Дүйсенбі, 21 Қыркүйек 2026
Білгенге маржан 198 0 пікір 21 Қыркүйек, 2026 сағат 14:02

Бас журнал бастан кешкен қысқаша тарауих...

Суреттер: kazgazeta.kz сайтынан алынды.

«Ақиқат» журналының 105 жылдығына!

Баршамызға мәлім, бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның «Ақиқат»  атты ұлттық қоғамдық-саяси журналының ізашары  – «Қызыл Қазақстан» журналы. Ол 1920 жылы құрылған автономиялы Қазақ Республикасының бір жылдық мерейлі датасы қарсаңында дүниеге келген-ді. Халықтар түрмесі атанған сонау патшалық империя жойылғаннан cоң Дала уәлаятында орын алған дүбірі мол ізденістерден кейін шаңырақ көтергенде, дәуіріне сай  «Қызыл Қазақстан» атты бөрік киіп, 1921 жылғы 15 қыркүйекте Орынборда жарыққа шыққан.

Аты айқайлап мазмұнын әйгілеп тұрған мұндай басылымды шығару – сол жылғы маусым айында Орынборда өткен Ресей компартиясының Бірінші Қазақ облыстық конференциясында сайланған обком шешімімен қолға алынғаны түсінікті. Журнал, әрине, таптық мемлекет рухына сәйкес қызмет етіп, қазақ халқына, қазақтың еңбекқор жұмыскерлеріне, барша жұртқа ескі құрылысты жеңген Совет үкіметі мен большевиктік партияның саясатын насихаттап, түсіндіруді мақсат тұтты.

Ақпаратты газет секілді жедел жеткізуге қауқарлы болмаса да, журналдың қозғалған тақырыпты терең де жан-жақты талдауымен  ерекшеленетіні белгілі. Сондықтан да  оның әр саны ұзақ сақталып, оқырман қолынан көп уақыт бойы түспейді. Сондай қалыптағы алғашқы қазақ журналы cоветтік «Қызыл Қазақстаннан» он жыл ілгеріде, патша заманында, Орынбор облысының Троицк қаласында жеке адамның ұйымдастыруымен шыға бастаған-ды.  Әр жерде үздіксіз бой көрсетіп жатқан бүліктер империяны жаппай қамтыған саяси наразылыққа ұласқанда, тарихта  Бірінші орыс революциясы атанған сонау жойқын дүмпу императорды еріксіз шегініске баруға мәжбүрлеген еді. Ол ешқандай шектеуі жоқ жеке билеушіліктен – самодержавиеден – конституциялық құрылымға бет бұратынын еріксіз мойындаған. Содан да патша 1905 жылғы 17 қазанда әйгілі Қазан Манифесін – мемлекеттік тәртіпті жетілдіруді заң жүзінде белгілеген аса биік дәрежелі манифестті жария етті.

Үкіметбасы Сергей Витте жазып, Екінші Николай патша қол қойған сонау тарихи құжатқа жалпақ елдегі барша көзі ашық азамат разы болған-тұғын. Омбыдағы Әлихан Бөкейханов сол құжат әсерін «бостандық күні туды» деген шат көңілмен бағалаған да, оның қазақша тәржімесін жасап, баспаханада бастырып, дала төсіндегі ауылдарға жөнелтудің басы-қасында жүрген-тін. Міне сол 17 қазан Манифесі азаматтық құқтардың шын мәніндегі  мызғымас негіздері қатарында халыққа сөз бостандығын, яғни өз тілдерінде газет-журналдар ашу құқын берген еді. Сөз  бостандығын беруге уәде еткен осы Манифест жұрт тарапынан құдды конституцияның тап өзіндей қабылданды, соның арқасында жер-жерде оппозициялық басылымдар ашық шыға бастады, мұсылман халықтарының, солардың қатарында біздің татар бауырларымыздың  әлденеше ұлттық баспасөз органдары дүниеге келді. Қазақ та мұндай бостандықты пайдаланып қалуға ұмтылды. Бір-бір саны шығысымен үкімет саяси айып тағып жауып тастаған қазақы басылымдар – Троицкіде 1907 жылдың басында жарық көрген «Қазақ ғазиті» және сол 1907 жылдың ортасында Петерборда Екінші Мемдума мүшелерінің қамқорлығымен «Үлфәт» («Бірлесу») атты татар газетіне қосымша ретінде басылған «Серке» сынды екі газеттен соң, қазақ өміріне 1911 жылғы қаңтарда  «Айқап» журналы келген болатын.

