Бейсенбі, 2 Шілде 2026
Әдебиет 133 0 пікір 2 Шілде, 2026 сағат 12:11

«Қазақтың мифтік аңыздары» не айтады?

Сурет: автордың жеке архивінен алынды

Қазақ халқының рухани мұрасы ғасырлар қойнауынан жеткен сан алуан қазынадан тұрады. Солардың ішінде халықтың ең көне дүниетанымын, табиғат туралы түсінігін және рухани болмысын сақтап қалған ерекше қабат – мифтік аңыздар. Белгілі фольклортанушы ғалым Нығымет Мыңжанидың «Қазақтың мифтік аңыздары» атты еңбегі осы мұраның мән-маңызын ашып көрсететін құнды зерттеулердің бірі саналады.

Миф – адамзат санасының ең алғашқы шығармашылық жемісі. Ол ғылым мен философия қалыптаспай тұрған кезеңде дүниенің қалай пайда болғанын, табиғат құбылыстарының сырын, адам өмірінің мәнін түсіндіруге талпыныстан туған. Сондықтан мифтерді жай ғана қиял-ғажайып әңгімелер деп қарауға болмайды. Олар – ежелгі адамдардың әлем туралы түсінігінің, дүниені тану тәсілінің көрінісі.

Нығымет Мыңжанидың пайымдауынша, қазақ мифтерінің түпкі табиғаты әлем халықтарының көне мифтерімен ортақ. Қазақ аңыздарында да әлемнің жаратылуы, алғашқы адамның пайда болуы, Күн мен Айдың шығуы, аң-құстардың ерекшеліктері, табиғат құбылыстарының себептері жөніндегі түсініктер кездеседі. Бұл тұрғыдан алғанда қазақ мифологиясы адамзат өркениетінің ортақ рухани тәжірибесінің бір бөлігі болып табылады.

«Өндірістің өркендеуі мен қоғамның дамуына байланысты адамдардың ой-өрісі кеңейген сайын алғашқы аңыздардағы киелілік (мифтік) қасиет бірте-бірте әлсіреп, көркемдік (эстетикалық) қасиет күшейе берді. Қоғам дамуының кейінгі сатыларында кейбір халықтардың мифтері қайта өңделіп, құл иеленуші мемлекеттік өзгешеліктерін өзіне теліп, жүйеленген көркем мифологияға айналды. Кейбір халықтардың мифтері фольклордың басқа жанрларына: хикая, рауаят, аңыз, ертегілерге таралды. Әлеуметтік дамуда артта қалып, алғашқы қауымдық құрылыс формасын сақтап келген кейбір тайпалардың мифтері негізінен өзінің әуелгі кейіп-кеспірін сақтап келді. Мұның бәрі әр халықтың өзіне тән тарихи, экономикалық, әлеуметтік дамуымен тығыз байланысты болды», деп жазады ғалым кітабының алғысөзінде.

Алайда қазақ мифтерінің өзіндік болмысы да бар. Ғалым атап көрсеткендей, қазақ қоғамы ежелгі Грекия немесе Рим сияқты құл иеленушілік мемлекет деңгейіне жетіп, мифтерін арнайы жүйелеп үлгермеген. Сондықтан қазақ мифтері халық жадында ауызша сақталып, өзінің бастапқы қарапайым қалпын көбірек сақтап қалған. Бұл олардың көркемдік деңгейін төмендетпейді, керісінше көне дүниетанымның табиғи қалпын тануға мүмкіндік береді.

Қазақ мифтерінің маңызды ерекшелігі – олардың табиғатпен етене байланыстылығы. Көшпелі өмір салтын ұстанған қазақ халқы үшін аспан, жер, су, тау, жел сияқты табиғат құбылыстары өмірдің ажырамас бөлігі болды. Сондықтан мифтерде табиғаттың әрбір бөлшегі жанды, киелі әрі құдіретті күш ретінде қабылданады. Көк Тәңірі, Жер-Су рухтары, Ұмай ана, Қыдыр ата сияқты кейіпкерлер осы түсініктердің негізінде қалыптасқан.

