Жұма, 26 Сәуір 2024
Алашорда 15121 48 пікір 28 Маусым, 2017 сағат 08:49

Оралхан Бөкейдің арғы атасы Қаратайдың шыққан тегі кім?

«Көсемдері елді алдаса, Көш бұзылар сақ болған»

/Кетбұқа/

Оралхан Бөкей ағамыз Бошай Кітапбаевтің шежіре-кітабының алғы сөзінде ноғайларда «Сөз анасы – Қыпшақ, ел анасы – Найман» деген сөздің болғанын айтқан еді.  Бұл жердегі әңгіме көшпелі өзбек-қазақ елі жөнінде болса керек. Наймандағы Сарыжомарт атаның тарихының күллі қазақтың тарихына қатысы бар. Өйткені, Сарыжомарт ата Қазақ хандығының алғышарты болған Өзбек хандығын құрысқан тарихи тұлға еді.   Шын аты Сары, небір жомарттық жасап «жомарт» атанған екен.

«Тарихи Абулхаир хани» атты 15-ші ғасырда жазылған тарихи деректе Сарыжомарттың аты Сары Усман Украч найман деп аталса, Ақсопы атанған найман атасы Ак суфий найман,  түп нағашы жұрты қарақытайдан шығып Төле қытай атанған, Қылышты пірдің қызын алып қожа атанған  Төлегетай – тунгачук Толе ходжа найман деп аталған. Төлегетайдың абыз-әулие болғаны белгілі. Көне түркі тілін, шағатай тілін білетін түркітанушы ғалым Иманғазы Нұрахметұлының айтуынша «тунгачук» дегені абыз дегенді білдіреді екен. Енді бір мағынасы – тек қана ханға бағынған, Батысты билеген еркін қолбасшы екен. Төлегетайдың қолбасшы болып шайқаста қаза болғаны да айтылады. Осылармен қатар бұл тарихи деректе Қара Усман найман, Толун ходжа найман дегендер де аталады. Бұл екеуі шежіреде Қарабек пен Толымбек деп те аталады.  Толунқожа дегеніміз (Толымқожа) қаракерейдегі Байысқа Тоқтарқожаны ертіп әкелген адам, кейін өзі керейлерге сіңіп кеткен дейді.   Алай да, керейде оның ізі табылмады. Ақтайлақ би Бәйдібектің қызы Қызай ананың матайлық байы өлгенде, оны осы Толымқожаның алғанын айтады. Енді бір нұсқада Толымқожаның орнына Тоқтар жазылған екен.

Осы деректегі Қара Усман найманды Қара атай, яғни, Қаратай деп айтқандар да болған. Алай да, бұл жаңсақ пікір. Қытайдан Кеңес одағы кезінде әкелінген әкемізден қалған шежіреде: «Жоғарыдағы: Қарабек – Толымбектер – ерте кезде елден ауып кетіп Кентуп – тартуп дегендерде дейді» деп айтылған екен.  Бұл Қарабектің ұрпақтарының қаранайман атанып жүргендерін өзбек жерінде  жазушы Камал Абдрахман ағамыз көрген екен. Өздерін ақсүйекке санайды екен.

Найман шежіресін жинақтаушылар Бошай атадан басқа тарихшы Зейнолла Қайсенов, сарыжомарттық Сейілқан Нұрғазин, қарауыл-жасақтағы Зарыпқан шежірелер болған. Бошай атаның Қаратайды таратқаны қаратайлық Мұса биден қалған да, Сарыжомарт, Өтей, Өтемістерді таратқаны осы Сейілқан ағадан алынған еді.  Шежіретанушы, шежіре жинаушы ретінде менде найман шежіресінің барлық бізге белгілі таратылулары бар. Міне, осы таратылуларда тек қана Бошай атаның шежіресінде Қаратай деген Көкжарлыдан таратылған. Шәкәрім қажы Қаратайды Сарыжомарттан таратады. Меніңше, қажы атамыз бұл деректі өзімен болыстас болған ақнайманның атақты Омар болысынан алған болса керек. Қайткенмен де, ел басқарған болыстардың қолындағы шежіре нұсқалары анығырақ болатыны хақ.  «Алаш» тарихи-зерттеу орталығының тарихшылары да Қаратайдың әртүрлі таратылып жүргенін айтады.  Бір таратылуда Ергенектіден Көкжарлы, Бура, Балталы, Бағаналы, Қаратай деп айтылады.  Бұлардың Көкжарлыға жазылып кеткендері Абылай ханның тұсында болса керек.  «Алаш» ғалымдары Қаратайдың шын атының Қайыпберді болғанын айтса, Бошай ата Кенжебай деп айтқан еді. Анығында, бұл екеуі екі адам болған, ал енді, Қаратай дегені адамның емес елдің атауы болады. Яғни, алдыңғы мақаламызда айтылғандай қара түсті атты, тайды қадір тұтқан, өсірген, баптаған ел деген мағынада. Ешқандай да, Қаратай деген батыр, би, бай болмаған. Қаратай дегеніміз қалмақ жылқысының қазақша атауы болады.  Алтайдағы Қосағаш  жеріндегі қазақтарда бәйгенің алдын бермеген, биік қамалдан секіріп кеткен бір қалмақтардың қара аты жөнінде аңыз бар.  Қалмақтар ұрлап әкеткенде қамап қойған қорғаннан сеікіріп қазақтарға қайта қайтып келген дейді. Міне, Қаратай дегеніміз осы қара ат болады.