«Айқаптың» шығарушысы әрі бас редакторы ақын, жазушы, көсемсөзші Мұхамеджан Сералин басылымның беташар санында осы тұңғыш қазақ журналының аталымы «ғасырлар бойы мәдениеттен, білімнен кенже қалған бүкіл  қазақ халқының өкінген бейнесі ретінде» алынғанын, ойлы азаматтардың «Ай, қап!» деп сандарын соғып, қалың жұрттың «енді ел қатарына қосылайық деген үнін білдіретінін» жазған еді. Журнал қазақтың қоғамдық санасын оятып, ұлттық мәдениетін дамытуға үлес қосуды мақсат етті. Төрт жарым жылдан астам өмір сүріп, 89 дәптерін жарыққа шығарған «Айқап» алға қойған мұратына адал болды, қазақтың саяси, әлеуметтік, шаруашылық, мәдени өмірінің түйткілді қырларын үзбей сөз етті, түрлі салада тез ілгері басу үшін, ел қатарына қосылу үшін не істеу керек деген сауалды ұдайы алға тартып, жауап іздестірумен болды.

«Айқаптың» артынша, 1911 жылғы наурыздың ортасында, Орда қаласында «Қазақстан» газеті шыққан-тын. Бұл үнпарақтың атының өзі күллі қазақ ел-жұртын жер-суымен бір шаңырақ астында тұтастыруды көздегенін, атауының өзімен-ақ келешекте демократиялық республика құру ойы барын тұспалдаған-ды.  Газеттің Ордада дүниеге келуін, одан Оралға көшуін ұйымдастырушылардың бірі, кезінде биліктің қазақ жер-суын иемденудегі озбыр отаршылдық әрекеттерін әшкерелеп, қазақ мүддесін қорғайтын атақты сөзін Екінші Мемдума мінберінен 1907 жылғы 16 мамырда бар дауыспен жария еткен, одан бірнеше болыстың халқын біріктіріп, отырықшы болудың үлгісін көрсеткен байырғы азаттық күрескері  Бақытжан Қаратаев көшпенділікті тастап, отырықшылыққа бейімделуді, білім алуды, орыс мәдениетімен жақындасуды насихаттады. Көшпенді өмір салты ұлттың заманауи мәдениетінің дамуына бөгет жасайтынын айтып,  қазақты бірігіп қала салып тұруға, пайдалы кәсіппен айналысуға, балаларды мектептерде оқытуға шақырды. Бұл бастаманы қош көрген Мұхамеджан Сералин де өзінің журналы «Айқап» жарыққа шығарған «Қазақ халқының мұқтаждығы» деген мақаласында патша әкімшілігінің жергілікті қазақ халқын ежелгі мекенінен ығыстырып, орнына ішкі губерниялардан шаруаларды көшіріп әкеп қоныстандырып жатқанын сынады.  Қазақты үкімет жан басына деп белгілеген ресми норманы пайдалануға, қала  салып, егіншілікпен айналысуға үндеді. Отырықшы болу, мектеп, медресе салу, дін жұмысын қолға алу, Мемлекеттік Думаға депутат сайлауға қол жеткізу, Петрборда арнайы өкіл ұстау қажеттігін жазған «Бізге не істеу керек?» деген бағдарламалық мақаласы «Айқаптың» сол 1911-ші жылғы 6-шы санында жарық көрді.

Журнал қазақ ауылдарындағы оқу-ағарту жұмыстары, әйел теңдігі, отырықшылық өмір салтына көшу, сонымен қатар империядағы өкілдік мекемеге қазақтан өкіл сайлауды жаңғырту жөнінде саяси мәселелер көтеріп, қоғамдық сананың оянуына және ұлттық мәдениеттің дамуына зор үлес қосты. Журналдың белсенді авторлары қатарына ұлт интеллигенциясының алдыңғы қатарлы өкілдері – Сұлтанмахмұт Торайғыров, Сәбит Дөнентаев, Бақытжан Қаратаев, Жиһанша Сейдалин, Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Сабыржан Ғаббасов, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Бекет Өтетілеуов, Спандияр Көбеев, Нұрғали Құлжанов, 1913 жылдан шыға бастаған, кейбір маңызды мәселелерде «Айқап» көтерген мәселелерде қарсы бағыт ұстанған «Қазақ» газетінің басшылары Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, сондай-ақ басқа да жазушылар мен публицистерді тартты.

