Жексенбі, 22 Желтоқсан 2024
Көкжиек 9069 4 пікір 25 Қаңтар, 2018 сағат 12:36

АҚШ-қа бірінші барған қазақ – Абай

 

(АҚШ-қа сапар күнделігінен. Жалғасы. Басы мына сілтемеде: http://abai.kz/post/65074 )

 

...Сөйтіп, алып лайнерге аяқ арттық. Біз мінген Boeing 737 ұшағы Еуропаны көктей өтіп, Атлант мұхитынан асып барып, Нью-Йорк әуежайына қонады. Әлемдік аренадағы көшбасшы әуекомпаниялардың бірінен саналатын - «Turkish Аirlines» компаниясы бізге Алматы аэропортынан бері қызмет етіп келеді. Ұшақ командирі Ньюге дейін 11 сағат 30 минут ұшатынымызды хабарлаған. 16 қаңтар. Нью-Йоркке жеткенімізше, күнтізбе парағы сол 16 қаңтарда «қатып» қала бермек. Ал, бұл кезде қазақтың ұлы даласындағы жұрт 17 қаңтардың таңын қарсы алып жатады. «Ұйқы – дұшпан» дейді қазақ. Бұндай алыс жолда адамға ұйқы – дос. Жарты тәулікке жуық уақыттың шегінде жапалаққа ұқсап жарбиып отыра алмайсың, көзіңді ұйқы қамалап, қалғып та кетесің... Қалғып кетіппін, кенет, әуе кемесі қатты бір толқығанда жандәрмен ұшып ояндым. Астапыралла! Монитордан маршрут бойынша, Атлант мұхитын бауырымызға алып ұшып бара жатқанымызды көрдім. Бұндайда пендені қайдағы-жайдағы үрейлі ойлар иектейді емес пе: мен ғана емес, сапарластарымның дені үрпиісе қалыппыз. Ойыма Әбіш Кекілбаевтың «Шыңырауы» оралды. Құдықшы Еңсеп... Еңсекең шыңыраудың терең қойнауындағы ағысты аяғымен сезеді ғой, дәл сол Еңсеп секілді (артық айтты демеңіздер) мен де Атлант мұхитының ақжал толқындар төңкерген күркірін тұла бойыммен тұтас сезінгендей болдым. Атлант мұхиты... Ол туралы Википедияда мынандай деректер келтіріліпті. Біле жүрген артық етпейді, қараңыз:

«Атлант мұхиты — Жер шарындағы аумағы жөнінен Тынық мұхиттан кейінгі екінші мұхит. Оны ежелгі гректер Африканың солтүстік-батысындағы Атлас (Атлант) тауына байланысты атаған. Шығысында Еуропа мен Африканың, батысында Солтүстік және Оңтүстік Американың, оңтүстігінде Антарктиданың аралығында орналасқан. Солтүстігінде Дейвис, Дат бұғаздарымен және Солтүстік Мұзды мұхитпен, оңтүстік-шығысында Африка мен Антарктида аралығында Үнді мұхитымен, оңтүстік-батысында Дрейк бұғазы арқылы Тынық мұхитпен жалғасады. Мұхит солтүстіктен оңтүстікке қарай 15 мың км шамасында екі жарты шарға созыла орналасқан. Ені басқа бөліктеріне қарағанда экватор маңында 2830 км-ге дейін тарылады. Мұхиттың теңіздермен қоса есептегендегі жалпы аумағы 91.6 млн. км2, орташа тереңдігі 3597 м, суының көлемі 329.7 млн. км3.» 

