Жұма, 22 Қараша 2024
Осы ғой енді... 8838 0 пікір 10 Мамыр, 2017 сағат 09:30

«Жылой су» басшысы Ыбыраев заң алдында жазалансын

Былтыр, яғни 2016 жылдың күз айларында ТШО жағынан «Суперсакер» вакум автокөліктерін алдырған «Жылой су» басшысы Ыбыраев Балтабай КНС-тардағы шахтада жиналған лас қоймалжыңды (канализация, лас сулардың түбіне шөккен тұнбасы) сорғызып алды. Сол лас тұнбаларды көзді ала беріп тағы да ГКНС маңындағы және бұрынғы «Водокачка» маңындағы жыңғылдар арасына төгіп тастады. Қанша көлік шыққанын, нақты мөлшерін ешкім білмейді, әйтеуір көп (түсірілген суреттері бар). Мекеме көлігімен жұмыс уақытында жеке үйлердің лас суларын сорып алып ақша жасап жүрген мекеме қызметкерлері де лас суларды кез келген қуыс-қуыстарға төгіп кетіп жатыр. Ұсталғандары қаншама?

Бір көліктің (мысалы ГАЗ-53) ашық аспан астына заңсыз төккен лас суларының айыппұл мөлшері шамамен 800 000 тг-ні құраса, онда Балтабайдың қолдан жасаған «Арамкөлі» мен «Поле испорениясының» айыппұлы қанша болмақ? Сонда табиғаттың, у жұтқан келешек ұрпақтың, халықтың, жалпы Құлсары қаласының сұрауы жоқ па? Шамасы, бұл сулардың экологиялық зардабы жоқ деп ойласа керек. Онда лас су тасымалдайтын көліктерімен Құлсары қаласынан шыққан лас суларды тіке Балтабайдың ауласына, не үйінің алдына төгіп кете берейік, Балтабай бұл суларды сүзіп ішсін! Не айырмашылығы бар, егер ол сулар не түбіне шөккен тұнбалар зиянсыз болса? Біз білмей жүрген болармыз, бәлкім пайдалы, емдік қасиеттеріде де бар болар?! Тіпті, «лас су» деген атауын алып тастайық? Өнертапқыш изобретательдер, енгізген жаңалығымыз болсын, онда биылдан бастап канализация суын «халал су» деп атайық, лицензия, сертификат алайық!

Былтыр (2016, жаз айында) судың бағасы көтерілді. Халық наразы болып қарсы шықты. Атыраудан монополия басшысы келіп әкімшілік жиналыс залында халыққа есеп берді. Бар бәлені «суды ысырап қылып дұрыс пайдаланбайды» деп халыққа жапты. «Суды халықтың келісімімен көтердік, енді 5 жылға дейін осы тариф өзгермейді, яғни су бағасы көтерілмейді, сол күйінде қалады» - деп, қасам ішіп, халықты барынша сендіріп, тыныштандырып, жер соқтырып және қатырып кетті. Бұл – қу түлкілердің кезекті арбауы болды. Қай халық баға өсірейік дегенге келіседі? Ондай халық бар ма екен өмірде? Өтірікті де ұйқастырып айту керек қой. Және де су бағасын көтерудегі екінші мақсаты, «бұның бәрі халықтың қамы, ел үшін, елге уақытында су жеткізу үшін, лас суларды дер кезінде далаға айдау үшін жаңа қондырғылар, моторлар сатып алу үшін» деп, қой үстіне бозторғай жұмыртқалатып кетті. Шамасы, халықтан бүгін құтылсақ ертеңгісін көре жатармыз дейтін тәрізді. Қожанасырдың: «Оған дейін мен өлем, не хан өледі, болмаса есегім өледі» дегені сияқты іс.