«Кенжебай қара тайға мініп бәйгенің алдынан келіп Қаратай атанған» дегендері жарлы-жақпай надандардың ойдан шығарып алғандары.  Мәселен, шежіреші деген Қазыбек бек Тауасарұлының: «Доспанбет бабамыздың екі көзі бір-біріне атылып туған соң (қыли Қ.З.) Шапырашты атанған» дегені де надандықтан айтылған лақаб. Бүл тайпаның таңбасы парсыша «чапраз» атты түймеге ұқсас болған соң «чапразлы» атанған. Ал енді, нағыз феодал болған қаратайлық Иса Маңырақұлының айтқанында бұл тайпа Алтайға «қара тайдың ізімен келген» соң Қаратай елі атанған.  Осы сөзді қаратайлық Әбдікерім болыстың байжігіттегі Дәулетбай батырдың ұрпағы Әрімжан ақынға, Қаратай елінің Алтайдағы осы көк орай шалғын өлкені, текті сәйгүліктерінің қысы-жазы  жілік-майы үзілмес үшін әдейі таңдап алғандарын айтқаны растайды. Кезінде осы Әрімжан ақынның бүкір баласы Нәбиоллаға Есенгелді бидің ұрпағы Смади шал өзінің қызы Мәриәм сұлуды бір үйір жылқыға бермей жүргенде, Әбдікерім болыстың Әрімжанға сыйлаған төрт аяғы бірдей қаратай жорғасын көргенде көңілі жібіп жорғаны алып қызын бере салған екен. Осыны Әбдікерім болыстың қызы Бағила сұлудың: «Мың-мыңдап қалың жылқы айдаса да, билігі келе алмайды-ау бір-бір тайға» деген Қаратай елінің әйгілі қара тайларын айтқаны растайды.  Алдыңғы жазғандарымда: «Қазіргі Қаратай елінің «бет-қаймағы» атанып жүрген жарлы-жақпайлардың ұрпақтары бұл тектілердің айтқандарын қайдан білсін» дегеніме шамданғандар комментерінде: «Бұл мақаланы сайттан алдыртыңдар!» деп байбалам салған екен.

Болыстардан қалған шежіреде Ергенекті деп те аталып жүрген Сарыжомарттың қалмақ қатынынан Қайыпберді, одан Есенгелді. Есенгелдінің бәйбішесінен Кенжебай, тоқалынан Жәңгірші, Байсалды, Қоқан. Шәкәрім қажының Қаратайды «бәйбішеден» дегені осыдан болған.  Жоғарғы Қайыпбердінің бәйбішесінен Есенқұл, Көлібай туады.  Тоқалдан туған Есенгелдінің лақап аты Бораншы болған.  Жоғарғы Көлібай, Бораншының ұлы ретінде Бағаналыда қалған. Ал енді, Қаратай еліндегі Бораншының ұлы Сарғалдақ дегеніміз «даладан табылған» деп айтылады.  Сарғалдақтың түбі Бағаналы. Сарғалдақ Ашаймайлы Сиезхан айтқандай құстың емес, улы шөптің атауы. Қаратайдың Бескеден тараған немерелері деген Болаттың түбі қыпшақ, шын аты Шыңғыстай болса, Шеруші – керейден келген кірме. Байғана да қыпшақ, нағашыдан өзбек. Қаратайдың ұлы деген Шоңмұрынды шежірежинаушы Ашамайлы Сиезхан қырғыз десе, менің зерттеулерімде қият-бөржігін, Яғни, хонхотон-қоңқатанау. Кәлімнің қалмақ екені белгілі. Шимойын да керейден кірме. Сонда, Кенжебайдың өз кіндігінен  Беске, одан Оралхан Бөкейдің бабасы Дәулет туады. Қазіргі Қаратай еліндегі ең тектілер осы дәулеттер болады. Сондықтан олар төңкеріс кезінде жаппай қуғынға ұшыраған болған.  Көріп тұрғандарыңыздай, Қаратай елі дегеніміз шағын-шағын аталардан құралған Ергенекті наймандағы бір ру болады. Көкжарлы мен Бура дегендері аталардың атаулары емес, тайпалардың атаулары. Көкжарлының түбі қият-қыпшақ, Бура руы Шыңғыс ханның кезінде жалайыр Мұқалыға бағынған он тайпаның бірі Икірестің құрамында болған. Түбі Қоңырат. Демек, Қаратай дегеніміз ешқандай да Көкжарлы атаның немересі емес.