«Айқаптың» елдік мәселелерді байыппен талдап, сараптап тұрған дәстүрі «Қызыл Қазақстан» журналында бірден жалғасын тапты. Журнал 1921 жылдан шыға бастаған алғашқы сандарынан-ақ жаңа өкіметтің, қазақтың өз өкіметінің маңызды шешімдерін насихаттап, ұлттық сипаттағы өзекті мәселелерді көтеріп отырды. Басылымның тұңғыш басшысы Абдолла Асылбеков болған еді. Ол ауылдық татар медресесінде, Қызылжардағы мұғалімдер даярлайтын қазақ мектебінде оқыған. Сәкен Сейфуллинмен бірге «Жас қазақ» ұйымының мүшесі ретінде Ақмолада жастар арасында белсенді жұмыс жүргізуге, «Тіршілік» газетін шығаруды ұйымдастыруға  қатысқан.  Ақмолада депутаттар кеңесін сайлауды ұйымдастырып, азық-түлік комиссары болған. 1918 жылы Ақмоланы ақтар басып алғанда,   Сәкенмен бірге тұтқынға түсті, атаман Анненковтың «Азап вагонында» азап шекті, 1920 жылы ақтар лагерінен қашып шығып, Қиыр Шығыстағы қызыл әскерлерге қосылды, сондағы азамат соғысына қатысты. 1921 жылы оны Омбыдағы Сібір бюросы Қызыл Армияның Петропавл, Ақмола, Көкшетау үйездеріндегі контрреволюциялық көтерілісті басу жөніндегі штаб бастығының орынбасарлығына тағайындаған. Бұдан соң ол Қазақ Республикасының Халық ағарту комиссариатындағы саяси ағарту бөлімінің бастығы болды. Сосын 1921 жылғы маусымда Республика астанасы Орынборда өткен Ресей коммунистік партиясының тұңғыш Қазақ облыстық конференциясына делегат ретінде қатысып, сонда құрылған облыстық комитеттің мүшелігіне сайланды. Обком мүшесі ретінде оған, Абдолла Асылбековке, «Қызыл Қазақстан» журналы жұмысын ұйымдастыру және редакторы болу міндеті жүктелсе керек.

Асылбеков журналдың тиісті ұйымдық жұмыстарын жүргізіп, 1921 жылғы 15 қыркүйекте бірінші нөмірін шығарды. Айта кету керек, журналдың сол алғашқы саны өз қорында сақталмағандықтан, Алматыдағы Ұлттық кітапхана журнал басшылығының өтініші бойынша басқа кітап қоймаларынан іздестіріп, көп жылдан кейін Ресейден ғана тапты. Бұл жәйтті, сонымен қатар оның мазмұнын шығыстанушы ғалым Мұхиддин Бекмырзаұлының айтуымен белгілі журналист қызымыз Гүлзина Бектас басылымның ғасырлық мерейлі датасына орай «Айқын» газеті бетінен хабарлаған-ды.  Сондағы жарияланымға қарағанда, журналдың бірінші нөмірі шыққан уақыт 1921 жылғы 1–15 қыр­кү­­­­йек деп көрсетілген көрінеді. Осында Қазақ Автономиялы Советтік Социалистік Республикасының өткен 1920 жылғы Құрылтайшы (бірінші) съезінде қабылданған қазақ халқының сол тұстағы тыныс-тіршілігінде елеулі әсері болған құжаттар: қазақ ішіндегі Қалың мал беру және Құн тө­леу дәстүрлерін жою туралы бірінші съезд қабылдаған заңдардың (декреттердің)  мәтіндері Қазақ АССР Әділет халық комиссары Ғұбайдолла Әлібеков пен Қазақ АССР Орталық Атқару Комитетінің хатшысы (Кін­дік комитеттің секретары) Ғабдол-Хакім Бөкейхановтың қолымен жарияланған. Бұлармен бірге Қазақ АССР Орталық Атқару Комитетінің төрағасы (КирЦИК, Кіндік комитет бастығы) Сейітқали Меңдешев қол қойған тұңғыш советтік жал­пықазақ съезінің жас республика өмірін жаңаша құруды көздейтін 11 бабтан тұратын қаулысы ба­сыл­ыпты. «Қызыл Қазақстан» өзі шаңырақ көтергенге дейінгі он шақты ай бойы қоғам тұрмысында бағдаршам іспетті болып келе жатқан осы маңызды құжаттармен оқырманды таныстыра отырып, «Басқармадан» деп берген кіріспесінде журнал­дың құрылымы жайында әңгімелеген екен. Ел ішіндегі және шет мем­лекеттердегі жағдайлар, жаңалықтар беріліп, Кеңес өкіметінің кедейлер мен қара шаруаға қатысты ұста­нымдары, сондай-ақ советтік сайлау хақында танымды материалдар  басылыпты. Бірқатар ма­қалаларда сол жылы елімізде орын алған аштық жайы сөз болып, ауыл шаруашы­лы­ғын дамыту мәселесі көтерілген екен. Адайлар тұратын аймақта егін егу ісі қолға алынғаны жөнінде  үлгі етерлік тәжірибе түрінде жазылған көрінеді.

