Сенбі, 18 Мамыр 2024
ШОЛУ 5096 15 пікір 16 Наурыз, 2018 сағат 10:53

Бетбұрыс: Орталық Азия елдерінің басшылары оңаша кездесті

Астанаға Орталық Азия президенттері жиналды. Саммитке Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан президенттері және Түркіменстаннан парламент спикері бастаған делегация қатысты.

Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон Астанаға 14 наурыз күні келген. Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев Астанаға кеше ұшып жетті. Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков те Астанаға аман-есен қонды.

14 наурыз күні Өзбекстан президентінің баспасөз қызметі Орталық Азия елдері басшыларының кездесуі «Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияевтің ұсынысымен өтетінін» және Қазақстан басшылығы оны Астанада өткізуге ұсыныс жасағанын хабарлаған.

«Астанада жиын болады» дегеннен көпшілік жұрт бес басшының бас қосуына болжам айта бастады. Бұл интеграциялық жобалардың бастауы ма? Орталық Азия одағы құрыла ма?

Бес мемлекеттің өзара кездесуін аймақтағы дербестікке бетбұрыс деп түсінген жөн бе? Орталық Азияға өз ықпалын жүргізіп келген Ресей бұл жолы неге шеттетілді? Жұрттың аузында осы әңгіме.

Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбековті қабылдаған президент Назарбаев былай деді:

«Орталық Азиядағы мәселелерді шешу үшін үшінші жақты шақыру міндетті емес. Өзіміз де шеше аламыз. Сол үшін жиналып отырмыз».

«Ташкентте басшылық ауысқан соң қозғалыс болатынын білдік, бірақ президент Мирзияев құшағын осынша кең ашып, ынтымақтастық көпірін орнатуға тырысады деп ешкім ойламапты. Енді бұл аймақтық интеграцияның қаншалықты алысқа барарын болжау қиын. Бір-бірімізді сағынып қалдық, бейбітшілік, ынтымақтастықты дамытып, өзара пайда тапқымыз келеді. Өзбекстан мен Тәжікстан ЕЭО-ға кіруі мүмкін. Егер кірмей жатса, іштеріндегі үлкені Назарбаев жаңа аймақтық жоба ұсынуы мүмкін. Орталық Азияда еркін нарық болмаса олардың ешбірі үлкен табысқа жетпейтіні белгілі», - депті  қырғыз сарапшысы Еділ Байсалов.

Орталық Азия лидерлерінің Астанада жиылғаны жайлы жаһан жаңалықтары жарыса жазып жатыр екен.

Мысалы осы уақытқа дейін Орталық Азия лидерлерінің басы бірікпей келе жатқаны жайлы сөз еткен  «Тhediplomat.com»:

«Орталық Азия бүгінде басқа бір ұйымға я топқа тәуелді емес. Бірақ, Ресей, Қытай немесе АҚШ секілді сыртқы күштердің ықпалынсыз өтетін осындай жиындар позитивті нәтиже береді», - деп жазады. Сондай-ақ, Вашингтондағы бұл басылым  Астана бас қосуынан не күтуге болады деген мәселеге де тоқталған екен.

«Саммиттен не күтеміз? Әрине, күлімсіреп қол алысқан басшыларды күтеміз. Кездесудің нақты нәтижелерінің бірі – ОА-да бірлескен электржабдықтау жүйесін құру жөніндегі келіссөзерді жалғастыру болмақ. Тіпті өңірдегі ортақ басымдықтар жайлы келісім де күтілуі мүмкін. Сондай-ақ,  сауда-саттықтың артуы, су ресурстарын басқару, энергетикалық қауіпсіздік, азаматтардың емін-еркін жүріп-тұруы т.б. мәселелер қамтылады. Басты назар аудара кетерлігі – ОА лидерлері сөзден іске көшіп, өзара байланысты нығайтуға талпыныс жасады», -депті журналист.

Орталық Азия лидерлерінің бөтен араластырмай бас қоспағанына жиырма жылға жуықтап қалған екен. 2009 жылдың 28-көкегіндегі кездесуді айтпағанда бұл бестік көп жиналмаған. 2009 жылғы жиын тек Арал теңізінің проблемасын ғана сөз еткен.

Енді біз ОА бестігінің бұрынғы бас қосуларына шолу жасап шығайықшы. Онда не айтылды? Кім-қай жаққа тартты?

1991 жыл. Ашхабат

1991 жылдың 13-желтоқсаны күні қазақтан Нұрсұлтан Назарбаев, қырғыздан Асқар Ақаев, тәжіктен Рахмон Набиев, түркіменнен Сапармұрат Ниязов, өзбектен Ислам Каримов жиналалып жиын өткізеді.