Жоғарғы Қаратай атанды деген Кенжебайдың бесінші ұрпағы, Дәулеттің үшінші ұрпағы Есбол би ұрыңқайларға қырық бес қаратай сәйгүлігін беріп,  қаратайлықтарға Алтайдағы қазіргі қоныстарын 1754-55 жыддары атамекен еткен. Есболдың үшінші ұрпағы Ережеп қажы мен оның ұлы Әбдікерімдер төңкеріске дейін болыс ретінде Қаратай елін билеп-төстеп келген.  Сондықтан да, төңкерістен кейін Қаратайдың билігіне қаратайдың жарлы-жақпайлары келгенде, бұларды қуғын-сүргінге аямай ұшыратқан еді. Міне, біздің жаңа тарихымызда осы шоңмұрынның шолақ-белсенділері Қаратай деген жалған батырды тарихи сахнаға шығарды. Дәулеттерден шыққан нақты батыр Дүзбенбек, Оралхан Бөкейдің көзі кеткен соң жайына қалды.  Оралхан мен Дүзбенбектің атасы бір – Ұзақ еді. Бұл Дүзбенбек батырды ұмыттырғандардың талайын Оралхан Бөкей марқұм кезінде сүйрелеп жүріп адам қылған еді...

Осымен қатар қаратайлықтарда Дәулеттен Көкі, Шерушіден Ер Көшкінші, Жәнібек деген де батырлары болған. Ал енді, «түтінге шапты» деген шоңмұрындардан бірде-бір батыр шықпаған соң, Бошай ата да, кейінгілер де, қолдарында тұрған соң, өздерінен басқа аталардан шыққан батырларды дәріптеуді ойламаған. Қаратай деген жалған батырдың жыры осыдан болған еді.  Орыстар айтатындай: «Ни вашим, и не нашим» дегендей.

Кезінде, Сұлтанмахмұт Торайғыров пен Сәрсен Аманжоловтар Қаратай елінде біраз өмірлерін сүрген еді. Екеуі де Қаратай батыр туралы ешнәрсе естімеген.  Екеуі Әбдікерім болыстың сұлу қыздары Бағила мен Бағдатқа ғашық болған екен. Алай да, Әбідкерім болыс «қызылдарға қыздарымды бермеймін» деп қасарысып алады. Кейін, большевиктердің қысымы күшейе бастағанда Әбдікерім Катон-қарағайда прокурор болып жүрген Сәрсен Аманжоловқа кісі жіберіп: «Менің ел-жұртыммен Қытайға өтіп кетуіме көмектессең, Бағдатты саған тастап кетемін» дейді. Бірақ та, Сәрсен ағамыз ондай көмектің қолынан келмейтінін айтады. Бағдаттың Сәрсенді ұнатып жүргенін сезіп қалған әкесі оған: «Өз қолымнан сені қызылға бергеніме арланамын. Бірер күнде Сәрсенге адам жіберіп, сені Қытайға қашырмақшы болғанымды жеткіземін. Атын сайлап Сәрсен келгенде сен менің қара атыммен оның көзінше шекара жаққа қаша жөнелесің. Шекараға дейін қуып жетсе бергенім, жете алмаса, қалғаны. Әдейі ұсталып қалсаң теріс батамды беремін!» деген екен.

Келіскендей болады да, Сәрсен ағамыздың аты Әбдікерімнің сәйгүлігне жете алмай, ғашығы Бағдат Қытайға өтіп кетеді.  Кейіндерде Сәрсен ағамыз: «Бағдаттай қызды енді қазақтан таба алмаспын!» деп, әйелді орыстан алғанын өзінің ұлы Алтайға айтқан екен. Әкесінің қайтыс боларының алдында Алтайдың  оған Бағдаттан келген хатты алып келгені болған. Ал енді, Әбдікерімнің Бағиласы Сұлтанмахмұт Торайғыровты ұнатып қалады. Алай да, бір бай саудагердің баласына айттырылып қойған соң, ұзатылып бара жатқан Бағила сұлу:

Құбыладан жел соқса аңқылдаған,

Қолыма сұңқар қонған саңқылдаған.

Сол сұңқарым қолымнан ұшып кетіп,

Әпеке, мен болдым қаз қаңқылдаған

деп ақынды айтқан екен. Бұл жердегі Құбыла дегені Алтайда анда-санда бір  соғатын желдің аты.

Әбдікерімнің ұлы Шабданды Әди Шәріпов ағамыз Англияға барғанда кездестірген екен.  Ағылшыннан әйел алып, одан туған екі қызы ғалым болған дейді. Осы әңгімелердің бәрін белгілі тіл қайраткері, ақын-жазушы Шекербану Рахметоллақызы Алтай Аманжолұлы мен Әди Шәріповтың өз ауыздарынан естіген.

