Дүйсенбі, 23 Желтоқсан 2024
Деп жатыр 8000 55 пікір 12 Ақпан, 2018 сағат 12:06

Астананың атын «Алаш Орда» деп өзгерту керек

«Қазақты автономия қылсақ, Қараөткел – Алаштың ортасы, сонда университет салып, қазақтың ұл-қызын оқытсақ, «Қозы Көрпеш – Баянды» шығарған, Шоқан, Абай, Ахмет, Міржақыпты тапқан қазақтың кім екенін Еуропа сонда білер еді-ау» деген екен Ә.Бөкейхан. Қараөткел деп Есіл жағалауында қазіргі Астана өңірін атаған. Сауда-саттықтан бөлек, небір дүлдүл сал-серілердің өнер көрсеткен әйгілі Қараөткел жәрмеңкесі де осында орын тепкен. Әлекең Қараөткел өңірі болашақта астана болса деген арманы бүгінде жүзеге асып отыр.

Алаш арыстарының ойға алған мақсаты орындалған жағдайда «Алаш» автономиясының (мемлекетінің) астанасы ретінде Қараөткел өңірі сол уақытта-ақ қазақтың ел ордасына айналар ма еді деген ой туады.

Астананы «Алаш Орда» деп атауға негіз болар бірнеше себеп бар. Алаш – қазақтың бір атауы.

Екіншіден, қазаққа ғана емес, туыстас түрік халықтарына, оның ішінде тілдік туыстығы жағынан қыпшақ тобындағы елге ортақ атау. Қазақ, қырғыз, қарақалпақ, ноғай, башқұрт, татар тәрізді туыстас елерді «Алты Алаш» деп атаған ғой. «Алаш» деп ұран салғанда бәрі де ортақ ұранға арқалары қозып, қалай біріккендерін білмей қалады деп жазады бұл туралы Алаш арыстары. Астананы «Алаш Орда» деп қойсақ, шын мәнінде түрік халықтарының орталығына айналамыз.

Үшіншіден, шет тілдерде жазылуы, айтылуы, құлақтарына қабылдануы да оңай.

Төртіншіден, тарихи негізі бар атау. Бұл жайында Аманқос Мектептегі былай дейді: «Астана» деген сөз парсының "табалдырық" деген кірме сөзі ғой. Әзербайжандар табалдырықты «астана» дейді. Жалпы, төрүк тілінде «орда» сөзі орысша «столица» ұғымын білдіреді. Мәселен, Ақорда, Көкорда, Алтынорда, Алашорда, Қызылорда, Бөкейордасы, тағысын тағы. Төрүк тілдерінде "орда" сөзіне мәндес баш[с]қала, б[п]айтақ, башкент нұсқалары бар. Бұрынрақта мен бұл туралы жазған едім. Қазақта табалдырықты басуға, отыруға болмайды деп тиымдайды. Біз ата-бабаның тиымына қарсы табалдырықты басып, табалдырықта отырмыз».

Бесіншіден, бұл атау Алаш арыстарының арманымен астасып жатыр.

Сонымен, Алаш арыстары не себептен «Алаш» сөзін автнонмия (болашақ мемлекет) атауы ретінде бекітті?

Алаш ұраны мен Алаша хан есімдерін бөрі төтемімен байланыстыршуы ғалымдарымыздың бар екенін айтқан жөн. Әрине, көне түріктердің түп бабасы Ашина туралы аңыз бен Алаша хан жайындағы аңыздар арасындағы үндестікті аңғармай қалу мүмкін емес. Жошы хан мен Алаша хан кесенелері Ұлытауда бой көтерген. Қазақтың «Алтын Орданың» мұрагері екендігін бұл да бір әйгілеп тұрған нақты дерек емес пе? «Алаш» – қырғыз, қарақалпақ, ноғай, өзбек сынды көшпелі туыс халықтарға да ортақ ұран. Алаш қайраткерлерінің «Алаш» атауын қайта тірілтуінің астарында үлкен идеологиялық саясат жатқанын бағамдау қиын емес. Ол Алаш туы астына «Алтын Орда» құрамында болған Дешті-Қыпшақ даласындағы туыстас түрік халықтарын біріктіріп, тарихи әділеттілікті орнату. Көрнекті алаштанушы ғалым С.Аққұлының жазуынша, «Алаш Орда» атауының Шыңғыс хан құрған Алтын Орда империясымен үндес болуы кездейсоқтық емес. «Алаш республикасының жоғары атқарушы билігінің атауына оның құрылтайшылары өздерінің түпкі мақсатын, «Алаш мемлекеті» не «империясы» деген ұғым, мазмұн берді: «Алаш» – біріккен түркі халықтарының атауы, «Орда» – «Мемлекет» (не «Империя»)» тап басып жазады ол. XIX ғасырдағы көш бастаған ірі қайраткерлеріміз автономия атауын «Қазақ» деп атамай, «Алаш» деп кең ауқымда алуының сыры осында еді. Біздіңше, түрік халықтарының барлығын емес, Қыпшақ даласындағы туыс халықтарды біріктіру идеясы өте маңызды еді. Қарақалпақ, қарашай, қырғыз, башқұрт, ноғай, татар халықтары түрік тілін тазарақ сақтаған әрі қазаққа өзге түрік тілдестермен салыстырғанда өте жақын ұлттар. Репрессия мен ашаршылыққа дейін Орталық Азияда ең іргелі, қалың отырған ел қазақтар болған себепті, аз санды туыстас ұлттарды қазаққа қарату, оларды бір шаңырақ астына ұйыту бір кездегі ортақ ұран болған Алаш атауымен ғана мүмкін еді. «Алаш» деп ұран тасталғанда қазақ қана емес, қыпшақ тілі тобына жататын туыстардың кез келгені арқаланып, бірігіп жауға тура ұмтылатыны тарихи деректерде таңбаланған.

Арман Әубәкір, Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының PhD докторанты

Abai.kz

 

55 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1980