Жалпы, тұңғыш редактор Абдолла Асылбековтың тұсында редакция жұмысы тез жолға қойылды, журнал оқырманға өзекті мәселелер бойынша маңызды мақалалар ұсынып, оқырман ықыласына бөленіп жатты. Ұзамай Абдолла 1922 жылғы Екінші партконференцияда Қазобкомның екінші хатшылығына сайланып, партия жұмысына ауысып кетті. Сол шақта Семейде «Қазақ тілі» газетінде істеп жүрген Нығмет Нұрмақов Орынборға ауысып, біраз уақыт «Қызыл Қазақстан» журналының редакторы болды, қазан айында өткен Бүкілқазақ кеңестерінің 3-ші съезінде Қазатком төралқасының құрамына сайланды, оған Жоғары революциялық трибуналды басқару жүктелді. Ал содан айға жуық уақыт өткен соң, 1922 жылғы 28 қарашада, Қазобком төралқасы – ол кезде бірінші хатшы Георгий Коростелёв болатын – қазақ тілінде шыға­тын «Қызыл Қазақстан» журналын шығаруды, бертінде зерттеушілер анықтағандай, қаржы тап­шы­­лы­ғына байланысты уақытша тоқтату жайында қаулы алды.

Осы жерде журналдың алғашқы редакторы, Қазобкомның екінші хатшысы Абдолла Асылбеков әріптестерімен келіспей, ізінше ерекше пікір білдіргенін еске ала кетейік. Ол Қазобком төралқасының хаттамасына  тіркелген ерекше   пікірінде «Қызыл Қазақстан» бүкіл Қазақстан бойынша қазақ тілінде шығып тұрған партиялық жалғыз журнал екенін айрықша атап өтіпті. Сондай журналды қаржы жоқ­тықтан аз уақытқа болса да жабу – қазақ арасында жүргізілуге тиіс   партиялық сипаттағы жұмыстан бас тарту деген сөз деп батыл тұжырған екен. Қазақ даласындағы саяси жұмыс бір жағынан – баспасөз арқылы, ал екінші жағынан – ауызша үгітпен, практикалық жұмыспен жүргізілуі мүмкін. Жер-жерде  жеткілікті дәрежеде қазақ қызметкерлері бол­мауы себепті ауызша үгіт ақсап тұрғанда, қаржы жоқ деп  баспасөзді дамыта алмасақ – практикалық жұмыс жөнінде ойлаудың қажеті де жоқ. Мұндай жағдайға төзуге болмайды деп қорытыпты ол ерекше пікірін. «Осылардың негізінде мен, біріншіден, обком төралқасының қау­лысына қарсылық білдіремін» дей келіп, жур­налдың шығуын тоқтатпай, оны   өзге жұмыстар есебі­нен шығаруды ұсынды. Жалпы қазақ тілінде шығатын басылымдарды, оның ішінде мерзімдік басылымдарды шаруа­шы­лық комиссариаттарының  әрдайым қолдап тұруы қажеттігін атап айтты. Саяси әдебиет­ті басып шығару мәселесінде «қаржы жоқ» деп сылтауратуға  мүлде тиым салу керек. Егер де мұны істей алмасақ, онда қазақ арасындағы барлық жұмыстарда өзі­міз­ді-өзіміз алдауды доғарып, дәр­мен­сіздігіміз бен әлсіздігімізді мойындауға тиіспіз деп түйіпті Абдолла. Мұның бәрі жайында «Ақиқат» 1997 жылғы 3-ші санында толық жазды.

Аздаған үзілістен кейін журнал дегенмен қайта шыға бастаған. Оның сол шақтардағы жұмысы, Түркістан Республикасындағы қазақ жер-суы мен халқын Қазақ Республикасына қосып, бір шаңырақ астына жинауға кіріскен кезеңдегі және екі өлке біріккен тұстағы  жарияланымдары, сөз жоқ, зерттеушілерін тосып тұр. Осы ретте тамаша жас зерттеуші-ғалым Ертай Біләлдің жақында ғана, 11 қыркүйекте, «Қазақ әдебиеті» газетінде «Тарихтан тағылым тартқан... «Қызыл Қазақстан» журналына  – 105 жыл» деген мақаласын ерекше атап өту ләзім. Ол журнал авторлары мен олар жария еткен материалдарды саралап келтірумен қатар, журналды қазіргі графикаға түсіріп, ғылыми түсініктермен жинақ етіп шығару, тақырыптық бағыттар бойынша топтастырып зерттеу, толық библиографиялық көрсеткіш құрастыру жөнінде бірнеше келелі пікір түйіп, ұсыныстар жасады.

Орта Азиядағы ұлтық-мемлекеттік межелеу науқаны аяқталып, Үлкен Қазақстан құрылғаннан, Қазақ облыстық партия ұйымына республикалық емес, өлкелік қана мәртебе берілгеннен  кейін – Қызылорда астана болған 1925 жылдан  журнал «Қызыл Қазақстан»–«Красный Казахстан» деген атаумен екі тілде шығып тұрды. Бұл республика билігіне мәскеулік эмиссар Филипп Голощекин келіп, қазақ ауылдарында «Кіші Октябрь революциясын» жасауды, қазақ коммунистерінің сана-сезімін қырнап, тегістеп, орталықтағыларға сәйкестендіре білкелкілендіруді – «нивелировка жасауды» қолға алған шақ. Журналдың «Қызыл Қазақстан» атының астана Алматыға орныққан 1930 жылы  «Қазақстан большевигі»–«Большевик Казахстана» аталымына өзгеруі, ал 1932 жылы «Ауыл коммунисі» деп аталуы да, тиісінше цензура күшейіп, мазмұн ауқымының тарылуы да осынау қазақ халқын ұлттық апат қасіретіне ұшыратқан диктатор Голощекин қызметінің салдары болғаны түсінікті.