Жоғарыда аты  аталған  ғалым Иманғазы Нұрахметұлы Қытайда жүрген кездеріне Әбдікерімнің үш немересін де көрген еді. Осыларды 90-шы жылдардың басында іздеп келген Оралхан Бөкей осы Иманғазыны кездестіріп, оның ақындығына, алғырлығына тамсанып: «Сен найман бауырым еліңе қайт. Мен сені адам баласы жете алған шыңдарға көтеремін, ары қарай адам болуың өз қолыңда» деген екен.  Арқалы адам болған  Оралхан ағамыз жарықтық, Иманғазының ақын, жазушы ретінде қазаққа керек екенін бірден сезген еді. Сондағы алғаш кездескенде Иманғазы Оралхан Бөкейге: «Аға, тарлан бөрі бөлтірігін тістеп сүйеді деуші еді, бетімнен бір тістесеңіз деп келдім!» деген екен. Кәкімбек Салық ағамыз Иманғазы жөнінде айтқанда: «Мәреге таяп қалған алдыңғы топтағы аттардың арасындағы бір ұшқыр сәйгүліктей" деп жазады.  Қытайдағы жоғарғы партия мектебінде оқып жүрген Иманғазы ырғалып-жырғалып еліне жеткенде Оралхан Бөкей аяқ астынан бұл дүниеден озып кетеді. Сол кезде Иманғазы әлгі шоңмұрындарға барып Оралхан ағамыздың үйіне ертіп барып құран оқуға сұранғанда олар менімен бала кезінен бірге өскен  Ардақ сұлуды айтып: «Жесір келін жас, ол үймен араласымыз жоқ» деп, қысқа жауап беріп  жайына қоя берген екен.  Алдарына келгеннің кім, қандай адам екенін де сезбеген. Осы әңгімеден кейін керей Хасен Оралтайдың жазғанындағы Мұхтар Мағауинның оралман керейлеріне: «Менен аулақ жүріңдер!» дегені есіме түсті.  Кейін, Иманғазы Оңтүстіктің жазушыларының көзіне түсіп, олар оған Астанадан пәтер әперіп, жұмысқа орналастырады. Иманғазы филология ғылымының кандидаттығын менің досым, абайтанушы, шежіретанушы профессор  Секен Қорабайдың алдында қорғағаннан кейін, елімізде ғалым атағын беру тәртібі де жойылады. Елімізде шағатай тілінің грамматикасын білетін акі-ақ адам бар, солардың бірі Иманғазы. Иманғазы Мырзатай Жодасбекпен бірге көптеген ғылыми еңбектер, монография жазады.  Менің Шыңғыс ханға қатысты зерттеулеріме зор көмегі тиді. Қырғыздар опасыздықпен бұлап алғанда кескілеп турап далаға тастап кеткен менің бабам Көкжал Барақтың мәйітін ұрпақтарының алабота шөбінің сақарына қайнатып етін сүйегінен айырып, сүйегін қырғыз жерінен алып кеткенін де Есенғұл батырдың ұрпағы осы Иманғазы айтып берген. Иманғазы менімен ғұндардың Мөде тәңірқұты жөнінде күрделі роман жазып жатқан кезінде  танысқан еді. Сонда мен: «Романның қай жеріне келдің?» деп сұрағанымда: «Юечжилердің тұтқынынан қашып шықты» деді.

«Юечжи дегендері қазақтар, итке темір не керек дегендей, қазаққа атасы қытай Мөде не керек? Қазақтың тарихын жазбаймысың? деген едім.  Сонда Иманғазы маған «Шаңды жорықтың» тарихын Қытайдағы қалмақтардан жақсы білетінін айттты.  Абылай хан туралы роман-эпопея жазуға тас-түйін дайын екенін жеткізді. Шаңды жорық жөнінде деректер болса, беруімді өтінді.  Қазіргі таңда Шаңды жорық жөнінде қазақтың, орыстың арасында деректер көп, қол жетімді. Ал енді, кейінгі «тың деректердегі» жалған Қаратай батырдың жалған тарихын Иманғазыға айтуға ұялдым да, Сарыжомарт жөнінде шежірелік деректерді бердім. Иманғазыдан Оралхан Бөкейдің сұрауымен алып келген Әбдікерімнің үрім-бұтағы жөніндегі деректерін алдым.  Иманғазының қолында отыз том кітап жазарлықтай деректері бар көрінеді. Қытай оқымыстысының жазып кеткен деректерінен қанжығалы Бөгенбай батырды Иманғазы маған суреттеп бергенінде риза болдым. Бейжинге жөнелтілген елшілікті қорғап барған Бөгенбай батырдың зор тұлғасын көрген Қытай императоры тағында отырып селк ете түскен екен. Ал енді біздер Кеңес дәуірінде ол туралы не білдік? Сол баяғы, Сабалақты ертіп алып қалмақтың түйесін ұрлап жүрген біреу еді.