Халықты қанша алдаса да нағыз шілде айында Құлсарыда су болмай қалады. Ол кезде (нағыз айқай-шудың кезінде) Балтекең еңбек-демалысын алып, өз жан-тыныштығын ғана ойлап, енді келмейтін кісіше қымқырған қаржыларына «Есентукеге» курортқа жолдама алып зытып отырады. Ол жақтан ол «боржоми» суын ішіп, ал шөл халық ауылдан у ішеді. «Қайтып келер есігіңді қатты жаппа; су ішкен құдығыңа түкірме» деген мақалды естімеген Балтабай, ана қалқанқұлақты не үшін арқалап жүр? Халыққа су қалай жетеді, егер Балтабай сыбайластарымен «Теңіздегі» мекемелерге күніге шамамен 650-дей куб суды заңсыз сатып отырса? Сонда есептеңдер, «Жылой су» мекемесі құрылғалы Балтабай жылына 237250 куб заңсыз су сатып отыр. «Судың да сұрауы бар» деген қағида оған тіптен әсер ететін емес. Ал ол үрдіс қанға сіңгелі, Балтабайдың басына қара бұлт үйіріле қалса, сыбайластары оны безектеп тұрып қорғайды. Себебі, абжыланның құйрығына әсер еткен соққы басына да бататыны белгілі емес пе? Ал енді мынаның арты сойқан! Өтіріктің арты бір тұтам! Айтылған сөз – атылған оқ! Билік басындағылар халықты неге алдауын қоймайды? Биыл су бағасы не үшін қайта көтерілді? Былтырғы судың тариф-бағамы 168,16 тг болса, бүгінгі таңда 172, 36 тг болды. Істері таза болса түбіртекке (су квитанциясына) тарифтерін неге жазып отырмайды? «Аңқау елге арамза молданың» кері ме? Халықтың жаппай көздері ашылғаны билікке ұнамайтыны сондықтан екен ғой. Уәде еткен моторлар не үшін жұмыс жасамай тұр. Қосалқы бөлшектері жоқ болса, былтырғы ауыстырғаннан түскен (ішінде жасап тұрғаны бар, әлі де біраз жыл жасайтын) мотор тұрбаларды, КНС маңындағы барлық темір-терсектерді жиып-теріп не үшін Балтабай «қара темір-металломға» өткізіп жіберіп ақшасын қалтаға басты? (Дәлелді суреттері бар). Не себепті мекеме тракторы  екі жылдан бері інісі Ғалымның үйінде тұр? Не себепті іскер жұмысшылар (Шаукиров Мұрат, Сүгіров Сембай, Шакимов Орынбасар, Әлжанов Әмірхан, т.с.с) қызметтерінен қуылды? КНС-тың шіріген, жарамсыз баспалдағынан құлап, өлім аузынан қалып, аяғын сындырған дәнекерлеуші Жұмақұлдың обалы кімге? Тізімге жалған 5-6 адамның атын тіркеп, алаяқтықпен ай соңында қопыратып негізсіз ақша алып отырғанын іштегі қызметкерлер білмей ме?

Жұмысшыға 24 сағат жұмыс жасатып, оның тек 22 сағатын төгу, 5 күндіктердегі жұмысшыларды «авария» деп сенбі-жексенбі күндері пайдаланып сағатын соқпау, солайша ҚР азаматының еңбегін қанап пайдалану қылмысқа жатпай ма? Мекеме көліктерімен жұмысшыларын Мұнайлы, Тұрғызба жаққа малын тасытып, малын бақтырып, өз жеке шаруасына құлша жегу бұлда қылмыс емей сауап па?