Әлемнің жаратылуы туралы мифтер қазақ дүниетанымының ең көне қабатын көрсетеді. Аңыз бойынша, әуелде бүкіл әлем шексіз қараңғылық пен лай судан тұрған. Кейін Жасаған жер мен көкті жаратып, олардың арасына Күн мен Айды орналастырады. Содан кейін жер бетінде Киелі Терек өсіп шығып, бүкіл тіршіліктің бастауына айналады. Бұл бейне көптеген түркі халықтарының мифологиясында кездесетін Әлем ағашы туралы түсінікпен сабақтас. Әлем ағашы жер асты, жер үсті және көк әлемін байланыстыратын ғарыштық діңгек ретінде танылған.

Киелі Терек туралы түсінік қазақ халқының кейінгі мәдениетінде де сақталды. Бәйтерек бейнесі халық ауыз әдебиетінде, жырлар мен аңыздарда жиі кездеседі. Ол өмірдің, өсіп-өнудің және мәңгіліктің символы ретінде қабылданған. Демек, бүгінгі ұлттық мәдениетіміздегі көптеген нышандардың түп-тамыры көне мифологиялық түсініктерге барып тіреледі.

Қазақ мифологиясында әйел-ананың орны ерекше. Ұмай ана туралы аңыздар соның айқын дәлелі. Ұмай – ұрпақтың, отбасының, аналардың қамқоршысы. Аңыздарда ол қиын сәтте жәрдем беретін мейірімді рух ретінде көрінеді. Толғатып жатқан әйелдерге көмектесуі немесе нәрестелерді қорғауы халықтың ана құдіретіне деген ерекше құрметін аңғартады. Бұл түсініктер кейін халықтық салт-дәстүрлерге де сіңіп кеткен.

Табиғат құбылыстарының шығу тегін түсіндіретін мифтер де ерекше қызықты. Найзағай туралы аңыздарда ажағай Көк Тәңірінің қаһарлы батыры ретінде суреттеледі. Ол жын-шайтан мен албастыларды қуып, отты найзасын көктен лақтырады деп есептелген. Күн күркіреген кезде халықтың арнайы ырымдар жасауы, от тұтатуы немесе дұға айтуы осы көне нанымдардың жалғасы болатын.

Нығымет Мыңжанидің көзқарасынша, қазақ мифтерінің аса айқын ерекшелігі мен мінез-құлық, іс-әрекеттерін табиғат әлеміне телінгендігінде. Бұл жәйт өте-мөте қазақтың астрономиялық аңыздарында менмұндалап тұрады, бұл аңыздарда көшпелі қазақ өмірі аспан әлеміне көшірілген, аспандағы жарық денелер жер бетіндегі қазақ өмірінің айнасы ретінде қаралған. Қазақ тіліндегі жұлдыз аттары: «Темірқазық», «Ақбоз ат», «Көкбоз ат», «Жеті қарақшы», «Үркер», «Үш асқар», «Таразы», «Шідер жұлдыз», «Есекқырған», «Құс жолы», «Кемпірқосақ», т.б. осы ұғымдарға байланысты айтылған.

Бұл аңыздардың астарында табиғат құбылыстарын түсіндіруге деген талпыныс жатыр. Ғылыми білім болмаған кезеңде найзағайдың пайда болуын адамдар осындай мифологиялық бейнелер арқылы ұғынған. Сондықтан мифтерді зерттеу арқылы біз ежелгі адамның ойлау жүйесін, дүниені қабылдау ерекшелігін де танып білеміз. Қазақ мифологиясындағы ең танымал бейнелердің бірі – Қыдыр ата. Ол халық түсінігінде бақ пен берекенің, құт пен ырыстың иесі ретінде белгілі. Ел ішінде Қыдырдың әртүрлі кейіпте көрініп, жақсы адамдарға бата беретіні туралы аңыздар көп таралған. «Қырықтың бірі – Қыдыр» деген мәтел де осы сенімнен туған. Мұндай түсініктер халықтың жақсылыққа, адалдыққа және мейірімге деген ұмтылысын бейнелейді.