Ғаламторда Шыңғыс ханға қатысты жазылған жиырмаға шақты мақалаларымның жарық көргенін білген Зайсандық көріпкел, «екінші Қожамсеиіт» атанған Серік Самарқанұлы деген азамат маған телефон шалып танысқан соң, соның сұрауымен «Ұлт» порталында «Шыңғыс хан сақтардың ғұрпымен жерленген» деген мақаламды жария еткен едім. Серік көріпкел ретінде Шыңғыс хандікі деген қорымды тауып, облыс әкімшілігінің араласуымен археологтар бұл қорымға алдын ала барлау жұмыстарын жүргізіп, сақтардың ғұрпында жасалған  қорым екенін айтқан қорытынды жасаған екен. Міне, менің мақалам осы қорытындыға қатысты болды. Осы мақалам жария көрген соң бір комментші: «Ағатай Серіктің телефон номерін беріңізші» деген еді. Мен бермедім. Бір он шақты күн бұрын Серік маған телефон шалып, Кіші жүздегі Қаратай батырдың ұрпақтарын тауып алғанын айттты. Серіктен Тайатқан-Шұнақтағы Қаратай деген батырдың мазарында қайсы Қаратайдың жатқанын көріпкел ретінде анықтап беруін сұрапты.  Серік осал жау, оңай адам емес, қадалған жерден қан алатын, табиғатынан адал  жігіт болған соң, менің аузымнан жалған Қаратайды естіп алып, қолды-аяққа тұрмай өзі құрған «Ер Жәнібек» қоғамдық қорының атынан қызу жұмысқа кірісіп кетті.  Қолындағы деректерден қаратайлықтарды Керей Жәнібек пен Боранбай билердің Тайатқан-Шұнақтан Көкпекті маңына көшіріп әкелгендерін түсіндім. Оралхан Бөкей қаратайдағы шеруші Жәнібекті айтқан еді.  Кезінде президентке хат жолдап жауап алған Серік Самарқанұлын нағыз қоғам қайраткері десе болады. Танымайтын адамы жоқ. Маңғолия президентінің кеңесшісі, тарих ғылымдарының докторы Сұлтан Тәкейұлымен танысып, сол кісінің жазған «Ер Жәнібек» атты кітәбінің қолжазбасын сұрап алып, Өскеменде бастыртып шығарған екен. «Ұлы нағашым қаздауысты Қазыбек, орта нағашым түменбасы Қабанбай» деген керей Жәнібек батырдың кітәбін бастыртамын деп қаржы іздеп Серік сол кезде төсек тартып жатқан Социалистік еңбек ері Бошай Кітапбаевқа телефон шалып: «Ақсақал, қаратайдың игі-жақсысына сөзіңіз жүреді ғой. Бұл елді арқадан көшіріп әкелген менің бабам Жәнібек батыр еді, кітәбін бастыртып шығартуға қаржы бөлдіріп берсеңіз» деген екен. Екі көзі көргеннен кетіп, соғыста жоғалтқан аяғының орны қақсап төсек тартып жатқан Бошай атамыз: «Ой дүние-ай сен тозбайсың тәнім тозар, Күй кетсе хас тұлпардан жабы озар», дегендей, менен күш-қауқар кеткен соң, олар менің тілімді алудан қалған, солардан қайыр болмай, алғашқы кітәбімді зейнетақымды жинап өзім бастыртқан едім. Сен де сөйтерсің»  деген екен.

Алдыңғыда, қара тай аңызының қайдан шыққаны, бұндай батырдың тарихта болмағаны жөнінде айтылып жазылған менің мақаламның комменттерінде  әлгі қаратайлық фальсификаторлар жалған атпен шығып мені: «надан», «топас», «боқты езген», «көре алмаған», «найман арасында іріткі салушы» деп қаралапты. Менің ғаламторда жиырмаға жуық мақалам жарық көріп, Шыңғыс ханның төре емес, есік алдында жүрген құлдан тарағанын айтқанымда төрелерден бұндай комменттерді көрмеген едім. Тектінің аты текті ғой.  Сонау Оралдағы Қаратай батырдың ұрпақтары да әдеп сақтап: «Бәлкім Қаратай деген батыр сіздерде де болған шығар?» деп маған сауал қойғанда мен: «болды» деп айтуым керек пе еді?  Онда ертең менің де артым ашылып, абыройым төгілер еді.  Біздің қаратайлықтар ғаламторға жар салып жалған батырды күллі қазаққа танытқан еді. Осыдан кейін Кіші жүздегі нақты батыр Қаратайдың ұрпақтары осының ақ-қарасын тексере бастаған. Осыны білген мен ақпарат министрілігіне де, мәдениет министрлігіне де, және де, жалған батырды насихаттап жүрген қаратайлықтардың «Мұзтау» атты қорына да хат жөнелтіп ескерткен едім.  Мен бабасының басын іздеп жүргендерді жақсы түсінемін, өйткені, өзім де ес білгеннен бабамның басын іздеп жүрмін.  Сондықтан, күллі қазақтағы ескіні білгендермен хабарласып, хат алмасып отырамын. Шежіре жөнінде кеңестер беремін. Ал мыналар болса, жеті атасын білмеген жетесіздер өздері надан бола тұра, жетпіс жеті атасын біліп отырған адамды надан дейді.  Нағыз тексіздік.

