтың тарихында алтын дәуір әуелі алты қанатты Ақ ордада, кейін Әз-Тәукенің заманында орнағанын біз жақсы білеміз. Бірақ Тәукенің жеті жарғысын көрген ақсақалдар сабақтастығы бертінге дейін бар еді. Соның бірі көкем аузынан тастамайтын – Қасымбай ақсақал.

– Жеті оқығанда апам қайтты. Атам екеумізде жиырма меншік қой болды. Соны бағатынмын. Көп ұзамай атам да қайтты. Сөйтіп өз әке-шешмнің үйіне бардым. Қыста үйдегі малдарды қараймын. Жазда Қасымбай ақсақалмен «Жас талап қайдасың?» деп кете барамын. Жас талап Қасымбай ақсақалдың қара шаңырағы. Қазір бір ауылды қоя тұр, бір атаның балалары бірін-бірі танымайтын хәлде. Бізді шалдар қалай тәрбиелейтін еді... бір қыста Қасымбай ақсақал атшанамен келіп, мені ішікке орап үйіне алып кетті. Жарықтық ақсақалдың мені жаты жоқ демесін деп елпектегені ғой. Менің бар қызығым асау міну. Ақсақалға ат беріңіз мінейін дегенім де, ләм-мим демей аттың мықтысын ерттеп беретін еді. Қасымбай ақсақалдың үлкен ұлы бар, Ақылтай. Екеуміз тете өстік. Мен ақжал атқа міне бастағанда Ақылтайдың кәнсерті басталатын. Мені ақжал аттан түсіріп, мен беріспей ақыры Қасымбай ақсақал қамшымен Ақылтайды екі ұрып жылататын. Көп ұзамай екінші раунд басталады. Қасымбай ақсақалдың бәйбішесі апам Ақылтай жақ, Қасымбай ақсақал мен жақ, Жас талапта жаумен алысқандай бір алысып алатын едік. Жаз шыға жұрт теріскейдегі Қайнарға жайлау асады. Қасымбай ақсақалда малын айдайды. Мен малдың артынан жүруге кішімде епті болдым. Ақсақал өзімен бірге апамнан сұрамай алып кететін. Қазір түсініп елжіреп қаламын. Сөйтсем апамның мені іздейтінін біліп, бәрібір ақсақалдың шаңырағына келетін сезіп отырады екен. Онысы туысқандығымыз тастай берік болсын, бір-бірімізді жиі көріп, балалар бірі-бірін танысын деген даналығы. Жайлауда қазіргідей келіп кете салу жоқ. Құрметіңе құйрығы толған қозыны сойып, бір жұма ет біткенше жатады. Үлкендер көсіліп әңгіме, одан қалса тау асу, жайлау жорту. Біз болсақ сары даланың шегін көрмесекте шегін табардай жүгіре ойнаймыз. Сөйтіп бір-біріңді тануың не, бір-біріңсіз жүре алмай қалатын едік. Қайтіп таңқалмайсың. Даланың даралығы ғой бұл деген – деп көсіледі көкем.

Шынымен-ақ, дала академиясының даналығына кешегі көп таңқалса да біз пақырлар өзімізше сынап келеміз. Ақыметтің оқырман сөзді сынағанымен, сөзі де оқырманға сын деп айтады. Біздің сын сын емес, аталығымыздан ала алмай қалған сылбыр су сияқты маймөңке дүние ғой.

Менде қу-мын. Көкем қаншалықты рас айтады екен деп, бірде Қасымбай ақсақалдың ортаншы ұлы, қазірде ел ағасы Естай ағадан осы жөнінде сұрадым. – Әкемде Найман қасқа дейтін өзінен басқа мінбейтін сәйгүлігі болды. Соны сенің көкең ғана міне алатын. Міне алғанда ақсақал мінгізетін. Әкеңді үйге көп алып келетін. Тіпті сол кезде Талғат ағаны біздің үйдің баласы деп те ойлайтынбыз. Есейе оғанда көзіміз жетті. Ақсақалдың көзін көрген ағамыз, қазір бізге әке сияқты, туғанымыздай тумалап тұрады – деді. Қамқадай аузыма құм құйылды. Естай ағаның да Шағыр дейтін ешкімге мінгізбейтін бәйгесі бар етін. – Аға, Шағырыңыз қайда, міңгім келіп тұр деп қаша жөнелдім...

Сұлтанбейбарыс Нұртөлеуов 

Abai.kz

0 пікір