Жалпы, «Қызыл Қазақстан» журналының Абдолла Асылбеков редактор боп тұрған кезден бастап әр кездерде Ерғали Алдоңғаров, Мырзағұл Атаниязов, Нәзипа Құлжанова, Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Нығмет Нұрмақов, Смағұл Сәдуақасов, Тел Жаманмұрынов, Кәрім Тоқтабаев, Ораз Жандосов, М.Фахретдинов, Хамза Жүсіпбеков, Жүсіпбек Арыстанов, Жанайдар Сәдуақасов, Мүтәли Дәулетқалиев, Рақым Сүгіров, Әйтіке Мусин, Сұлтан Сегізбаев, Әбдірахман Байділдин, Сейділда Төлешев, Ахмет Елшібеков және басқа да алаш идеясын қостайтын авторлары болды. Абдолла мен Нығметтен кейін әр жылдары журналға Смағұл Сәдуақасов, Ораз Жандосов, Ерғали Алдоңғаров, Сәкен Сейфуллин, Хамза Жүсіпбеков, Ахмет Елшібеков сынды азаматтар жетекшілік етті.

Басылымда патшалық жүргізген отаршылық саясаттың кеңес өкіметі тұсында да жалғасып келе жатқаны, орыстардың қазақтарды өздерімен тең көрмеуі сынға алынып тұрды. Жергілікті халықты көзге ілмеудің  асқынған түрі ретінде қазақтың басты байлығы – жер-суын тартып алу халыққа өте ауыр тигені жазылды.  Заман талабына сай өзгеріп жатқан  әлеуметтік-саяси жағдайларға бейімделуді, жаңа міндеттерді жүзеге асыруды көздеген материалдар шығып жүрді. Басылымның елеулі жарияланымдары қатарында Абдолла Асылбековтің 1921 жылғы Қазақстанда болған ашаршылық туралы нақты мәліметтерді көрсете отырып, аштыққа қарсы күресуге үндегенін, Смағұл Сәдуақасовтың «Ленин және ұлт мәселесі», Әбдірахман Байділдиннің «Ұлт мәселесі һәм Октябрь революциясы», Манап Шамиль псевдонимімен жазған Сәкен Сейфуллиннің «Октябрь һәм ұлт мәселесі», О. Исабаевтың «Ұлт мәселесі һәм Октябрь төңкерісі» атты мақалалары бар екенін атап айту жөн. Бұларда ұлт мәселесі қазақ тағдырымен тығыз байланыста көтерілген, қазақ халқының сол кездердегі ахуалы, жай-күйі еш бүркемесіз, батыл ашып айтылған.

Журналда әдебиет мәселесі де жазылып тұрды. Бұл ретте атап айтарлық бір жәйт – бүгінде еліміздің әдеби өміріне белсенді түрде араласып, оны зерттеуде өзіндік үлес қосқаны мойындалған  Ыдырыс Мұстанбаев «Қызыл Қазақстан» беттерінде де Абай мұрасын зерттеуге көңіл аударып, 1927 жылғы 2-ші санындағы «Көркем әдебиет туралы» мақаласында ұлы ақынды тануда көңіл толарлық ештеңе бітірілмей отырғанымыз жайында мәселе көтерген, ал 1928 жылғы 5-ші санында шыққан «Біздің таластарымыз»  атты мақаласында Абайдың шығармаларын бағалауда орын алып жүрген ірі қателіктерге, орынсыз бұрмалаушылықтарға тоқталып, ақын өлеңдерінің жалпыхалықтық сипатын, тәрбиелік мәнін ашып көрсеткен. (Мұстанбаев әдебиет сыншысы, публицист қана емес, жаңа кеңестік өкіметте жауапты қызметтер атқарып, әйгілі Голощекинді солақай әпербақандығы үшін диктатор деп атаған қайраткер болатын). «Қызыл Қазақстан» белгілі қаламгерлеріміздің алғашқы әдеби шығармаларын да жариялап тұрды.  Мұхтар Әуезовтің «Қорғансыздың күні» әңгімесі, Сәкен Сейфуллиннің «Тар жол тайғақ кешу» мемуарлық романы мен өлеңдері, Бейімбет Майлиннің «Шұғаның белгісі» хикаяты, Тұрар Рысқұловтың тарихи туындылары және басқа да көптеген әдеби еңбектер осында шықты.

