Бейсенбі, 19 Желтоқсан 2024
Билік 7380 10 пікір 11 Желтоқсан, 2017 сағат 15:21

Тұңғыш қазақ тілінде қабылданған заңға 20 жыл

Қазақ парламентаризмі тарихында тұңғыш рет қазақша дайындалған құжат ретінде белгілі жалғыз ғана заң бар. Ол – 1997 жылдың  13 желтоқсанында қабылданған  ұлтжанды азамат, депутат Әкім Ысқақтың «Халықтың көші-қоны туралы» заң жобасы.  Әлемнің әр түкпірінде тарыдай шашырап жүрген талай қазақтың ата қонысына оралуына үлкен мүмкіндік ашып берген айрықша құжатқа биыл 20 жыл.

Аталмыш заңның қабылдануының қысқаша тарихы мынадай еді:

1997 жылы еліміздегі көші-қон саясатын дамыту үшін 23 қаңтар күні Үкімет дайындаған «Көші-қон туралы» заңның жобасы Парламентке келіп түседі. Сол кездегі Мәжіліс депутаты Әкім Ысқақ сол заң жобасына жетекші болып тағайындалады. Жобамен жете танысқан халық қалаулысы онда көптеген шикіліктердің барлығын  байқайды. Мысалы, онда Қазақстанға көшіп келген адамдарға мемлекеттік бюджеттен қаржы бөлу мәселесі қарастырылмаған. Керісінше Қазақстаннан сыртқа қоныс аударатындарға, яғни өз атажұртына көшетіндерге арнайы республикалық бюджеттен қаржылық көмек көрсету туралы бап енгізілген. Жобада бұдан да басқа шикіліктер көп болды. Ал  Үкімет әзірлеген заң жобасының бір-екі бабын өзгертуге болады, бірақ тұтастай ауыстыру мүмкін емес еді. Сондықтан депутат Әкім Ысқақ ойлана келе жұмысшы тобының жетекшілігінен бас тартып, бұл құжатқа депутаттық өкілеттілігін пайдаланып, қазақ тілінде балама заң жобасын ұсынады. Жанына атамекенге оралған қандастарды жинап, олардың қатарындағы  Қайрат Бодауханұы мен Алмас Ахметбекті жұмысшы тобының мүшесі етеді.

1996 жылдың қазан айында Еңбек министрлігі мен Әлеуметтік қамсыздандыру министрліктері қосылып, жаңадан Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі құрылған-ды. Оның басшысына бұрынғы Қаржы министрінің орынбасары Н.Коржова ханым тағайындалады. Келген бетте жаңадан дайындалып жатқан Көші-қоны» туралы заңының жобасымен танысқан ол құжаттағы «Көші-қон қорын құру» туралы бапты сызып тастап, онымен қоса жұмысы енді реттеліп келе жатқан Көші-қон департаментін жойып, қатардағы басқармалардың біріне айналдырады. Тиісті қаржылар бөлінбей, ұлттық көші-қон саясаты қатты тоқырауға ұшырайды.

Қазақ тіліндегі заң жобасында  Елбасы саясатын қолдайтын, көші-қон мәселесін құқықтық реттейтін, оның кері ықпалын шектейтін, адам құқығының  жалпыға ортақ мүдделеріне кепілдік жасайтын баптар қарастырылды. Әйтсе де балама заң жобасына  кедергілер аз болмады.  «Орыс тіліндегі аудармасы болмаса түсінбейміз, қазақ тіліндегі жобаны талқылау мүмкін емес» деген сыңаржақ пікірлер де кездесті. Ол кезде заң жобасын қазақ тілінен орыс тіліне сауатты аударатын маман тапшы еді. Депутат бұл мәселені де шешеді. Заң жобасын бірнеше ғылыми-зерттеу институттары тиісті сараптамадан өткізіп, оң бағасын беріп, қорытынды жасайды. Содан талқылау басталып, Мәжіліс балама заң жобасын қарау жөнінде шешім шығарады.

Құжат 1997 жылдың 2 сәуір күні Президенттің жанындағы мемлекеттік саясат жөніндегі Ұлттық кеңесте қаралды. Кеңеске  Мемлекеттік хатшы Әбіш Кекілбай жетекшілік етті. Министр Н. Коржова  да, депуттат та өз дәлелдемелерін алға тартты. Өте қызу талқылау өтті. Кеңес мүшелерінің барлығы дерлік, мәселен, Ә.Кекілбай, С.Зиманов, М.Қозыбаев, Ж.Әділдин, Е.Сағадиев, Г. Бельгер, А.Гаркавец, Н.Мамыров, Н.Оразалин сынды тұлғалар  балама жобаның басымдығына мән берді. Әсіресе, жоғарыдағы Кеңес мүшесі  заңгер-академик Салық  Зиманов 7 сәуір күні Мәжіліс төрағасына өз атынан ресми хат жолдап, онда балама жобаның артықшылығына тоқталып: «Үкімет ұсынған заң шикі әрі құқықтық  мәртебесі өте төмен,  заман талабына сай емес» деп атап көрсетті. Осы кезде Ә.Ысқақ  қазақ тіліндегі балама жобаны  «Егемен Қазақстан» және «Қазақ елі» газеттері арқылы бүкілхалықтық талқылауға да ұсынып, елден қолдау тапты. Бұл  бүкіл зиялы қауымның баcын қосып, біріктірген заң жобасы болды. Депутаттар, жазушылар, ғалымдар, шеттен келген қандастар түгелге жуық атсалысты. Парламентке, депутаттың атына он мыңдай хат түсті.

1997 жылы 14 мамырда екі заң жобасы талқылауға түскенде, депутат

Ә. Ысқақ қазақ тіліндегі өз баламасын лайықты қорғап шықты.  Шетелде жүрген бес миллиондай қандастар туралы қағазға қарамай тебірене сөйлегенде, тыңдап отырған  біраз депутат көздеріне жас та алған екен.   Осылайша тұңғыш қазақ тілінде дайындалған балама заң жобасы қабылданды. Парламент қабырғасында 11 ай қаралып, 42 отырыста қайраткерлікпен қорғалған құжатқа ел астанасы Ақмолаға көшкенде яғни 1997 жылдың 13 желтоқсанында Елбасы  қол қойды. Бұл Мемлекет басшысының елорда төріндегі  алғашқы қол қойған заңы болатын. Осы заңның негізінде елімізде Көші-қон және демография жөніндегі агенттік, облыстарда көші-қон басқармалары құрылды. Алыс және жақын шетелдерден елімізге 1 миллионнан аса қандастарымыз оралды. Сонымен қатар «Халықтың көші-қоны туралы» заң Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы бүкілхалықтық талқылауға ұсынылған және ең ұзақ талқыланған заң жобасы ретінде де белгілі. Сондықтан 13 желтоқсан – тәуелсіздігіміздің де, Астана қаласының да тарихына алтын әріппен жазылған күннің бірі.

Абай Сейфуллаұлы

Abai.kz

10 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1887