Сенбі, 23 Қараша 2024
Ел іші... 9057 11 пікір 7 Наурыз, 2018 сағат 13:16

Базардағы қазақтардың бүгінгі халі

Шолпан, қинама!

– Сен, сенбе, Сен мейлі.,

Менің базарға Барғым келмейді.

Базардан не көрем!

– Қазақты көрем,

Қазақты көріп, Азапты көрем;

Дорба сүйреткендер де Қазағым.

Арба сүйреткендер де Қазағым.

Құлап жатқандар да Қазағым.

Жылап жатқандар да Қазағым.

Сұрап жатқандар да Қазағым...

Қазағым, Қазағым, Қазағым, – Азабым! Бұл ақын Темірхан Медетбектің өлеңі. Сөзіміздің эпилогы ретінде дәл осы өлеңді алуымыңыздың себебі бар. Бүгін базардағы жұрттың жайын әңгімелейміз. Арба сүйреткен қазақтың, дорба сүйреткен қазақтың жайын сөз етеміз.

"Алтын Орда"

Әйдік шаһардың әнеу бір шетінде "Алтын Орда" дейтін әмбебап базар бар. Күнделікті қарбалас тіршілік. Біз өзі қызу сауда, құжынаған халықтың нөпір ортасында жүріп, көп нәрсені байқамай бермейміз. Бір сәтке айналаңызға зер салып қарасаңыз, сол бір базарда талай тағдырлардың жүргеніне куәгер боласыз... Бүгін біз несібесін қара саудадан тауып жүрген кейіпкерлерімізді сөйлеттік.

Базаргүл әженің басындағы жағдай

- Менің есімім Базаргүл. Жасым 70-те. Біз Қазақстанға осыдан 12 жыл бұрын Қарақалпақстаннан көшіп келгенбіз. Алғаш келе салған кезде Үшқоңырдан ары саяжайдан мемлекет берген ақшамен жер алып, орналастық. Қазір сол жердегі үйде жолдасым мен ұлым және келінім, екі немерем болып тұрудамыз.

Шалым көлік апатына түсіп, мүгедек болып қалған. 5 жыл аурухана төсегінде жатып, қазір үйде. Бір ұлым бар. Екі немерем бар. Немерелерім әлі кішкентай, мектепте оқиды. Біреуі 11 сыныпты аяқтап, жұмыс істейді. Өзімнің туған ұлым 2 сыныпта қолынан айырылып мүгедек болып қалған. Мүгедек болғанына қарамастан үйленіп, бала-шағалы болды. Келінім  Шамалғандағы поезд бекетінің жанында орналасқан асханада жұмыс жасайды. Үш күнде бір рет барып отырады.  Айына алатын ақшасы 20 мың теңге.  Қазіргі қымбатшылық уақытта 20 мың теңге дегеніміз ақша ма?!

Мен шалымның басына түскен ауыр жағдайдан соң, 25 жылдай шошқа фермасында істедім. Ол кезде әлі Қарақалпақстанда тұратын едік. Мектепті бітірген соң мамам қайтыс болып, оқуды жалғастыратын мүмкіндік болмады. Сол үшін де осындай түрлі жұмыстар істеп, зейнеткерлікке шықтым. Өмір бойы қара жұмыс істеп, міне, зейнеткерліктен  соң да әлі жұмыс істеп жүрмін. Бәрі бала-шағаның қамы ғой. Үйдегі екі мүгедек жан болғандықтан да алатын зейнетақы мен келіннің алатын аз ғана айлығы ештенеге жетпейді.

Мен көрген қиындықты қазіргі жастар көрмесін. Өзімнің бауырым ауыратындықтан да дәрі сатып аламын. Оның өзіне біраз қаржы кетеді. Біз тұратын жерде аурухана болмағандықтан мемлекеттен тегін дәрі ала алмадық.  Немерем үйленіп, 300 мың теңгедей қарыз алған едім. Қазір сол қарызды қайтарып жатырмын.

Таңертең маршрутпен жалғыз өзім келемін. Қыстың қатты аяздары болмаса, күнделікті  осы жердемін. Осындай тағамдар, карточка, бұрыш сияқты тамақ істеуге анау-мынау нәрселер жинаймын. Оны мынандай қорабқа салып, үйге әкетіп отырамын.  Осындай істер менің күнделікті жұмысым.

Мен сияқты осындай заттар теретіндер көп.  Жаңа ғана бір әжең дәретханаға кіріп кетті. Оларда күнделікті осы жерге келіп, дәл мендей тамақтар теріп аламыз.  Олардан да сұхбат алсаң болады. Барлығы да бұл жерде еріккеннен жүрген жоқ. Амалсыздан, күнделікті күйбең тірлік қамын жасап жүргендер.

Түйін. Базаркүл әже сұхбат барысында бізден қашқақтап, өзінің осындай жағдайға түскеніне ұялатынын айтты. "Балаларым ұрысады ғой, сендер бәріне жеткізіп жүрмеңдер" деп арасында сөйлеуден бас тартқаны тағы рас. Бірақ, қазіргі қоғамның, қарапайым халықтың басында бар жағдай, бұл. "Алтын Орда" базарында жүрген Базаркүл әже секілді қарт әжелер мен аталар аз емес. Қартайған шағында қоқыс ақтарып, қалдық теріп, күн кешіп жүргеніді кім қалады дейсің...