Елімізді Ресей Компартиясы Қазақ өлкелік комитетінің бірінші хатшысы  Филипп Голощекин басқарып тұрған шақта журналдың аты, жоғарыда айтқанымыздай, 1930 жылдан «Қазақстан большевигі» деп өзгеріп шықты. Бұл,  әрине, орталықта 1924 жылдан шығып тұрған «Большевик» журналының үлгісімен жасалған шара. Сонда «Қазақстан большевигі» журналының редакторы лауазымына  Қазөлкеком секретариатының шешімімен мәдениет-насихат бөлімінің меңгерушісі Жанайдар Сәдуақасов бекітілген-ді. Ал ол көлік бөлімінің меңгерушісі қызметіне ауыстырылғанда журнал редакторы кім болғаны алда анықтала жатар. «Қазақстан большевигінің» аты сосын, шамасы, республика аштық қасіретін шегіп жатқан кезеңдегі «социалистік құрылыс жетістіктерін» насихаттаудағы коммунистердің іс-әрекетінің, қызметінің маңызына ерекше мән бергендіктен шығар, 1932 жылы «Ауыл коммунисі» боп өзгерген-тін. Көзге түскен жариялы деректерге, дәлірек айтқанда электронды кітапханада сақталған нөмірлеріне қарағанда, Қазақстан өлкелік партия комитетінің партия-көпшілік журналы мәртебесімен шыққан «Ауыл коммунисі» журналының 1932 жылғы № 5-6 деп белгіленген санында: «Редәктірлер Мұсаұлы, Жолдыбайұлы, ағзасы: Ермағамбетұлы, Лепесұлы, Нұрмұхаметұлы, Төлепұлы, Жандосұлы. Уақытша жауапты редактір   Ермағамбетұлы» деп көрсетіліпті. Таралымы  3500 дана болған екен. 1933 жылы Филипп Голощекин Мәскеуге жоғарылап кетіп, орнына ортвлықтың жаңа эмиссары Левон Мирзоян келген соң, яғни республика басшылығы ауысып, қазақ ұлттық апатқа ұшыраған қасіретті кезеңнен қоғам жаңа Қазақстан құру  жолына ауысқан шақта,  «Ауыл коммунисі» журналына,  басылымның 1936 жылғы нөміріндегі дерегіне қарағанда,  «редколлегия: 1. Сегізбайұлы С. (жауапты редактор) 2. Құлшанұлы. 3. Смайылұлы Е.» деп қол қойылған. Таралымы 10240 дана болыпты.

Ресей Федерациясы құрамындағы автономиялық республикамыз 1936 жылғы 5 желтоқсанда қабылданған сталиндік Конституция бойынша одаққұрушы «социалистік тәуелсіз мемлекеттер» қатарына көтерілген. Ұзамай Үлкен террор күшіне ене бастаған 1937 жылғы маусымда  Қазақ Республикасы коммунистерінің  алғашқы съезі өтіп, Қазақстан большевиктік Компартиясы рәсімделген де, оның Орталық Комитеті сайланған. Соған сәйкес, 1938 жылы, «Ауыл коммунисі»  журналы «Коммунист» деген ат иеленіп, сол тұңғыш Орталық Комитеттің партия-көпшілік журналы мәртебесінде  шығып тұрды. «Коммунистің» көзге түскен 12-ші санында таралымы 60 мың дана деп көрсетілген. Үлкен террор қасіретінің салдары болса керек, басылымға қол қоюшы жөнінде, мәселен, 6-шы санда  «редколлегия» деп қана жазылған.

«Коммунист» журналы 1941 жылға дейін шықты. Соғыс жылдары уақытша жабылды да, соғыс аяқталатын 1945 жылы голощекиндік кезеңдегі атын жаңғыртып, «Қазақстан большевигі» болып қайта шыға бастады.   Редакторы  Мұхаметжан Әбдіхалықов болды. Ғасыр жасап, бертінде ғана қайтыс болған бұл кісі сол тұстағы ірі мемлекет қайраткері еді. 30-шы жылдары Қазақ өлкелік комсомол және облыстық партия комитеті аппараттарында жауапты қызметтер атқарған, 1938–1941 жылдары Қазақ Республикасының оқу халық комиссары, Халық комиссарлары кеңесі төрағасының орынбасары, еңбекшілер депутаттары Алматы қалалық аткомының төрағасы боп істеген де, 1942 жылы Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің үгіт және насихат жөніндегі хатшылығына сайланған. Осы  қызметінде Мұхаметжан Әбдіхалықов соғысқа байланысты Алматыға көшіп келген Мәскеу ғалымдарының көмегімен Қазақстан тарихын жазуды және оны басып шығаруды ұйымдастырды.