Серіктің өзі маған келгенде: «Халел деген керейім Жантекей мен Жәдікті Жошының ұрпақтары дейді, осы рас па?» деп келген еді. Сонда мен оған: «Найманның бар тарихы өздері құрған Өзбек хандығында кеткен, өзбек жерінде қалған. Ол жақта Жантекей - Жандеке деген атпен найманнан тарап тұр. Абақ керейдің түбі шапырашты, шапыраштыға сіңген наймансыңдар. Анау Жәдік, Жошының ұрпағының аттасы ғана. Қаратайды қарақытай деген анау Халелдің айтқаны лақаб» деген едім.  Одан қалса, Сарманайдан Ақжол, Ақсопы, екінші әйелінен Қоянбай, Жарғақ.  Ақсопыдан Найман. Ақсопы өлгенде жеңгесін Қоянбай алып, одан Керей туған делінеді. Бәрібір де Найманның қаны. Бұл жердегі Қоянбай дегеніміз Хуян, Қиян, яғни, қият-қыпшақ дегенді білдіріп тұр. Сарманай дегеніміз қазақтың ұлы бабасы сары қаңлы. «Қазақ болмағанда қаңлы болған» деген сөз бар. Анығына келгенде күллі қазақтың түбі арғыда қаңлы, бергіде қият-қыпшақ, бөлінетін ештеме жоқ. Бабаларымыз топ-топқа бөлініп алып Қытай мен орысты тонап жүріп арғын, найман, керей, шапырашты, дулат  аталып кеткен.  Күллі қазақтың түбінің  бір екенін генетик ғалым Жақсылық Сәбитов та айтып отыр. Басқа ұлттардан қазаққа ең жақын тұрған қарақалпақтар екенін Жақсылықтың айтқаны да, түбіміздің қият-қыпшақ екенін дәлелдеп тұр. Өйткені, қарақалпақтар нағыз қият-қыпшақтар. Қият-қыпшақ деген терминді ең алғаш өзінің әдеби зерттеулерінде Мұхтар Әуезов қолданған. Қияттың қыпшақ екенін ол кісі Құнанбайдың айтқандарынан білген.

Қаратай жөніде жазғаным үшін «көре алмады» дегендерге айтарым: бұлар жалған батырды насихаттап өтірікті өкірткенде, менің бабам Көкжал Барақты итеріп тастап, ол басқарған Көкжарлы қолын жалған батырларына басқартқызып қойыпты. Олар айтқан кезеңде Көкжал Барақ Көкжарлы қолын бастап, Шар өзенінің тұсында  Балхаш көлінің маңындағы қоршауды бұзып шығып белгісіз жаққа кетіп қалды деген қалмақтардың бір тобын күтіп алып қойша қырған еді. «Қазақ батырлары» атты топтаманың авторлары осы шайқаста Көкжал Барақтың қалмаққа деген өшпенділігінің айқын байқалғанын айтады. Қайдағы Қаратай? Мына биліктің тұсында ертең біреулердің Қабанбайды да итеріп тастаулары ғажап емес. Шаңды жорық басталған 1771-ші жылдың қаңтардан шілдесіне дейінгі уақытта Көкжал Барақ тірі болған. Бабамыз сол жылғы күзде, Шаңды жорықтан кейін қаза болған еді. Бұлар болса, жалған батырларын Шаңды жорықтың қызу шайқасы үстінде өлтіріпті. Қаратайдың арқасына садақтың оғы қадалғанда Абылай хан қалмақтарға арыстанша атылыпты, ойхой, дегенің-ай!  Сауытқа жарымаған бұл не қылған батыр?  Осы эпизодты Абылай хан эпопеясына не бетімізбен кіргізбекпіз, ағайын?!

