Бейсенбі, 21 Қыркүйек 2017
Дей салдым-ау 1569 3 пікір 16 Мамыр, 2017 сағат 12:11

Сүлейменовтің тілі неге қышыды?

Сырттан қарыз алуға дәндеген Үкіметіміз бүгін берешегіміздің қаншаға жеткенін тағы бір мәрте есімізге салды. ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов Үкімет отырысында Қазақстанның қарызын жіпке тізді. Министрдің айтуына қарағанда, мемлекеттің мойнындағы берешек 12,3 триллион теңгеге жеткен. Бұл жалпы ішкі өнімнің 24,6 пайызына тең деген сөз.

Қазақтың тілін мандытып білмейтін министр мырза 12,3 триллион деген сомадан дым қорықпайтынын, дабыл қағудың қажеті жоқтығын, бұл жағдайды басқаруға қабілетті екенін айтып ақталған. Жалпы, біздің елде доллар бағамы өсерден бірер күн бұрын "доллар тұрақты болады" деген сыңайда ресми мәлімдеме жасалушы еді. Сүлейменовтің кенет сыртқы қарызды сөз ете қалуының астарында не жатыр. "12,3 триллионның үстіне тағы жамау жамалады" деген белгі емес пе бұл?

Елбасы Қытайда іс-сапарда жүр. Осы жолы көршіден тағы қарыз алып қайтса, былтырғыдай жер дауы қайтадан басталып кетпей ме? Қытай бізге қарыз берсе, оның өтеуі оңай болмасы анық.

Сүлейменов сондай-ақ, мемлекет басшысының жолдауда айтқан макроэкономикалық тұрақтылықты сақтау тапсырмасының орындалып жатқанын да айтып өтті.

"Әлемдік тауар және қаржы нарығында сақталып отырған тұрақсыздық біздің жасаған болжамымызды шектеуге итермелеп отыр. Жылдың басындағы 4 айда экономикада тіркелген өсім одан ары қарай да жалғаса береді деп айтуға болмайды. Ол үшін мемлекеттік аппараттың белсенді жұмыс істеуі керек", – деді министр.

Бұл да есі бар жанды ойға қалдыратын сөз. "Төрт айдағы экономикалық өсім жалғаспайды" деудің астарында "тағы қарыз алудан басқа амалымыз жоқ" деген ойдың жатпағанына кім кепіл?

Әншейінде жақ ашпас ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменовтің тілі неге қыши қалды? Кеше Қорғас кеден бекетінің акцияларын сатып жіберіп едік, бүгін, яки ертең немізді көршілерге берер екенбіз?

Шәріпхан Қайсар

Abai.kz

3 пікір
Қорқақ 2017-05-18 17:26:47
Президентіміздің шет елдерге, әсіресе Қытай мен Ресейге сапарлап баруынан қатты қорқа бастайтын болдық. Ресейге барардың алдында Путинді сынаған, айыптаған бір қазақ болса сол қазақ қалайда тауып сотталады, ал ондайлар Ресейдің өзінде мыңдап жүрсе де ол жақта дәл біздегідей қудаланбайды. Болмаса Ресейге тағы бір жерді полигонға беріп қайтады, болмаса қазақстандық кәсіпордарды сатып алуға ресейліктерді шақырып қайтады.. Қытайға барса әйтеуір бір ұлттық мүддеге зияны тиетін бір нысан сатылатын болады не ұланғайып қарызға ұрынамыз. Болмаса қытайлар соя мен тағы бір бәле егуге жер сұрап отыр деген сияқты ұйқымыздан шошып оятатын хабар алып келеді. Әйтеуір, президент шет елге кетті десе болды соңғы кезде тынышымыз кетіп отырады.
Ержан 2017-05-18 12:15:32
Осы тұста бір əкім мырзаның сөзі есіме түседі.Алмақтыңда салмағы бар демекші уақыт келе анау қарызын сұрап мынау қарызын сұрап ертеңі бұлыңғыр елдің етегі ашылып болашақ ұрпақ кім көрінгенге құл болмаса болғаны.Елімізлің бересегі үкіметте отырып миллион жалақы алатын министр мырзаларды селк еткізбесе сыртта жүрген халықа жаны ашымаса не соры.Ертеңі не болса сол болсын деген ел болмас етекті кессең тон болмас тек бір АЛЛАдан медет тілейік халқым.
Төре 2017-05-16 13:08:38
Қазақта сататын жер баршылық. Болашақшылар Қазақтың болашағын сатып жатыр. Сауда қыза түсті, күтейік. Нақұрыс тою дегенді білмейді?

Үздік материалдар

Рухани жаңғыру

Қанат Әбілқайыр. Қарыз бен Парыз

Abai.kz 5792
Қауіп еткеннен айтамын

Қазақстанда жүрген қытайлар кімге сүйенеді? 

Н.Қошаманұлы 12093