Ғалым Нығымет Мыңжани Қыдыр туралы түсініктердің исламға дейінгі түркілік дүниетанымнан бастау алатынын көрсетеді. Кейін ислам діні тараған соң бұл бейне Қызыр пайғамбар туралы діни аңыздармен араласып кеткен. Мұндай құбылыс қазақ мәдениетінің түрлі тарихи кезеңдердегі рухани ықпалдарды бойына сіңіре отырып дамығанын көрсетеді.

Қазақ мифтерінде суға қатысты наным-сенімдер де кең таралған. Су иесі туралы аңыздар халықтың табиғатты ерекше құрметтегенін аңғартады. Өзен мен көлдің, бұлақтың өз киесі бар деп есептелген. Сондықтан суды былғау немесе оған құрметсіздік көрсету үлкен күнә саналған. Бұл түсініктер экологиялық мәдениеттің де көне бастауларының бірі деуге болады.

Қазақ мифтерінің тағы бір маңызды қыры – олардың тіл мен мәдениетте сақталуы. Бүгінгі күнге дейін қолданылатын көптеген тұрақты тіркестердің түп-төркіні мифологиялық түсініктерге байланысты. Мәселен, «жерден жеті қоян тапқандай қуану», «бақ құсы қону», «құты қашу», «Қыдыр дарысын» сияқты сөз тіркестері көне аңыздардың ел жадында сақталған жұрнақтары болып табылады. Бұл халықтың тарихи жадының тіл арқылы ұрпақтан ұрпаққа жетіп отырғанын көрсетеді.

Мифтерді зерттеу тек фольклортану үшін ғана емес, тарих, этнография, мәдениеттану және дінтану ғылымдары үшін де маңызды. Өйткені олар халықтың көне дәуірлердегі дүниетанымы мен рухани өмірі туралы құнды мәлімет береді. Көптеген салт-дәстүрлердің, ырым-жоралғылардың, наным-сенімдердің түпкі мәнін түсіну үшін мифологиялық мұраны білу қажет.

Қазіргі уақытта әлемнің көптеген елдері өздерінің мифологиялық мұрасын ұлттық бренд ретінде пайдаланып отыр. Ежелгі грек мифологиясы Еуропа мәдениетінің негіздерінің бірі саналады. Скандинавия халықтарының мифтері әдебиет пен кинематографияда кеңінен қолданылуда. Сол сияқты қазақ мифтері де ұлттық мәдениетті жаңғыртуда, әдебиет пен өнерде, балалар әдебиеті мен анимацияда кеңінен пайдалануға лайық мол қазына болып табылады.

Сондықтан қазақ мифтерін жинау, зерттеу, жариялау және жас ұрпаққа таныту – уақыт талабынан туындаған маңызды міндеттердің бірі. Нығымет Мыңжанидың еңбегі осы бағыттағы құнды ғылыми ізденістердің қатарынан орын алады. Оның зерттеулері қазақ мифологиясының бай әрі терең дүниесін танытып қана қоймай, халқымыздың рухани тамырын тереңірек түсінуге жол ашады.

Қазақ мифтері – өткеннің көмескі елесі емес. Олар ұлттың тарихи жадын, рухани тәжірибесін және дүниетанымдық болмысын сақтап тұрған асыл мұра. Осы мұраны тану арқылы біз өзімізді, өз мәдениетімізді және ата-бабаларымыздың әлемді қалай түсінгенін тереңірек ұғына аламыз. Сондықтан мифтік аңыздарды зерттеу – өткенге үңілу ғана емес, ұлттық сананы нығайтудың да маңызды жолы.

Арзыгүл Қайыңбек

Магистр

Abai.kz

0 пікір