Қаратайлық шолақ белсенділерге айтарым: анау Тайатқан-Шұнақтағы біреудің мазарына іліп кеткен құлпытастарыңызды алып тастағандарыңыз жөн болады. Ерлан Арынның бабасы Майлы батырдың мазары дегеннің де иесі табылып жатыр. Ерлан Арын әкім болып жүргенінде үндей алмаған байжігіттердің төлебайлары енді газет-журнал беттерінде дауласып жатыр. Кіші жүз Байұлының жігіттері де қарап отырған жоқ. Олар бабаларының мазарын таба алмай жүр. Әлихан Бөкейханның айтқаны дәлел емес. Кезінде Алаш үкіметі Қазақстандағы барлық мазарларды тізімге алғанда Әлиханымыз Қаратай дегеннің мазарын естіп-біліп, Әбдікерімнің алдында білгішсініп: «Бабаңның қайда жатқанын білесің бе?» деген еді. Естеріңізде болса, Әбдікерім  үндемеген, өйткені, ол текті адам, шежірені жақсы білген, ақылы зор тұлға болған.  Ал енді, «мен білемін» дей салған Мұса би, сол баяғы,  шоңмұрыннан еді. Олар осы әңгімеден кейін бұл хабарды талқылаған. Егер де бұл мазар расында да Кенжебайдікі болса, онда, олар сол кезде біздерге айтып кетер еді ғой. Олар үндемегенде сіздерге не жоқ? Кеңес дәуірінде осы мазардың басына барып қайтқан Оралхан Бөкей неге үндемеген? Қаратай шежіресін алғаш хатқа түсірген Мұса би, Мұса биден алынған шежірені зерттеп ғылыми еңбек жазған Әлкей Марғұлан, тоғыз таңбалы найманды таратып кеткен қаратайлық Бошай аталар Қаратай батырды неге білмеген?

Қытайдағы төрелер Әлихан Бөкейханның: «Мен өзімнің жетпіс жеті атамды білемін!» дегенін айтады. Ол кісі қалайша өзінің жетпіс жетінші атасын білер еді, егер де оның жиырма сегізінші атасы киіз үйдің шаңырағынан түскен сары ит болса? Ит көк Тәңірінікі болса?  Ал егер де ол кісі өзін Қияннан таратқан болса, онда оның шежірешілдігіне жол болсын!  Бөржігіндердің қияттарға кірме болғандары айдан анық. Рашид-ад-дин бөржігіндерді қияттағы «басқа сала» десе, маңғолдың генетик ғалымы Батбаярын Херлен қият пен бөржігіндердің генотиптерінің екі бөлек екендерін айтады. Демек, Әлихан Бөкейханның өзінің жетпіс жеті атасын білді дегені оның шежіреден хабары жоқ екенін айтып тұр. Сондықтан біздер, найманның шежіресін қойып, өзінің шежіресін анық білмеген Әлихан Бөкейханның айтқанынан бұл мазардың Каратай деген біреудікі екенін ғана тұжырымдай  аламыз.  Бұл мазар Байұлындағы Қаратай батырдың мазары деген сөз. Сарыжомарттың шөбересі Кенжебай шамамен 1450-1520-шы жылдары өмір сүрген соң, оның сүйегінің қайда қалғанын бір Аллаһ қана біледі.   Бұлардың жалған батырды саусақтарынан сорып шығарғандары Қазақстан Республикасының құрметті журналисі Әділбек Құмарғажиннің «Мой Великий предок Каратай баба» деген мақаласынан да білініп тұр.  Бұл мақаласында Әділбек арғын Олжабай батырдың нағашы атасы үйсін Қаратай батырды меншіктеп алыпты. Біздің бабамыз Қаратай арғын Олжабай батырды тәрбиелеп өсірген дегенді айтқан екен, атсғапыраллаһ!  Кіші жүздегі хан Қаратайды меншіктеп алмағандарына шүкір.

«Ер Жәнібек» қорының төрағасы Серік Самарқанұлы бәрімізге белгілі, Бошай ата да жазғандарында орнын көрсетіп кеткен керей Жәнібек батырдың мазарына үкіметтің заңды қағазсыз жолатпай отырғанына бұлқан-талқан. «Анау жалған батырға рұқсат қағаз сұрамаған үкімет, қазақтың хас батырларының бірі болған, Абылай ханды ажалдан құтқарып жіберген бабама неге қағаз сұрайды?» дейді.  Секеңнің қолынан келмейтіні жоқ. Өткен жылдың қараша айында аян алып, көктемде Қазақстанға топан судың қаптайтынын айтып, бас муфтиге хат жөнелткен еді. Бас муфтиіміз Аллаһтан тілеу жасатуға рұқсатын берген соң, облыс имамы облысымыздағы күллі өкіл имамдарды жинап, кезек-кезек құран оқытқызып тілеу жасатты. Құдайға шүкір, көктеміміз тыныш болды.  Басқа жақтарда не болғаны белгілі. Құдай оның бетін ары қылсын. Бірде: «Мұхтар Шаханов ағамыз ауыруханаға түсіп қалыпты» деген аян алып ол кісіге телефон шалса, расында да ауыруханада жатыр екен. Бұл мақала да, қазақ батырлары десе жеген асын жерге қоятын осы Серіктің тапсырысы еді. Біздер, қасық ханы қалғанша қазақтың жерін қорғаған хас батырлардың ұрпақтары, бабаларымыздың қатарынан жалған батырларды аулақ етеміз дейді. Қазақстандағы барлық батырлардың атындағы қорларға хат жөнелтіп жатыр. Қолтығына кіші жүздегі Қаратай батырға арналып жазылған кітәпті қысып алған. Жалған батырдың ескерткішінің мемлекеттік тізімге алынбағанын да біліп алған екен.  Құдай сақтап олардың ескерткіштеріне мемлекет қаржы бөлмеген екен. Олай болғанда, мына Серіктің қарқынымен олар қазір анау  дулаттағы  Қаратайдың руласы Қайрат Қожамжаровтың алдында отырар еді.