Сол жылдың 8-желтоқсанында Беларусияда Сәбет одағын тарқату жөнінде келісім жасалған еді. Ол жиынға ОА лидерлерінің бірде-біреуі шақырылмаған. Сөйтіп бестік құрам ТМД құрамына кіруді сөз етеді. Себебі, Тәуелсіздікті жаңа алған мемлекеттердің әскери потенциялы әлсіз болған. Ал басқа альтернативті ұйым жоқ.

1993 жыл. Ташкент.

1993 жылдың 3-қаңтарындағы кездесуде тараптар өңірлік серіктестік жөніндегі келісімдерді талқыға салды. Бірақ бұл бастама нәтиже бермеді. Оның екі себебі болды. Біріншісі – тәжіктегі азаматтық соғыс. Тараптар Тәжікстан Үкіметіне қолдау көрсетуге бір келісімге келе алмады. Екіншісі – Ашхабаттың нейтралды позициясы болды.

1995 жылдың 3-нурызында бестік құрам қайта жолығады. Саммиттен кейінгі жария болған мәлімдемеге сүйенсек, 5 мемлекеттің халықаралық ұйымға мүше болуына байланысты бір-бірін қолдау жөнінде сөз болған. Және БҰҰ-ның Арал теңізі проблемасына қолдау көрсетуін талқылаған.

1998 жыл. Ашхабат.

5-6-қаңтар 1998 жыл. Бұл жолғы бас қосу тарихта бейресми кездесу ретінде белгілі.  Жиында күн тәртібі бекітілмеген. Саммиттің өтетіні жайлы алдын-ала хабар таратылмаған.  Ресми мәлімет бойынша, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан мен Өзбекстан президенттері Ашхабатқа түркімен лидері Ниязовтың халін сұрай келген.  1997 жылдың қыркүйегінде Ниязов жүрегіне ота жасатқан. Ал бейресми саммит жабық есік форматында өтті.

Бейресми ақпарат бұл жолы бес президент экономикалық одақ құру жөнінде әңгімелескен деп жазады. Ал Сапармұрат Ниязовтың баспасөз қызметі керісінше, Түркіменстанның нейтралды ұстанымы сақталатынын айтқан.

Тағы бір ақпаратта Ислам Каримов пен Асқар Ақаевтың Сапартмұрат Ниязовты сөге сөйлегені айтылады. Себебі, түркіменбасы Ауғаннан Орталық Азияға келіп жатқан есірткі жолын кеспеген.

1999 жыдың 8-көкегі тағы ОА мемлекеттерінің жиыны өтті. Бұл жолы тәжік-өзбек арасында дау шыққан.  Орталық Азия шекарасынан Талибан төніп тұрған осы кезде бестік құрам ислам экстремизімі мәселесін күн тәртібінде талқыға салған. Ал Сапармұрат Ниязов әдеттегідей нейтралды позициясын сақтап, тәліптерді қауіп санамаған.

Бұл жолы Назарбаев пен Ниязов жеке кездесу өткізіп, келіссөздер жүргізді. «Мен дәл қазір өзімнің қазақ әріптесім Назарбаевпен кездесу өткіздім. Қытаймен серіктестік орнатуда жауапкершілікті біз өз мойнымызға алдық»,-деген еді Ниязов сол күні.

2018 жыл. Астана.

Түркімен лидері Құрбанқұлы Бердімұхамедов Астанаға келген жоқ.  Ол 13-наурыз күні Кувейтке кеткен. Әрі қарай Араб әмірліктеріне сапарлайды деп жазады БАҚ. Дегенмен делегат жіберіпті. Демек Орталық Азия мемлекеттерімен байланысты біржола үзуге ниетті емес. Бұрында солай болған. Оны біз жоғарыда жаздық. Тіпті 1994 жылы құрылып, 2004 жылы шашыраған ОА экономикалық одағына да дәл осы түркіменбасы мүше болмай қойған еді.

Астана саммиті шын мәнінде үлкен бастама. Өзбекстанның жаңа президенті Шавкат Мирзиеев ОА өңірлік ынтымақтастыққа, әріптестікке баса назар аударатынын байқатты.

Орталық Азия президенттері пәлендей жаңалық жасай қоймауы мүмкін. Реалда бұл солай. Бірақ, Астанадағы жиыннан жадыраңқы жүзбен шықса – бұл өңірлік қарым-қатынасты нығайту ісінде сең қозғалғанының белгісі болмақ.

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

15 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2134
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2542
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 2303
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1646