Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Ақмылтық 10333 38 пікір 10 Қараша, 2017 сағат 11:12

Талғаттар түрмеде отырғанда, Ермектер есіріп жүр...

Ермек Тайшыбеков дейтін бір есерсоқ бар еді. "Қазақ мемлекетінің тәуелсіздігі бос сөз", "Қазақстан Ресейдің бір губерниясы болу керек" деген Тайшыбеков түрмеге қамалған.

Шовинистік пиғылы мен мемлекеттің тұтастығын бұзуға бағыттаған үгіт-насихаты үшін құзырлы орган оны қамауға ұзақ уақыт құлық танытпай жүріп, ақыры қазақ қоғамы өре-түрегелгенде ғана нақты қимылға көшкен. Сөйтіп, Тайшыбековты төрт жылға бас бостандығынан айырған-ды.

Міне, Ермектің сол төрт жылы аяқталмай жатып, шартты түрде мерзімінен бұрын босатылыпты.

Күн тәртібіндегі нөпір трендтің тасасында қалған тағы бір тақырып осы - Ермектің еркіндікке шығуы. Біз сол жайында сөз қозғаймыз бүгін.

Әуелі, Ермек - ресейшіл адам. Оны өзі де ашық айтып, "Қазақстанды Ресейге қосу керек" деп ұрандап, прокремльдік пропаганданың патронына айналған Тайшыбековке тыйым болмауы - Қазақстан сотының солақай тұсының тағы бір көрінісі деп түйдік.

Жә, 2015 жылдың желтоқсанында Жамбыл облысы Қордай аудандық соты әлеуметтік желідегі жазбалары арқылы «ұлтаралық араздық тудырды» деп айыпталған  Ермек Тайшыбековті 4 жылға соттап, жазасын жалпы тәртіптегі түрмеде өтеуге үкім еткен еді.

Бір қызығы, 2 жыл бұрынғы сотта соңғы сөзін сөйлеген Ермек, «Қазақстан мен Ресей біріксе» қисынды болатынын айтқан және Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаев осы «бірлескен мемлекеттің» президенті, ал Ресей президенті Владимир Путин – арнайы қызмет басшысы болғаны жөн» деген еді.

Ол ол ма, «Қазақстанды ұлы ел деп санамайтынын, бірақ президент Нұрсұлтан Назарбаевты ұлы адам деп танитынын» мәлімдеген. Бұл да Ермектің екі жыл бұрынғы сөзі.

Шамамен 2 жыл отырып, риясыз рақымшылық жасалып, бостандық алған Ермектің идеологиясы екі жылда қаншалықты өзгерді?

Ауру қалса да әдет қалмайдының кері дейміз бе, әйтеуір екі жылда есін жимаған Ермек басына бостандық ала сала "EurAsia Daily" агенттігінің Орталық Азия қызметіне сұқбат беріпті.

"Мен - орыс империалисімін және мен Орыс әлемі үшін туғанмын" дегенді айтқан Ермек түрмеде бар болғаны 25 ай ғана отырған.

"Өз ойыңызды өзгерттіңіз бе?" деген сұраққа Ермек: "Жоқ, өзгерткем жоқ. Өз ұстанымым бойынша мен - атеистпін, материалистпін, ультратехнократпын, орыс империалисімін, пронеміс-произраилдік бағытты ұстанатын руссоцентристпін. Мен "Мәскеу-Берлин-Иерусалим" геосаяси белдеуінің құрылғанын қалаймын. Монро доктринасын қолдаушымын", - деп жауап беріпті. Сөзін еөзгерткен жоқпыз. Қаз қалпында қазақ тіліне қотардық.

Тайшыбековтың Орыс әлемі идеологиясын Тәуелсіз Қазақстан территориясында насихаттауы әм сол позицияда табандап тұрып алуы қаншалықты тиімді? Есі дұрыс адамға Ермектің ежіктеп жүргені неге керек?

"2012-2014 жылдар аралығында мен Қазақстанды аралап, жүзден астам кездесу өткіздім. Әр түрлі жастағы, әр түрлі мамандық иелерімен сұхбаттастым. Мен жүргізген сауалнамаға қатысқандардың басым бөлігі Қазақстанның Ресейге қосылуын, орыс тіліне Мемлекеттік тіл статусының берілуін қолдайтын.

2014 жылы мен "YouTube" желісіне 200-дей бейне жазба жарияладым. Онда  орыс тілін білмейтін, еліміздің түрлі өңірлерінде тұратын 500-ден астам қазақ осы идеологияны қолдады. Бұл жазбаларды ұзын-ырғасы 10 миллиондай адам қарады. Ал 2016 жылдың қазан айында менің  "YouTube" желісіндегі каналымды бұзып кіріп, өшіріп тастады. Бұның барлығы енді артта қалды.

2017 жылдағы Қазақстан тұп-тура 1984 жылғы Жоржа Оруэлланың кітабында жазылғандай.  Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың саяси карьерасы аяқталар тұста ол үшін ең қауіпті адам - ол өз еркімен ойлай алатын адамдар. Сондықтан, мен 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап жария түрде агетация жасауды, мақала жазуды, коммент жазуды қойдым. Бірақ, менің ойымды шектеуге ешкімнің құқы жоқ", - депті Ермек.

Тақырыпқа тұздық ретінде бірнеше фактіні назарларыңызға ұсынғанды жөн көрдім.

- Ермек Тайшыбеков "Қазақстан Ресей құрамына қосылсын", "Мен Орыс әлемін қолдаймын" деді. 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасына ілікті. 2 жыл 1 ай отырды. Рақымшылық жасалды.

Макс Боқаев, Жер дауы кезінде өзінің азаматтық позициясын ашық көрсетті, Үкіметтің жерді сату туралы бастамасына қарсы шықты. 5 жылға түрмеге кесілді. Рақымшылық жасалған жоқ.

- Талғат Аян, жер дауы кезінде Үкіметтің бастамасына ашық қарсы шықты. 5 жылға қамалды. Рақымшылық жасалған жоқ.

- Сейтқазы Матаев, саяси мотив. "Мен ешкімнің алдында тізерлемеймін" деді. 6 жыл түрмеге жабылды. Рақымшылық жасалған жоқ.

- Әсет Матаев, әкесімен бірге сотталды. 5 жыл. Рақымшылық жасалған жоқ.

- Ботагөз Исаева, Тайшыбековтің үстінен арыз жазды. Ісін сотқа дейін жеткізді. Қуадалауға ұшырап, елден кетті.

Жоғарыдағы аталған азаматтардың әр қайсысы Тәуелсіз Қазақстанның Мемлекеттік тұтастығы үшін, территорияның әм жердің бүтіндігі үшін жұмыс жасады. Шовнистік пиғылдағы арандатушылық қадамдарға барған жоқ.

Айыптары дәлелденген болып, темір торға тоғытылды. Әрқайсысы кемі 5 жылдан алды. Былтырғы жылғы жаппай рақымшылықтың рауанында бұл азаматтардың есімдері ескерусіз қалды. Мемлекеттің рақымшылығына ілінген жоқ.

Ал орыстың қолаңса сасыған қолтығының астына қайта кіруді армандайтын, орыс шовинизмімен ұшықталған Ермектің 4 жылдық жаза мерзімі аяқталмай жатып, рақымшылыққа ілінуі қалай? Бұл қаншалықты әділетті?

Ел мен жердің тұтастығын қолдағандар түрмеде, ал Мемлекеттік территорияның бұзылуына ашық қарсы шығып, азаматтық үн қатқан азаматтарға Мемлекет рақымшылық жасай ма? Парадокс.

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

38 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2052