Аты қаратайлықтардың да ұранына айналған Көкжал Барақ бабамызға келетін болсақ, Тарбағатай ауданының құрметті азаматы, мұрындағы Омар болыстың немересі Егізбай Қарпық өзінің жазған «Тағлым» атты кітәбінде Қабанбай батыр жоңғардан бос қалған Алтайға қаратайларды ертіп әкеліп қондырып кеткенде қасында найманның екі батыры болғанын айтады. Олардың бірі Көкжал Барақ, екіншісі садырлық Майлы батыр еді.  «Алаш» тарихи-зерттеу орталығының жазған «Найман» атты кітәбінде Көкжал Барақтың Алтайдағы ұрынқайларды шапқаны жөнінде тарихи деректердің негізінде айтылады. («Найман». 2 том. 126-бет).  Соның үшін Қытай патшасы Абылай ханнан Барақтың басын сұратқан екен.  Иманғазының айтқанында қытайлар Абылай ханнан Барақтың басын үш мәрте сұратқан екен. Бостан мен Дос деген ұлдарымен бірге сұратыпты. Біздің Дәуке атамыз осы Бостанның ұрқынан еді.  Менің мақалама бір комментші: «Қаратай батыр бізде болған, атам айтқан, Алтайдан жоңғарды қуған» деп жалған жазыпты. Қане қуғаны? Менің атамның айтқанында Бостан бабам суыр аулаймын деп басын суырдың ініне тығып алып қазып жатқан ұрынқайдың бір атақты батырын өлтіріп, басын кесіп алып суырдың ініне тастап: «Суырда басың қалғыр!» деген екен. Осыдан кейін Барақ бабам, әлгі батырдың кегін қуып келген ұрынқайлардың тас-талқанын шығарады. Бұл ұрынқайлықтар, қаратайлықтарды бопсалап, салық жинап жүрген дейді.  Кейін, керей Жәнібек батыр бұларды Маңғолия жаққа қуып тыққан соң,  қаратайлықтардың ұйқысы тынышталыпты. Бошай ата өзінің жазған шежіре-кітәбінде бұл ұрынқайлықтарды білместіктен маңғол деген екен.

Қаратайлықтарды қорғаймын деп, Қытай императорының нысанасына ілінген Көкжал Барақты итеріп тастағандары үшін алдымен олардың  алдынан өтпейтіндей мен бұлар сияқты көргенсіз емеспін. Кезінде «Мұзтау» қорына хат жөнелткенімде адамша айтып, ескерткіштің астындағы жазуда өмір сүрді деген жылдарын өзгертіп, тым болмағанда «Қара атай баба» деп жазып қоюларын ескерткен едім.  Өйткені, бұл ескерткіш жөнінде әңгіме шықпай тұрған кезде, анау Тайтқан-Шұнақтағы Қаратай дегеннің мазарын бұлардың басып алғаны туралы  Оралдағылардан  естіген едім. Бір ғалым Кіші жүзде Қаратай деген батырдың болғанын Орынбор мұрағатынан кездестірген еді.  Олар ізденбесе мен бұл Тайатқан-Шұнақтағы оқиғаны естімес те едім. Жалған батырды насихаттаушылар менің хатыма  жауап берудің орнына  Мұхамед Тоқтағанов деген біреуді  маған айдап салады.   Яғни, Серік Самарқанұлы айтқандай, өздері соқтығады.  Мұхамед Тоқағановқа айтарым: «Қазақтардың құпия тарихы» атты кітәптың авторы, орыстың батыры Илья Муромецтің қазақ болғанын айтып, оның атын қазақшалап Ұлы Мұрын деген екен. Яғни, Шоңмұрын дегені. Сондықтан, анау ескерткіштің астына енді «Шоңмұрын Илья Муромец» деп жазып қойыңдар. Әйтпесе, анау Байұлының жігіттері ескерткішті ғаламтордан көріп ұнатып қалыпты.  Төрелердің шежірешісі Арман Қият төренің  айтқанында, кезінде осы Байұлындағы Қаратай батырдың  ұрпақтары «қаратайлап» келіп бір тайпа елді шауып кеткен екен.  Ертең солар «қаратайлап» келіп ескеркішті алып кетер...

Қайрат Зарыпхан, шежіретанушы

Abai.kz

 

 

 

48 пікір