9-мамыр күні де Балтабайдың мекеме көліктері мен жекеменшік жеңіл көліктері елдің мейрамдап жүргенін пайдаланып КНС, су тазалау қоймаларынан темір-терсек тасуда. Ықшамаудандағы жылу қазандығы, котельныйдың жыры ол бір бөлек әңгіме. Ықшамаудан подвалдарындағы шірік су бойдан асады. Жаз болса улы маса, тұрғындар тыпырши бастады, ел ығыр болды, халықтан маза кетті. Балтабай және (атын атамай-ақ қояйын) онымен сыбайлас әкім-басшылар! Клан, мафиялар! Бұл жерден жемқорлықтың исі мүңкіп тұр. Парақорлық пен алаяқтық ұзаққа апармайды. Ши шықты, шу күрделеніп келеді. Халық алдында қарабет болу  кезегі туындап тұр. Осы уақытқа дейін жасаған қиямперіс, қасақана ұрлық істерің түгел ашылса, темір тордың арт жағында бастарың қылт етіп тәубе етулерің ғажап емес. Ел пайымында 210 км-лік сыбайластық арқанның бір ұшы Атырауда байланғанын халықтың іші сезеді. Бұл жанайқай халық атынан ҚР Жоғары сотына беріледі. ҚР Бас прокуроры Жақып Асанов мырзаға тапсырылады. Салатын үйлеріңді салдыңдар, халықты улайтын арақ сататын дүкендеріңді салдыңдар, керек көліктеріңді алдыңдар, бала-шағаларыңды оқытып-тоқыттыңдар, талай нәрселерді жекешелендіріп әркімнің атына аударып қойдыңдар, ойларыңа келгенін істеп былағайлаттыңдар, халықты менсінбей тайраңдадыңдар, қол қою бағаларың 1 млн тг тұрады, айта берсе өте көп, енді нелеріңе жетпей жатыр?

Халық: «Көрде көздеріңе құм құйылсын!» - деп, қарғауда. Себебі, халықпен санасуды қойдыңдар. Халық сендерге тек тиын сорып ақша түсіру үшін ғана керек болып қалды. Сендердің «ми-қауашақтарыңда» ұрпақ мәселесі деген ұғым мүлдем жоқ. Елді ақсатып, ұлтты кері тартып, рухани азғындыққа жетелеуде ғана күресіп жатырсыңдар. Мұндай бағытта ел ешуақытты қарыштап дамымайды. Кенеуі кеткен аш ешкідей бақылдап, тойымсыздықтан, арсыздықтан, нәпсіқұмарлықтан өлетін болдыңдар ғой! Бұл – билік басына мініп алып халыққа көрсетіп отырған үлгілерің бе әлде қырларың ба? Жалған ақпарат, жұбатпа жауап, өтірік уәде, соқыр сенім, сөздің маржанын теріп сөйлегенде ешкімге дес бермей алдарыңа жан салмайсыңдар. Бірақ, сөздерің мен істерің екі бөлек. Аш-жалаңаш қара халықтың қамын кім ойлайды сонда? Халық ашулы, халықты ызаландырып жатырмыз деп ойламайсыңдар ма? Әлде біз керең, зағип, мылқау, намыссыз ез халықпыз ба? Шамадан асты, шекарадан өтіп кетті. Шыдамның да шегі бар, сабырда – сарқылады, ойланыңдар!

Халық – дария, халық – теңіз, буырқанса – толқын! Долданып бір толқыса бой бермейді. Көп – қорқытады, терең – батырады! Алдан өту мен ескертпе көбейді. Енді нақты іске көшу қалды. Тиесілі жерлерден телекореспонденттер шақыртылып акимат пен «Жылой су» алдында ереуіл ұйымдастырылатынын қаперлеріңе береміз! Бұл біздің нақты шешім!

Сондықтан да, Ыбырайев Балтабай дереу қызметінен босатылсын!

Экологияны бұзып, халыққа зардап шектіргені үшін заң алдында қатаң жауап берсін!

Балтабайға қылмыстық іс қозғалсын! Шара қолданылып жазалансын!

Ол - сөгістік жариялау секілді жеңіл жазаларға лайықсыз! Су бағасы кері түсіріліп бұрынғы өз орнына қойылсын! Екі айына бойы КРНУ маңына төккен лас сулары үшін айыппұлын және төлесін! Ол қаржылар Жылой ауданындағы жағдайлары мүшкіл, ауру-сырқау жандарға бөлінсін! Балтабай орнына жұмыстан хабары бар, осы жұмысты дөңгелетіп өрге сүйрейтін, елі үшін ғана қызмет қылатын, халықтың жағдайын ғана ойлайтын, халықтың мұң-мұқтажына құлақ асып, халықпен есептесетін, халықтың уәжін түсінетін, халықпен бірігіп салихалы мәмледе бизы іс жүргізе алатын басшы қоюларыңды сұраймыз!

Тұрар Шапқара

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1453
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3217
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5258