Е-е, бұл мұхитты кімдер кешіп өтпеді?.. Кешегі даңықты саяхтшылар, теңізшілер: финикиялықтар, карвагендіктер, Б.Диаш, Васко-да-Гама, Христофор Колумб, Дж.Кабот, Фернан Магеллан, Дж. Дейвис, Г. Гудзон, Баффин, Г. Эллис, Дж. Кук, О. Соссюр, И.Ф. Крузенштерн, Э. Ленц, т.б. Олардың бірі  мұхиттың шекарасын, мөлшерін, құрлықпен ара қатынасын анықтаумен айналысты. Енді бірі мұхит суының температурасын, ағыстары мен тереңдіктерін анықтады. Қызыл терілі үндістер мекен етіп жатқан жерлерді ашты. Осылайша сапырылысып кеткен мұхит бетімен адамзаттық ақыл ойды баянды белге көтерген, «Адамзаттың бәрін сүй бауырым» деп үн қатқан Абай да «жүріп өткен». Иә, біздің дәл осылай деуге қақымыз бар. Өйткені АҚШ-қа хакімнің өзі бармаса да сөзі барды, есім-сойы жетті. Абайдың атын Америкаға алып барған ақжолтай азамат – журналист-жазушы, саяхатшы Джордж Кеннан. Мистер Дж. Кеннан он тоғызыншы ғасырдың соңында орыстың мүлгіген ормандарын аралап, Сібір өлкесіне сапар шегеді. О заманда қазақ даласы, соның ішінде Семей, Өскемен тегіс Сібір өлкесі деп танылған. «Сүрініп-қабынып» Сібірге жеткен Кеннан Семей кітапханасында болып (орыс билігінің қатаң бақылауы мен қырағы сүзгісінен өтіп тұрса да, философиялық, саяси кітаптарға бай болған ХІХ ғасырдағы Семей кітапханасы туралы әңгіме бөлек, оның жайын осы порталда жазушы-ғалым Тұрсын Жұртбай жазған еді), Санкт-Петербург университеттерінде оқыған, саяси айдауда жүрген жас ғалым А.А.Леонтьевпен кездеседі. Леонтьев сонда америкалық саяхатшы-журналист Кеннанға Абай туралы былай дейді: «Я знаю одного образованного старика-киргиза, которого зовут Ибрагим Кононбай, так он не только ходит в библиотеку, но и читает таких авторов, как Бокль, Милль, Дрейпер. ...Когда я впервые увидел его он поразил меня тем, что спросил разницу между индукцией и дедукцией. Потом я узнал, что он и вправду изучал английскую философию и прочитал в русском переводе всех названных мною авторов», – «Мен Ибрагим Құнанбай деген білімдар қартты білемін. Ол кітапханаға бас сұғып қана қоймайды, Бокль, Милль, Дрейпер сияқты авторларды оқиды. Бірде ол менен индукция мен дедукцияның айырмашылығын сұрап, таң-тамаша етті. Кейін мен оның расында, ағылшын философиясымен таныстығын, жоғарыда аттары аталған авторлардың шығармаларын орыс тіліндегі аудармасы арқылы оқығандығын білдім». (Кеннан Дж. Сибирь и ссылка. С-Пб, 1999, 1-том, 198-бет).

Джордж Кеннан Сібірді кезіп, Сібірге жер аударылғандар жөніндегі очеркін  1887-89 жылдары Нью-Йорктың сол уақыттағы ең беделді журналының бірі «Сэнчури мэгэзинге» жариялайды. Оның бұл жазбаларын мұхиттың қос жағалауындағы Марк Твен, Лев Толстой бастаған әдебиет алыптары қуана қостап, үлкен баға берген көрінеді. Бұл жазбалар 1891 жылы «Сібір және сүргін» деген атпен бір мезгілде Нью-Йорк пен Лондон қалаларында басылып шығады.

Тұрсын Жұртбай, Мұхтар Құл-Мұхаммед ағаларымының Абай Хакімге қатысты соны ізденістерінен туған жоғарыдағы естеліктер жадымда жаңғырып, ішімнен мейірлене күлдім: әй, қара шал-ай, Нью-Йоркке сен бізден бұрын барып үлгеріпсің ғой!

Әйткенменде, осы бағыттағы ізденісті жетілдіре түсу қажет сияқты. Ол ізденістің ізгісі -  «Сэнчури мэгэзиннің» 1887 жылдардағы тігіндісін тауып, жазбаны түпнұсқадан оқу болса керек. Бірақ, бірер күндік сапарамызда бұл мәселемен шұғылдануға уақытымыздың да, мүмкіндігіміздің де шектеулі екендігін ескеріп, қынжылдық. Алайда, талап-тілегімізді АҚШ-та оқып жүрген қазақ жастарына, қала берді елшіліктегі азаматтарға табыс еткенді жөн көрдік.

(Жалғасы бар)

Дәурен Қуат

Abai.kz

4 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1963