Әбдіхалықов Орталық Комитеттің хатшысы ретінде басылымның бас редакторы лауазымын қоса атқаруға тағайындалған-тын. «Көне дәуірден қазіргі күнге дейінгі Қазақстан тарихы» атты ұжымдық еңбек 1943 жылы баспадан шыққан. Кітап жарық көрісімен, көп уақыт өтпей-ақ, саясатшылданған сыншылардың солақай шабуылына ұшыраған. Сонда, тұңғыш жасалған «Қазақстан тарихы» авторларының тұжырымдарын тарихи еңбектің бас редакторы және Орталық Комитеттің идеология жөніндегі хатшысы Мұхамеджан Әбдіхалықов принципшілдікпен және табандылықпен қорғаған-ды. Бұдан кейін  идеологиялық хатшы  Әбдіхалықов соғыс жағдайына байланысты тоқтап тұрған қоғамдық-саяси журналдың қайта шығуын ұйымдастырды. Голощекиннің тұсындағы өлкелік партия комитеті журналының «Қазақстан большевигі» деген атын жаңғыртып, Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталатын 1945 жылдың бас кезінен Орталық Комитеттің журналы ретінде шығара бастады.

Мәскеулік «Большевик» журналымен үндестіріліп жаңғырған «Қазақстан большевигі» журналының 1945 жылғы июнь (маусым) айында шыққан 3-ші саны ССР Одағының барлық қарулы күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Иосиф Виссарионович Сталиннің суретімен және оған Советтер Одағының Генералиссимусы жоғары дәрежелі әскери атағын беру, «Жеңіс» орденімен наградтау, Советтер Одағының Батыры атағын беру хақындағы ССРО Жоғарғы Советі Президиуының пәрмендерімен ашылған. Бұлардан соң «Совет халқын жеңіске жеткізуші» атты бас мақала, Жоғарғы Советтің 12-сессиясында Қызыл Армия Бас Штабының бастығы әскер қатарындағы жасы үлкендерді босату жөнінде жасаған баяндама мен қабылданған заңның мәтіндері, солардан кейін тарихи жеңіс, сондай-ақ тұңғыш большевиктік съезд жайында материалдар берілген. Мұхамеджан Әбдіхалықовтың өзі «Абай – қазақ халқының даңқты ақыны және ағартушысы», 1950 жылы «Правда» газетінде жарияланысымен қазақ тарихшыларының төбесіне қара бұлт үйірілткен әйгілі мақала авторларының бірі болған Хадиша Айдарова «Қазақ халқының тұңғыш ғалымы Шоқан Уәлиханов» деген мақалалар берген. Бұлардан кейін «Қазақстан К(б)П Орталық Комитетінде» деген айдармен «Қазақ ССР Тарихын екінші рет бастыру туралы» деп аталған ақпарат  басылған. Онда 1943 жылы шыққан «Көне дәуірден қазіргі күнге дейінгі Қазақстан тарихын» екінші рет бастыруға даярлау туралы Орталық Комитеттің 1945 жылғы 14 августа қаулы алғаны айтылған. Қаулыда авторлардың совет өкіметі тұсындағы тарихты дұрыс көрсеткенін атап өте отырып, Қазақстан тарихының маңызды мәселелерін баяндауда елеулі қателер жібергенін, олардың негізгісі – қазақ халқының революцияға дейінгі тарихын «таптардың және тап күресінің тарихы деп танымай, көбінесе қазақ халқының өз тәуелсіздігі жолындағы күресі деп танығандық» болғанын көрсетіп, талдаған. Сөйтіп нендей мәселелерге көңіл бөлу керектігін көрсеткен. Екінші басылымды даярлау ССРО Ғылым Академиясы Қазақ филиалының тарих және этнография институтына тапсырылғаны айтылған. Филиал басшылығына (Сәтбаев жолдасқа) институтты маман қызметкерлермен нығайту, тарихты ғылым жолымен тексеру шараларын жүргізу қажеттігін міндеттеп, Алматы қаласындағы ғылыми қызметкерлер мен әдебиетшілер жиылысын өткізу қажет деп тапқан да, жиналыста баяндама жасауды идеология жөніндегі хатшы Мұхамеджан Әбдіхалықовқа тапсырғаны айтылған.

Қазақстан электронды кітапханасында «Қазақстан большевигінің» 1945 жылғы алғашқы екі нөмірі жоқ, олардан өзге үш саны, 1947 жылғы үш саны ғана сақталған. Журнал 1952 жылға дейін шықты, жалпы бағытының қандай болғаны түсінікті ғой, бірақ тағы кімдер редактор болғаны беймәлім, тігіндісі болмағандықтан, бұл ретте арнайы зерттеу жүргізу керектігі түсінікті. Одан кейін журнал аты тағы өзгерді. Бүкілодақтық Коммунистік (большевиктер) партиясының аты 1952 жылғы Он тоғызыншы партсъезде Совет Одағының Коммунистік партиясы болып өзгеруіне байланысты Мәскеудегі «Большевик» журналы Орталық Комитеттің «Коммунист» атты  теориялық және саяси журналы болып өзгергені мәлім, тиісінше «Қазақстан большевигі» де 1952 жылы Қазақстан КП Орталық комитетінің теориялық және саяси журналы «Қазақстан коммунисі» деген атаумен шыға бастады.