"Алтын орданы"  бейне бір  Алматыдағы тоғыз жолдың торабы дерсіз. Кім келіп, кім кетпейді бұл маңайға?! Бұл базардың тауары әрі арзан, әрі тиімді болғандықтан, қарақұрым халықтың қарасы көп.

Біздің келесі кейіпкеріміз де осы жерде сауда сатып, бала-шағасын асырып отырған ана. Сүт сататын Хадиша десе базардағы жұрт бірден таниды.

Сүт сатушы Хадиша жоғарғы білімді маман

-Менің есімім - Хадиша Төреғалиевна. 1976 жылы Қарақалпақстан Республикасында дүниеге келгем.   Мен оралманмын. Отбасылық  жағдайыма байланысты 2011 жылы Жамбыл облысы, Мерке ауданына көшіп келдім. Негізгі мамандығым - мұғалім. Қарақалпақстанда педагогикалық  институтта қарақалпақ тілі және әдебиеті қосымша ағылшын тілі мұғалімі мамандығы бойынша білім алғанмын. Жоғары білімім бар.

Көшіп келе сала базарға барып сонда жұмыс істедім. Гүлжаһан деген құдағиым бар еді, саудадағы ұстазым. Соған еріп, "Алтын Орда" базарына келіп, қымыз, құрт саттым. Аралап, мәнерлер тұрып: "құрт, май, қымыз аламыз"-деп тұрып айғайлап жүруші едік.  Түрлі қиындық пен қызығы қатар келген жұмыстың жемісін қазір жеп отырмыз.

Басында сауданың тілін білмей, базарға келсем болды басым ауыратын еді. Сауданың өзіндік заңдарына үйренісе алмағандықтан да 2 жылдай шай сатумен айналыстым. 40-50 термос шайды күнделікті дайындап, сату да жеңіл жұмыс емес. Кейде жылап та алатын едім. Бірақ, бәріне шыдамдылықпен қарадым.

Қызым  1998 жылы өмірге келген, қазір менің бала кезгі дәрігер боламын деген арманымды орындап, медициналық институтта оқып жатыр.  Бар қажырлы еңбегім, осы балаларымды өсіру, азамат етіп, ел қатарлы болғызу үшін жасалып жатыр ғой. Ең бастысы, үйде салып алдық. Барлығы да бір Алланың арқасында деп ойлаймын.

Түрлі клиенттер келеді. Әркімнің мінезі әртүрлі болады ғой. Барынша дегендерін жасап, алдамауға тырысамыз. Күліп қарсы алып, күліп шығарып салып. Кей кездері "қымызға су қостың ба" деп те күмән білдіріп жатады. Ондай нәрселерге де көз жұма қараймын.  Осы сүт өнімдеріне келгелі 10 жылдай болды. Бұл жерді жалға аламыз. Сүт өнімдерін Меркеден, Шымкенттен әкеліп отырады.

Алғаш келгенде түрлі қиындықттар болды. 60-70 термос жуып, түнімен қайнатып, дайындайтын едік. Үй суық, бір бөлмелі пәтерде астымыздан сыз  өтіп, күн кешкен кездеріміз де болды.

Бір кездері бұл жерде бомба жарылады деген жалған хабар түскен еді. Ол кезде әлі баспаналы болмаған едім.  Сондықтан да ақшамды сөмкеме салып алып жүрген едім. Сол күні жинап жүрген 5-6 мың доллар ақшамды сөмкеме салып қойып, есім  шығып тұрған кезде бір тауар алып тұрған әжеме ұстата салған екенмін. Бәріміз у-шу кетіп, жан-жаққа қашып жатырмыз. Бір кезде сыртқа шығып, есіктерді жауып жүрген кезімізде әлгі әжені көзім шалды. Сыртта менің сөмкемді құшақтап отыр. Ішінде не бар екенінен хабар жоқ әжемнен әлгі сөмкені бас салып жүгіріп алғаным есімде.

Түйін.

Алматы әкімі Бауыржан Байбек қала тұрғындарының саны 2 миллионға жеткенін айтқан еді. Алматы Қазақстандағы ең ірі мегаполис саналатындықтан, әйдік шаһарға келушілердің саны да өзгелермен салыстырғанда едәуір көп. ҚСЗИ жүргізген деректерге сүйенсек, Алматының 70 пайыз халқы өзге қалалардан келгендер екен. Олардың 50,7 пайызы ішкі мигранттар.

Біз бүгін сол еңбек мигранттары көп шоғырланған "Алтын Орда" базарына бардық. Білесіз бе, мұнда әр түрлі адам бар. Әрқайсысының тағдыры әрқилы өрілген. Бір қызығы "Алтын Ордадағы" саудагерлердің 70 пайызы жоғары білімді маман. Бірі математик, бірі химик, бірі дәрігер. Бұл жоғары оқу орындары дайындаған дипломды мамандар өз саласы бойынша жұмыс таба алмағандықтан, базарға келіп өзін-өзі жұмыспен қамтамасыз етіп отырғаны тағы рас. Бүгін біз базардың бас кейіпкерлерін сөйлеттік. Олар өз тағдырлары жайлы өздері айтып берді.

Сөзімізді түйіндедік. Түйінді мына бір бейнежазбамен аяқтағанды жөн көрдік. Бұл да базарда жүрген бір қазақтың бүгінгі күйі. Ескерту! Бұл бейне жазба сәл ертеректе түсірілген.

Көгершін Тілеген

Фотоға түсірген: Әсел Бейсембаева

Abai.kz

11 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5354