Алғашқы жылдары бірлескен «Қазақстан коммунисі»-«Коммунист Казахстана» журналы тұрпатында шығып тұрған. Бас редакторы В.Абучкин болған сияқты. 30-шы жылдардан «Еңбекші қазақ»   көрігінде шыңдалып, жоғары оқуды бітіргеннен кейін әлденеше басылымда қызмет істеп келе жатқан Баймұхан Ордабаев 1954–1957 жылдары осы бірлескен басылымның бас редакторының орынбасары,  1958 жылы бірлескен басылым қайта құрылып, қазақша және орысша дербес  журналдарға айналғанда, әуелі «Қазақстан коммунисінің»  жауапты хатшысы, одан 1959–1965 жылдары  бас  редакторы  болған.  Белгілі қаламгер, танымал аудармашы, журналист, филология ғылымдарының кандидаты, қоғам қайраткері  Құрманбек Сағындықов «Қазақстан коммунисі» журналының бас редакторы қызметін 1957–1959 және 1965–1981 жылдары атқарыпты. Журналдың бас  редакторлары қатарында философия ғылымдарының докторы Нұролла Сәрсенбаев,  шығармашылық еңбек жолын балалар газетінен бастап, жастар газетінде, партиялық мерзімдік басылым мен баспада басшы болып, Орталық Комитетте ірі қызметте істеген  Мұқан Мамажанов, байырғы журналист, жазушы, мемлекет қайраткері Кәкімжан Қазыбаев, «Қазақстан коммунисінің» атын өзгертуге мұрындық болған  белгілі қаламгер Камал Смайылов бар.

Журнал билеуші партияның қайта құру саясаты шегіне шыққанда, мемлекеттік тәуелсіздік қарсаңында, тәуелсіздік жарияланардан үш айдай бұрынырақ, 1991 жылғы қыркүйектен «Ақиқат» деген атпен шығып келеді. Жаңа дәуірде журнал басшысы дауазымында Сарбас Ақтаев, Жұмабек Кенжалин, Ахат Жақсыбаев, Нұрмахан Оразбеков, Темірхан Медетбеков, Самат Ибраимов, Мұхитдин Салқынбаев істеді. Бүгінгі таңда «Ақиқат» ұлттық қоғамдық-саяси журналының бас редакторы болып Дәуіржан Төлебаев замана рухына сай жемісті қызмет атқаруда.

Жалпы, өзіне дейін «Қызыл Қазақстан», «Қазақстан большевигі», «Ауыл коммунисі, «Коммунист», қайтадан «Қазақстан большевигі», одан «Қазақстан коммунисі» болып атын әлденеше рет, турасын айтқанда алты рет өзгерткен басылым, жетінші ретте «Ақиқат» аталып, отыз бес жыл бойы оқырманмен ұлттық қоғамдық-саяси журнал мәртебесінде сырласып келе жатыр. Осы  тұрпаттағы «Ақиқаттың» алдыңғы ізашарларынан ең басты айырмашылығы мен ерекшелігі – еркіндігінде екені анық. Журнал еш шектеуі жоқ, цензурасыз сөз бостандығын іс жүзінде пайдаланып, оқырман назарын ұдайы өміріміздің қоғамдық-саяси, эко­но­ми­­калық тыныс-тіршілігіне аударып, күрделі мәселелер хақында  салиқалы ой толғап келеді. Өткенімізді жаңаша тануға көңіл бөлуде. Еліміздің дамуындағы стратегиялық бағыттарды жан-жақты талқылап, түсіндірумен шұғылдануда. Жалпы,  саясат, экономика, тарих, философия, филология, мәдениет салаларындағы ең өзек­жар­ды мәселелер жайында көтерген тақырыптарын бүкпесіз саралап, талдап, байыппен түсіндіріп жүр.

Ел игілігіне  арнаған еңбегің жана берсін, 105 жасқа келген мерейлі тойың құтты болсын, «Ақиқат»!

Бейбіт Қойшыбаев

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Көкжиек

Азаматтық қоғам һәм ғылым мен білім дамуы...

Ахметбек Нұрсила 1355
Білгенге маржан

Париждегі кітап және қазақ даласының тарихы

Өмір Шыныбекұлы 2936
46 - сөз

«Білімге мәжбүрлеу»

Әбдірашит Бәкірұлы 1007
Ақмылтық

Көшпендер ойыны құт болсын!

Серік Ерғали 946